Әли-Ғимран сүресі, 77-ші бөлім, 83-89 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 77-ші бөлім, 83-89 аяттар
أَفَغَيْرَ دِينِ اللّهِ يَبْغُونَ وَلَهُ أَسْلَمَ مَن فِي السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ طَوْعًا وَكَرْهًا وَإِلَيْهِ يُرْجَعُونَ ﴿۸۳﴾
"Олар (яһудилер мен насаралар) Алланың дінінен басқа дінді көксей ме? Аспан әлемі мен жер жүзіндегілердің барлығы ерікті және еріксіз түрде бір Аллаға тәсілім болады және түбінде (қияметте) Оның алдына қайтарылады. (3:83)"
Осы аят, бүкіл әлем мен барлық тіршілік иелерінің Алла тағаланың заңдарына бағынатынын баяндайды. Әлемдегі ерікті және еріксіз тіршілік иелерін жаратушы Алла ғана. Ендеше барлығы жаратылысынан Аллаға бойсұнушы болғандықтан, заң құру барысында неге илаһи заңдарға немқұрайлы болып, адамдардың ойдан шығарған идеологиясына ересіңдер? Негізінде жаратылған жандарға жаратушыдан басқаның ереже қою хақы бар ма? Жаратылған жандар өздерін жаратқанның дінін былай қойып, басқаның соңына еруі дұрыс па? Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жаратылыс әлемі қаншалықты зор болса да бір Аллаға бағынышты. Сондықтан егер біз жаратушыға бағынбасақ, жаратылысқа сәйкес болмаймыз.
Екіншіден, біздің жаратылысымыздың соңы Алланың қолында. Ендеше жаратушыға қарай өз еркімізбен неге жүрмеске?
Үшіншіден, діннің мән-мағынасы - Аллаға бойсұну. Алланың қалауы алдында мүміннің қалауы жоқ.
قُلْ آمَنَّا بِاللّهِ وَمَا أُنزِلَ عَلَيْنَا وَمَا أُنزِلَ عَلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ وَالأَسْبَاطِ وَمَا أُوتِيَ مُوسَى وَعِيسَى وَالنَّبِيُّونَ مِن رَّبِّهِمْ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّنْهُمْ وَنَحْنُ لَهُ مُسْلِمُونَ ﴿۸۴﴾ وَمَن يَبْتَغِ غَيْرَ الإِسْلاَمِ دِينًا فَلَن يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ ﴿۸۵﴾
"(Ей, Мұхаммед!) оларға: "Біз Аллаға, өзімізге түсірілгенге (Құранға) Ибраһим, Исмағил, Исхақ, Яқұптарға және олардың ұрпақтарына түсірілгенге, Мұсаға түсірілгенге (Тәуратқа), Исаға түсірілгенге (Інжілге), сондай-ақ, Раббыларынан барлық пайғамбарға түсірілгенге (кітаптарға) сендік, біз пайғамбарлардың ешқайсысын алалап отырмаймыз (яғни кейбіріне сеніп, кейбіріне сенбей қоймаймыз), біз Аллаға мойынсынушылармыз",-деп айт. (3:84) Кімде-кім Исламнан өзге дінді көксесе, онікі қабылданбайды, ол ақыретте зиян тартушылардың қатарында болады. (3:85)"
Осы аяттарда Ислам пайғамбары (с) мен мүміндерге бұрынғы пайғамбарлар мен олардың кітаптарына иман келтіргенін жариялау мен илаһи заңдарға бойсұнуды айту тапсырылған. Өйткені олардың барлығы бір Алланың тарапынан келді. Алла тағала пайғамбарларды адам баласы жаратылғаннан бастап, оларды бақытқа бастау үшін үнемі жіберіп тұрды. Әрине әр пайғамбар келгенде, одан бұрынғы пайғамбардың дінінде қала беру, адамзаттың кемелденуіне кедергі болатындығы анық. Сондықтан пайғамбарлар адам баласын, түрлі сыныптарда оқытқан соң, оқушысын келесі сыныпқа тапсыратын мұғалімдер секілді. Бұрынғы пайғамбарларға ерушілер Ислам дінін әкелген Алланың соңғы елшісі хазірет Мұхаммедке (с) еруге міндетті. Егер кімде-кім басқа дінде қала берсе, онікі қабылданбайды.
كَيْفَ يَهْدِي اللّهُ قَوْمًا كَفَرُواْ بَعْدَ إِيمَانِهِمْ وَشَهِدُواْ أَنَّ الرَّسُولَ حَقٌّ وَجَاءهُمُ الْبَيِّنَاتُ وَاللّهُ لاَ يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِينَ ﴿۸۶﴾ أُوْلَئِكَ جَزَآؤُهُمْ أَنَّ عَلَيْهِمْ لَعْنَةَ اللّهِ وَالْمَلآئِكَةِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ ﴿۸۷﴾
"Иман келтіріп, пайғамбардың хақтығына куә болғаннан және айқын дәлелдер келгеннен кейін, кәпір болған қауымды Алла қалайшы тура жолға салсын?! Алла залым қауымды тура жолға салмайды. (3:86) Мұндайлардың жазасы - Алланың, періштелердің, бүкіл адам баласының қарғысына ұшырау ғана. (3:87) "
Мүміндерге төнетін қауіптердің бірі, иманнан шығу болып табылады. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, талай адамдар Алла мен оның пайғамбарына иман келтіргеннен кейін олардың кейбірі ақиқатқа көзі жетіп, Исламды түсінсе де, тура жолдан шығып, кәпір болған. Әрине ақиқатты түсінбей, иман келтірмеген адам мен ақиқатты біле тұра, қарсы шығып немесе нәпсіге ерген адамның айырмашылығы зор. Осы екінші адам өзіне жасаған зұлымдығы салдарынан илаһи нығметтен, әсіресе мүміндер бөленетін рақымдықтан құр қалады. Сондықтан пайғамбарлардың еңбегін зая қылғаны үшін, Алланың ғана емес, әлемді басқаруға қатысатын періштелер, ақиқат жолындағы адамдар мен пайғамбарлардың қарғысына ұшырайды. Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, иман келтіру жеткіліксіз. Иманды өмір бойы сақтау керек. Өйткені адамға үнемі иманнан айрылып қалу қаупі төніп тұрады.
Екіншіден, Алланың тура жолына түсу немесе одан айрылу өзіміздің қолымызда. Алла тағала ешкімге зұлымдық жасамайды. Ақиқаттан бет бұрып, жамандық тілеп алатын өзіміз.
Үшіншіден, діннен шыққан адамдардың бұрыс сенімдеріне қатысты халық шара қолданып, оларға жоламайтындығын жариялауы тиіс.
خَالِدِينَ فِيهَا لاَ يُخَفَّفُ عَنْهُمُ الْعَذَابُ وَلاَ هُمْ يُنظَرُونَ ﴿۸۸﴾ إِلاَّ الَّذِينَ تَابُواْ مِن بَعْدِ ذَلِكَ وَأَصْلَحُواْ فَإِنَّ الله غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۸۹﴾
"Олар мәңгі тозақта болады, олардың жазасы жеңілдетілмейді де, кешірілмейді. (3:88) Бірақ, артынан тәубе қылып, түзелгендері, мұның сыртында. Алла расында (өте) кешірімді, ерекше мейірімді. (3:89)"
Ақиқатты танып білген соң иманынан бас тартатын адамдар ауыр жазаға душар болып, дүниеде ақиқат жолындағылардың қарғысына ұшырайды. Олар ақыретте де илаһи ауыр азапқа ұшырайды. Осы топтың азабы кемітілмейді де, кешіктірілмейді. Олар Алланың рақымдылығынан айрылады. Дегенмен тәубе еткендердің тағдыры басқа. Егер олар шынымен өкініп, ой-пікірі мен істерін түзесе, Алланың жарылқауына бөленіп, рақымдыққа жете алады. Осы аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, тәубе тілмен ғана орындалатын іс емес. Нағыз тәубе бұрынғы бұрыс қылықтар мен ниеттерді түзету.
Екіншіден, Алла тағала күнәһардың тәубесін қабылдап, кешіреді және тәубе етушілерді жақсы көреді.