Әли-Ғимран сүресі, 85-ші бөлім, 126-131 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 85-ші бөлім, 126-131 аяттар
وَمَا جَعَلَهُ اللّهُ إِلاَّ بُشْرَى لَكُمْ وَلِتَطْمَئِنَّ قُلُوبُكُم بِهِ وَمَا النَّصْرُ إِلاَّ مِنْ عِندِ اللّهِ الْعَزِيزِ الْحَكِيمِ ﴿۱۲۶﴾ لِيَقْطَعَ طَرَفًا مِّنَ الَّذِينَ كَفَرُواْ أَوْ يَكْبِتَهُمْ فَيَنقَلِبُواْ خَآئِبِينَ ﴿۱۲۷﴾
"Алла осы көмекті сендерге қуаныш болуы үшін, көңілдерің алаңсыз болуы үшін істеді. Көмек тек бәрінен үстем, хикмет иесі Алладан ғана. (3:126) (Бұл көмек) кәпірлердің бір тобын жойып жіберу немесе кетеуін кетіріп, күдерін үздіре бетін қайтару үшін берілген еді. (3:127)"
Соғыс кезіндегі илаһи жәрдемдердің бірі – періштелердің жіберілуі болып табылады. Періштелер тек пайғамбарларға ғана емес, табанды мүміндерге де түсіп, олардың рухын көтеріп, үміт пен қуаныш сыйлайды. Мүміндердің күпірлік пен жалғанға қарсы күресінде шайтан үнемі олардың еңсесін түсіруге тырысады. Ал періштелер иманды жандарға түсіп, олар күрестен шаршаған кезде мұңаймауы үшін дұшпанды толық жойғанша немесе оларға жеңіліс дәмін татқызып, ендігәрі шабуыл жасамайтын күйге түсіргенге дейін шабуыл жасау үшін байсалдық пен сенім береді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, Ислам әскерінің еңсесін түсіруге себепші болатын кез-келген сөз немесе жазу шайтандық сыбыс болып табылады. Ал осы күрескерлерге сенім беріп, оларға жеңіс сүйіншілейтін кез-келген сөз немесе әрекет илаһи аян болып табылады.
Екіншіден, Алла тағала қашанда мұсылмандарды жеңіске жеткізе алады. Бірақ әр істі өзінің хикметі бойынша орындайды. Сондықтан егер мұсылмандар осалдық білдірсе, жеңіліске ұшырайды.
Үшіншіден, мұсылмандардың бірлігі мен күші, дұшпан олардан әлсіз екендігін сезіп, оған ықпал етуді ойламайтындай болуы тиіс.
"Әли-Ғимран" сүресінің 128-129 аяттары:
لَيْسَ لَكَ مِنَ الأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذَّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ ﴿۱۲۸﴾وَلِلّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ يَغْفِرُ لِمَن يَشَاءُ وَيُعَذِّبُ مَن يَشَاءُ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۱۲۹﴾
"(Ей, Мұхаммед!) Ешқандай іс сенің еркіңде емес. Алла оларды не кешіреді, не (бетінен қайтпаса) жазалайды. Өйткені, олар расында залымдар. (3:128) Көк пен жердегі күллі зат Алланікі. Алла қалағанына кешірім береді, қалағанын жазалайды. Алла – аса кешірімшіл, ерекше мейірімді. (3:129)"
Тәпсірлерде жазылғандай, Ухуд соғысында дұшпан лақтырған тастардың бірі пайғамбардың (с) маңдайына тиіп жаралайды, ал енді біреуі тісін сындырады. Сонда пайғамбар (с): "Мына адамдар қалай құтқарылады?",-дегенде, осы аят түсіп, пайғамбарға (с): "Ей, пайғамбар, сен халықты құтқаруға жауапты емессің. Сен халыққа Алланың аянын жеткізуге ғана міндеттісің. Қалаған адам мойындап, құтқарылады. Қаламаған адам мойындамағандықтан, құтқарылмайды. Алла тағала теріс бұрылғандарға да мейіріммен қарайды. Оларды не кешіреді, не жазалайды",-деп ескертеді. Пайғамбар (с) мен Құранның шындығының бір белгісі – пайғамбар халықты жазалау немесе сауап беруге жауапты болмауы. Егер пайғамбар Алланың елшісі болмаса мұндай сөзді айтпас еді. Егер оның пайғамбарлығы шын болмаса, халыққа осындай аяттарды оқымай, оны жасыратын еді. Осы аяттардан оның халыққа қатысты міндетінің шектеулі екендігін және оның кешіре де, азаптай да алмайтынын көреміз. Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, пайғамбар мен одан кейінгі дінбасылар тек міндеттерін атқаруға ғана міндетті. Оның нәтижесіне олар жауапты емес. Олар ақиқат сөзін халыққа жеткізуі тиіс. Халықтың оны қабылдау, қабылдамауы мен Алла оларға нені қолданатындығына пайғамбар мен дінбасылар жауапты емес.
Екіншіден, тәубеге келу ешқашан кеш емес. Соғыстан қашқандар немесе соғыстағы кәпірлер де тәубе қылса Алла қабылдайды.
Үшіншіден, кешіру немесе жазалау Аллаға ғана тән. Алланың әулиелерінің шапағаты да тек Оның рұқсатымен ғана беріледі.
Төртіншіден, илаһи азапқа адамдардың өздерінің зұлымдығы мен күпірлігі себепші.
"Әли-Ғимран" сүресінің 130-131 аяттары:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَأْكُلُواْ الرِّبَا أَضْعَافًا مُّضَاعَفَةً وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ ﴿۱۳۰﴾ وَاتَّقُواْ النَّارَ الَّتِي أُعِدَّتْ لِلْكَافِرِينَ ﴿۱۳۱﴾
"Ей, мүміндер, (саудада) үстем өсім жемеңдер. Мұратқа жетеміз десеңдер, Алладан қорқыңдар. (3:130) Кәпірлер үшін әзірленген тозақ отынан сақтаныңдар. (3:131)"
Исламда соғыс пен джихад мәселесі экономикалық және әлеуметтік мәселелерден бөлек емес. Сол себепті Ухуд соғысы туралы аяттардың ортасында, адамзат қоғамындағы үлкен дерттердің бірі, яғни "өсім алу" мәселесі қозғалып, түрлі сөйлемдер арқылы оған тыйым салынған. Аяттың басында мұсылмандарға арнап: "Өсім алу иманға қайшы келеді",-дейді. Алла тағала өсім алуға тыйым жасаған соң: "Тақуа болыңдар",-дейді, яғни өсім тақуалыққа да қайшы. Сондай-ақ аяттың соңында: "Құтылам десеңдер өсімге жоламаңдар!" яғни осы дүние мен ақыреттің бақытын тілесеңдер өсімнен аулақ болыңдар,-дейді. Әрине өсім әртүрлі болады. Мұсылман ғұламалары оның түрлі жағдайларын анықтап, баяндаған. Дегенмен осы аятта байлықтың арқасында кез-келген әсірешілдік пен астамшылыққа тыйым салынған. Мұндай жағдайда ақша бір топтың қолына жиналып, қоғамдағы басқа топтар кедейлікке душар болады. Сараң немесе ақшақұмарлар емес, қайта жомарт әрі ержүрек адамдардың қоғамы дұшпанмен күресте жеңіп шығады. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, тақуалық тек ғибадатқа ғана байланысты емес. Экономика мен қаржы мәселесінде де тақуалық аса қажет.
Екіншіден, экономиканың сау болуы үшін иман, тақуалық және Алланың нұсқауларын орындау қажет.
Үшіншіден, бақыт пен құтылу - ақша мен байлықтың арқасында емес, адамдардың құқықтарын сақтау арқылы келеді.
Төртіншіден, өсім алу – жақсылықты білмеудің және күпірліктің бір түрі. Өсім алатын мұсылман дінсіз кәпір тәрізді тозаққа түседі.