Жел 31, 2016 19:37 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 82-ші бөлім, 110-115 аяттар

 

 

كُنتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ تَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَتُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَلَوْ آمَنَ أَهْلُ الْكِتَابِ لَكَانَ خَيْرًا لَّهُم مِّنْهُمُ الْمُؤْمِنُونَ وَأَكْثَرُهُمُ الْفَاسِقُونَ ﴿۱۱۰﴾

"(Ей, Мұхаммедтің үмметі!) Сендер адамзат үшін жарыққа шығарылған, (адамдарды) жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыятын, Аллаға сенетін хайырлы бір үммет болдыңдар. Егер, кітап иелері иман келтірсе ғой, онда тіпті де абзал болған болар еді. Олардың ішінде имандылар да бар, бірақ олардың дені бұзықтар. (3:110)"

Адамдардың көбі, дінді жеке тұлғаның Алламен байланысындағы ғибадат етуге берілген нұсқауларының жинағы деп ойлайды. Сол себепті дінді тек намаз, ораза, дұға және Құранмен ғана шектейді. Алайда діни нұсқаулардың басым бөлігі адамның әлеуметтік тұрғысын және оның қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеуге арналған. Осыған орай дінде намаздың үйде жеке түрде оқылуынан гөрі, басқа мұсылмандармен қосылып, жамағатпен оқылған түрінің сауабы көбірек деп айтылған. Исламдық қоғамды кез-келген келеңсіздік пен күнәдан сақтауға арналған маңызды діни бағдарламалардың бірі – "жақсылыққа үндеу мен жамандықтан тыю" парызы. Бұл міндет екі кезеңде атқарылады. Оның бірінші кезеңін әлеуметтік істерді бақылайтын арнайы топ атқарады. Осы сүренің 104-ші аяты бұл кезеңге тоқталып өтті. Барша мұсылмандар атқаруға міндетті екінші кезең осы аятта әңгімеленеді. Осы илаһи ереже, адамның тек өзін түзеуге ғана емес, қайта қоғамды да түзетіп, өркендетуге жауапты екенін көрсетеді. Ол қоғамдағы келеңсіздіктерді жойып, жақсылықты тарату үшін жанашырлықпен талпыныс жасауы тиіс. Егер осылай болатын болса, ең абзал үммет пайда болып, басқа қоғамдарға үлгі болар еді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, жамандықпен күресті бастамай, жақсылыққа үндеудің нәтижесі шамалы болады. Сондықтан жақсылыққа үндеу, жамандықтан тыюмен бірге сөз болады.

Екіншіден, басқаларды жақсылыққа үндеу кезінде адамның жасы, сауаты, байлығы мен мансабы ешқандай рөл атқармайды. Әр мұсылман өзге бір мұсылманды, оның мансабына қарамастан, жақсылыққа үндеп жамандықтан тыя алады.

Үшіншіден, адамдардың бір-бірінен артықшылығын көрсететін ерекшеліктердің бірі – жақсылыққа үндеу мен жамандықтан тыю міндетін атқаруы. Өйткені жанашыр адам ғана қоғамның жауапкершілігін қабылдай алады.

Төртіншіден, абзал үммет болу үшін иманға және жеке тұлғаның міндеттерімен қоса, қоғамды іс жүзінде түзететін амалға зәруміз.

 

لَن يَضُرُّوكُمْ إِلاَّ أَذًى وَإِن يُقَاتِلُوكُمْ يُوَلُّوكُمُ الأَدُبَارَ ثُمَّ لاَ يُنصَرُونَ ﴿۱۱۱﴾ ضُرِبَتْ عَلَيْهِمُ الذِّلَّةُ أَيْنَ مَا ثُقِفُواْ إِلاَّ بِحَبْلٍ مِّنْ اللّهِ وَحَبْلٍ مِّنَ النَّاسِ وَبَآؤُوا بِغَضَبٍ مِّنَ اللّهِ وَضُرِبَتْ عَلَيْهِمُ الْمَسْكَنَةُ ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ كَانُواْ يَكْفُرُونَ بِآيَاتِ اللّهِ وَيَقْتُلُونَ الأَنبِيَاءَ بِغَيْرِ حَقٍّ ذَلِكَ بِمَا عَصَوا وَّكَانُواْ يَعْتَدُونَ ﴿۱۱۲﴾

 

"Олар біраз машақат салғаннан басқа саған зәрредей зиян-захмет келтіре алмайды. Егер сендермен соғыса қалса, сендерді соңына түсіреді (артқа шегінеді) және оларға көмек берілмейді. (3:111) Қай жерде болсын, олардың Алланың немесе мұсылмандардың қолдауында бола алмағандары қорлыққа түсіп, соққы жеді, Алланың ашуына тап болып, мұқтаждықта қалды. Бұл, олардың Алланың аяттарына қарсы шығып, пайғамбарларды нахақ өлтіргендіктерінен болды, сондай-ақ, Алланың аяттарына қарсы келіп, шектен шыққандықтарынан болды. (3:112)"

Осы аяттар мұсылмандарға: "Егер имандарыңа берік болып, бірлік және ынтымақпен жақсылыққа үндеу мен жамандықтан тыю арқылы қоғамды түзетуге талпыныс жасасаңдар, сендерді дұшпаннан сақтандырамыз. Сендерге ешқандай қауіп жоқ. Дұшпандар сендердің алдарыңда осал және әлсіз болады",-деп хабар береді. Яһуди қауымы туралы осы аят тарих бойында орындалған Құран жорамалдарының бірі. Бұл қауым үнемі қорлық көріп, ешқашан абырой-құрметке ие болмаған. Қазіргі уақытта әлемнің экономикасы мен үгіт-насихаттары яһуди байларының қолында болғанына қарамастан, әлемде бірде-бір мемлекет яһуди діні бойынша басқарылмайды. Ал басқыншы тәртіп ретінде халықтардың қарғысына тап болып отырған Израиль, ұры немесе қылмыскер тәрізді жұртқа үрей салады. Ол зор табысқа қол жеткізсе де, ешуақытта мәртебелі орынға ие болған емес және үнемі халықтардың ашу-ызасын тудырады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Аллаға иман дұшпанның ықпалына кедергі жасап, оның жеңіліп, қашуына себепші болатын мықты қамал тәрізді.

Екіншіден, абырой мен беделге ие болу үшін біріншіден Алламен тығыз байланыс орнатып, сонан соң халықпен жақсы байланыста болу керек. Осы екі арқан бір-біріне жалғанса, оған ешбір күш ықпал ете алмайды.

Үшіншіден, күнә мен зорлықтың нәтижесі - қорлық пен дәрменсіздік.

 

لَيْسُواْ سَوَاء مِّنْ أَهْلِ الْكِتَابِ أُمَّةٌ قَآئِمَةٌ يَتْلُونَ آيَاتِ اللّهِ آنَاء اللَّيْلِ وَهُمْ يَسْجُدُونَ ﴿۱۱۳﴾ يُؤْمِنُونَ بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَيُسَارِعُونَ فِي الْخَيْرَاتِ وَأُوْلَئِكَ مِنَ الصَّالِحِينَ ﴿۱۱۴﴾ وَمَا يَفْعَلُواْ مِنْ خَيْرٍ فَلَن يُكْفَرُوْهُ وَاللّهُ عَلِيمٌ بِالْمُتَّقِينَ ﴿۱۱۵﴾

 

"Олардың бәрі бірдей емес. Кітап иелерінің түнде тұрып, Алланың аяттарын оқып, сәжде қылатын бір тобы бар. (3:113) Олар Аллаға, ақырет күніне сенеді, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыйады, жақсылыққа асығады. Міне бұлар – жақсы адамдар. (3:114) Олар қандай жақсылық істесе де, еңбегі еш кетпейді. Алла тақуаларды түгел біліп тұрады. (3:115)"

Кітап иелерінің бір тобы мүміндерді адастыру жолында астыртын әрекеттер жасағанын баяндаған бұрынғы аяттардың жалғасында, осы аяттар кітап иелерінің жақсыларына сілтеме жасап, былай дейді: "Олардың барлығы осындай деп ойламаңдар. Бәлкім олардың басым бөлігі сендер, мұсылмандар секілді Аллаға ғибадат қылып, күнде дұға оқып, сәжде етеді. Аллаға әрі қиямет күніне иман келтіріп, қоғамда жақсылықтың қанат жаюына ұмтылып, өзінің бойы мен қоғамдағы жаман істерді жоюға тырысып, жақсы істерді орындауға асығады. Әрине Алла олардың осы істеріне немқұрайлы болмайды. Олар Алланың мейіріміне бөленеді. Өйткені Алла иман мен жақсы істерді кімнен болсын қабылдайды. Құранның кітап иелеріне қатысты осындай көзқарасы мұсылмандардың мұсылман еместермен байланыстарында үлгі болуы тиіс. Егер біз де осы илаһи кітап тәрізді ақиқатшыл әрі әділ болатын болсақ, біздің әрекеттеріміздің өзі Исламды уағыздаушы жолға айналып, зор үгіт-насихаттың қажеті болмас еді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Бірішіден, жақсылық пен кемелдікті кімнен көрсек те қабылдап, мойындайық. Басқаларды сынаған кезде, олардың жақсы жақтарын да естен шығармайық.

Екіншіден, адамдар ұйқыда болатын түн мезгілі Аллаға жалбарынып, мінәжат етуге ең қолайлы уақыт.

Үшіншіден, жамандықтан тыю мен жақсылыққа үндеу міндеті басқа илаһи діндерде де болған. Сондықтан ол тек мұсылмандарға тән емес.

Төртіншіден, түндегі ғибадат пен мінәжат та, қоғамды түзетуге бағытталған күнделікті жамандықтан тыю мен жақсылыққа үндеу де зәру болып табылады.

Бесіншіден, Құран жамандықтан тыюдан бұрын жақсылыққа бұйыруды алға қояды. Өйткені халыққа жақсылық жасауға мүмкіндік берілсе, жамандыққа жол жабылады. Осылайша егер қоғамда тұрмыс құру жеңілдетілсе, азғындыққа апаратын себептер де азаяр еді.

Алтыншыдан, игі істер орындауда жарысу оның қадірін арттырады. Ендеше жақсылық жасауда басқалардан озуға тырысайық.