Ниса сүресі, 105-ші бөлім, 19-23 аяттар
Ниса сүресі, 105-ші бөлім, 19-23 аяттар
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ يَحِلُّ لَكُمْ أَن تَرِثُواْ النِّسَاء كَرْهًا وَلاَ تَعْضُلُوهُنَّ لِتَذْهَبُواْ بِبَعْضِ مَا آتَيْتُمُوهُنَّ إِلاَّ أَن يَأْتِينَ بِفَاحِشَةٍ مُّبَيِّنَةٍ وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا ﴿۱۹﴾
"Ей, мүміндер! Әйелдерді зорлық қылып, әмеңгерлік жолмен алу (не басқаға беру), сендерге халал емес. Олар ашық бір зина істемесе болғаны. Оларға берген мәһірдің біраз бөлігін жырымдап алу үшін қысым жасамаңдар, оларға жақсы мәміле ұстаңдар. Егер, оларды жақтырмасаңдар (сабырлы болыңдар), өйткені, сендер жақтырмаған істерде де Алла көп қайырлық жасап қойған болуы мүмкін. (4:19)"
Отбасы мәселесінде әйелдің құқығын қорғайтын бұл аят, алдымен насихат айта келе еркектердің әйелдерге кез-келген жағымсыз мінез көрсетуіне тыйым салып, соңында отбасы ошағын сақтауға қатысты жалпы қағиданы баяндайды. Жұбай таңдау барысында оның мал-мүлкі мен байлығына көңіл аудару дұрыс емес. Былайша айтқанда еркек өзінің қалыңдығын ұнатпаса да, оның байлығына қол жеткізу мақсатымен үйленуі дұрыс емес. Сондықтан бұл аят мұндай әрекетті жоққа шығарып: "Иман келтірдік деген сендерге бұл халал емес",-дейді. Сонымен қатар кейбір халықтар арасында таралған жаман әдеттердің бірі - мәһірінің бір бөлігін қайтарып алу үшін еркектің әйелге қысым жасауы болған. Бұл көбінесе әйелдің мәһірі көп болған жағдайда кездесетін. Құран мұндай әрекеттерге тыйым салып, жұбайлардың құқығы мен мал-мүлкін құрметтеу қажеттігін айтады. Әйелдің зинақорлық жасағаны айқындалған кезде ғана ол мәһірін кешіріп, ажырасуы үшін оған қатаң шара қолдануға болады. Бұл азғын әйелді жазалаудың бір түрі болып саналады. Сонан соң Алла тағала бір жалпы қағиданы баяндай келе, еркектерді жұбайларына жақсы мінез көрсетуге шақырып: "Түрлі себептермен әйелдеріңе ренжісеңдер немесе оларға деген сүйіспеншіліктерің азайса да, ажырасуға асықпаңдар, оларға құрметсіздік етпеңдер. Өйткені адамға жағымсыз болып көрінген көп істерде Алла тағала көп қайыр орнатқан",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жұбай таңдаған кезде оның байлығы мен мал-мүлкін мақсат тұтпау керек. Негізгі мақсат байлық емес, сүйспеншілік болуы тиіс.
Екіншіден, әйел - мәһірі мен өзінің басқа да мал-мүлкінің иесі. Оның мал-мүлкіне қол сұғуға еркектің ешқандай хақы жоқ.
Үшіншіден, отбасының жүйесін сақтау міндеті ерекке жүктелген. Сондықтан ол кез-келген қиыншылыққа қарамастан қатігездік пен теріс мінез көрсетуге және ақыр аяғында ажырасуға жол бермеуі тиіс.
"Ниса" сүресінің 20-21 аяттары:
وَإِنْ أَرَدتُّمُ اسْتِبْدَالَ زَوْجٍ مَّكَانَ زَوْجٍ وَآتَيْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنطَارًا فَلاَ تَأْخُذُواْ مِنْهُ شَيْئًا أَتَأْخُذُونَهُ بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا ﴿۲۰﴾ وكَيْفَ تَأْخُذُونَهُ وَقَدْ أَفْضَى بَعْضُكُمْ إِلَى بَعْضٍ وَأَخَذْنَ مِنكُم مِّيثَاقًا غَلِيظًا ﴿۲۱﴾
"Егер, бір әйелді қоя беріп, орнына бір әйел алмақ болсаңдар, оған (алдыңғы әйелге) көп мал (мәһір ретінде) берсеңдер, одан ешнәрсені қайтарып алмаңдар. Оны жалаға жығып, әшкере күнә істеумен алмақсыңдар ма? (4:20) Сендер бір-біріңмен жастықтас бола тұрып, әйелдер сендерден (неке байлау арқылы) берік уағда ала тұра, қалайша қайтарып алмақсыңдар. (4:21)"
Бір еркек басқа әйел алғысы келген кезде, бірінші әйеліне жала жауып, оған қысым келтіру арқылы оны мәһірін кешіруге мәжбүрлеп, сонан соң қайтарып алған мәһірмен екінші әйел алу жәһилият заманындағы жағымсыз әдеттердің бірі еді. Бұл аят осы арсыз әдетке тосқауыл қойып, үйленген кезде берілген сертті еске салып: "Сендер үйленгенде бір-біріңе берген сертте әйелдеріңе мәһір беруді уәде еттіңдер. Осылайша жылдар бойы бірге тұрып, енді басқа біреуге қызығып бұрынғы уәделеріңді қалай бұзасыңдар? Тіпті күнәсіз әйелдеріңе қалайша жала жабасыңдар?",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам - әйелдердің құқығын қорғаушы. Сондықтан еркекке бірінші әйелінің абыройын төгіп, екінші рет үйленуге рұқсат бермейді.
Екіншіден, берілген мәһірді қайтарып алуға болмайды. Әсіресе егер еркек мұны әйелінің абыройын төгіп істейтін болса, оның күнәсі екі есе болмақшы.
Үшіншіден, үйлену келісімі – Алла тағала соның негізінде еркек пен әйелді бір-біріне халал еткен мықты келісім. Сондықтан тараптар оны сақтап, орындауға міндетті.
"Ниса" сүресінің 22-23 аяттары:
وَلاَ تَنكِحُواْ مَا نَكَحَ آبَاؤُكُم مِّنَ النِّسَاء إِلاَّ مَا قَدْ سَلَفَ إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَمَقْتًا وَسَاء سَبِيلًا ﴿۲۲﴾ حُرِّمَتْ عَلَيْكُمْ أُمَّهَاتُكُمْ وَبَنَاتُكُمْ وَأَخَوَاتُكُمْ وَعَمَّاتُكُمْ وَخَالاَتُكُمْ وَبَنَاتُ الأَخِ وَبَنَاتُ الأُخْتِ وَأُمَّهَاتُكُمُ اللاَّتِي أَرْضَعْنَكُمْ وَأَخَوَاتُكُم مِّنَ الرَّضَاعَةِ وَأُمَّهَاتُ نِسَآئِكُمْ وَرَبَائِبُكُمُ اللاَّتِي فِي حُجُورِكُم مِّن نِّسَآئِكُمُ اللاَّتِي دَخَلْتُم بِهِنَّ فَإِن لَّمْ تَكُونُواْ دَخَلْتُم بِهِنَّ فَلاَ جُنَاحَ عَلَيْكُمْ وَحَلاَئِلُ أَبْنَائِكُمُ الَّذِينَ مِنْ أَصْلاَبِكُمْ وَأَن تَجْمَعُواْ بَيْنَ الأُخْتَيْنِ إَلاَّ مَا قَدْ سَلَفَ إِنَّ اللّهَ كَانَ غَفُورًا رَّحِيمًا ﴿۲۳﴾
"Әкелерің некеленген әйелмен некеленбеңдер. Осыдан (аят түсуден) бұрын алып қойған болсаңдар, кешірім етіледі. Бұл барып тұрған арсыздық, жиренішті қылық, анық пасықтық әдет! (4:22) Сендерге шешелеріңді, қыздарыңды, әпке-қарындастарыңды, әкелеріңмен бір туысқан қыздарды, шешелеріңмен бір туысқан қыздарды, аға-бауырларыңның қыздарын, әпке-қарындастарыңның қыздарын, сүт аналарыңды, (бір сүт анадан) емшектес қыздарды, қайын енелеріңді, өздерің жақындасып қойған әйелдеріңнің (басқа күйеуден болса да) өз үйлеріңде тәрбиеленген қыздарын некеге алуға арам етілді. Бірақ (некеленсеңдер де), төсектес болмаған болсаңдар, оқасы жоқ. Және сендерге бел балаларыңның әйелдерін және апалы-сіңілілерді бірдей некеге алуларың арам етілді. Бірақ, осыдан бұрынғыларың кешірім етіледі. Алла расында кешірімшіл, ерекше мейірімді. (4:23)"
Осы екі аят олармен үйленуге харам болып саналатындардың тобын толық келтіріп, оны адамның табиғатына қайшы деп атайды. Жалпы алғанда олармен үйлену харам саналатын үш топ мыналар: біріншіден, анасы, әпкесі, қызы, әкесінің апа-қарындасы, нағашы апалары, әпкесі мен ағасының қызынан тұратын тікелей туыстар. Екіншіден, қайын енесі, қайын апасы және әйелінің қызынан тұратын қайын жұрт. Үшіншіден, сәби кезінде біраз уақыт емізген әйел мен оның қыздарынан тұратын сүтті туыстар. Осылардың ешқайсысымен үйленуге болмайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, отбасының адалдығын сақтау үшін, адамға жақын туыс болып саналатын әйелдерге үйленуге болмайды. Сондықтан олармен қарым-қатынас кезінде оларға құштарлықпен қарамау қажет.
Екіншіден, ішіп-жейтін нәрселерде, байланыс пен тұрмыс құру секілді басқа істерде барлығының харам немесе адалдығын Алланың өзі ғана белгілейді. Ол адамды жаратқандықтан, оның зәруліктерін біледі.