Әли-Ғимран сүресі, 80-ші бөлім, 100-104 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 80-ші бөлім, 100-104 аяттар
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوَاْ إِن تُطِيعُواْ فَرِيقًا مِّنَ الَّذِينَ أُوتُواْ الْكِتَابَ يَرُدُّوكُم بَعْدَ إِيمَانِكُمْ كَافِرِينَ ﴿۱۰۰﴾وَكَيْفَ تَكْفُرُونَ وَأَنتُمْ تُتْلَى عَلَيْكُمْ آيَاتُ اللّهِ وَفِيكُمْ رَسُولُهُ وَمَن يَعْتَصِم بِاللّهِ فَقَدْ هُدِيَ إِلَى صِرَاطٍ مُّسْتَقِيمٍ ﴿۱۰۱﴾
"Ей, мүміндер, кітап берілгендердің бір тобына мойынсынсаңдар, иман келтіргендеріңнен кейін, сендерді олар қайтадан кәпірлікке қайтарады. (3:100) Сендерге Алланың аяттары оқылып тұрса, Алланың елшісі де араларыңда болса, қалайша кәпір болмақсыңдар? Кім Аллаға (оның Құранына) жабысса, анығында ол тура жолға түсіріледі. (3:101)"
Пайғамбар Мәдинаға келіп, исламдық билік құрған соң, осы қаладағы түрлі тайпалар арасында бейбітшілік пен татулық орнайды. Жылдар бойы бір-бірімен ұрсып-керіскен "Әус" пен "Хазраж" тайпалары пайғамбардың (с) жетекшілігі саясында қауіпсіздік пен тыныштыққа жетіп, өзара бейбіт өмір сүреді. Алайда мұсылмандардың бірлік-ынтымағын өздеріне зиянды деп сезген кейбір яһуди басшылары, мұсылмандар арасында қайтадан соғыс отын тұтатуға астыртын әрекет жасамақшы болады. Сондықтан бір мұсылманға, сол соғыстарды естеріне сала отырып, осы екі тайпаның ақсақалдарын арандатуды тапсырады. Олардың жоспары орындала бастап, мұсылмандар арасында соғыс басталуға шақ қалады. Сонда осы аяттар түсіп, мұсылмандарға: "Дұшпанның астыртын әрекеттерінен сақ болыңдар. Дұшпанның жоспары сендерді бір-біріңнен және илаһи жетекшіліктен алшақтатауға бағытталған. Өйткені халық арасындағы ...-ның елшісі мен кітабы бірліктің маңызды діңгегі болып табылады. Илаһи тура жол дегеніміз - Алла елшісінің нұсқауларына еру. Ендеше мұсылмандар үнемі осы бірліктің арқанына (Алланың дініне) жармасып, ешқашан дос бейнесіндегі дұшпанның араздық салушы азғыруларына еріп кетуден сақ болуы тиіс",-деп ескерту жасайды. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, дұшпандар біздің Алланың елшісі мен кітабына деген иманмызды әлсіретуді қалайды. Ендеше оларды мақсатына жеткізетін әрекеттер жасамайық.
Екіншіден, осы шақтағы иманымызбен мақтанбайық. Өйткені ақыры жамандыққа ұласып, кәпір күйінде өлген мүміндер аз емес.
Үшіншіден, қоғамда илаһи кітап пен заңдардың болуы өздігінен азғындықтың алдын ала алмайды. Сондықтан илаһи жетекшінің болуы шарт және оның соңынан еру қажет.
Төртіншіден, адам қисық жолмен емес, тура жолмен әрекет етіп, талпыныс жасағанда ғана мақсатына жетеді.
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ حَقَّ تُقَاتِهِ وَلاَ تَمُوتُنَّ إِلاَّ وَأَنتُم مُّسْلِمُونَ ﴿۱۰۲﴾ وَاعْتَصِمُواْ بِحَبْلِ اللّهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُواْ وَاذْكُرُواْ نِعْمَتَ اللّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنتُمْ أَعْدَاء فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُم بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنتُمْ عَلَىَ شَفَا حُفْرَةٍ مِّنَ النَّارِ فَأَنقَذَكُم مِّنْهَا كَذَلِكَ يُبَيِّنُ اللّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ ﴿۱۰۳﴾
"Ей, мүміндер, Аллаға шынайы тақуа болыңдар, (дүниеден кетерде) мұсылман күйінше өліңдер. (3:102) Алланың арқанынан (діннен) бәрің де жабыса ұстаңдар, айрылмаңдар (бөлшектенбеңдер). Алланың берген нығметін еске түсіріп тұрыңдар. Бір кезде сендер бір-біріңмен дұшпан едіңдер, ал Алла жүректеріңді достастырып еді, Алланың нығметімен бір таңда өзара туысқандай болып қалдыңдар. Сендер тозақ ұрасының ернеуінде едіңдер, Алла сендерді одан құтқарды. Тура жолға түсулерің үшін, Алла өзінің аяттарын өстіп айқын баяндайды. (3:103)"
Пайғамбарлар мектебінде, осы мектептің оқушылары болып табылатын мүміндердің өсіп, тәрбиеленуі үшін жоғарырақ сыныптар да бар. Әр кемелдік пен жақсылықтың дәрежелері бар. Сондықтан мүмін үнемі жоғары дәрежеге жетуге ұмтылуы тиіс. Алланың адам баласына берген білім мен даналығы да кемелдіктің бірі болып саналады. Ислам пайғамбары (с) да Алла тағаладан білімін ұлғайтуды сұрап: "Ей, Раббым! Білімімді арттыр",-дейді. Иман мен тақуалықтың да дәрежелері бар. Алла тағала осы аятта мүміндерден оның жоғары дәрежелеріне жетуді талап етіп: "Аллаға деген иманға сай тақуалыққа, яғни сендерді жамандыққа жолатпайтын және жақсылық жасауға ынталандыратын тақуалыққа қол жеткізіңдер",-дейді. 103-ші аят мұсылмандарды Алланың діні аясында бірлікке шақырып: "Аллаға иман келтірмес бұрын соғысып, жауласқандарыңды еске алыңдар. Сендер ұраның ернеуінде өмір сүрдіңдер және күнәнің құрдымына түсе жаздадыңдар. Ендеше сендерді бір-біріңе жақындастырып, араларыңа мейірім ұялатып, өзара бауырлас қылған Аллаға шүкірлік етіңдер",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, өмір соңының жақсы болуы мен дүниеден иманды өту тақуалыққа байланысты. Қалай өлетініміз, қалай өмір сүргенімізге байланысты.
Екіншіден, ұлт пен тіл немесе азаматтыққа негізделген қоғамның бірлігі тұрақты болмайды. Тұрақтылығы бар нағыз бірлікке Алланың діні аясында қол жеткізуге болады.
Үшіншіден, халықаралық, саяси немесе әскери келісімшарттарға негізделген бірлік пен одақтастық баянды болмайды. Нағыз бірлік жүректердің жақындасуының арқасында қалыптасады. Ал бұл тек Алланың қолында.
Төртіншіден, Алланың нығметтерін еске алу Оған деген сүйіспеншілік пен әміріне бойсұнуға себепші болады. Ал керісінше Алланың игіліктерінен ғапыл болу, нығметтен айрылуға әкеп соғады.
وَلْتَكُن مِّنكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَأُوْلَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ ﴿۱۰۴﴾
"Сендердің араларыңда (адамдарды) жақсылыққа бастайтын, ізгілікке бұйырып, жаманшылықтан шектейтін бір топ жұртшылық болсын. Әне, солар бақытқа кенелетіндер. (3:104)"
Адам ұжымдасып өмір сүретін болғандықтан қоғамдық өмірдегі жеке тұлғаның қылықтары оның жеке басымен қатар, қоғамдағы басқа адамдарға да ықпал етеді. Адамзат қоғамын, надандық немесе қастықпн бір шетін тескен, нәтижесінде барлық адам зардап шегетін, кемемен салыстыруға болады. Ендеше ақыл бізге осы кемеге зиян тимес үшін қоғамның барлық мүшелерінің жауапкершілікке ие екендігін айтады. Ақылдың осындай өсиеттері дінде "жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю" түрінде баяндалады. Сол себепті әр мұсылман, халықты жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға міндетті. Бұл жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыюдың әлеуметтік түрі және оны әркім шамасына қарай атқарады. Бірақ осы аят: "Осы мақсатта жалпы мұсылмандармен қатар, арнайы ұйымдастырылған топ құрылуы тиіс. Ол қоғамда игі істердің таралуы мен жамандықтың азаюына шынайы талпыныс жасауға міндетті",-дейді. Мысал үшін жүргізуші көшеде білместіктен немесе әдейі тыйым салынған бағытта қозғалса, басқа жүргізушілер оған ескерту жасап, шырағын жағып, дабыл қағады. Ал көлік полициясы оған айыппұл салып, көлігін тоқтатады.
Бұл арадағы қызықты жайт, жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю жөніндегі аяттың халықты бірлікке шақыратын аяттардың арасында орналасуы болып табылады. Яғни жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю шараларын, араздыққа шалдықпаған және қоғамның жүйесі ыдырамаған әлеуметте ғана атқаруға болады. Әйтпесе мұндай өсиеттер нәтижесіз болады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, мұсылман қоғамында халықтың әлеуметтік әрекеттерін қадағалап отыратын топтар болуы керек. Мұндай топ тиісті кезде араласып, қоғамда азғындыққа қарсы тұрып, оның жайылуына кедергі жасайды.
Екіншіден, бақыт - әлеуметтік мәселелерден алшақтап, оқшаулануға емес, жанашырлық танытып қоғамның түйткілдерін шешуге тырысуға байланысты.
Үшіншіден, мүмін тек өз басын ғана емес, қоғамдағы басқа адамдарды құтқарып, өркендетуді ойлауы тиіс.
Төртіншіден, жамандықтан тыюдан гөрі жақсылыққа шақыру алда тұрады. Өйткені қоғамда дұрыс жолдар ашылса, бұрыс жолдар пайда болатын жағдайлар азаяды.