Әли-Ғимран сүресі, 87-ші бөлім, 137-142 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 87-ші бөлім, 137-142 аяттар
قَدْ خَلَتْ مِن قَبْلِكُمْ سُنَنٌ فَسِيرُواْ فِي الأَرْضِ فَانْظُرُواْ كَيْفَ كَانَ عَاقِبَةُ الْمُكَذَّبِينَ ﴿۱۳۷﴾ هَذَا بَيَانٌ لِّلنَّاسِ وَهُدًى وَمَوْعِظَةٌ لِّلْمُتَّقِينَ ﴿۱۳۸﴾
"Сендерден бұрын да қилы-қилы жолдар (замандар) өтті. Жер жүзін аралаңдар. (Ақиқатты) өтірікке балағандардың соңының не болғанын көзбен көріңдер. (3:137) Бұл (Құран) – адам баласына бір айқын баяндау, тақуаларға тура жол және уағыз-насихат. (3:138)"
Құранның адамдарды тура жолға бағыттау мен тәрбиелеу әдістерінің бірі – олардың назарын бұрынғылардың тарихына аудару болып табылады. Әлем бүгінгі күнмен ғана шектелмейді. Бізден бұрын да көптеген адамдар келіп, өмір сүріп, дүниеден өтті. Бізге, қазіргі заман халқына, сол адамдардың тарихы мен басынан өткендерін білу ең абзал сабақ болып табылады. Өйткені әлем өзгермейтін илаһи дәстүрлер мен қағидалар бойынша басқарылады. Сондықтан адамзат тарихын зерттемей осы дәстүрлерді танып, білу мүмкін емес. Осылайша, біздің бұрынғы халықтардың жақсы-жаман істерінің нәтижесімен танысып, олардың қателіктерін қайталамай дұрыс өмір сүруіміз үшін Құран бізді жер бетінде саяхат жасап, бұрынғылардың тарихымен танысуға шақырады. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, Исламда тарихи орындар мен бұрынғы өркениеттерден қалған естеліктермен танысу үшін сапар шегіп, жерді аралауға өсиет етілген. Бұл сапарлардан ой түйіп, ғибрат алу шарт.
Екіншіден, тарихтағы абырой мен беделдің немесе қорлықтың себептері бірдей. Сондықтан қазіргі біздің өмірімізде сол себептерді білу қажет.
Үшіншіден, Құран барлық адамдарды тура жолға бастау үшін түсірілгенімен оны тек пәк тұлғалар ғана қабылдап, тура жол табады.
"Әли-Ғимран" сүресінің 139-шы аяты:
وَلاَ تَهِنُوا وَلاَ تَحْزَنُوا وَأَنتُمُ الأَعْلَوْنَ إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ ﴿۱۳۹﴾
"(Соғыстан) босаңсымаңдар, қам-қайғыға түспеңдер. Егерде, мүмін болсаңдар, үстемдік табасыңдар. (3:139)"
Ухуд соғысында Ислам әскері жеңіліске ұшыраған соң, мұсылмандардың еңсесі түсіп, үмітсіздікке бой алдырады. Осы аят оларға: "Бір жеңіліс үшін, оның өзі әскери қолбасшының бұйрығына бағынбағандықтан жеңілгендерің үшін мұңаймаңдар. Оның орнына имандарыңды күшейтіңдер. Өйткені ақырында жеңіс сендердікі болады",-деп жұбатады. Осыдан бұрынғы аятта бұрынғы халықтар тарихындағы илаһи дәстүрлерге назар аудару керектігі айтылды. Бұл аят мұсылмандардың өзі көрген дәстүрге тоқталып: "Бір ұлттың абыройы мен беделінде Аллаға иман келтіру мен Оның елшілеріне бағыну маңызды рөл атқарады. Өйткені Алла тағала мен Оның елшілерінің айтқанына бағынбау қорлық пен жеңіліске душар етеді. Сендер Ухуд соғысында Алланың осы дәстүрін көрдіңдер",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Аллаға иман келтіру тек қияметте ғана абырой мен беделге жеткізбейді, қайта осы дүниедегі жеңіс пен басқа халықтар мен өркениеттерге үстемдікке себепші болады.
Екіншіден, жеңіліс осалдыққа бой алдырмауы тиіс. Қайта ол келесі іс-әрекеттерге сабақ болуы тиіс.
"Әли-Ғимран" сүресінің 140-141 аяттары:
إِن يَمْسَسْكُمْ قَرْحٌ فَقَدْ مَسَّ الْقَوْمَ قَرْحٌ مِّثْلُهُ وَتِلْكَ الأيَّامُ نُدَاوِلُهَا بَيْنَ النَّاسِ وَلِيَعْلَمَ اللّهُ الَّذِينَ آمَنُواْ وَيَتَّخِذَ مِنكُمْ شُهَدَاء وَاللّهُ لاَ يُحِبُّ الظَّالِمِينَ ﴿۱۴۰﴾ وَلِيُمَحِّصَ اللّهُ الَّذِينَ آمَنُواْ وَيَمْحَقَ الْكَافِرِينَ ﴿۱۴۱﴾
"Егер, сендерге жарақат түскен болса, (Ухуд шайқасында өліп не жаралансаңдар), жауға да сондай жарақат түскен еді (Бәдір соғысында жау қырылды, жараланды). Біз осындай күндерді адамдар арасында кезекпен алмастырып тұрамыз (яғни, жеңісті бірде біреуге тән етсек, бірде енді біреуге тән етеміз). Бұлай етуіміздің өзі мұсылмандарды (мұнафықтардан) айырып, білуіміз және сендерді шәһидтікке жеткізуіміз үшін. Алла залымдарды ұнатпайды. (3:140) Әрі мұсылмандарды (күнәдан) кіршіксіздендіруіміз, кәпірлерді жоғалтып жоюымыз үшін (ауыр күнді кезектестіреміз). (3:141)"
Бұл аяттар басқа да илаһи дәстүрлерге тоқталып: "Өмір өзгеріссіз, біркелкі болмайды. Қуанышты күндердің соңынан қайғылы оқиғалар келеді. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Өмірдің осындай құбылмалы болуы адамдардың қабілетін анықтап, нағыз мүмінді мұнафықтан ажырату үшін, адамдардың арасынан тақуа тұлғаларды шығарып, пәк өмір сүруге болатынын көрсетіп, оларды басқаларға үлгі ету үшін қажет",-дейді. Осы аяттар мұсылмандарды жұбатып: "Бүгін Ухудта жеңілгендеріңмен, кеше Бәдір соғысында дұшпанды жеңіп шықтыңдар. Ухудта жаралансаңдар, дұшпан да жараланды. Ендеше біріншіден, сәтсіздіктердің тек сендердің бастарыңа ғана келмейтінін, екіншіден қайғылы-қуанышты оқиғалардың тұрақты емес екендігін біліңдер! Сол себепті сабырлы болыңдар, ақырында сендер жеңесіңдер. Күпірлік құлдырау үстінде",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, адамдарды соғыс тәрізді қайғылы оқиғаларда сынау – тарихта үнемі кездесіп тұратын илаһи дәстүрлердің бірі.
Екіншіден, кәпірлердің жеңіске жетіп, үстемдікке ие болуы Алланың оларға сүйіспеншілігінің белгісі емес, қайта илаһи сынақтың зәрулігі.
Үшіншіден, соғыс – тақуа әрі иманды адамдарды анықтайтын таразы. Осы майданда мүмін ешқашан жеңілмейді. Өйткені ол шәһид болса да бақытқа жетеді.
"Әли-Ғимран" сүресінің 142-ші аяты:
أَمْ حَسِبْتُمْ أَن تَدْخُلُواْ الْجَنَّةَ وَلَمَّا يَعْلَمِ اللّهُ الَّذِينَ جَاهَدُواْ مِنكُمْ وَيَعْلَمَ الصَّابِرِينَ ﴿۱۴۲﴾
"(Ей, мүміндер!) Алла сендерден (шынайы) соғысқандарды және табанды қайсарларды нақтап айырмай тұрып, (ауызда иман келтірдік деп қана) жұмаққа кіруді ойлайсыңдар ма? (3:142)"
Өткен аяттардағыдай, осы аятта да: "Мұсылмандардың дін мен отанды қорғау үшін қасиетті соғысқа қатысуы – иманның маңызды бөлігі. Иман келтірдім деп айту немесе құр намаз оқып, ораза ұстау арқылы жұмаққа барам деп ойламаңдар. Өйткені кімнің иманы шын және оған табанды болғаны, ал кімнің иманы тек сөз жүзінде ғана болып, жүрегінен орын алмағандығы қасиетті соғыста байқалады",-деп қуаттайды. Осы аяттан мынадай қортынды жасаймыз:
Біріншіден, негізсіз арман-мақсаттардан аулақ болайық. Өйткені ол бізді тәкәппарлыққа душар қылып, игі істер жасауға кедергі болады.
Екіншіден, жұмаққа апаратын сөз емес, амалдар. Сондықтан жұмаққа мүмін әрі мұсылманмын деген адам емес, игі амалдар істеген адам кіреді.
Үшіншіден, сабыр мен табандылық тек соғыс майданында ғана сыналмайды. Мүмін үнемі шайтан мен нәпсінің азғыруыларымен күресіп, илаһи нұсқауларды орындауда сабырлық етеді.