Жел 29, 2016 19:05 Asia/Almaty
  • Ниса сүресі, 104-ші бөлім, 15-18 аяттар

Ниса сүресі, 104-ші бөлім, 15-18 аяттар

 

 

وَاللاَّتِي يَأْتِينَ الْفَاحِشَةَ مِن نِّسَآئِكُمْ فَاسْتَشْهِدُواْ عَلَيْهِنَّ أَرْبَعةً مِّنكُمْ فَإِن شَهِدُواْ فَأَمْسِكُوهُنَّ فِي الْبُيُوتِ حَتَّىَ يَتَوَفَّاهُنَّ الْمَوْتُ أَوْ يَجْعَلَ اللّهُ لَهُنَّ سَبِيلًا ﴿۱۵﴾

 

"Әйелдеріңнен зинақорлық істегендерге (оларды анықтау үшін) төрт айғақ әкеліңдер. Егер, олар (әйелдің зинақорлық істегендігіне) айғақ болса, онда, әйелдеріңді өлгенге дейін немесе оған Алла бір шығар жол бергенге дейін үйде қамап ұстаңдар. (4:15)"

"Ниса" сүресінің алғашқы аяттары отбасылық мәселелер туралы болды. Енді отбасының пәк ошағын аяққа басып, теріс жолға түскен азғын еркектер мен әйелдер жайында сөз қозғалады. 15-ші аят өзге еркектермен заңсыз қатынаста болған жұбайы бар әйелдердің жазасына сілтеме жасайды. Ислам отбасы ошағын сақтау үшін өзгелердің ісіне араласуға рұқсат бермейтінін және ешкімді өзгелердің бұрыс істерін дәлелдеуге шақырмағанын айта кеткен жөн. Егер үш адам мына бір әйел жұбайының көзіне шөп салды деп куәлік етіп, ал төртінші адам куәлік етпесе, олардың сөзі қабылданбайды. Олардың айтқандары негізінде үкім орындалмайды. Әрине осы аяттың соңында белгілі болған зинақорлық жөніндегі үкім уақытша. Ол әйел көз жұмғанша немесе өмірінің соңына дейін күйеуінің үйінде қамауда ұстау болып табылады. Әрине бұл үкім отбасының абыройын сақтау үшін шығарылған және ол арсыз адамдардың бір жерде жиналуына, сондай-ақ олардың жағымсыз істерінің бір-біріне таралуына кедергі болады. Өйткені қазіргі таңда жалпыға арналған түрмелердің қылмыскерлер тәрбиеленетін ортаға айналғанына куә болып отырмыз. Осы уақытша үкімнен кейін жұбайы бар зинақорларды таспен ұрып өлтіру жөніндегі қорытынды үкім шығарылды. Жаңа үкім шыққан соң, қамаудағы әйелдер босатылып, өз отбасына оралып, өздеріне және басқа әйелдерге ғибрат болды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мүміннің абыройын сақтау тіпті оның жанынан да маңызды. Адам өлтіру екі куәмен дәлелденеді. Бірақ зинақорлықты дәлелдеу үшін төрт куә қажет. Зинақорлық өте жағымсыз болса да, зинақордың абыройын төгу одан да жаман.

Екіншіден, Ислам өзінің отбасылық және әлеуметтік ережелерінің орындалуына кепілдік жасау үшін қатаң жазалар орнатқан. Соның бірі зинақорды өмір бойы қамауда ұстау үкімі.

Үшіншіден, қоғамды таза ұстау үшін қылмыскерді қамауда ұстау қажетті шара. Мұндайда сезімдер илаһи ережелер мен үкімдерді орындауға кедергі болмауы тиіс.

"Ниса" сүресінің 16-шы аяты:

 

وَاللَّذَانَ يَأْتِيَانِهَا مِنكُمْ فَآذُوهُمَا فَإِن تَابَا وَأَصْلَحَا فَأَعْرِضُواْ عَنْهُمَا إِنَّ اللّهَ كَانَ تَوَّابًا رَّحِيمًا ﴿۱۶﴾

 

"Араларыңнан (ер-әйел) екі адам зинақорлық істесе (немесе екі еркек бір бірімен тексіз байланыс жасаса), әр екеуін де айыптаңдар. Егер, ол екеуі райынан қайтып тәубе қылса, сендер де кешіріңдер. Алла ақиқатында тәубені қабылдаушы, өте мейірімді. (4:16)"

Осы аят жалпы мағынада болып, әйелмен немесе өз жыныстасымен байланыс жасаған әр еркекті қамтығанымен, тәпсір жасаушылардың басым бөлігінің пікірі бойынша, ол жұбайы жоқ зинақор еркектер мен әйелдер жайлы. Олардың жазасы дүре соғу болып табылады. Бірақ олардың қылмысы сотта дәлелденбей, дүре соғу үкімі анықталмайынша, арсыз әйел не еркек тәубе етсе, өзін түзетсе оларды кешіріп, оларды Аллаға тапсыру керек. Өйткені Алла мейірімді әрі рақымды және шынайы тәубені қабылдайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, исламдық қоғамда қылмыскер өзін қауіпсіз сезінбеуі тиіс. Биліктегі жауапты басшылар қылмыскерлерге тиісті жаза қолдануы тиіс.

Екіншіден, қылмыс жасағандарға тәубе етуге және өздерін түзетуге мүмкіндік берейік. Өз істегендеріне шынайы өкінген адамдардың қоғамға қайта оралуына кедергі болмайық.

"Ниса" сүресінің 17-18 аяттары:

 

إِنَّمَا التَّوْبَةُ عَلَى اللّهِ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السُّوَءَ بِجَهَالَةٍ ثُمَّ يَتُوبُونَ مِن قَرِيبٍ فَأُوْلَئِكَ يَتُوبُ اللّهُ عَلَيْهِمْ وَكَانَ اللّهُ عَلِيمًا حَكِيمًا ﴿۱۷﴾ وَلَيْسَتِ التَّوْبَةُ لِلَّذِينَ يَعْمَلُونَ السَّيِّئَاتِ حَتَّى إِذَا حَضَرَ أَحَدَهُمُ الْمَوْتُ قَالَ إِنِّي تُبْتُ الآنَ وَلاَ الَّذِينَ يَمُوتُونَ وَهُمْ كُفَّارٌ أُوْلَئِكَ أَعْتَدْنَا لَهُمْ عَذَابًا أَلِيمًا ﴿۱۸﴾

 

"Кім надандықпен бір жамандық істеп қойып, артынан тез арада тәубе қылса, Алла шынында олардың тәубесін қабылдайды. Алла – барлық нәрсені біліп тұрушы, хикмет иесі. (4:17) Жамандықты жалғасты істеп, жан алқымға келгенде: "Енді тәубе қылдым" деушілердің, сондай-ақ, кәпір күйінде өлгендердің тәубесі қабыл болмайды. Міне, осындайларға біз (қияметте) азаптың қаттысын дайындап қойдық. (4:18)"

Қателік жасағанына қарамастан адамдардың тәубе етуіне мүмкіндік бар екендігін баяндаған аяттардың жалғасында осы аят оның жағдайы мен уақытын баяндайды. Тәубенің маңызды шарттарының бірі күнәні әдет бойынша, қайталап жасау емес, нәпсіге салынып білместіктен немесе надандықтан жасау және оның салдарынан ғапыл қалу болып табылады. Оның екінші шарты тәубені кейінге қалдырмай, күнәнің жамандығын түсінген соң-ақ, оған өкініп, кешірім тілеу болып табылады. Адамның өз күнәлары үшін өмірінің соңында жасаған тәубесі қабыл болмайды. Өйткені тәубенің қабылдануының шарты - адамның түзелуі болып табылады. Ал адам өлер алдында ешқандай мұрсат жоқ. Шын мәнінде тәубені кешіктіру күнәнің адамға әдетке айналуына себеп болады. Күнә адамның тұла бойын билеп, оны тәубе ету мүмкіндігінен айырады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла күнәһарлардың шынайы тәубесін қабылдайды. Ендеше тірі кезімізде осы мұрсаттан қапы қалмайық.

Екіншіден, өз нәпсісін тізгіндей алмаған адам ғалым болса да, надан болып саналады.

Үшіншіден, тәубе қабыл болуы үшін оған асығу керек. Негізінде күнә көбеймей тұрып тәубеге келу оңай болады.

Төртіншіден, тәубенің қадірі жанға қауіп төніп тұрған немесе өлім келген шақта емес, еркін және ерікті болған жағдайда болады.