Жел 31, 2016 19:40 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 79-ші бөлім, 95-99 аяттар

 

 

قُلْ صَدَقَ اللّهُ فَاتَّبِعُواْ مِلَّةَ إِبْرَاهِيمَ حَنِيفًا وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ ﴿۹۵﴾

 

"(Мұхаммед (с)): "Алла шын айтты, ендеше бір бағыттағы Ибраһимнің (ғ) жолына еріңдер. Ол ортақ қосушылардан емес еді",-деп айт. (3:95)"

Яһудилер кейбір тағамдарды Алла харам етті деп санаған болатын. Сонда Ислам пайғамбары (с) оларға: "Егер шын айтсаңдар, мұның дәлелін Тәураттан көрсетіңдер",-дейді. Осы аят: "Өздеріңді Ыбырайым (ғ) дініне ерушіміз деп санасаңдар, нәпсілеріңе, бабаларыңның салтына немесе қоғамдағы ырымдарға ерудің орнына, іс жүзінде хазірет Ыбырайым (ғ) секілді Алланың кітабындағы тәлімдер болып табылатын ақиқатты тілеуші және ақиқатқа еруші болуларың керек. Өйткені бұрынғы салттар мен ырымдарға еру Аллаға серік қосу болып саналады",-деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, ақиқат тілеу мен шыншылдық - тарихтағы ұлы адамдардың маңызды ерекшелігі болған. Ендеше сол адамдардан үлгі алуға тырысайық.

Екіншіден, илаһи заңдар тұрғанда басқа кез-келген заңдар мен дәстүрлерді қабылдау, заң шығару ісінде Аллаға серік қосуды білдіреді.

 

إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ مُبَارَكًا وَهُدًى لِّلْعَالَمِينَ ﴿۹۶﴾ فِيهِ آيَاتٌ بَيِّنَاتٌ مَّقَامُ إِبْرَاهِيمَ وَمَن دَخَلَهُ كَانَ آمِنًا وَلِلّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ الله غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ ﴿۹۷﴾

 

"Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол. (3:96) Онда ашық белгілер, Ыбырайымның (ғ) орны бар. Сондай-ақ кім оған кірсе, аман болады. Оның жолына шамасы келген кісілер, Алла үшін Қағбаны зиярат ету (хаж қылу) керек. Ал кім қарсы келсе, Алла барлық әлемнен бай. (3:97)"

Яһудилер мұсылмандарға мін тағып: "Бейт-ул-Мұқаддасты Мәсіхтің (ғ) дүниеге келуінен мың жыл бұрын хазірет Сүлеймен (ғ) салған болатын. Ендеше бұрын белгісіз болған Қағбаны неге құбыла еттіңдер?",-деді. Құран оларға жауап қайыра: "Қағба – адамдардың ғибадат етуі үшін салынған алғашқы орын. Оның тарихы барлық ғибадатханалар мен мешіттерден де артық",-деді. Рауаяттар бойынша Қағбаның негізін хазірет Адам қалаған және барлық илаһи пайғамбарлар оны зиярат еткен. Осы тарихи құрылысты хазірет Ыбырайым (ғ) қалпына келтіріп, оны зиярат етіп тұру үшін белгілі бір рәсімдер орнатты. Қағба мұсылмандардың, оған қарап күніне бес уақыт намаз оқитын құбыласы ғана емес, Алланың құдіретінің белгілерін көрсететін мекен болып табылады. Мұсылмандардың жыл сайынғы әлемдік жиыны сол жерде құрылады. Әркімнің денсаулығы мен қаржы жағдайы көтерсе, осы жыл сайынғы жиынға кемінде бір рет қатысуы тиіс. Қағбаның қабырғасын көтерген кезде хазірет Ыбырайым (ғ) бір биік тастың үстіне тұратын. Тарихта құрметті болып саналған осы тас "Ыбырайым мақамы" деп аталып, Қағбаның қасында сақталған. Қағба хазірет Мұса (ғ) мен хазірет Исадан (ғ) ғасырлар бұрын қалпына келтірілді. Осы мерзімде көптеген өзгерістер мен оқиғалардың орын алғанына қарамастан, соның ішінде сел болса да, сол тас Меккеде сақталып қалды. Бұл, Алланың үйін зиярат етуге келгендерге ғибрат болуы үшін Алла тағаланың бір белгісі. Бүгінде біз Қағбаның қасындағы Ыбырайымның (ғ) мақамын зиярат етсек, бір күні жер бетіндегі Алланың соңғы дәлелі, яғни Мехди (ғ) Қағбаның қабырғасына сүйеніп тұрып, адамдарды құтқаратынын дауыстайды. Ол әлемдік көтерілісімен дүниежүзінде әділдік орнатады. Келесі жағынан Мекке мен Қағба Алланың қауіпсіз аймағы. Бұл жерде өсімдіктер мен жануарлар да қауіпсіздікте болады. Ешкімнің ағашты сындыруға немесе құс аулауға хақы жоқ. Рауаяттар бойынша, егер Мәсжид-ул-харамға бір қылмыскер кірсе оған күш көрсетуге болмайды. Оның өзі шығуға мәжбүр болатындай жағдай жасауға болады. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, егер бүгінде ұлттар өкілдерін жинау үшін Біріккен ұлттар ұйымы деген орын құрылса, Алла тағала жаратылыстың әу басынан-ақ адамдардың үйі ретінде Қағбаны тұрғызды. Қағба һәм ғибадат орталығы, һәм барша ұлт пен халық өкілдерінің жиналатын орны.

Екіншіден, илаһи тапсырмаларды орындау әр адамның қабілетіне байланысты. Алла тағала барлық адамға бірдей тапсырма берді, сондықтан әркім оны өзінің күші мен қаржылай мүмкіндігіне байланысты орындауға міндетті.

Үшіншіден, илаһи нұсқауларды орындау өзімізге пайдалы, сондықтан оның орындалуына да, бізге де Алла зәру емес.

 

قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تَكْفُرُونَ بِآيَاتِ اللّهِ وَاللّهُ شَهِيدٌ عَلَى مَا تَعْمَلُونَ ﴿۹۸﴾ قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ اللّهِ مَنْ آمَنَ تَبْغُونَهَا عِوَجًا وَأَنتُمْ شُهَدَاء وَمَا اللّهُ بِغَافِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ ﴿۹۹﴾

 

"(Мұхаммед (ғ)): "Әй, кітап иелері! Не үшін Алланың аяттарына қарсы келесіңдер? Алла сендердің не істегендеріңе куә (оған аян)",-деп айт. (3:98) (Мұхаммед (с)): "Әй, кітап иелері! Өздерің туралығына куә бола тұра не үшін қисықтық іздеп, мүміндерді Алланың жолынан тыясыңдар? Алла сендердің не істегендеріңнен ғапыл емес",-де. (3:99)"

Ислам пайда болған кезде Араб түбегінде илаһи діндерге ерушілердің қатарын яһудилер құрайтын. Олар Тәурат пен Інжілдегі мағлұматтар бойынша соңғы пайғамбардың келуін күтті. Бірақ өкінішке орай, пайғамбар (с) Мәдинаға келгенде, кітап иелерінің көбі оған және оның кітабы Құранға иман келтірудің орнына, күпірлік етеді. Олар мұсылмандарға қосылмай, олардың дұшпандарымен бірігеді. Өздері иман келтірмеумен қатар, басқалардың иман келтіруіне кедергі жасады. Пайғамбарға ешкім иман келтірмеуі үшін Ислам дінін қаралады. Осы аятта Алла тағала пайғамбарына: "Алла сендердің жасырын істеріңнен хабардар екенін білмейсіңдер ме? Ендеше Алланың жолында неге кедергі жасап, мүміндерді тура жолдан тайдыруға тырысасыңдар?",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, егер өз істерімізге Алланың куә екендігін білсек, көптеген істерді жасамас едік. Адамды көптеген күнә жасаудан тежейтін ең маңызды фактор -  Алланың білімі мен даналығына сену.

Екіншіден, дін дұшпандары оның растығын және өздерінің бұрыстығын біледі, бірақ дүниелік мүдделерді мақсат тұтқандықтан, халықты адастыруға тырысады.