Жел 31, 2016 19:52 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 69-ші бөлім, 38-43 аяттар

 

هُنَالِكَ دَعَا زَكَرِيَّا رَبَّهُ قَالَ رَبِّ هَبْ لِي مِن لَّدُنْكَ ذُرِّيَّةً طَيِّبَةً إِنَّكَ سَمِيعُ الدُّعَاء ﴿۳۸﴾فَنَادَتْهُ الْمَلآئِكَةُ وَهُوَ قَائِمٌ يُصَلِّي فِي الْمِحْرَابِ أَنَّ اللّهَ يُبَشِّرُكَ بِيَحْيَى مُصَدِّقًا بِكَلِمَةٍ مِّنَ اللّهِ وَسَيِّدًا وَحَصُورًا وَنَبِيًّا مِّنَ الصَّالِحِينَ ﴿۳۹﴾

 

"Осы кезде Закария Раббына жалбарынып: "О, Раббым! Маған да өз жаныңнан бір жақсы перзент бағыштағайсың. Сен сөзсіз тілекті естушісің",-деді. (3:38) Ол михрапта намаз оқып тұрған кезде, періштелер оған: "Алла сені өзінің калимасын (Исаны) растайтын, ел ағасы, нәпсіге тежемді, игі жақсылардан пайғамбар болатын Яхианы нәсіп еткендігімен қуанышқа бөлейді",-деп дабыстады. (3:39)"

Анасының уәдесі бойынша Бейт-ул-Мұқаддаста қызмет еткен Мәриям өзінің уақытын үнемі Аллаға ғибадат етумен өткізді. Ол дұға оқып, жалбарынуға беріліп кеткені сонша, тіпті тамақтануды ұмытып кететін. Алайда оның тәрбиесін қабылдаған хазірет Закария, оның ғибадат ететін орнына келген сайын, ол жерде илаһи азықты көретін. Бірде осындай көріністі көрген Закария толғанып, Алла тағаладан Мәриямның анасына осындай пәк әрі тақуа перзент сыйлағанындай, өзінің жұбайына да Мәриям сынды перзент бағыштауын тілейді. Закарияның бұл тілегі орындалады. Ол михрабта Аллаға жалбарынып тұрған шақта, оған періштелер түсіп, Яхия есімді ұл сыйланатынын сүйіншілейді. Осы ұлдың бірнеше ерекшелігі болды. Біріншіден, ол халық арасында тақуалығы және діндарлығымен танымал ұлы тұлға болып, өз ғасырындағы пайғамбар яғни хазірет Исаға (ғ) иман келтіреді. Бұл мәселе халықтың хазірет Исаға (ғ) иман келтіруіне себеп болады. Екіншіден, ахлағы мен көркем мінезі үшін халық оны өздерінің "көшбасшысы" деп атайды. Үшіншіден, ол дүние-мүлікке қызықпай, нәпсіге ермейді және бәрінен де маңыздысы осы ерекшеліктерге ие болғандықтан Алла тарапынан пайғамбарлыққа таңдалып, пәк тұлғалардан болады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Перзент ұл болсын, қыз болсын жынысымен емес, тақуалығы және пәктігімен қадірлі болады. Осы оқиғада Алла тағала Ғимранға қыз, ал Закарияға ұл сыйлады, бірақ олардың екеуі де тарихтағы пәк тұлғалар болды.

Кезекте "Әли-Ғимран" сүресінің 40-41 аяттарына құлақ салайық:

 

قَالَ رَبِّ أَنَّىَ يَكُونُ لِي غُلاَمٌ وَقَدْ بَلَغَنِيَ الْكِبَرُ وَامْرَأَتِي عَاقِرٌ قَالَ كَذَلِكَ اللّهُ يَفْعَلُ مَا يَشَاءُ ﴿۴۰﴾قَالَ رَبِّ اجْعَل لِّيَ آيَةً قَالَ آيَتُكَ أَلاَّ تُكَلِّمَ النَّاسَ ثَلاَثَةَ أَيَّامٍ إِلاَّ رَمْزًا وَاذْكُر رَّبَّكَ كَثِيرًا وَسَبِّحْ بِالْعَشِيِّ وَالإِبْكَارِ ﴿۴۱﴾

 

"Ол: "О, Раббым! Мен болсам кәртейдім, жұбайым да бала көтермейді, қайтып ұл сүймекпін?",-деді. (Періштелер): "Алла осылайша өз қалағанын істей алады",-деді. (3:40) Закария: "О, Раббым! Маған (әйелімнің жүкті болатындығына) бір нышан көрсеткейсің",-деді. (Алла): "сенің нышаның сол ишарамен болмаса, үш күн тіл-ауыздан қаласың (тек зікір-тәсбихқа тілің келеді), сондықтан, ертелі-кеш Алланы еске түсіріп, көбірек тәсбих айт",-деді. (3:41)"

Алладан перзент тілесе де, Закария перзентті болатыны туралы сүйіншіні естігенде, таңғалады. Өйткені оның жұбайы, перзент сүйетін жасында бала көтермеген еді, ал қазір болса ол қартайған. Оның перзент көтеретін жағдайы жоқ еді. Кез-келген адам табиғат заңдарына қайшы келетін мәселеге жолыққанда, ойланатыны анық. Мұндай мәселеде ол сенсе де, көзбен көріп, сезуді қалайды. Сондықтан да хазірет Закария Алла тағаладан құдіретінің бір шетін көрсетіп, белгі беруді сұрайды. Осылайша дені сау әрі сөйлей алатын Закария Алланың кереметімен үш күн бойы тіл қата алмай қалады. Ол басқаларға өзінің ойын тек ишаралап, ымдап жеткізе алды. Алайда оның тілі тек Аллаға зікір мен тәсбих айтуға ғана келді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла тағаланың күші барлық нәрсеге жетеді. Ол қаласа әкенің кәрілігі мен ананың бедеулігі де перзентті болуға кедергі бола алмайды.

Екіншіден, Алла қаласа тілді сөйлетеді, қаласа сөйлетпейді.

Ал енді "Әли-Ғимран" сүресінің 42-43 аяттарын тыңдайық:

 

وَإِذْ قَالَتِ الْمَلاَئِكَةُ يَا مَرْيَمُ إِنَّ اللّهَ اصْطَفَاكِ وَطَهَّرَكِ وَاصْطَفَاكِ عَلَى نِسَاء الْعَالَمِينَ ﴿۴۲﴾ يَا مَرْيَمُ اقْنُتِي لِرَبِّكِ وَاسْجُدِي وَارْكَعِي مَعَ الرَّاكِعِينَ ﴿۴۳﴾

 

"Сонда періштелер айтты: "Ей, Мәриям, расында Алла сені таңдады, пәк қылды әрі бүкіл жаһандағы әйел затынан артық жаратты. (3:42) Ей, Мәриям, Раббыңа бойсұн және сәжде қыл, рұкұғ қылушылармен бірге рұкұғ қыл!" (3:43)"

Мәриямның тақуалығы мен пәктігі, намазы мен шынайы ғибадаты үшін Алла оны таңдаулы етіп, оған басқа әйелдерден артық дәреже сыйлады. Періштелер онымен тіл қатып, оған Алланың сүйіншілері мен нұсқауларын тікелей жеткізіп тұрды. Ол Иса (ғ) тәрізді пайғамбардың анасы болып, оны тәрбиелеу үшін таңдалды. Сондықтан періштелер оған : "Алланың осы ілтипаты мен көңіліне шүкірлік білдіру үшін Алланың алдында пенделігіңді үнемі жалғастырып, жамағатпен бірге сәжде жасап, рұкұғ қыл",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Алла тағала ешкімді себепсіз таңдап, дәреже сыйламайды. Өмір бойы шын жүрекпен құлшылық кеткен Мәриям бұл дәрежеге лайық.

Екіншіден, періштелер пайғамбарлардан басқа адамдармен де тілдеседі. Әрине адам мұндай іске лайықты болуы тиіс.

Үшіншіден, Мәриям іспеттес болса, әйелдердің жамағат намазына қатысуына болады.