Жел 31, 2016 19:50 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 71-ші бөлім, 48-53 аяттар

 

وَيُعَلِّمُهُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَالتَّوْرَاةَ وَالإِنجِيلَ ﴿۴۸﴾وَرَسُولًا إِلَى بَنِي إِسْرَائِيلَ أَنِّي قَدْ جِئْتُكُم بِآيَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ أَنِّي أَخْلُقُ لَكُم مِّنَ الطِّينِ كَهَيْئَةِ الطَّيْرِ فَأَنفُخُ فِيهِ فَيَكُونُ طَيْرًا بِإِذْنِ اللّهِ وَأُبْرِئُ الأكْمَهَ والأَبْرَصَ وَأُحْيِي الْمَوْتَى بِإِذْنِ اللّهِ وَأُنَبِّئُكُم بِمَا تَأْكُلُونَ وَمَا تَدَّخِرُونَ فِي بُيُوتِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَةً لَّكُمْ إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ ﴿۴۹﴾

 

"Алла Исаға жазуды, даналық-хикметті, Інжілді үйретеді. (3:48) Оны Исрайыл ұрпақтарына пайғамбар етіп жіберді. (Иса мынаны айтады): "Мен сендерге Раббыларыңнан (пайғамбарлығымның дәлелі ретінде) хикмет әкелдім; Балшықтан құстың кескінін жасап, оны үрлеймін. Ол Алланың әмірімен құсқа айналады. Тума соқырды және алапесті сауықтырамын әрі Алланың әмірімен өліктерді тірілтемін және сендер жейтін әрі үйлеріңде сақталатын жемектерден хабар беремін. Міне осылардың өзінде, егер сенбесеңдер, сендер үшін айқын дәлелдер бар. (3:49)"

Хазірет Иса (ғ) дүниеге келген соң бесікте халықпен сөйлеп, анасының тақуалығын қорғайды. Осы аятта хазірет Исаның (ғ) өзге ерекшеліктері баяндалады. Қоғамға жетекшілік еткісі келетін пайғамбардың түрлі қасиеттері болу тиіс. Соның бірі білім мен даналық. Сондықтан, біріншіден олардың қателесуіне жол бермеу үшін, ал екіншіден барша халықтың ықтиярындағы кәдімгі ғылымдармен қатар ғайып білімнен, бұрынғылар мен болашақтағылардан хабардар болу үшін пайғамбарларды Алла тағаланың өзі тәрбиелейді. Дегенмен білімнің бір өзі жеткіліксіз. Халық пайғамбарға толық сеніп, сөзіне құлақ асып, оның нұсқауларын орындау үшін әр пайғамбар өзінің пайғамбарлығы мен тәлімдерінің Алла тарапынан екендігін дәлелдеу үшін бірқатар мұғжизалар көрсетеді. Хазірет Мәриямның жұбайы болмаса да, Алланың әмірімен перзентті болды және хазірет Иса (ғ) бесікте жұртпен сөйлескендіктен, оның өзі илаһи мұғжиза болып саналады. Дегенмен Алла тарапынан Исрайыл қауымына пайғамбар ретінде жіберілген хазірет Иса (ғ) олардың иман келтіруі үшін мұғжизалар көрсетті. Балшықтан құс жасады. Ауруларға шипа беріп, өлілерді тірілтті. Адамдарға үйлеріндегі жағдайдан хабар берді. Осының барлығы Алланың әмірімен болды. Өйткені тіршілік иелерін жарату немесе ғайыптан хабар беру тек Оның құдіретінде. Кез-келген адам Алладан тілесе, осының барлығын істей алады. Алайда хазірет Исаға (ғ) иман келтірген кісілер, бұл істерді көріп және оның ерекше тууына назар аудара оны "Алланың ұлы" деп атады. Шын мәнінде ол Алланың ұлы емес, Мәриямның ұлы. Ол барлық мұғжизаларды өзінің күшімен емес, Алланың құдіретімен жасады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың құдіреті және рұқсатымен илаһи әулиелер жаратылыс пен табиғат жүйесінде өзгеріс жасай алады.

Екіншіден, егер Алланың пәк пенделері осы дүниеде өлілерді тірілте алса, Алла тағаланың қиямет күні өлілерді тірілтуі шүбәсіз.

Үшіншіден, Алланың әулиелері адамзаттан жоғары деп шектен шықпайық. Өйткені бұл тәухидтен адасу болады.

 

وَمُصَدِّقًا لِّمَا بَيْنَ يَدَيَّ مِنَ التَّوْرَاةِ وَلِأُحِلَّ لَكُم بَعْضَ الَّذِي حُرِّمَ عَلَيْكُمْ وَجِئْتُكُم بِآيَةٍ مِّن رَّبِّكُمْ فَاتَّقُواْ اللّهَ وَأَطِيعُونِ ﴿۵۰﴾ إِنَّ اللّهَ رَبِّي وَرَبُّكُمْ فَاعْبُدُوهُ هَذَا صِرَاطٌ مُّسْتَقِيمٌ ﴿۵۱﴾

 

"Мен өзімнен бұрынғы Тәуратты растаушы, сендерге арам болған кейбір нәрселерді алалдаушы (ретінде келдім) әрі Раббыларыңнан хикмет (дәлел) әкелдім. Алладан қорқып, маған бойсұныңдар. (3:50) Шынында Алла – менің де Раббым, сендердің де Раббыларың. Оған құлшылық етіңдер. Тура жол осы. (3:51)"

Исрайыл қауымының пайғамбары хазірет Мұса (ғ) осы қауымға илаһи кітапты - "Тәуратты" әкелді. Осы аятта хазірет Иса (ғ) халыққа: "Мен Мұсаны жіберген Алланың тарапынан келдім және оның кітабын растап, мойындаймын. Тақуа болып, Алланың діні болып табылатын дініме ерсеңдер, Тәуратта сендердің күнә жасағандарың үшін белгіленген жазаларды алып тастаймын",-дейді. Сонан соң хазірет Иса (ғ) өзін - Алланың құлымын деп таныстырып: "Алла – менің де, сендердің де Раббыларың. Ендеше Оған ғана құлшылық қылып, Оның тура жолымен жүріңдер",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алланың елшілері барлығы бірін-бірі мойындайды және әр пайғамбар өзінен бұрынғы пайғамбардың кітабы мен шариғатын растайды.

Екіншіден, пайғамбар жіберу белгілі бір уақыт пен мекенде орын алған оқиға емес, қайта тарих бойында үзіліссіз болған илаһи үдеріс.

Үшіншіден, Алланың әмірімен пайғамбарларға әу бастан-ақ қамқорлық және жаратылысқа өзгеріс енгізу құдіреті берілгендей, шариғат және заң шығару мүмкіндігі де беріледі.

 

فَلَمَّا أَحَسَّ عِيسَى مِنْهُمُ الْكُفْرَ قَالَ مَنْ أَنصَارِي إِلَى اللّهِ قَالَ الْحَوَارِيُّونَ نَحْنُ أَنصَارُ اللّهِ آمَنَّا بِاللّهِ وَاشْهَدْ بِأَنَّا مُسْلِمُونَ ﴿۵۲﴾ رَبَّنَا آمَنَّا بِمَا أَنزَلَتْ وَاتَّبَعْنَا الرَّسُولَ فَاكْتُبْنَا مَعَ الشَّاهِدِينَ ﴿۵۳﴾

 

"Иса олардан (яһудилерден) қарсылықты (кәпірлік майданында қасарысып, Исаны өлтіруге бекінген) сезген кезде: "Алла үшін маған кімдер жәрдем береді?",-деді. Хауарилер (оның қарастылығында Аллаға сенгендер) айтты: "Біз Алла үшін көмекші боламыз. Біз Аллаға сендік. Сен куә бол, біз шын мұсылманбыз". (3:52) "Раббымыз, сен түсірген кітапқа сендік, пайғамбарға ұйыдық. Бізді куә болушылардың (шәһидтердің) қатарына жазғайсың". (3:53)"

Исрайыл қауымы хазірет Исадан (ғ) белгілер көрсе де, олардың көбі оған иман келтірмей, қарсы шығады. Исаға (ғ) аз адам ғана иман келтіріп, оған қолдау көрсетеді. Құран оларды "хауарилер" - яғни халықтың адасқан жолын тастап, тура жолға қосылғандар деп атайды. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, діни жетекшілердің міндеті мүмін және дінге адал адамдарды анықтап, ұйымдастыру болып табылады.

Екіншіден, пайғамбарлар халықты өздеріне емес, Алла үшін қалайды. Хазірет Иса (ғ) айтқанындай: "Алланың дінін кімдер қорғайды?".

Үшіншіден, иман келтіргеннен кейін бойсұну керек. Яғни мүмін адам Алла мен Оның елшісінің айтқанын орындауы тиіс.