Ниса сүресі, 107-ші бөлім, 26-31 аяттар
Ниса сүресі, 107-ші бөлім, 26-31 аяттар
يُرِيدُ اللّهُ لِيُبَيِّنَ لَكُمْ وَيَهْدِيَكُمْ سُنَنَ الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ وَيَتُوبَ عَلَيْكُمْ وَاللّهُ عَلِيمٌ حَكِيمٌ ﴿۲۶﴾ وَاللّهُ يُرِيدُ أَن يَتُوبَ عَلَيْكُمْ وَيُرِيدُ الَّذِينَ يَتَّبِعُونَ الشَّهَوَاتِ أَن تَمِيلُواْ مَيْلًا عَظِيمًا ﴿۲۷﴾ يُرِيدُ اللّهُ أَن يُخَفِّفَ عَنكُمْ وَخُلِقَ الإِنسَانُ ضَعِيفًا ﴿۲۸﴾
"Алла (жақсы-жаманды) сендерге түсіндіруді, сендерді бұрынғылардың сара жолына салуды, тәубелеріңді қабыл етуді қалайды. Алла – өте білгір, хикмет иесі. (4:26) Алла тәубелеріңді қабыл етуді қалайды. Ал нәпсіқұмарлықтың соңына түскендер, сендердің мүлде ақ жолдан таюларыңды көксейді. (4:27) Алла сендердің жүректеріңді жеңілдетуді қалайды. Бірақ, адам (нәпсімен күресуге) өте әлсіз жаратылған. (4:28)"
Үйленуге ынталандыру мен оның ереже-шарттары туралы аяттардан кейін осы аяттар аталмыш нұсқаулардың барлығы өздеріңе пайдалы деп ескертеді. Алла тағала сендерді күнәдан сақтап, бақытқа жеткізу үшін осындай нұсқаулар берді. Өйткені халыққа ескерту жасап, оларды тура жолға салу Алла тағаланың дәстүріне жатады. Сондықтан оларға пайғамбарлар мен кітап жібереді. Алайда өздері бұзақы болып табылатын тағы бір топ, басқаларды да өздері секілді нәпсіқұмарлыққа салмақшы болады. Біз әңгімелеп отырған аяттың соңғы бөлігі Алланың нұсқаулары қиын емес, қайта Алла адамдардың басым бөлігінің жігерлерінің әлсіз болуына назар аудара отырып, оларға жеңілдік жасағанын баяндайды. Оларға үйленудің шариғатқа сәйкес түрлі жолдарын көрсетіп, адам бойындағы нәпсінің дауылына қарсы тұруға және күнәға батпауға, осылайша қоғамды таза ұстауға мүмкіндік береді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, діни ережелер мен нұсқаулар - Алланың адамзатқа көрсеткен ілтипаты болып табылады. Ол адамның өмірде дұрыс жолды табуына жәрдемдеседі.
Екіншіден, жыныстық құмарлық - адамның басқа құштарлықтары секілді табиғи құбылыс болып табылады. Бірақ осы жыныстық құмарлықтың еркіндігі мен себепсіз жыныстық байланыстар алдымен отбасы ошағының сонан соң қоғамның құлдырауына әкеп соғады.
Үшіншіден, Ислам - тығырыққа тірелмейтін, қолайлы дін. Діни нұсқаулар адамның орындауына қолайлы.
"Ниса" сүресінің 29-30 аяттары:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلاَّ أَن تَكُونَ تِجَارَةً عَن تَرَاضٍ مِّنكُمْ وَلاَ تَقْتُلُواْ أَنفُسَكُمْ إِنَّ اللّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا ﴿۲۹﴾ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ عُدْوَانًا وَظُلْمًا فَسَوْفَ نُصْلِيهِ نَارًا وَكَانَ ذَلِكَ عَلَى اللّهِ يَسِيرًا ﴿۳۰﴾
"Ей, мүміндер! Разы-қоштық сауда жолымен болмаса, бір-біріңнің мал-мүліктеріңе қиянат қылмаңдар және біріңді-бірің өлтірмеңдер, Алла сендерге расында аса есіркеуші.(4:29) Кімде-кім осы айтылғандарды (Алла шектеген істерді) егесіп зұлымдықпен істейді екен, сөзсіз оны тозаққа кіргіземіз. Бұл Аллаға оңай. (4:30)"
Өзінің және халықтың абыройын кез-келген жыныстық басқыншылықтан сақтауды және басқалардың пәк тұрмысына қол сұқпауды талап еткен аяттардан кейін осы аяттар мүміндерді жұрттың мал-мүлкі мен өміріне қол сұғудан тыйып: "Басқалардың мал-мүлкі мен өмірін өздеріңдікіндей көріп, оларға зұлымдық жасаушы болмаңдар. Сауда-саттық барысында мүлік иесінің толық келісімі бойынша болмаса, басқалардың мал-мүлкіне тимеңдер. Халыққа тиісу зорлық-зомбылықтың белгісі және оның жазасы ауыр. Мұның жазасы қияметте тозақтың күйдіруші оты түрінде көрініп, залымды жұтып алады",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Исламда адамның иелік құқығы құрметтеледі. Сондықтан кез-келген мәміледе мүлік иесінің келісім беруі шарт.
Екіншіден, бұрыс экономикалық жүйе әлеуметтік әділетсіздікке жол ашып, жанжал мен кісі өлтіру әрекеттеріне себепші болады.
Үшіншіден, адамның жаны қымбат. Өз-өзіне қол салу да, біреуді өлтіру де - харам.
Төртіншіден, Алла тағала өзінің пенделеріне аса мейірімді. Бірақ Ол адамның құқықтарын құрметтегендіктен, бұзақыларды қатаң жазалайды.
"Ниса" сүресінің 31-ші аяты:
إِن تَجْتَنِبُواْ كَبَآئِرَ مَا تُنْهَوْنَ عَنْهُ نُكَفِّرْ عَنكُمْ سَيِّئَاتِكُمْ وَنُدْخِلْكُم مُّدْخَلًا كَرِيمًا ﴿۳۱﴾
"Сендер тыйым салынғанның үлкенінен абай болсаңдар, онда, барлық күнәларыңды кешіреміз және сендерді қастерлі орынға кіргіземіз. (4:31)"
Осы аятты оқи отырып, Алла тағаланың күнәні "кіші" және "үлкен" деп екі топқа бөлетінін түсінеміз. Әрине күнә кіші, не үлкен болсын Алланың әміріне қайшы болғандықтан, тым жағымсыз болып саналады. Дегенмен әр күнәнің салдарына назар аудара отырып, оны кіші немесе үлкен екі топқа бөлуге болады. Рауаяттарда мұндай күнәлардың атауы мен белгілері толық айтылған. Күнәнің көлемі мен қоғамға тигізетін зияны зор болған сайын ол үлкен әрі жағымсыз болып саналады. Сондықтан кейбір күнә біреуге кіші болғанымен, басқа біреу үшін үлкен болып есептеледі. Мысалы, халықты тура жолға бастап, жетекшілік ететін және халыққа үлгі болып саналатын жауапты тұлғалар өздерінің отбасымен ғана шектелмей миллиондаған адамды басқаратын болғандықтан, кіші күнәнің өзі олар үшін үлкен болып саналады. Алла тағала осы аятта өзінің ілтипаты мен рақымдылығына сәйкес: "Егер сендер, адамдар бойларыңды үлкен күнәдан аулақ ұстасаңдар, Мен сендердің кіші күнәларыңды жоямын. Сендерді кешіріп, жұмаққа кіргіземін",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Алла тағала біздің болмашы қателіктерімізді кешіреді. Ендеше біз де өзгелерді кіші қателіктері үшін тергемей, оларды кешіре білейік.
Екіншіден, адамның ой-пікірі мен амалдары дұрыс негізде болса, біз тәубе етпесек те Алла тағала кіші күнәларға кешірімді болады.