Жел 29, 2016 18:47 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 109-ші бөлім, 34 аяттар


 

الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاء بِمَا فَضَّلَ اللّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنفَقُواْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ فَالصَّالِحَاتُ قَانِتَاتٌ حَافِظَاتٌ لِّلْغَيْبِ بِمَا حَفِظَ اللّهُ وَاللاَّتِي تَخَافُونَ نُشُوزَهُنَّ فَعِظُوهُنَّ وَاهْجُرُوهُنَّ فِي الْمَضَاجِعِ وَاضْرِبُوهُنَّ فَإِنْ أَطَعْنَكُمْ فَلاَ تَبْغُواْ عَلَيْهِنَّ سَبِيلًا إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلِيًّا كَبِيرًا ﴿۳۴﴾

 

"Біріңді-біріңнен (күш-қуат, соғысқа қатынасу жақта, еркектерді әйелдерден) артықша жаратқандықтан және ерлердің мал-мүлкін сарып қылғандығынан (әйелдердің нәпақасы ерлерге жүктелгендіктен), еркектер әйелдердің қорғаушысы болып қалды. Жақсы әйелдер – бойсұнушылар, олар (күйеуі жоқ кезде) Алланың нәпақасында жабық нәрселерін (арын) қорғаушылар болып саналады. Сендер (күйеуінен) бас тартады-ау деп сезіктенген әйелдерге насихат беріңдер. (Бұдан өнім бермесе) төсектес болмау арқылы ескерту беріңдер, (бұл өнім бермесе) жеңілірек ұрып көндіріңдер. Содан кейін сендерге бойсұнбаса, оларға жәбір көрсетуші болмаңдар. (Өйткені) Алла расында тым жоғары, асқан ұлы. (4:34)"

Отбасылық мәселе мен ерлі-зайыптылардың байланыстары жөніндегі Құранның ең өзекті аяттары саналатын бұл аят та, Құранның көптеген ақиқаттары тәрізді надан діндарлар мен қас дінсіздер тарапынан кері мақсатта пайдаланылды. Кейбір надан және әсірешіл ерлер Құранның осы аятына сүйене отырып, өздерін әйелдің қожайыны санап, оған күйеуінің айтқанын бұлжытпай орындайтын, еріксіз күң секілді қарайды. Еркектің барлық бұйрықтары Алланың бұйрықтары тәрізді. Егер әйел оның айтқанына қарсы шықса, оны қатаң жазалау керек деп ойлайды. Осындай қате және әсірешіл көзқарастың кесірінен кейбір надан дұшпандар Ислам мен Құранды масқаралап, келемеждей отырып, бұл аятты әйелдің құқығына қарсы деп санайды. Алайда олар осы аяттың мағынасы мен тәпсіріне мән бермей, оны өз қалауынша түсіндірген. Мінеки осы аятты айқындау үшін оны екі бөлімге бөліп, әрқайсысын талдайық. Аяттың бірінші бөлімі ерлерді әйелдердің істерін басқарушы деп таныстырады. Қазіргі таңдағы қоғамтану мәселелерінде отбасы қоғамды құрайтын ең бастапқы және ең күрделі ұжым болып табылады және оның маңызы ерекше. Әр отбасы бір ер мен бір әйелдің тұрмыс құруымен басталып, перзенттердің дүниеге келуімен ұлғая түседі. Әрине осындай кіші ұжымның түрлі істерін басқарып тұратын кісі қажет. Әйтпесе ол бейберекетсіздікке ұшырап, ыдырауы мүмкін. Мысалы жатақханада бір топ студент тұратын болса, ұқыпсыздыққа душар болмауы үшін өздерінің араларынан тағам әзірлеу мен ыдыс-аяқтарды жуудың барысын бақылайтын жауапты адамды таңдайды. Сондықтан да отбасылық істерге басқарушы мен үйлестіруші тағайындау қажет. Перзенттердің отбасы істерін басқарып, ата-анаға қамқоршы бола алмайтындығы анық. Құран екі себеп бойынша әйел мен еркектің арасынан еркекті отбасының басшысы ретінде таңдайды. Біріншіден, ерлер дене бітімі жағынан әйелдерден мықтырақ болғандықтан, көбірек еңбек етіп талпыныс жасай алады. Екіншіден, тұрмыстағы азық-түлік, баспана, киім-кешек және т.б шығындарды қамтамасыз ету күйеуге жүктелген. Ал Ислам тұрғысынан әйелдің табысы болса да, тұрмыстық қажеттерді қамтамасыз етуге міндетті емес. Былайша айтқанда Ислам ер адамға отбасының тұрмыстық қажеттіліктері мен тыныштығын қамтамасыз етудегі ауыр жауапкершілікті артқандықтан, ондағы істерді басқаруды да оған тапсырған. Сондықтан ол бұл істерде билік жүргізіп, күш көрсету құқығына емес, жауапкершілікке ие. Ол әйелге күш көрсетіп, оны өзінің істерін орындату үшін құлдыққа салуға емес, отбасылық істерді басқаруға жауапты. Егер еркек өз жауапкершілігін атқармай, әйелдің нәпақасын бермей, бала-шағаның тұрмысына ауыртпалық түсірсе, әйелдің өтініші бойынша шариғат соты араласып, қажет болса еркекті өз міндеттерін атқаруға мәжбүр ете алады. Жалпы алғанда еркектің отбасын басқаруы оның әйелден артық екендігін білдірмейді. Артықшылықтың өлшемі - имандылық пен тақуалық. Аяттың екінші бөлімі әйелдердің екі тобына меңзейді. Біріншісі, отбасы ошағындағы жауапкер және күйеуі үйде болмаса да жұбайының абыройы мен сырын және құқығын сақтайтын әйелдер. Олар мадақтауға лайықты әйелдер. Ал келесі топқа ерлі-зайыптылар мәселесінде күйеуіне бағынбайтын әйелдер жатады. Мұндайда Құран: "Бағынбайтын әйелдерге алдымен насихат айтыңдар. Насихатқа құлақ аспаса күйеуі оған ерегісіп, біраз уақыт көңіл бөлмей, оған ренішін білдірсін. Ал осыдан кейін де әйел өзінің міндетін атқарудан бас тартып, оған қатаң шара қолданудан басқа жол қалмаса, еркекке әйелін ақырын ұруға рұқсат беріледі. Бұл жаза әйел өзінің қателігін түсінетіндей, жұмсақ болса болады",-дейді. Жоғарыда айтылған үш түрлі шаралар, "нушуз"-дың яғни әйелдің күйеуімен жыныстық байланыстан бас тартуының деңгейіне байланысты. Кейде әйелдің еркекке бағынбауы сөзбен айтылуы мүмкін. Мұндайда сөзбен ақыл айту керек. Кейде әйел өзінің күйеуіне іс-әрекетпен бағынбайды. Мұндайда еркек те онымен бірге жатпай, алшақтауы тиіс. Ал кейде әйел тым ерсі бағынбауы мүмкін. Бұл жағдайда оған физикалық шара қолдану керек. Әрине егер еркек отбасындағы өз міндеттерін атқармаса, қазы тарапынан айыпталып, жазаға тартылады. Өйткені еркектің нәпақа бермеуі құқықтық мәселе болғандықтан, оны сотта қарастыруға болады. Алайда ерлі-зайыпты адамдардың жақын байланысы отбасындағы жасырын мәселе. Ислам бұл мәселенің сыртқа жайылмай, шама келгенше отбасының ішінде шешілгенін қалайды. Сондықтан егер еркек шағымданатын болса, ол отбасының абыройын сақтау үшін қажет шара, соның ішінде қатаң шара қолдана алады. Мұндай қатаң шараны қасасқа ұласпайтындай, әйелге ақырын қолдану керек. Исламның осы нұсқаулары мұқият орындалатын болса, отбасы ошағы біртіндеп ыдыраудан құтылады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, екі адамнан тұратын ұжымда да біреуі жауапты тұлға ретінде сайлануы тиіс. Сондықтан оған тұрмыс шығындарын қамтамасыз ету қолынан келетін адам лайықты.

Екіншіден, әйелдің өз жұбайына бағынуы әлсіздіктің белгісі емес, қайта отбасын құрметтеу мен оның тұрақтылығын сақтау болып табылады.

Үшіншіден, игі амал дегеніміз намаз бен ораза ғана емес. Отбасының құқығын қорғау мен ондағы міндеттерді атқару да игі амалдарға жатады.

Төртіншіден, қателік жасаған әйелге күйеуі кек сақтап, оған қатал болмай, қайта жұмсақ қарап, татуласуға тырысқаны жөн.

Бесіншіден, Алла тағала ерлерге отбасын басқару жауапкершілігін бергендіктен, оны қадағалап тұратынын және қияметте әйелі мен балаларына көрсеткен мінезі үшін жауап беретіндігін еркектер білсін.