Әли-Ғимран сүресі, 73-ші бөлім, 61-64 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 73-ші бөлім, 61-64 аяттар
فَمَنْ حَآجَّكَ فِيهِ مِن بَعْدِ مَا جَاءكَ مِنَ الْعِلْمِ فَقُلْ تَعَالَوْاْ نَدْعُ أَبْنَاءنَا وَأَبْنَاءكُمْ وَنِسَاءنَا وَنِسَاءكُمْ وَأَنفُسَنَا وأَنفُسَكُمْ ثُمَّ نَبْتَهِلْ فَنَجْعَل لَّعْنَةَ اللّهِ عَلَى الْكَاذِبِينَ ﴿۶۱﴾
"Саған Иса туралы мәлімет келгеннен кейін, кім саған дау айтса, сен оларға: "Келіңдер, біз де, сендер де ұлдарымызды, әйелдерімізді, өзімізді шақырып бір араға қосып, барлығымыз Аллаға жалынып, Алланың лағынаты өтірікшілерге тисін деп қарғыс айтайық!",-дерсің. (3:61)"
Тарихта жазылғандай, хижраның 10-шы жылында пайғамбар (с) бір топ адамды Ислам дінін уағыздау үшін Йемен мемлекетінің Нажран аймағына аттандырады. Осының ізінше, Нажран христиандары да пайғамбармен сұхбаттасу үшін Мәдинеге бір топ адам жібереді. Олар хазірет Мәсіх (ғ) туралы пайғамбармен (с) жанжалдасып қалып, ақиқатты қабылдаудан бас тартады. Сонда Алла тағала пайғамбарға "бір-біріне лағнет сұрауды" тапсырады. Осылайша пайғамбар (с) оларға: "Сендер перзенттерің мен әйелдерің және туған-туысқандарыңнан бір топты, біз де перзенттеріміз бен әйелдеріміз және туған-туысқандарымыздан бір топты жинап, бір жерде бас қосып, Аллаға жалбарынайық. Содан қай топтың ісі жалған болса, Алладан соларды өз нығметінен құр қалдырып, азапқа ұшыратуын сұрайық",-деді. Бұл ұсынысты естіген Нажран христиандары осы орайда ақылдасу үшін пайғамбардан (с) мұрсат сұрайды. Христиандардың ақсақалы былай дейді: "Ұсынысты қабылдаңдар. Егер Ислам пайғамбары (с) лағынет тілеуге көп адамның орнына өзіне қымбат аз жандармен келсе, оны орындаудан бас тартып келісімге келіңдер". Уәделескен күн де жетті. Христиандар пайғамбардың (с) қасында тек төрт адамның - қызы Фатима, күйеу баласы Әли ибн Әби-Талеб және олардың екі перзенті Хасан мен Хұсейннің ғана бар екенін көрді. Сонда христиандардың ақсақалы: "Мен, егер дұға қылса тауды орнынан жұлатын, егер бізді қарғаса біреуімізді де қалдырмайтын жүздерді көріп тұрмын",-деп лағнет тілеуден бас тартады. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, сұраққа дәлел және қисынмен жауап беру керек. Өйткені ақиқатты мойындамай, қырсығып, оған қарсы шығатындар илаһи азапқа ұшырайды. Сылтау іздеушілер илаһи жазаны күтсін.
Екіншіден, егер Алланың дініне сенсек, мықты болайық және дұшпанның ниеті жалған болғандықтан, ол артқа шегінетінін білейік.
Үшіншіден, пайғамбардың (с) өзі секілді оның әулетінің дұғасы да орындалады. Пайғамбар (с) өзінің ісімен Хасан мен Хұсейнді өзінің ұлдары, ал Әли ибн Әби-Талебті өзі деп таныстырған.
Төртіншіден кәдімгі қабілетті қолданған соң ғайыптан көмек сұраған жөн. Пайғамбар (с) алғашында уағыз айтып, сөйлескен соң, дұға оқып, лағнет тілеуге көшеді.
إِنَّ هَذَا لَهُوَ الْقَصَصُ الْحَقُّ وَمَا مِنْ إِلَهٍ إِلاَّ اللّهُ وَإِنَّ اللّهَ لَهُوَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ ﴿۶۲﴾ فَإِن تَوَلَّوْاْ فَإِنَّ اللّهَ عَلِيمٌ بِالْمُفْسِدِينَ ﴿۶۳﴾
"(Исаға байланысты) Бұл сөз – шындық қисса. Бір Алладан басқа ешбір құдай жоқ. Алла сөзсіз жеңіс иесі әрі хикметті. (3:62) Олар иманнан бет бұрса, (олардың бұзық болғаны), Алла бұзықтарды түгел біліп тұрады. (3:63)"
Лағынат тілеу оқиғасынан кейін Алла тағала өз елшісіне (с) : "Саған Мәсіх туралы айтқанымыз, оның шын өмірі. Оны Алладан басқа ешкім толық білмейді. Адамдардың Мәсіхті "құдайдың ұлы" деп ойлауы өтірік. Өйткені жаратушы біреу. Одан басқа құдай жоқ. Ендеше ақиқатты қабылдаудан бас тартқан жандар, Алла олардың істерін білетінін және оларды жазалауға құдіреті жететінін білсін",-дейді. Негізінде халық арасындағы дастандар екі түрлі болады. Жазушының ойдан шығарған аңызы мен романы. Немесе бұрынғы халықтардың тарихынан алынған, бірақ шын-өтірік араласқан әңгімелер. Алайда Құрандағы оқиғалар шындыққа негізделген. Ол қиял емес, нағыз ақиқат. Онда ешқандай артық пен кемшілік жоқ. Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, егер Құран болмаса біз хазірет Мәсіх пен басқа да көптеген пайғамбарлардың нағыз бейнесін білмес едік.
Екіншіден, ақиқатқа қарсы шығып, оны мойындамау - азғындықтың белгісі. Бұл қоғамды құрдымға қарай итереді.
Үшіншіден, егер барлық істерімізді Алла тағаланың бақылап тұрғанын білсек, істерімізге абай боламыз.
قُلْ يَا أَهْلَ الْكِتَابِ تَعَالَوْاْ إِلَى كَلَمَةٍ سَوَاء بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمْ أَلاَّ نَعْبُدَ إِلاَّ اللّهَ وَلاَ نُشْرِكَ بِهِ شَيْئًا وَلاَ يَتَّخِذَ بَعْضُنَا بَعْضًا أَرْبَابًا مِّن دُونِ اللّهِ فَإِن تَوَلَّوْاْ فَقُولُواْ اشْهَدُواْ بِأَنَّا مُسْلِمُونَ ﴿۶۴﴾
""Ей, Кітап иелері (яһудилер мен насаралар), сендер және біздер болып мынадай бір ортақ ауыздылыққа келейік: бір Аллаға ғана құлшылық етейік, оған ешқандай ортақ қоспайық. Алладан тыс бір-бірімізді тәңір тұтпалық",-деп айт. Егер олар мұнан бас тартса: "Біздің мұсылман екендігімізге куә болыңдар",-деңдер. (3:64)"
Өткен аяттарда Құран дәлел мен қисын негізінше христиандарды Ислам дінін қабылдауға шақырды. Бірақ қабылдамаған соң, оларды лағынат тілеуге шақырды. Алайда олар одан бас тартты. Сол кезде Алла тағала өз елшісіне (с): "Оларға айт: егер Ислам дінін қабылдағыларың келмесе, онда келіңдер, ортақ мәселелер төңірегінде бірігіп, Аллаға серік қосушыларға қарсы тұрайық. Сендер үштүрлі құдайға сенсеңдер де, бір құдайға табынуға қарсы емессіңдер. Ендеше ортақ қағида ретінде бір құдайға құлшылық етуді ұстанып, оны серік қосуға ұласатын бұрыс түсініктерден тазартайық",-дейді. Кейбір христиан ғұламалары Алланың халал және харам еткен нәрселерін өзгерткен болатын. Бірақ бұл тек Алланың хақы. Сондықтан Құран: "Келіңдер, ережелер орнатуда өздерін Аллаға серік етіп алған әлгіндей адамдарға ермейік",-дейді. Аяттың соңы мұсылмандарға: "Кітап иелерін бірлікке шақырыңдар, егер олар қабылдамаса, ұстанымдарыңды әлсіретпей, берік болыңдар. Біз тек Аллаға ғана бойсұнамыз. Сендердің Аллаға құлшылық етуден бет бұруларың бізге әсер етпейді деп жариялаңдар",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, Құран бізді кітап иелерімен ортақ мәселелер төңірегінде бірігуге шақырады. Сондықтан мұсылмандар арасында жік салатын кез-келген мәселені қозғау Құран мен Исламға қайшы келеді.
Екіншіден, барлық адамдар бір-бірімен тең. Сондықтан Алланың әмірімен болмаса, ешкімнің басқаларды басқаруына хақы жоқ.
Үшіншіден, мұсылмандар кітап иелерін Исламға бірінші шақырулары тиіс. Осы орайда барлық мақсаттарға жете алмаса да, оның кейбіріне жету үшін ұмтылыс жасау керек.