Жел 31, 2016 19:38 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 81-ші бөлім, 105-109 аяттар

 

وَلاَ تَكُونُواْ كَالَّذِينَ تَفَرَّقُواْ وَاخْتَلَفُواْ مِن بَعْدِ مَا جَاءهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَأُوْلَئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ ﴿۱۰۵﴾

"Айқын келгеннен кейін керісіп, алды-алдына быт-шыт болғандар (яһудилер, насаралар) сияқты болмаңдар. (Қияметте) Алапат азап, әне соларға түседі. (3:105)"

Ұлттық-тайпалық қарама-қайшылықтар немесе тарихи және әкімшілік тақырыптар негізіндегі алауыздық тудыратын мәселелерді қозғау илаһи діндерге төніп тұрған қауіптердің бірі. Алла тағала барша мұсылмандарды бірлік пен түсіністікке шақырып, оларды бір-бірімен бауырлас болуды талап етеді. Сол себепті әлемнің қай жерінде болмасын Аллаға құлшылық етушілердің идеологиялық өзара байланысы бар. Осы байланысты географиялық шекаралар ажырата алмайды. Сол сияқты уақыт та бір Аллаға табынушы бұрынғы халықтарды болашақтан ажырата алмайды. Қымбатты Ислам пайғамбары (с) 1400 жыл бұрын: "Менің бауырларым болашақта келеді. Олар мені көрмесе де, маған иман келтіреді. Олар менің нағыз бауырларым",-деп айтқан. Ия, Аллаға сену – бірліктің ең мықты және ең баянды өзегі болып табылады. Ол барлық дінге ерушілердің, әсіресе мұсылмандардың түсіністігінің факторы болуы тиіс. Алайда материалдық мүдделер немесе саяси ниеттердің салдарынан Аллаға сенушілердің арасында кейде тіпті дін дұшпандарының арасында да бұрын-соңды болмаған қақтығыстар мен соғыстар пайда болады. Бұл аят: "Осындай қарама-қайшылықтар мен қақтығыстардың соңы дүние мен ақыретте ауыр азапқа ұласады",-деп барлығына ескерту жасайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, көптеген қарама-қайшылықтар білместік пен надандықтан басталмайды. Кейбіреулер ақиқатты біле тұра, өздерінің талаптарына жету үшін шындықпен керісіп, мұсылмандар арасына жік салады.

Екіншіден, араздыққа душар болған халықтар бақытқа жетті ме, әлде бірлік пен татулықта қатар өмір сүргендер ме? деп, бұрынғы халықтардың тарихынан ғибрат алайық.

 

يَوْمَ تَبْيَضُّ وُجُوهٌ وَتَسْوَدُّ وُجُوهٌ فَأَمَّا الَّذِينَ اسْوَدَّتْ وُجُوهُهُمْ أَكْفَرْتُم بَعْدَ إِيمَانِكُمْ فَذُوقُواْ الْعَذَابَ بِمَا كُنْتُمْ تَكْفُرُونَ ﴿۱۰۶﴾ وَأَمَّا الَّذِينَ ابْيَضَّتْ وُجُوهُهُمْ فَفِي رَحْمَةِ اللّهِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۱۰۷﴾

 

"Қияметте кейбір жүздер ағарып, кейбір жүздер қараяды. Сонда жүзі қараларға (періштелер): "Иман келтіргеннен кейін қайта қарсы болдыңдар ма? Ендеше, сол қарсы болғандықтарыңның сазайын тартыңдар",-деп айтады. (3:106) Ал, ақ жүзділер Алланың рақыметінде (жәннатта) болады да, онда мәңгі қала береді. (3:107)"

Дүниедегі біздің жақсы да, жаман істеріміздің "сыртқы" және "ішкі" көрінісі болады. Істің "сыртқы" көрінісін осы дүниеде көріп, еститін болсақ, оның "ішкі" көрінісі қияметте алдымызға келеді. Ендеше адамның істерінің "ішікі" көрінісі қияметте оның "сыртқы" көрінісіне сай пішінге ие болып, адамның ішкі дүниесін әшкерелейді. Осы аяттар қияметте адамның амалдарының "сыртқы" және "ішкі" көріністерін білдіретін жүздердің ақ және қара болатынын баяндайды. Дүниеде күпірлік ету мен ақиқатты жасыру – адамның жүзі мен амалдарынан иманның нұрын кетіріп, оған қараңғылық жабады. Адамның ішіндегі жамандықтарды басқаларға әшкере етуден асқан азап бар ма? Ал қияметтегі мүміндердің нұрлы жүзі олардың пәк өмірін білдіреді және оған илаһи шексіз мейірім жауады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, егер дүниеде ақиқатты ұстанып, басқалардың сеніміне ие болсақ, қияметте де біздің жүзіміз сондай болады.

Екіншіден, бүгінгі иманымызбен мақтанбайық. Өйткені мүмінге үнемі кәпір болу қаупі төніп тұрады.

 

تِلْكَ آيَاتُ اللّهِ نَتْلُوهَا عَلَيْكَ بِالْحَقِّ وَمَا اللّهُ يُرِيدُ ظُلْمًا لِّلْعَالَمِينَ ﴿۱۰۸﴾ وَلِلّهِ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأَرْضِ وَإِلَى اللّهِ تُرْجَعُ الأُمُورُ ﴿۱۰۹﴾

 

"Міне, бұл Алланың аяттары. (Ей, Мұхаммед) Бұларды саған шындықпен оқып береміз. Алла ғаламға зұлымдық істеуді қаламайды. (3:108) Аспан әлемі мен жер жүзіндегі күллі болмыс Аллаға тән. Барлық іс Алланың алдына жолданады. (3:109)"

Пайғамбар (с) мен мұсылмандарға арналған бұл аят, Алланың әділеттілігі болып табылатын - сенім қағидаларына тоқталады. Осы сенім бойынша Алла тағала адамға шамадан тыс тапсырма жүктемейді және оған сауап пен жаза беруде әділетсіздік жасамайды. Қияметте бір топтың жүзі ақ, ал бір топтың жүзі қара болуы, Алланың қалағанынан және мәжбүр болғандықтан емес. Дүниедегі амалдарының нәтижесінде олар бүгін осындай кейіпте көрініп отыр. Қияметте біреу тозаққа барса, Алла мұны қалаған жоқ. Олар өздері жаман істерімен тозақты тілеп алған. Біреуге зұлымдық көрсету надандықтан, әлсіздік пен зәруліктен немесе кек алу мен күш көрсетуден шығады. Зор аспан мен жердің және ондағы барлық тіршілік иелерінің қожайыны Аллаға адамдарға зұлымдық көрсетіп, өзінің күшімен мақтанудың не қажеті бар? Бізге басқаларға күш көрсетуге тыйым салған Ол өзінің пенделерін қалайша қорласын? Озбырлықты бәрінен де артық білетін Ол тіпті құмырсқаға қалай зорлық көрсетсін? Бізді мейіріммен жаратқан Ол өзінің пенделеріне қалай зұлымдық жасасын? Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, біздің сенетін Алла тағаламыз жаратуда, тапсырма қойып, жаза мен сауап беруде әділ. Оған зұлымдық жасаудың қажеті жоқ.

Екіншіден, жаратылыс Алладан басталған болса, соңы да Оған оралады. Ол жаратылысты қамтиды. Сондықтан біздің істегендеріміз жойылмай, осы әлемде сақталады.