Жел 29, 2016 19:22 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 92-ші бөлім, 164-168 аяттар

 

 

لَقَدْ مَنَّ اللّهُ عَلَى الْمُؤمِنِينَ إِذْ بَعَثَ فِيهِمْ رَسُولًا مِّنْ أَنفُسِهِمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِن كَانُواْ مِن قَبْلُ لَفِي ضَلالٍ مُّبِينٍ ﴿۱۶۴﴾

 

"Расында Алла өзінің аяттарын оқып беретін, күнәдан арылтатын, оларға (үмметтерге) кітапты, хикметті үйрететін пайғамбарлар жіберіп, мүміндерге мол қайыр-ихсан жасады. Өйткені, олар бұрын ашық азғындықта еді. (3:164)"

Алланың барлық тіршілік иелеріне, әсіресе адамға қатысты рақымдылығы мен мейірімі негізіндегі жаратылыста, тура жолға жолдау – Алланың адамға арнайы берген ең үлкен нығметі болып табылады. Негізінде адам тура жолға жолданбай жаратылса, оның күші мен дарындары бекер жұмсалады немесе оның ойы мен жүріс-тұрысы бұрыс жолға түседі. Қазіргі таңда, ақыл немесе аян арқылы осы жолдауға көңіл аудармай отырған адамдардың білімі мен ғылымы олардың жанұяларына ыңғайлылық пен тыныштық әкелудің орнына, дамыған қоғамдарда қобалжу мен алаңдаушылық және қатігездік бергенін көріп отырмыз. Сол себепті Алла тағала адамдар мен қоғамдарды кез-келген азғындықтан тазартып, олардың дамып, кемелденуіне жағдай жасау үшін пайғамбарларын жіберді. Олар адамдарға Алланың сөзін жеткізіп, хикмет үйрету арқылы оларды тәрбиелеп, адасудан сақтайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, пайғамбарлар - адамзатқа нәсіп болған ең үлкен илаһи сый. Ендеше осы нығметтің қадірін білейік.

Екіншіден, білім алудан бұрын рухани тазару керек. Пәк мақсаттарды көздеген білім мен ғылым ғана пайдалы болмақ.

Үшіншіден, өз-өзіңді түзету мен рухани тазару пайғамбарлардың тәлімдері мен илаһи аяттар негізінде болуы тиіс. Алланың аяны мен пайғамбарлар тәлімдеріне сай келмейтін әрекеттер мен оқшаулану – адасу болып саналады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 165-ші аяты:

 

أَوَلَمَّا أَصَابَتْكُم مُّصِيبَةٌ قَدْ أَصَبْتُم مِّثْلَيْهَا قُلْتُمْ أَنَّى هَذَا قُلْ هُوَ مِنْ عِندِ أَنْفُسِكُمْ إِنَّ اللّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۶۵﴾

 

"Өздеріңе келген сәтсіздік, сендер жауларыңның басына келтірген сәтсіздіктің жартысындай-ақ еді, (Ухуд соғысында мұсылманнан жетпіс кісі шәһид болған болса, Бәдір соғысында кәпірлерден жетпіс адам өліп, жетпіс адам қолға түскен болатын). Сонда да сендер: "Бұл сәтсіздік қайдан келді?",-дедіңдер. "Бұл өздеріңнен болды",-деп айт (Ей, Мұхаммед). Алланың баршаға құдіреті кәміл. (3:165)"

Ухуд соғысында мұсылмандар жетпіс адамынан айрылып, жеңілгенде пайғамбардан (с): "Біз неге жеңілдік?",-деп сұрады. Сонда Алла оларға: "Былтыр Бәдір соғысында сендер дұшпанға бұдан екі есе шығын келтірдіңдер. Өйткені олардан жетпіс кісіні өлтіріп, жетпіс адамды тұтқынға алдыңдар. Бұған қоса биыл Ухудта сендер осалдық танытып, бұйрыққа бағынбағандықтан және бір-біріңмен керіскендіктен жеңілдіңдер. Сөйте тұра Алла тарапынан жеңіс келеді деп ойладыңдар",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, төрелік еткен кезде сәтсіздік пен жеңісті қатар қойған жөн. Ухуд жеңілісіне ғана емес, Бәдір жеңісіне де қарайық.

Екіншіден, жеңіліс себептерін талдаған кезде, оның дәлелін алдымен өзімізден іздейік. Өз бойымыздағы әлсіздікті анықтап, оны түзеуге тырысайық.

"Әли-Ғимран" сүресінің 166-167 аяттары:

 

وَمَا أَصَابَكُمْ يَوْمَ الْتَقَى الْجَمْعَانِ فَبِإِذْنِ اللّهِ وَلِيَعْلَمَ الْمُؤْمِنِينَ ﴿۱۶۶﴾ وَلْيَعْلَمَ الَّذِينَ نَافَقُواْ وَقِيلَ لَهُمْ تَعَالَوْاْ قَاتِلُواْ فِي سَبِيلِ اللّهِ أَوِ ادْفَعُواْ قَالُواْ لَوْ نَعْلَمُ قِتَالًا لاَّتَّبَعْنَاكُمْ هُمْ لِلْكُفْرِ يَوْمَئِذٍ أَقْرَبُ مِنْهُمْ لِلإِيمَانِ يَقُولُونَ بِأَفْوَاهِهِم مَّا لَيْسَ فِي قُلُوبِهِمْ وَاللّهُ أَعْلَمُ بِمَا يَكْتُمُونَ ﴿۱۶۷﴾

 

"Екі қосын беттескенде (Ухуд соғысында) сендерге келген нәрсе Алланың еркімен болды, бұл нағыз мұсылмандарды біліп алу үшін еді. (3:166) Сондай-ақ екі жүзділерді айырып білу үшін еді. Оларға: "Келіңдер, Алла жолында соғысыңдар, яки өздеріңді қорғаңдар",-дегенде, олар: "Біз соғысуды білген болсақ, сендерге сөзсіз ілесетін едік",-деді. Сол күні олар иманнан көрі күпірге жақынырақ еді. Олар ділінде жоқты тілінде айтты. Олардың ішке бүккендерін Алла әбден біледі. (3:167)"

Мекке мүшріктерінің шабуылы туралы хабар Мәдинаға жеткенде, пайғамбар (с) мешітте кеңес өткізеді. Мұсылмандардың көпшілігі қаладан шығып, Ухуд тауының етегінде бекінуді жөн көреді. Алайда бірақ Мәдина ақсақалдарының бір тобы қалада қалып, дұшпанмен шайқаста үйлерді бекініс ретінде қолданайық деген пікір қозғайды. Жастардан тұратын көпшіліктің назарын пайғамбар (с) қолдағандықтан, қатты ренжиді. Осылайша жұрт Ухуд тауына қарай аттанған кезде, бір жағынан түрлі сылтау айтып өздері қайта оралса, келесі жағынан кейбір мұсылмандарды да азғырып, орта жолдан қайтарады. Құран мүміндерге: "Ухуд соғысы қандай қайғылы болса да нағыз мүміндерді сөз жүзінде иман келтіргендерден ажыратуға мүмкіндік берді. Пайғамбардың (с) нұсқауына кімнің бағынатынын және кімнің оны өз мақсатына жету үшін керек еткенін анықтады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, өмірдегі жақсы-жаман оқиғалар адамдарды тану үшін илаһи сынақтар алаңы. Осы сынақтардан өтпей қалмайық.

Екіншіден, екіжүзді болу адамды күпірлікке бастайды. Әр топқа сіңіп кету тапқырлық емес. Жеңістің шарты – бірлік пен шындық.

Үшіншіден, отаның мен халқыңды қорғау - үлкен құндылық. Осы жолда қаза болған кісі шәһид болып саналады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 168-ші аяты:

 

الَّذِينَ قَالُواْ لإِخْوَانِهِمْ وَقَعَدُواْ لَوْ أَطَاعُونَا مَا قُتِلُوا قُلْ فَادْرَؤُوا عَنْ أَنفُسِكُمُ الْمَوْتَ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ ﴿۱۶۸﴾

 

"Және (үйлерінде) отырып алып туыстарына: "Егер олар тілімізді алған болса, өлтірілмес еді",-дегендерге. "Өлімді өз бастарыңнан аулақтатып көріңдерші, айтқандарың шын болса",-де. (3:168)"

Соғыстан бұрын бұйрыққа бағынбай, мұсылмандар арасына жік салып, олардың еңсесін түсіруге себепші болғандар соғыс аяқталған соң да арандатушылығын қоймады. Олар, абыройы мен қаласын қорғаудан бас тартқан өздерін кінәлаудың орнына, соғысқа барып, қаза болғандарды кінәлады. Ал өлім соғысқа ғана тән емес, өлімнен ешкім қаша алмайды. Сондықтан Алла оларға: "Соғыстан қашып, өлімнен құтыламын деп ойламаңдар. Барлығы бір күні өледі. Бірақ, Алланың нұсқауларын орындау кезінде қаза болғанға не жетсін. Өлімнен қашамын деп, оның тұзағына түскен қандай өкінішті",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дұшпан шабуыл жасап, исламдық қоғамға қауіп төндірген кезде үйде отыру – имансыздық пен екіжүзділіктің белгісі.

Екіншіден, шәһидтер мен соғыс ардагерлерінің еңсесін түсіру - мұнафықтар мен екіжүзділердің исламдық қоғамға қарсы жоспарларының бірі болып табылады.

Үшіншіден, мұнафықтар өздерін басқалардан артық санайды және басқалар олардың ой-пікірлері мен нанымдарына ереді деп ойлайды.