Жел 29, 2016 19:03 Asia/Almaty

Ниса сүресі, 106-ші бөлім, 24-25 аяттар

 

وَالْمُحْصَنَاتُ مِنَ النِّسَاء إِلاَّ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ كِتَابَ اللّهِ عَلَيْكُمْ وَأُحِلَّ لَكُم مَّا وَرَاء ذَلِكُمْ أَن تَبْتَغُواْ بِأَمْوَالِكُم مُّحْصِنِينَ غَيْرَ مُسَافِحِينَ فَمَا اسْتَمْتَعْتُم بِهِ مِنْهُنَّ فَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ فَرِيضَةً وَلاَ جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا تَرَاضَيْتُم بِهِ مِن بَعْدِ الْفَرِيضَةِ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلِيمًا حَكِيمًا ﴿۲۴﴾

 

"Қолдарыңдағы күңдерден басқа, некелі әйелдерді алуларың арам етілді. Бұл – Алланың сендерге қойған парызы. Бұлардан (жоғарыдағы некелесуге шек қойылғандардан) басқалар, малдарыңды сарып қылып, адал болып, зинақорлықтан сақтанып, некелесулеріңе адал етілді. Оларды (некелесіп) пайдаланған болсаңдар, баста белгіленген мәһірді беріңдер. Мәһір белгіленгеннен кейін, өзара ризаласып бітіскен нәрседен (әйелдің разылығы арқылы күшінен қалған мәһір туралы) сендерге күнә жоқ. Алла шынында бәрін білуші, хикмет иесі. (4:24)"

Бұл аят Алла тарапынан халал етілген үйленудің тағы екі түрін баяндап, мүміндерді илаһи ережелерді орындауға шақырады. Адамзат қоғамының әу бастан-ақ келе жатқан қайғылы оқиғаларының бірі – ұлттар мен діндер арасындағы қақтығыстар мен соғыстар болып табылады. Осы соғыстарда екі жақтан көп адам қаза болып, көбісі үйсіз-күйсіз қалады. Соғыстың ауыртпалығы негізінен еркектерге жүктелгендіктен, әр соғыс аяқталған соң көптеген отбасылар қамқоршысыз қалады. Келесі жағынан ежелгі соғыс заңдары бойынша, соғыс тұтқындарын ұстауға арнайы орын болмағандықтан, тұтқынға алынған еркектер құлдыққа, ал әйелдер күңдікке салынатын. Ислам осы заңның күшін бірден жоймай, "құнын төлеу" тәрізді ережелер енгізіп, құлдарды біртіндеп босатуға жағдай жасады. Тұтқынға түскен әйелдерге қатысты, тіпті оларға үйленуді заңды деп есептеп, олардың жұбай және ана ретінде мәртебеге ие болуына себепші болған. Дегенмен бұл арада тағы бір түйткіл бар еді. Ол тұтқындағы кейбір әйелдердің тұтқынға түскен күйеуінің бар болуы. Ислам тұтқындықты әйелдің бұрынғы күйеуінен бөлінуіне себеп болатын "талақ" үкімі негізінде ол әйелдің қайта үйленген кезде жүкті еместігі анықталуы үшін белгілі бір мерзім күтуді бұйырады. Сондықтан бұл әдіс тұтқындағы әйелді өз бетімен тастап, олардың табиғи зәруліктеріне мән бермеуден әлдеқайда артық әрі қисынды болып табылады. Дегенмен мұсылмандар арасында да еркектердің көбі шәһид болып, олардың жанұялары қамқоршысыз қалды. Ислам бұл түйткілді шешу үшін екі жол ұсынады: біріншісі, еркектің бірнеше әйел алуы. Мұндай жағдайда үйленген еркек тағы бір әйелмен тұрақты некеге тұрып, оған да өзінің бірінші әйеліндей қарайды. Бұл әдіс өткен аятта талқыланды. Екіншісі уақытша неке болып табылады. Уақытша неке де тұрақты неке тәрізді Алланың халал еткен және белгілі бір шарттары бар келісім. Бірақ оның мерзімі шектеулі болғанымен, оны ұзартуға болады. Бұл арадағы қызықты жайт, батысты жақтаушылар мен зиялы қауым Исламның бұл тәсілін масқаралап, оны әйелге көрсетілген құрметсіздік деп санайды. Ал Батыс елдерінде әйел мен еркектің арасындағы байланысқа ешқандай шектеу жоқ және бір әйелдің бірнеше еркекпен ашық та, жасырын қарым-қатынастарына тыйым салынбаған. Ендеше еркек пен әйелдің ешқандай ережесіз және нәпсілік құмарлық негізіндегі байланыстары әйелдің құқығын қалай бұзбайды? Ал тұрақты неке секілді белгілі бір ережелерге негізделген мұндай байланыстар қалайша әйелдің құқығын бұзады? Өкінішке орай Алланың үкімі мен пайғамбардың (с) сүннетіне қайшы осындай көзқарастар Исламның алғашқы кезеңінде де қалыптасып, уақытша некеге тыйым салынған болатын. Ол жасырын байланыстар мен зинақорлыққа жол ашты. Өйткені уақытша неке туралы үкімге тыйым салынғанмен, адамның табиғи қажеттіліктеріне тосқауыл қойылмай, қайта оның бұрыс жолға бағытталуына себеп болады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, отбасы мен әлеуметтік мәселелерге бір адамның немесе топтың ыңғайы мен сезімдері бойынша емес, шынайы түрде қарау керек. Сондықтан адамдарды жаратқан Алланың үкімдерін орындау ең абзал амал. Өйткені Ол адамдардың жеке және қоғамдық барлық зәруліктерін біледі.

Екіншіден, неке уақытша болса да, тұрақты болса да еркек пен әйелдің абыройын сақтаудың жолы болып табылады.

Үшіншіден, үйленгенде берілетін мәһірге қос тарап та риза болуы тиіс. Оның мөлшерін еркек тағайындамайды.

"Ниса" сүресінің 25-ші аяты:

 

وَمَن لَّمْ يَسْتَطِعْ مِنكُمْ طَوْلًا أَن يَنكِحَ الْمُحْصَنَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ فَمِن مِّا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُم مِّن فَتَيَاتِكُمُ الْمُؤْمِنَاتِ وَاللّهُ أَعْلَمُ بِإِيمَانِكُمْ بَعْضُكُم مِّن بَعْضٍ فَانكِحُوهُنَّ بِإِذْنِ أَهْلِهِنَّ وَآتُوهُنَّ أُجُورَهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ مُحْصَنَاتٍ غَيْرَ مُسَافِحَاتٍ وَلاَ مُتَّخِذَاتِ أَخْدَانٍ فَإِذَا أُحْصِنَّ فَإِنْ أَتَيْنَ بِفَاحِشَةٍ فَعَلَيْهِنَّ نِصْفُ مَا عَلَى الْمُحْصَنَاتِ مِنَ الْعَذَابِ ذَلِكَ لِمَنْ خَشِيَ الْعَنَتَ مِنْكُمْ وَأَن تَصْبِرُواْ خَيْرٌ لَّكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۲۵﴾

 

"Сендерден, әлдекім мүмін әйелді алуға ауқаты жетпесе, қол астындағы мүмін күңдерден алсын. Сендердің имандарыңды Алла жақсы біледі. Сендер бір-біріңмен діндессіңдер, сондықтан, арлы болуы, зинақорлық қылмауы, өзгемен жымсыма көңілдес болмауы шартымен қожайындарының рұқсаты бойынша белгіленген мәһірін беріп, олармен некелесіңдер. Егер, олар некелескеннен кейін, зинақорлық істесе, оларға азат әйелге берілген жазаның жартысы беріледі. Бұл (неке) араларыңнан зинаға кіріптар болып қалудан қорыққандарға қаратылған. Сабр қылсаңдар, өздеріңе тіпті де қайырлы. Алла – өте кешірімді, ерекше мейірімді. (4:25)"

Күңдер мен соғыс тұтқындарына үйленуге рұқсат берген аяттан кейін осы аят мәһірдің ауырлығы салдарынан еркін әйелдермен үйлене алмаған мұсылман еркектердің тұтқындағы әйелдерге үйленуге ынталандырады. Мұндайда бір жағынан олар өздерінің табиғи қажеттіліктеріне жетіп, қоғамның азғындыққа салынуына себепші болса, бұлар да күйеусіз қалмас еді. Бұл арадағы қызықты жайт, Құран еркін әйелдер мен тұтқындағы әйелдерге үйленудің шарты имандылық болсын деп қуаттайды. Былайша айтқанда жас жігіт пен қыз бір-бірін танымаса да, әлеуметтік тұрғыдан бір деңгейде болмаса да, имандылық сақтап діни нсұқауларға берік болатын болса бірге бақытты бола алады. Ал егер байлық пен сұлулық және қоғамдық дәрежесі тұрғысынан қаншалықты жоғары бола тұра, имандылыққа мән бермесе, мұндай тұрмыс көпке созылмайды. Өйткені уақыт өткен сайын мұның барлығының қадірі кетеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, күңмен үйленуге мүмкіншілік қалдырсақ та, күнәға батуды ешқашан қабылдамайық.

Екіншіден, Исламда үйлену қымбатқа түсетін адамдар үшін үйленудің басқа жолдары бар.

Үшіншіден, үйлену мен үй болудың шарты имандылық пен тақуалық болып табылады.

Төртіншіден, қоғамда азғындықты жаятын күнәһар адамдар қияметте жазаланатындығына қарамастан, бұзақылығын қойып, басқаларға өнеге болуы үшін осы дүниеде де жазалануы тиіс.