Жел 31, 2016 19:53 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 68-ші бөлім, 33-37 аяттар

إِنَّ اللّهَ اصْطَفَى آدَمَ وَنُوحًا وَآلَ إِبْرَاهِيمَ وَآلَ عِمْرَانَ عَلَى الْعَالَمِينَ ﴿۳۳﴾ذُرِّيَّةً بَعْضُهَا مِن بَعْضٍ وَاللّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ ﴿۳۴﴾

 

"Алла адамды, Нұхты, Ибраһим мен Ғимран әулеттерін (пайғамбарлыққа) таңдап, әлемде артық етті. (3:33) Ол әулеттер бір-бірімен қандас Алла – барлығын естіп тұрушы әрі біліп тұрушы. (3:34)"

Алла тағала өзінің дінін уағыздап, адамдарды тура жолға жолдау үшін белгілі бір тұлғаларды таңдап алып, оларға пайғамбарлық берді. Бұл таңдау олардың туғандағы немесе туғаннан кейінгі қасиетіне негізделген. Яғни Алла тағала маңызды пайғамбарлық ісінің ең абзал түрде атқарылуы және адамдарды иманы мен талпынысы бойынша тура жолға шақыруы үшін кейбір адамдарды туғанынан бірқатар артықшылыққа бөлейді. Әрине туғанында берілетін мұндай артықшылық оларды ақиқат жолын таңдауға мәжбүр қылмайды. Олар тура жолды өзінің қалауымен таңдап, осы жолда ұмтылыс жасайды. Сол талпыныс көлемінде оларға жауапкершілік пен міндет жүктеледі. Бұл аят пайғамбарлардың маңызды артықшылығының бірі яғни бір құдайға құлшылық ететін, пәк әулетте дүниеге келгеніне тоқталып: "Хазірет Ибраһимнің (ғ) өзі ғана емес, оның ұрпақтары хазірет Мұса (ғ), хазірет Ғайса (ғ) мен хазірет Мұхаммед (с) те тура жолға шақыру мен уағыздау міндетіне ие жер бетіндегі Алланың таңдаулы тұлғалары болып табылады",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, барлық адамдардың деңгейі бірдей емес. Алла тағала өзінің хикметі бойынша адамзатты тура жолға салу үшін белгілі бір адамдарды үлгі ретінде таңдады.

Екіншіден, перзентке кемелдік пен мінездердің берілуінде мұрагерлік маңызды рөл атқарады.

 

إِذْ قَالَتِ امْرَأَةُ عِمْرَانَ رَبِّ إِنِّي نَذَرْتُ لَكَ مَا فِي بَطْنِي مُحَرَّرًا فَتَقَبَّلْ مِنِّي إِنَّكَ أَنتَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ ﴿۳۵﴾ فَلَمَّا وَضَعَتْهَا قَالَتْ رَبِّ إِنِّي وَضَعْتُهَا أُنثَى وَاللّهُ أَعْلَمُ بِمَا وَضَعَتْ وَلَيْسَ الذَّكَرُ كَالأُنثَى وَإِنِّي سَمَّيْتُهَا مَرْيَمَ وِإِنِّي أُعِيذُهَا بِكَ وَذُرِّيَّتَهَا مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ ﴿۳۶﴾

 

"Бір кезде Ғимранның әйелі (Фақуза қызы): "О, Раббым, мен ішімдегі перзентті (дүние істерінен) азат етіп, саған атадым, (осы нәзірімді) қабыл еткейсің. Сен расында түгел естіп, түгел біліп тұрушысың",-деді. (3:35) Ол қыз тапты, сол кезде: "О, Раббым, мен қыз таптым",-деді. Оның не тапқанын Алла әбден білетін еді. (Ол аңсаған) ұл қызы сияқты емес қой. (Ғимранның әйелі): "Мен оған Мәриям деп ат қойдым. Оны және оның ұрпақтарын қуаланды шайтанның кесірінен сақта деп өзіңе сиынамын",-деді. (3:36)"

Бұл аяттар хазірет Мәриям (с) мен хазірет Ғайсаның (ғ) дүниеге келуі жайлы. Ғимран әулетіне тоқталған 33-ші аяттан кейін, осы аяттар Ғимран қызы Мәриямның (с) сонан соң оның перзенті хазірет Ғайсаның (ғ) дүниеге келуін әңгімелейді. Сол себептен де бұл сүре "Әли-Ғимран" деп аталады. Тарих пен тәпсір кітаптарында жазылғандай, екі пайғамбар әрі Исраил қауымының әйгілі тұлғалары Ғимран мен Закария екі апалы-сіңіліге үйленеді. Басында ешқайсысы перзентті болмайды. Бірде Ғимранның әйелі "егер Алла тағала оларға перзент сыйласа, оны Бейт-ул-Мұқаддасқа қызметші етіп, Алла жолында босатамын" деп уәде береді. Оның тілегі орындалады. Алайда дүниеге келген перзенттің қыз екенін көріп, алаңдайды. Өйткені Бейт-ул-Мұқаддасқа қызметші ретінде бір қызды қабылдау бұрын-соңды болмаған еді. Бұл жерде Құран: "Аса дана Алла өзінің хикметі бойынша қандай перзентті беруін біледі. Сол себепті бұл перзент қыз болғанымен, анасы күткен ұлдан артық және кемелдіктерге жетеді. Соның бірі хазірет Ғайсаның (ғ) анасы болу",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, болашағын ойлайтын ата-аналар перзенті дүниеге келмей тұрып, оның өмірдегі дұрыс жолына көңіл аударып, оны дін мен қоғамға қызмет етуге арнайды.

Екіншіден, мешітке қызмет ету аса құрметті. Тарихтағы пәк тұлғалар өздерінің перзенттерін қасиетті істер жасауға арнаған.

Үшіншіден, перзенттерімізге жақсы есімдер таңдайық. Ғимранның зайыбы перзентін Мәриям - яғни ғибадат етуші және қызмет етуші адам деп атайды.

Төртіншіден, перзентті тәрбиелеуде тек өзіміздің істерімізге ғана сүйенбей, Алла тағаладан оны шайтанның арбауынан сақтауды тілейік.

 

فَتَقَبَّلَهَا رَبُّهَا بِقَبُولٍ حَسَنٍ وَأَنبَتَهَا نَبَاتًا حَسَنًا وَكَفَّلَهَا زَكَرِيَّا كُلَّمَا دَخَلَ عَلَيْهَا زَكَرِيَّا الْمِحْرَابَ وَجَدَ عِندَهَا رِزْقًا قَالَ يَا مَرْيَمُ أَنَّى لَكِ هَذَا قَالَتْ هُوَ مِنْ عِندِ اللّهِ إنَّ اللّهَ يَرْزُقُ مَن يَشَاءُ بِغَيْرِ حِسَابٍ ﴿۳۷﴾

 

"Раббы оның дұғасын жақсы қабылдады және оны келісті кемел етіп өсірді. Оған Закарияны ие қылды (Закария оны бағып-қақты). Закария оны көру үшін михырапқа кірген сайын, оның жанында бір қоректік тұрғанын көреді. (Сонда Закария): "Әй, Мәриям, бұл саған қайдан келді?",-дейтін. Ол: "Алладан келді",-деуші еді. Алла расында қалаған адамына есепсіз ризық береді. (3:37)"

Өткен аяттарда айтылғандай, Мәриямның анасы перзентін Бейт-ул-Мұқаддасқа қызметшілікке арнағандықтан, перзенті ұл болсын деп тілейді. Бірақ Алла тағала оған "қыз бала да Бейт-ул-Мұқаддасқа қызметші ретінде қабылданады" деп аян береді. Мәриямның әкесі ол дүниеге келмей тұрып қайтыс болады. Анасы оны Бейт-ул-Мұқаддасқа әкеліп, яһуди дінбасыларына: "Бұл перзентімді Бейт-ул-Мұқаддасқа арнадым. Оны өз қарамағыңызға алыңыздар",-дейді. Сонда оны тәрбиелеуді хазірет Закария қабылдайды. Осылайша Мәриям (с) Закарияның қолында өседі. Ол Аллаға ғибадат еткені сонша, тіпті өзінің наны мен тамағын ойламайтын. Сондықтан оған Алла тарапынан пейіштен азық келіп тұрды. Закария Мәриямның (с) ғибадат ететін жеріне кірген кездері, оның қасынан ерекше тағамдар көретін. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, амалдарымыз Алла үшін болса, Алла оны күн сайын ұлғайтады.

Екіншіден, әйел адам пайғамбарды да таң қалдыратын рухани кемелдікке жете алады.

Үшіншіден, Аллаға құлшылық ету міндетімізді дұрыс атқарайық. Алла да пенделеріне ризық беру міндетін лайықты түрде атқарады.