Жел 31, 2016 19:42 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 78-ші бөлім, 90-94 аяттар

 

 

إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ بَعْدَ إِيمَانِهِمْ ثُمَّ ازْدَادُواْ كُفْرًا لَّن تُقْبَلَ تَوْبَتُهُمْ وَأُوْلَئِكَ هُمُ الضَّآلُّونَ ﴿۹۰﴾ إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ وَمَاتُواْ وَهُمْ كُفَّارٌ فَلَن يُقْبَلَ مِنْ أَحَدِهِم مِّلْءُ الأرْضِ ذَهَبًا وَلَوِ افْتَدَى بِهِ أُوْلَئِكَ لَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ وَمَا لَهُم مِّن نَّاصِرِينَ ﴿۹۱﴾

 

"Иманға кіргеннен кейін қайтадан күпірлік істеп, қарсылығын арттыра түскендердің тәубесі әсте қабыл болмайды. Міне бұлар – азғындар. (3:90) Кәпір болып, кәпір күйі өлгендердің ешқайсысы, жер жүзін толтыра алтын төлесе де, қабыл етілмейді. Олар қатты азапқа ұшырайды, оларға (азаптан құтқарып алатын) еш медеткер табылмайды. (3:91)"

Адам өз жолын өзі таңдауға ерікті және күпірлік пен иманның біреуін таңдай алады. Кейбір адамдар өздерінің ата-бабаларының жолын ұстанып, немесе нәпсіге еріп, немесе заманының жағдайына қарап иман келтіреді. Бірақ солардың иманы негізінен дұрыс болмағандықтан, одан оңай бас тартып, күпірлікке бет бұрады. Мұндай адамдардың дінсіздігі тіпті басқалардан асып түседі. Оларды қатты адасқаны сонша - тіпті қайта оралатын жолдан айрылады. Олар ғапылдық ұйқысына кеткендіктен өлім қаупі немесе мұсылмандардың жеңісі болмаса, басқа еш нәрсе оларды оятып, тәубеге келуге мәжбүр ете алмайды. Әрине, өлімнен қорқып жасалған тәубенің қадірі жоқ және қабылданбайды да. Өйткені, тәубе адамға өлім немесе қорқыныш секілді сырттан жүктелмей, адамның ішкі дүниесінің өкінішінен басталуы керек. Ауызбен айтылған құр тәубе адамдарды құтқармайды және ешқандай мал-мүлік пен байлық оларды қияметте илаһи азаптан құтқара алмайды. Сондай-ақ оларды ешкім тозақ отынан қорғай алмайды. Осы  аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, иманды сақтау иманның өзінен де маңыздырақ. Иман келтіргенімен, кәпір болған адамдар қаншама.

Екіншіден, Алла тағала тәубені қабыл алушы. Алайда кейбір адамдар күпірлікке салынып, тәубе жасау мүмкіндігінен айрылады.

Үшіншіден, бүгінгі күнге риза болмайық. Өйткені әр мұсылманға кәпір болу қаупі төніп тұрады.

 

لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ ﴿۹۲﴾

 

"Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады. (3:92)"

"Берр" сөзі араб тілінде кез-келген жақсы іс пен ойды қамтитын кең ұғым. Құранда Аллаға иман келтіру және намаз, жихад пен уәдеде тұру секілді амалдар жақсылық болып есептеледі. Сондықтан жақсылық істеу дегеніміз - басқаларға керексіз нәрсені беру емес, өзің ұнататын нәрсені сыйлау болып табылады. Рауаяттарда айтылғандай, Алла елшісінің (с) қызы хазірет Фатима (с) үйленетін күні кеште, бір мұқтаж адам одан ескі жейде сұрайды. Бірақ, хазірет Фатима (с) оған өзінің келін болып түскенде киетін жаңа көйлегін береді. Бұл "Мұқтаж жандар ұнататын нәрсені емес, өзің жақсы көретін нәрседен садақа бер" деген Алланың аятының айқын мысалы. Өйткені, кедей-кепшіктер жоқтықтың салдарынан болмашы нәрсеге де риза болуы мүмкін. Әрине, Алла жолында садақа берудің мағынасы зор және басқаларға кез-келген көмек беру, садақа, қарыз беру немесе нәзір ету мен бағыштау секілді әртүрлі көмектерді қамтиды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, діни тұрғыдан жақсылық дегеніміз тек намаз бен ғибадат қана емес. Кедей-кепшіктерге қарасу мен қоғамның экономикалық түйткілдерін шешуге атсалысу да мұсылманның міндеттеріне жатады.

Екіншіден, Алла тағала біздің садақа бергенімізді көріп тұрады. Ендеше жақсы көретін нәрсемізден, оның мөлшері мен түрін аямай, садақа берейік.

Үшіншіден, шәһидтер жақсылықтың ең жоғарғы дәрежесіне ие болады. Өйткені олар Алланың жолында өздерінің ең қымбат нәрсесін, яғни жанын қияды.

Төртіншіден, садақада оның мөлшері емес, сапасы маңызды. Яғни аз болса да, жақсы болғаны жөн.

Бесіншіден, Исламда садақа беру кедей-кепшіктерді тойдыруды ғана көздемейді, қайта садақа берушіні рухани дамытуды да көздейді. Жақсы көретін нәрселерден бас тарту жомарттық пен жанашырлық сезімдердің нығаюына себеп болады.

 

كُلُّ الطَّعَامِ كَانَ حِلاًّ لِّبَنِي إِسْرَائِيلَ إِلاَّ مَا حَرَّمَ إِسْرَائِيلُ عَلَى نَفْسِهِ مِن قَبْلِ أَن تُنَزَّلَ التَّوْرَاةُ قُلْ فَأْتُواْ بِالتَّوْرَاةِ فَاتْلُوهَا إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ ﴿۹۳﴾ فَمَنِ افْتَرَىَ عَلَى اللّهِ الْكَذِبَ مِن بَعْدِ ذَلِكَ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ ﴿۹۴﴾

 

"Тәурат түсірілуден бұрын Исрайлдың (Яғқұптың) өз басына ғана арам еткен жемтіктерден (түйенің етінен және сүтінен) басқаның барлығы Исрайл ұрпақтарына халал еді. (Ей, Мұхаммед!) Оларға: "Егер шыншыл болсаңдар, Тәуратты әкеліп оқып көріңдер",-деп айтқын. (3:93) Осыдан кейін (дәлелдер ашыққа шыққаннан кейін), кімдер өтірік айтып Аллаға жала жапса, әне солар – залымдар. (3:94)"

Мәдина яһудилерінің Ислам пайғамбарына (с) таққан айыптарының бірі "Ислам  шариғаты хазірет Мұса (ғ) мен Исаның (ғ) шариғатына қайшы" деуі болды. Олар бұрынғы пайғамбарлардың дінінде түйенің еті мен сүті харам болды, бірақ Исламда халал деген мысал келтірді. Осы аят оларға жауап ретінде былай дейді: "Түйенің еті мен сүті хазірет Мұса (ғ) шариғатында да халал болған тағамдардың бірі. Хазірет Яғқұп (ғ) тек өзіне жақпағандықтан және денсаулығын мазалағандықтан ғана түйенің етін жеу мен сүтін ішуден бас тартқан еді. Ал Исрайл ұрпағы болса мұны шариғатта мәңгі салынған тыйым деп ойлады. Негізінде бұл Алланың үкімі емес, жеке тұлғаның бас тартуы болды",-дейді. Аяттың жалғасы: "Мұсаның (ғ) шариғаты сендердің айтқандарың мен есіткендеріңе  емес, Тәуратқа негізделген. Егер Тәуратта бір нәрсе харам делінсе, оны харам деп біліңдер. Әйтпесе кез-келген нәрсені Аллаға орынсыз байланыстырмаңдар",-дейді. Осы  аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың адалын харам, ал харамын адал етпейік. Жұрттан естігеніміз бен қоғамның салт-дәстүрінен көргенімізді емес, діннің адал немесе харам деп есептегенін ғана қабылдауымыз  керек.

Екіншіден, азық-түлік пен тағамның адал болуы негіз болып табылады. Бір нәрсенің не себептен адал екендігіне дәлел қажет емес. Ал егер бір нәрсені харам десек, онда дәлеліміз болу керек.

Үшіншіден, өзіміздің жеке көзқарасымыз бен нанымдарымызды дін ретінде қозғамайық. Әйтпегенде халық пен жетекшіге үлкен зұлымдық жасаймыз.