Әли-Ғимран сүресі, 93-ші бөлім, 169-173 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 93-ші бөлім, 169-173 аяттар
وَلاَ تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ قُتِلُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ أَمْوَاتًا بَلْ أَحْيَاء عِندَ رَبِّهِمْ يُرْزَقُونَ ﴿۱۶۹﴾
"Алланың жолында шәһид болғандарды әсте өлді деп ойламаңдар, олар әрине тірі. Олар Алланың жанында ризықтанады. (3:169)"
Ухуд соғысында мұсылмандардан жетпіс адам қаза болған соң, Мәдинадағы мұнафықтар олардың жанұяларына дос кейпінде барып, жұбатқандай болып, Алла жолында күрескендердің өліміне пайғамбар (с) мен оның саһабаларын кінәлайды. Осылайша мұнафықтар басқа да мұсылмандардың еңсесін түсіреді. Келесі жағынан Мекке мүшріктерінің ақсақалы Әбу-Суфян Ухуд соғысының соңында: "Бұл жетпіс мұсылман, Бәдір соғысында бізден қаза болған жетпіс адамның орнына қаза болды",-деп жариялады. Мүшріктер мен мұнафықтарды осындай үгіттеріне Алла тағала халықтың, қаза болған мұсылмандар мен мүшріктердің арасында айырмашылық жоқ деп ойламауы үшін осы аятты түсірді. Сонда пайғамбар (с) Әбу-Суфянға былай деп жауап берді: "Біздің қаза болған адамдар пейіштен, ал сендердің өлгендерің тозақтан орын табады". Рауаяттар бойынша шәһид болудан асқан жақсылық жоқ. Ендеше, кімде-кім шәһид болса, ол үшін бұдан асқан жақсылық жоқ. Осыған байланысты пайғамбарлар мен әулиелер Алладан дұға тілегенде, шәһид болуды қалайтын және олардың көбісі шәһид болған. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, шәһид үшін жойылу немесе зиян көруді ойлау адасқан ой болып саналады. Шәһид болу дегеніміз – жеңілу немесе бір нәрседен айрылу емес, қайта табу мен қол жеткізу болып табылады.
Екіншіден, шәһид болумен шәһидтің өмірі аяқталмайды, қайта илаһи өмірі басталады. Сондықтан тірілердің көбісі – өлі, ал өлгендердің көбісі – тірі болып саналады. Көзі көретін адамның сезімін соқыр түсіне алмайтындай тәрізді, ақыретті көрмеген біздер, ол жақтағы өмірді көз алдымызға елестете алмаймыз.
"Әли-Ғимран" сүресінің 170-171 аяттары:
فَرِحِينَ بِمَا آتَاهُمُ اللّهُ مِن فَضْلِهِ وَيَسْتَبْشِرُونَ بِالَّذِينَ لَمْ يَلْحَقُواْ بِهِم مِّنْ خَلْفِهِمْ أَلاَّ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ ﴿۱۷۰﴾ يَسْتَبْشِرُونَ بِنِعْمَةٍ مِّنَ اللّهِ وَفَضْلٍ وَأَنَّ اللّهَ لاَ يُضِيعُ أَجْرَ الْمُؤْمِنِينَ ﴿۱۷۱﴾
"Олар Алла берген мол рахметке қуанады және өздерімен жалғаса алмай артында қалғандарға өзіне қауіп-қатер, қайғы жоқ екендігін қуанышпен хабарлағысы келеді. (3:170) Сондай-ақ, Алла бағыштаған ырыс пен кеңшілікке, Алланың мүміндердің сауабын зая қылмайтындығына сүйініп қуанады. (3:171)"
Осы аяттарда Құран шәһид болғандардың қуанышын баяндап: "Олар Алланың жолында шәһид болғандарына риза болумен қатар, басқа мүміндер мен өздерінің достарын да осы жоғары дәрежеге жетуге шақырады және оларға ешқандай қауіп-қатер төнбей, қайта Алланың мейірімі жауатынын сүйіншілейді",-дейді. Осы аяттар бойынша барзах әлемінде шәһидтердің өмірі ризыққа толы нағыз өмір болып табылады. Шәһидтің тірі болуы тарихта оның жақсы аты қалуы ғана емес. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, шәһидтердің жолдауы – Алланың жолында шәһид болғанша дейін әрекет ету. Шәһид болу – өткен мен болашақтан алаңдамау.
Екіншіден, шәһидтер шәһид болу арқылы сауапқа қол жеткізуді емес, Алланың мерйірімі мен жомарттығына жетуді көздейді.
"Әли-Ғимран" сүресінің 172-ші аяты:
الَّذِينَ اسْتَجَابُواْ لِلّهِ وَالرَّسُولِ مِن بَعْدِ مَآ أَصَابَهُمُ الْقَرْحُ لِلَّذِينَ أَحْسَنُواْ مِنْهُمْ وَاتَّقَواْ أَجْرٌ عَظِيمٌ ﴿۱۷۲﴾
"(Ухуд соғысында) жараланғаннан кейін, Алланың және пайғамбардың шақыруына үн қосқандарға, олардан жақсылық істер істеп, тақуалық еткендерге Алланың алдында үлкен сауап бар. (3:172)"
Тарихта осы орайда былай деп айтылған: Құрайш кәпірлері Ухудтағы жеңісінен соң Меккеге оралады. Бірақ орта жолда "мұсылмандарды жеңіп, оларды әлсіреттік қой, ендеше Исламды жою үшін Мәдинаға қайта шабуыл жасап, қалған мұсылмандарды қырайық" деп ойлайды. Сонда дұшпан қайтадан шабуыл жасамақшы деген хабар пайғамбарға (с) жетеді. Ол хазірет барлық әскерді, тіпті Ухуд соғысында жарақат алғандарды да жорыққа дайындалуға шақырады. Мұсылман әскерінің жиналып жатқанын естіген Әбу-Суфян, мұсылмандар өз жеңілісінің есесін қайтару үшін жаңа әскер жинады деп ойлап, Мәдинаға шабуыл жасаудан бас тартып, Меккеге оралады. Дұшпан қайтадан шабуыл жасамаса да, Құран қайта соғысуға дайындалған жаралыларды мадақтап, оларға үлкен сауап бар деп сүйінші береді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, оқиға орын алмайтын болса да, міндетті атқаруға дайын болу маңызды. Өйткені ықылассыз атқарылған істің де қадірі болмайды.
Екіншіден, соғыс майданына тақуалық пен игі іссіз шығудың қадірі жоқ.
"Әли-Ғимран" сүресінің 173-ші аяты:
الَّذِينَ قَالَ لَهُمُ النَّاسُ إِنَّ النَّاسَ قَدْ جَمَعُواْ لَكُمْ فَاخْشَوْهُمْ فَزَادَهُمْ إِيمَانًا وَقَالُواْ حَسْبُنَا اللّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ ﴿۱۷۳﴾
"Кей адамдар оларға: "Бағзы біреулер (құрайыштар) сендерге қарсы қол жинады, олардан қорқыңдар",-деді. Бұл сөз, олардың иманын күшейтті. Олар: "Бізге Алланың өзі жеткілікті, ол неткен жақсы ие десеңізші",-деді. (3:173)"
Ислам қоғамына, атап айтқанда қарапайым және сенгіш адамдарға төніп тұрған маңызды қауіптердің бірі – дұшпанды үлкен, ал өзін кішкентай етіп санау. Дұшпан алдында өзін әлсіз сезінген адам, оның әрекеттеріне қарсы шығуға сескенеді. Мұндай адам соғыс майданына өзі ғана шығудан қорқып қоймай, басқа мұсылмандардың да үрейін тудырады. Сондықтан ол дұшпаннан қорқудың орнына, барлық күшке ие Аллаға тәуекел етеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, соғыс барысында дұшпанның ықпал етуші адамдары мен олардың халық арасында үрей тудырушы әрекеттеріне сақ болу керек.
Екіншіден, дұшпан қандай күшті әрі үлкен болса да, Алланың құдіреті одан да артық. Ендеше жудан қорқудың орнына Аллаға тәуекел ету керек.
Үшіншіден, соғыс қиыншылықтар мен қайғы-қасірет әкелсе де, оның берекелі салдары бар. Соның бірі – мұсылман күрескерлер мен басқа да адамдар иманының күшеюі.