Жел 31, 2016 19:45 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 75-ші бөлім, 72-76 аяттар

 

وَقَالَت طَّآئِفَةٌ مِّنْ أَهْلِ الْكِتَابِ آمِنُواْ بِالَّذِيَ أُنزِلَ عَلَى الَّذِينَ آمَنُواْ وَجْهَ النَّهَارِ وَاكْفُرُواْ آخِرَهُ لَعَلَّهُمْ يَرْجِعُونَ ﴿۷۲﴾

 

"Кітап иелерінен бір топ адам айтады: "Мүміндерге түсірілген уахиға (Құранға) күндіз сеніп, түнде қарсы шығасыңдар, (осылай істесеңдер) олардың (иманнан) беті қайтуы мүмкін. (3:72)"

Кәпірлер мұсылмандардың иманын әлсірету үшін түрлі жоспарлар құрады. Соның ең маңыздысы шындық пен жалғанды араластырып, күмән тудыру болды. Осы аят дұшпанның тағы бір қастандығын әшкерелеп, былай деп айқындайды: "Кәпірлердің басшылары өздеріне жақын кейбір адамдарға, жұртты алдап, өздеріңді Құран мен пайғамбарға ерушіміз деп көрсетіп, мұсылмандардың арасына кіріңдер. Сонан соң Исламнан бас тартып, мұсылмандарға: "Біз қателестік, өзіміздің дініміз сендердің діндеріңнен артық еді. Біз дінімізге ораламыз",-деңдер. Бұл іс мұсылмандардың еңсесін түсіретіні сөзсіз. Олар өз діндерінің шындығына күмәнданады. Сондай-ақ басқа кәпірлер де мұсылман болуға құштар болмайды",- деп нұсқау береді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, мұсылман аңқау болмай, әр нәрсеге сене бермеуі тиіс. Олар мұнафықтардың алдауына түспей, қырағы болулары тиіс.

Екіншіден, дұшпан мұсылмандардың кәпір болуын тілейді және осы мақсатына жету үшін, үнемі жоспар құрады. Ендеше мұсылмандар дұшпанның мәдени қастандықтарына қарсы тұруға дайын болуы керек.

 

وَلاَ تُؤْمِنُواْ إِلاَّ لِمَن تَبِعَ دِينَكُمْ قُلْ إِنَّ الْهُدَى هُدَى اللّهِ أَن يُؤْتَى أَحَدٌ مِّثْلَ مَا أُوتِيتُمْ أَوْ يُحَآجُّوكُمْ عِندَ رَبِّكُمْ قُلْ إِنَّ الْفَضْلَ بِيَدِ اللّهِ يُؤْتِيهِ مَن يَشَاءُ وَاللّهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ ﴿۷۳﴾ يَخْتَصُّ بِرَحْمَتِهِ مَن يَشَاءُ وَاللّهُ ذُو الْفَضْلِ الْعَظِيمِ ﴿۷۴﴾

 

"Өз діндестеріңнен басқаға сенбеңдер",-деп. (Ей, Мұхаммед!) Оларға: "Хақ жол - Алланың жолы",-де. "Сендерге берілгендей (уахи) өзгелерге де берілетініне немесе олардың Раббыларыңның алдында сендер мен айтысатынына (тіпті жеңіп те кететініне) сенбеңдер",-дейді олар (демек, олар өз дінінде болмаған адамның пайғамбарлығын да мойындамайды). (Ей, Мұхаммед!) Оларға: "Мол рахым (пайғамбарлық) Алланың ғана қолында. Ол оны қалаған адамына береді",-де. Алла – аса кең бәрін білуші. (3:73) Ол қалаған адамына ерекше мархаматын айлайды. Алла – дарқан қайырым иесі. (3:74)"

Осыған дейінгі аяттарды талқылау барысында, яһуди ақсақалдары алдымен Ислам пайғамбарына (с) иман келтіріп, сонан соң қайта кәпір болудың жоспарын құрғанын түсіндік. Осы аят олардың астыртын әрекеттеріне тоқталып, олар бұл жоспардың құпия болуын және діндес адамдардан басқаға жарияламауды, тіпті мүшріктерге сенбеу керектігін айтады. Бірақ Алла тағала бұл аяттарда оларды рәсуа қылып, өз пайғамбарына (с): "Тура жолға салатын Алланың өзі ғана және бұл іс тек бір ұлт пен тайпаға тән емес. Сонымен қатар мұндай қастандықтар Алланың тура жолына түскендерге ешқандай әсер етпейді. Бекер талпыныс жасамай-ақ қойыңдар!",-деп бұйрады. Аяттың жалғасы яһуди ақсақалдарына меңзеп, олардың: "Сендерге берілген құт-береке мен илаһи кітаптарға басқалар қол жеткізе алады немесе қияметте Раббының алдында пікірталаста сендерді жеңеді деп ойламаңдар. Сендер әлемдегі ең абзал қауымсыңдар және пайғамбарлық пен жоғары ақыл сендерге ғана тиесілі",-деп айтқанын баяндайды. Осындай негізсіз сөздерге Алла тағала былайша жауап қайтарады: "Пайғамбарлық дәрежесі болсын, дәлелдеу күші болсын барлық нығметтер Алладан. Мұны Ол кез-келген лайықты адамға сыйлайды. Өйткені Ол баршаның қабілеті мен дарынын біледі. Ендеше бекерден бекер әсірешілдік көрсетпей, Алланы өзіміздікі демеңдер". Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың нығметтері тек бір топқа ғана тиесілі емес. Әркім лайық болса, соған нығмет беріледі.

Екіншіден, кітап иелерінің ақсақалдары өз дініне ерушілердің Исламға өтуіне алаңдайды. Сондықтан бұған жол бермеу үшін олар үнемі жоспар құрады.

 

وَمِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ مَنْ إِن تَأْمَنْهُ بِقِنطَارٍ يُؤَدِّهِ إِلَيْكَ وَمِنْهُم مَّنْ إِن تَأْمَنْهُ بِدِينَارٍ لاَّ يُؤَدِّهِ إِلَيْكَ إِلاَّ مَا دُمْتَ عَلَيْهِ قَآئِمًا ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُواْ لَيْسَ عَلَيْنَا فِي الأُمِّيِّينَ سَبِيلٌ وَيَقُولُونَ عَلَى اللّهِ الْكَذِبَ وَهُمْ يَعْلَمُونَ ﴿۷۵﴾ بَلَى مَنْ أَوْفَى بِعَهْدِهِ وَاتَّقَى فَإِنَّ اللّهَ يُحِبُّ الْمُتَّقِينَ ﴿۷۶﴾

 

"Кітап иелерінің кейбіреуіне көп қазына аманат қойсаң да қайтарып береді, ал ішінарә адамдар бір динар аманат қойсаң да, басы-қасында болмасаң қайтарып бермейді, өйткені олар: "Надандар жөнінен (біздің дінімізде болмағандардың малына қиянат етсек) бізге қылмыс жоқ",-дейді. Олар біле тұра Аллаға өтірік айтады. (3:75) Олай емес. Кімде-кім уағдаға опалы болса, (күнәдан) сақтанса, расында Алла да (осындай) тақуаларды жақсы көреді. (3:76)"

Өткен аяттардың тақырыбын жалғастыра келе осы аят мұсылмандарға қарсыластармен әділ болуға шақырып: "Кітап иелерінің арасында да, оларға не нәрсе аманатқа қойсаңдар өздеріңе қайтарып беретін пәк және аманатшыл адамдар болады. Кейбір әсірешіл және ұлтшыл яһудилердің кесірінен біреулер, яһуди еместердің мал-мүлкінің құрметі жоқ, сондықтан яһудилер басқалардың нәрсесін иемденуге құқылы деп ойлайды",-дейді. Бұл арада осы теріс түсініктің діни сипат алуы таң қалдырады. Олардың айтуынша Алла оларға яһуди еместердің мал-мүлкін тартып алуға рұқсат берген. "Мұсылмандар өз құқықтарын қайтаруда осалдық танытпай, тартып алушыдан өзіне тиесілі хақын күшпен қайтарып алуы тиіс",-дейді Құран. Қазіргі таңда Палестина жерін жаулап алып, Израиль мемлекетін құрған ұлтшыл яһудилер ешбір халықаралық заңдар мен адами қағидаларды орындамайды. Олар күн сайын исламдық елдерден жаңа жерлер тартып алуға тырысады. Сондықтан мұсылмандар өз құқықтарын қайтару үшін көтеріліске шығып, оларды орнына отырғызуы тиіс. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, өз дұшпанымызбен де әділ болуымыз керек. Барлығын қиянатшыл әрі қас деп ойламайық.

Екіншіден, дұшпан болса да, кімде-кім аманатшыл болса жақсы. Қиянат, тіпті дұшпанға жасалса да жағымсыз болып саналады.

Үшіншіден, күнә жасаудан гөрі оны ақтау жаман. Яһудилер жұрттың мал-мүлкін тонап, осы жексұрын істерін Аллаға байланыстыру арқылы, ақтауға тырысқан.

Төртіншіден, жеке және әлеуметтік әуделерді орындау мен аманатшылдық тақуалықтың белгісі. Ол адамның Аллаға жақын болуына себепші болады.