Жел 31, 2016 19:28 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 89-ші бөлім, 149-153 аяттар

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوَاْ إِن تُطِيعُواْ الَّذِينَ كَفَرُواْ يَرُدُّوكُمْ عَلَى أَعْقَابِكُمْ فَتَنقَلِبُواْ خَاسِرِينَ ﴿۱۴۹﴾ بَلِ اللّهُ مَوْلاَكُمْ وَهُوَ خَيْرُ النَّاصِرِينَ ﴿۱۵۰﴾

"Ей, мүміндер! Егер, кәпірлерге бағынсаңдар, сендерді (діннен шығарып) кері кетіреді. Сөйтіп зиян тартушыларға айналасыңдар. (3:149) Олай емес, Сендердің иелерің – Алла , Ол ең жақсы медеткер. (3:150)"

Исламдық қоғам мен мүмін адамдарға төніп тұрған қауіптердің бірі – дүниелік мақсатқа жету үшін діни негіздер мен құндылықтардан безу болып табылады. Бастапқыда күпірліктің орнына иман жолын таңдап, алайда біраз уақыт өткен соң мұсылман емес қоғамның еркіндігі мен жақсы материалдық тұрмысын көріп, сенімдері әлсіреп, оларға қызыққан адамдар қаншама. Құран осындай адамдарға: "Ей, мүміндер! Егер сендер Алланың нұсқаулары орнына кәпірлерге ерсеңдер, олар сендердің дамуларыңды емес, өркендемей артта қалуларыңды қалайды. Олар ешқашан өркендеп, дамуларыңды қаламайды. Сондықтан діннен де айрылып, дүниеге де қол жеткізе алмай үлкен зиян тартасыңдар",-дейді. Сонан соң Алла тағала мүміндерге: "Абырой мен билікке жетемін десеңдер, кәпірлерге тәуелді болмаңдар. Өйткені жеңіс пен қолдау тек сендердің Раббыларың - Алланың қолында",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, әр мүмінге адасу мен діннен шығу қаупі төніп тұрады. Ендеше дұшпанның үгіт-насихаты мен шайтандық азғыруларынан абай болайық.

Екіншіден, соғыстағы жеңілістің зардабы үлкен емес. Өйткені иман мен дінсіздік арасындағы идеологиялық күрестегі жеңілістің зардабы одан да ауыр.

Үшіншіден, дүниеде абырой мен билікті қалайтын болсақ, оған тек құдіретті Аллаға бойсұнудың арқасында ғана жетуге болады.

"Әли-Ғимран" сүресінің 151-ші аяты:

 

سَنُلْقِي فِي قُلُوبِ الَّذِينَ كَفَرُواْ الرُّعْبَ بِمَا أَشْرَكُواْ بِاللّهِ مَا لَمْ يُنَزِّلْ بِهِ سُلْطَانًا وَمَأْوَاهُمُ النَّارُ وَبِئْسَ مَثْوَى الظَّالِمِينَ ﴿۱۵۱﴾

 

"Ол жөнінде ешбір дәлел түсірмеген нәрселерді (пұттарды) Аллаға теңегендіктері үшін, біз кәпірлердің көңіліне қорқыныш саламыз. Олардың барар орны – тозақ. Залымдардың орны неткен жаман десеңізші! (3:151)"

Кейбір мұсылмандардың кәпірлердің дүниесіне қызығушылығын сынаған өткендегі аяттардан кейін осы аят: "Кәпірлерге сүйеніп, тыныштық пен қауіпсіздікке жетемін деп ойламаңдар. Алладан басқаға сүйеніп, жәрдем сұрау Аллаға серік қосуға апарады. Мұндай адамдар күмәнға түсіп, олардың тұла бойын қорқыныш пен үрей басады. Қияметте осы күпірлігі мен діннен безуі салдарынан басқа кәпірлермен бірге тозаққа барады",-деп ескертеді. Ендеше, кәпірлерге тәуелді болу тыныштық пен жақсы тұрмысқа жеткізбейді, ақыретте де азаптан құтқармайды деген қорытындыға келеміз. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Алладан басқаға сүйену – серік қосумен тең және үрей тудырады. Ал Аллаға иман келтіріп, Оны еске алу тыныштық пен сенімнің факторы.

Екіншіден, өлімнен және белгісіз болашақтан қорқу - кәпірлердің жүрегін жаулап алған ең үлкен қорқыныш. Сондықтан мүміндердің саны көбейген сайын, бұл қорқыныш ұлғая түседі.

"Әли-Ғимран" сүресінің 152-ші аяты:

 

وَلَقَدْ صَدَقَكُمُ اللّهُ وَعْدَهُ إِذْ تَحُسُّونَهُم بِإِذْنِهِ حَتَّى إِذَا فَشِلْتُمْ وَتَنَازَعْتُمْ فِي الأَمْرِ وَعَصَيْتُم مِّن بَعْدِ مَا أَرَاكُم مَّا تُحِبُّونَ مِنكُم مَّن يُرِيدُ الدُّنْيَا وَمِنكُم مَّن يُرِيدُ الآخِرَةَ ثُمَّ صَرَفَكُمْ عَنْهُمْ لِيَبْتَلِيَكُمْ وَلَقَدْ عَفَا عَنكُمْ وَاللّهُ ذُو فَضْلٍ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ ﴿۱۵۲﴾

 

"Алла сендерге берген уағдасын растады да, Оның әмірімен жауды қынадай қырдыңдар (Ухуд соғысында). Деседе, сендер ұнататын олжаны көздеріңе көрсеткеннен кейін әлсіздіктеріңді байқатып, (пайғамбардың) әмірі жайлы жанжалдастыңдар, оған қарсы шықтыңдар. Кейбіреуің фәнилік дүниені, кейбіреуің ақыретті көздедіңдер. Содан соң, Алла сендерді сынау үшін жаудан беттеріңді қайтарды, әрі сендерді кешірді. Алла шынында, мүміндерге мол жақсылық істеуші. (3:152)"

Ухуд соғысында мұсылмандар жеңілген соң, олардың кейбіреуі пайғамбарға (с) мін тағып: "Алла бізге кәпірлерді жеңу туралы уәде бермеді ме? Бұл соғыста неге жеңілдік?",-деді. Осы аят оларға жауабында: "Алла өз уәдесінде тұрды. Өйткені соғыстың басында Оның жәрдемімен сендер дұшпанды қырып, жойдыңдар. Бірақ, жеңілулеріңнің үш себебі бар: біріншіден, дұшпан қашып, мол олжасын тастап кеткенін көріп надандық еттіңдер. Екіншіден, оларды қуудың орнына, қаруларыңды жерге тастап, олжаны жинауға кірістіңдер. Үшіншіден, Ухуд тауына кіре берісті қорғау жөнінде дауластыңдар. Пайғамбар (с) сендерге "ол жерден кетуші болмаңдар!" деп ескерткеніне қарамастан, бір-біріңмен дауласып, ақыр-аяғында пайғамбардың (с) тілін алмай, қорғауға тапсырылған жерді тастап кетіп, дұшпанға арттан шабуыл жасауға мүмкіндік бердіңдер",-дейді. Сол себептен соғыстың басында сендерге жәрдем берген Алла, Оның көмегі имандарың мен бірліктеріңнің арқасында екенін білулерің үшін, ақырында сендерге жеңілісті татқызды. Бұл жеңіліс сендерге ғибрат болсын. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мүміндер өздерінің міндеттерін орындағанша Алланың көмегі де болады. Әйтпесе Алланың нақты дәстүріне мән берілмесе, илаһи уәделер орындалмайды.

Екіншіден, әлсіздік, қарама-қайшылық пен жетекшіге бағынбау – жеңіліске апаратын маңызды себептер. Мүмін болсын, кәпір болсын әркім осылай істейтін болса әлгіндей тағдырға тап болады.

Үшіншіден, кейбір дүниеқұмар мүміндер соғыста да ақыретін емес, дүниені ойлайды.

Төртіншіден, жеңіліс – илаһи сынақтың құралы. Болашақта жеңіске жету үшін еңсемізді түсіргенше, ғибрат алайық.

"Әли-Ғимран" сүресінің 153-ші аяты:

 

إِذْ تُصْعِدُونَ وَلاَ تَلْوُونَ عَلَى أحَدٍ وَالرَّسُولُ يَدْعُوكُمْ فِي أُخْرَاكُمْ فَأَثَابَكُمْ غَمًَّا بِغَمٍّ لِّكَيْلاَ تَحْزَنُواْ عَلَى مَا فَاتَكُمْ وَلاَ مَا أَصَابَكُمْ وَاللّهُ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ ﴿۱۵۳﴾

 

"Сол кезде пайғамбар шақырып тұрса да, ешкімге мойын бұрып қарауға мұршаларың келмей, ұзап қаша бердіңдер. Сондықтан, қолдарыңнан кеткенге де (олжаға да), сәтсіздікке де тым ашынбауларың үшін, Алла сендерге мұң үстіне мұң берді (Ухуд соғысында жеңіліспен жазалады). Алла сендердің істегендеріңнен толық хабардар. (3:153)"

Ухуд соғысында орын алған жағымсыз көріністердің бірі – дұшпан кенеттен шабуыл жасаған кезде мұсылмандардың көбісінің пайғамбарды (с) жалғыз қалдырып, қашуы еді. Пайғамбар (с) оларды қайсарлық көрсетуге қанша шақырса да, бұрылмастан Ухуд тауының үстіне шықты. Осы орайда Құран: "Бұйрыққа бағынбай, қашудың салдарынан кәпірдің әскері сендерге үстем болды. Осы өкініштен, сендер олжадан айрылған және жараларыңның қақсауынан болған мұңды да ұмыттыңдар. Ия, сендер пайғамбарды ренжіткендіктен, одан сайын ренжідіңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, діни жетекшілердің нұсқауын орындамау дұшпаннан қорқып, қашуға және ақыр-аяғында жеңіліске апарады.

Екіншіден, иман келтірдім дегендер соғыста сыналады. Әдеттегі жағдайда барлығы иманды болады. Ал нағыз мүмін қиын-қыстау кездерде анықталады.

Үшіншіден, бұрынғы сәтсіздіктерден сабақ алайық. Дүние-мүліктен айрылғанға немесе қайғыға ұшырағанға мұңаймайық.