Ниса сүресі, 100-ші бөлім, 1-3 аяттар
Ниса сүресі, 100-ші бөлім, 1-3 аяттар
Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.
"Ниса" сүресі 176 аяттан тұрады және Мәдинада түскен. Осы сүредегі аяттардың көбісі отбасындағы мәселелер мен жанұядағы әйелдердің құқығы жайлы болғандықтан – "Ниса", яғни "әйелдер" деп аталған. "Ниса" сүресінің алғашқы аяты:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ اتَّقُواْ رَبَّكُمُ الَّذِي خَلَقَكُم مِّن نَّفْسٍ وَاحِدَةٍ وَخَلَقَ مِنْهَا زَوْجَهَا وَبَثَّ مِنْهُمَا رِجَالًا كَثِيرًا وَنِسَاء وَاتَّقُواْ اللّهَ الَّذِي تَسَاءلُونَ بِهِ وَالأَرْحَامَ إِنَّ اللّهَ كَانَ عَلَيْكُمْ رَقِيبًا ﴿۱﴾
"Ей, адамдар! Сендерді бір кісіден (Адам атадан) жаратқан және одан, оның жұбайын (Хауа ананы) жаратқан, ол екеуінен көп ер-әйел адам баласын таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар; Өзара бір нәрсе сұрасқанда, оның атымен сұрайтын Алладан қорқыңдар, әрі туыстық байланысты үзіп қоюдан сақтаныңдар, ақиқатында Алла – сендерді бақылап тұрушы. (4:1)"
Отбасындағы мәселелер жөніндегі бұл сүре, тақуалыққа шақырумен басталып, бірінші аятында осы мәселені екі рет қозғайды. Өйткені әр адам отбасында дүниеге келіп, тәрбиеленеді. Сондықтан жанұядағы мәселелер илаһи нұсқауларға негізделмесе, жеке тұлға мен қоғамның рухани және психикалық саулығына ешқандай кепілдік болмайды. Алла талаға адамдар арасында кез-келген артықшылық қалауды жоққа шығару үшін: "Сендер барлығың бір заттан жаратылғансыңдар. Ендеше тақуа болыңдар да, сендердің нәсілдерің, түстерің мен тілдерің бір-біріңнен артық болуға себепші болады деп ойламаңдар. Тіпті әйел мен еркек рухани және дене тұрғысынан айырмашылығы болса да, бір-бірінен артықшылығы жоқ. Өйткені екеуі де бір заттан жаратылған. Негізінде олардың барлығы бір ата-анадан тарайды",-деп ескертеді. Құранның басқа аяттарында Алла тағала ата-анаға жақсы қарауды Өзіне бойсұнумен қатар қойып, олардың дәрежесін жоғары санайды. Дегенмен осы аятта ата-аналарға ғана емес, қайта Өзінің есімінен соң, барлық туған-туыстарға да құрмет көрсету қажеттігін баяндап, оларға ешқандай зорлық көрсетпеуге шақырады. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам әлеуметтік дін болғандықтан, адамдардың отбасындағы және қоғамдағы қарым-қатынастарына ерекше көңіл бөледі. Аллаға құлшылық етіп, тақуа болу үшін басқаларды құрметтеу керек.
Екіншіден, адамзат қоғамына ұлты, түсі, тілі мен тұрғылықты аймағы бойынша кемсітушілік жасауға тыйым салынғандықтан, ол біртұтас болуы тиіс. Алла тағала барлығын бір заттан жаратты.
Үшіншіден, Адамның барлық перзенттері бір-біріне туыс. Өйткені олардың барлығының ата-анасы бір. Сондықтан барлық адамдарға мейірімді болып, оларды туысқандар тәрізді құрметтеу керек.
Төртіншіден, Алла тағала барлығымыздың ниеттеріміз бен амалдарымызды біледі. Сондықтан ниетімізде де, істерімізде де басқалардан артықшылық іздемейік.
"Ниса" сүресінің 2-ші аяты:
وَآتُواْ الْيَتَامَى أَمْوَالَهُمْ وَلاَ تَتَبَدَّلُواْ الْخَبِيثَ بِالطَّيِّبِ وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَهُمْ إِلَى أَمْوَالِكُمْ إِنَّهُ كَانَ حُوبًا كَبِيرًا ﴿۲﴾
"Жетімдердің малдарын беріңдер, жаманды жақсымен алмастырмаңдар. Олардың малдарын өз малдарыңа қосып жемеңдер. Өйткені ол күнә. (4:2)"
Осы аят, барлық қоғамдар душар болып отырған мәселелердің бірі – панасыз жетімдерге тоқталады. Өздеріне мұра ретінде қалған мал-мүліктерін сақтауға шамасы жетпегендіктен, олардың дүние-мүлкі қамқоршыға тапсырылады. Сондықтан ол осы мүлікке қол сұғуы мүмкін. Бұл аят әсіресе ата-анасынан айрылған және олардың мал-мүлкі өзара бөліске түсіп, мұрадағы үлестерінен айрылған жас балалар туралы. Кейде қамқоршылар оларға мұрадан Алланың үкімдері бойынша тағайындалған мөлшерде емес, өздері қалаған көлемде ғана береді. Осы аят жетімдердің мал-мүлкіне қандайда болмасын қол сұғуды жоққа шығарып, мұны зор күнә деп есептейді. Өйткені қамқоршы жетімнің мал-мүлкін өз қалауынша жұмсамай, аманатшыл болуға және болашақта оның өзіне тапсыруға міндетті. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жетім білмесе немесе ұмытып кетсе де оның мал-мүлкін өзіне қайтару керек.
Екіншіден, жас балалар да мал-мүлікке ие бола алады. Бірақ жасы кәмелетке жетпейінше сол мүлікті жұмсай алмайды.
Үшіншіден, Ислам қоғамдағы жетім-жесірлер мен қамқорсыз жандарға көңіл бөліп, оларды қорғайды.
"Ниса" сүресінің 3-ші аяты:
وَإِنْ خِفْتُمْ أَلاَّ تُقْسِطُواْ فِي الْيَتَامَى فَانكِحُواْ مَا طَابَ لَكُم مِّنَ النِّسَاء مَثْنَى وَثُلاَثَ وَرُبَاعَ فَإِنْ خِفْتُمْ أَلاَّ تَعْدِلُواْ فَوَاحِدَةً أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ ذَلِكَ أَدْنَى أَلاَّ تَعُولُواْ ﴿۳﴾
"Сендер жетім әйелдерге үйленгенде әділеттік істей алмауларыңнан қорықсаңдар, өздерің жақтырған әйелден екіні, үшті, төртті алыңдар. Бұлардың арасында да әділдік істей алмауларыңнан қорықсаңдар, бір әйелмен немесе қол астыларыңдағы күңмен қанағаттансаңдар да болады. Бұл әділдіктен алшақтамауларың үшін ең лайық (әдіс). (4:3)"
Осы аят зұлымдық пен қорлыққа көп ұшырайтын жетім қыздарға байланысты. Сондықтан Алла тағала бұл мәселеге бөлек тоқталып, оларға кез-келген зұлымдық көрсетуге тыйым салады. Кейбір пайдакүнем адамдар жетім қыздардың мал-мүлкін иемдену үшін оларға өздеріне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Осы мақсатқа жету үшін олар кез-келген қулыққа барады. Алайда Құран: "Егер жетім қызға үйленген шақта әділдікті сақтай алмаймын деп ойласаңдар, үйленбеңдер",-дейді. Рауаяттарда айтылғандай, кейбір пайдақорлар "қамқоршы" деген атпен жетім қыздарды үйлеріне әкеліп, біраз уақыт өткен соң оларға үйленіп, олардың мал-мүліктерін иемденеді, тіпті оларға қалың малды әдеттегіден аз береді. Сондықтан осы аят пен бұл сүренің 127-ші аяты түсіп, оларға қатысты кез-келген әділетсіздікке тыйым салды. Еркектердің көбі жетім қыздарды өздерінің екінші, немесе үшінші немесе төртінші әйелі ретінде алатын болғандықтан, Құран олардың абыройын қорғау үшін: "Егер қайта үйленгілерің келсе, жетімді неге аласыңдар? Басқа әйелдерге немесе өз қарамағыңдағы күңдерге үйленіңдер",-дейді. Осы аят еркектерге төрт әйелге үйленуге рұқсат бергенімен, бұл исламдық салт емес, қайта әлеуметтік қажеттілік. Ислам отбасының қадірін сақтау үшін қатал шарттар тағайындаған. Былайша айтқанда бірнеше әйелге үйленуді Ислам шығарған жоқ. Ол қоғамда кездесетін жағдай. Сондықтан Ислам белгілі бір үкімдермен оны бақылауға алған. Ақиқатында еркектер әйелдерге қарағанда үнемі қауіп-қатерге тап болады. Соғыстар мен қақтығыстарда көбінесе еркектер қаза болатындықтан олардың жұбайлары жесір қалады. Күнделікті жұмыстар мен түрлі кәсіптерде еркектер көбірек қауіпті жағдайларға душар болады. Сондықтан оларға қарағанда әйелдер ұзақ жасайды. Барлық қоғамда әйелдердің орташа ғұмыры, еркектердің орташа ғұмырынан жоғары. Ендеше осындай ерлердің жұбайларына: "Күйеулерің қаза болды, енді өмірдің соңына дейін қамқоршысыз отырыңдар!,-деп айта аламыз ба? Немесе жастарға: "Бірнеше перзенті бар әйелдерге үйленіңдер!",-деп бұйыруға бола ма? Исламның осы үкімдерін айыптайтын Батыс әлемінде ерлер мен әйелдер арасында ешбір шартсыз байланыстар бар. Ислам екі жақтың осы табиғи қажеттілігін жоққа шығармай, оған белгілі бір ережелер қойып, санын шектеді. Сондай-ақ мұның шарты – әйелдер арасында әділетті орындау деп біледі. Бұл әйелдердің құқығына қарсы ма? Ал әйел мен еркектің арасындағы қарым-қатынасқа ешқандай ереже қоймаған және еркіндік ұранымен тіпті тұрмыстағы әйелдердің кез-келген байланысына жол беріп отырған қоғамда әйелдердің құқығы қалай сақталады? Құран осы аятта айдай анық түрде: "Әйелдердің арасында әділетті орындай алмасаңдар, бірнеше әйелге үйленулеріңе болмайды",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам жетім қыздардың, олар тұрмысқа шыққан жағдайда да абыройын сақтау және олардың мал-мүлкіне қол сұғуға жол бермеу үшін әділеттік сақтау керектігін айтады.
Екіншіден, әйел таңдаудағы шарттардың бірі – жүрекпен ұнату болып табылады. Сондықтан ешкімді біреумен тұрмыс құруға мәжбүр етуге болмайды.
Үшіншіден, егер кейбір исламдық қоғамда ерлер бірнеше әйелге үйленуді кері мақсатта пайдаланса, бұл, осы үкімнің бұрыс екендігін емес, керісінше қоғамда осы үкімнің қажет екендігін аңғартады.