Әли-Ғимран сүресі, 67-ші бөлім, 28-32 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 67-ші бөлім, 28-32 аяттар
لاَّ يَتَّخِذِ الْمُؤْمِنُونَ الْكَافِرِينَ أَوْلِيَاء مِن دُوْنِ الْمُؤْمِنِينَ وَمَن يَفْعَلْ ذَلِكَ فَلَيْسَ مِنَ اللّهِ فِي شَيْءٍ إِلاَّ أَن تَتَّقُواْ مِنْهُمْ تُقَاةً وَيُحَذِّرُكُمُ اللّهُ نَفْسَهُ وَإِلَى اللّهِ الْمَصِيرُ ﴿۲۸﴾قُلْ إِن تُخْفُواْ مَا فِي صُدُورِكُمْ أَوْ تُبْدُوهُ يَعْلَمْهُ اللّهُ وَيَعْلَمُ مَا فِي السَّمَاوَاتِ وَمَا فِي الأرْضِ وَاللّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۲۹﴾
"Мүміндер мүміндерді тастап, кәпірлерді дос тұтпасын. Кімде-кім осылай істесе, Алланың достығына оның қолы жетпейді. Бірақ олардан қорыққанынан көріністе дос болғандардың жөні бір басқа. Алла сендерді өз жазасынан қорқытады. Ақырғы барар орын - Алланың алды. (3:28) Көңілдегілеріңді бүксеңдер де, бүкпесеңдер де Алла біліп тұрады. Тіпті көк пен жердегі күллі затты да біліп тұрады. Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. (3:29)"
Осы аят мұсылмандардың бір-бірімен және кәпірлермен байланыс құруының тәсілдерін баяндап: "Мүмін адамның басқалармен байланысы иман негізінде болуы тиіс",-дейді. Өйткені идеологиялық байланыс туыстық, рулық немесе жерлестік байланыстардан маңыздырақ. Сондықтан мүміндер қай жерден болмасын өзара байланыстарын, бірлігі мен бауырластығын нығайтуға тырысып, кәпірлердің оларға үстемдік жүргізуіне жол бермеулері тиіс. Әрине кәпірлер мен мүшріктер билік ететін және сенім мен сөз бостандығы жоқ жерде мүмін өзі мен басқа да мүміндердің сенімін ашық жариялап, өміріне қауіп төндірудің орнына, сенімін іште сақтап, дұшпанмен уақытша ымыраға келуі тиіс. Мұндай әдіс дінді сақтау үшін екені белгілі. Сондықтан діннің негізіне қауіп төнген жағдайда, пайғамбардың (с) немересі Хусейн ибн Әли (ғ) өзі мен серіктерінің шәһид болып, жанұясының тұтқынға түсетінін білсе де Язидке қарсы көтеріліс жасағанындай, бәрін құрбан етіп, ешкімнен қорықпау керек. Аяттың жалғасы: "Қорыққандықтан дұшпанға беріліп, олардың билігін мойындаушы болмаңдар. Өйткені Алла ішкі сырларыңды және кәпірлермен не себепті байланыс орнатқандарыңды біледі",-деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, кәпірлердің мүміндерге үстемдік пен билік жүргізуіне ұласатын кез-келген істі қабылдауға тыйым салынады. Сондықтан мүміндердің өздерінің арасындағы байланыс, дұшпан кіре алмайтындай мықты болуы тиіс.
Екіншіден, кәпірлердің қорлығынан құтылу үшін сенімді жасыруға немесе ымыраға келуге рұқсат етіледі. Бірақ діннің негіздеріне нұқсан келмеуі тиіс.
يَوْمَ تَجِدُ كُلُّ نَفْسٍ مَّا عَمِلَتْ مِنْ خَيْرٍ مُّحْضَرًا وَمَا عَمِلَتْ مِن سُوَءٍ تَوَدُّ لَوْ أَنَّ بَيْنَهَا وَبَيْنَهُ أَمَدًا بَعِيدًا وَيُحَذِّرُكُمُ اللّهُ نَفْسَهُ وَاللّهُ رَؤُوفُ بِالْعِبَادِ ﴿۳۰﴾
"Сол бір күні (қиямет күні) әр адамның жақсы-жаман істері өз алдарында дайын болады. Олар жаман істерінен өзінің аралығы (айта қалсын) қашық болса екен деп тілейді. Алла сендерді өзінен (әміріне қарсы келуден) абайлатады. Алла пенделерін аялағыш. (3:30)"
Бұл аят барлық мүміндерге, сендердің осы дүниедегі жақсы-жаман істерің жойылмайды, қайта Алланың алдында періштелермен жазылып, қияметте бір кейіпте алдарыңа келеді. Сондықтан Алланың қаһарынан қорқып, күнәға жоламаңдар. Өйткені қияметте жаман істеріңнің түрі мен жағымсыз иісінен өздерің жиіркеніп: "Шіркін, біз бен амалдарымыздың арасы қашық болса екен",-деп айтасыңдар, деп ескертеді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, осы дүниеде бізді қызықтыратын істердің көбі қияметте жиіркенішімізді тудырады. Ендеше болашағымызды ойлайық.
Екіншіден, илаһи ескертулердің себебі Алланың сүйіспеншілігі мен рақымдылығы. Ол бізді сүйгендіктен қауіп-қатерді ескертеді.
قُلْ إِن كُنتُمْ تُحِبُّونَ اللّهَ فَاتَّبِعُونِي يُحْبِبْكُمُ اللّهُ وَيَغْفِرْ لَكُمْ ذُنُوبَكُمْ وَاللّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ ﴿۳۱﴾ قُلْ أَطِيعُواْ اللّهَ وَالرَّسُولَ فإِن تَوَلَّوْاْ فَإِنَّ اللّهَ لاَ يُحِبُّ الْكَافِرِينَ ﴿۳۲﴾
"(Ей, Мұхаммед!) "Егер сендер Алланы дос көрсеңдер, оған еріңдер, сонда ғана Алла сендерді сүйеді және барлық күнәларыңды кешіреді. Алла – асқан кешірімшіл, ерекше мейірімді",-деп айт. (3:31) "Аллаға, пайғамбарға бойсұныңдар",-де. Егер бет бұрса, Алла шынында (өзіне және аяттарына қарсы шыққан) кәпірлерді сүймейді. (3:32)"
Дінге зиян келтіретін мәселелердің бірі – амалсыз сөз. Илаһи нұсқауларды орындауға ынтасы жоқ кейбір діндарлар түрлі сылтаулар арқылы діни бұйрықтарды орындаудан жалтарады. Осындай адамдар өздерінің жалқаулығын "адам Алла мен Оның әулиелеріне жүрегімен сенсе жеткілікті. Ал халықтың көзіне түсу үшін мына амалдарды орындаудың қажеті жоқ. Амалдан гөрі ішкі сенім маңызды" деп түсіндіреді. Сырттай қарағанда діндар болып көрінетін және діндарлығын сөзбен ғана көрсететіндер осы сөзбен өздерін алдайтындарын ұмытады. Аллаға сүйіспеншілігін айтып, бірақ Оған және Оның пайғамбарының айтқанын орындамау құр сөз ғана. Сондықтан бұл сөздерді ешкім қабылдамайды. Келесі жағынан Алланың бізге мейірімділігі мен рақымдылығы, Оның нұсқауларын орындауға байланысты. Алланың заңдарына бойсұнған адам ғана Оның рақымдылығына бөленеді. Сонда ғана Алла күнәларды кешіріп, өзінің рақымдылығына бөлейді. Бұл аяттардан үйренетініміз:
Біріншіден, адам оның ризалығы Алланың ризалығы және оған еру Аллаға еру болатындай дәрежеге жете алады. Осы аятта Алланың елшісіне еру Аллаға ерумен бірдей болып саналады.
Екіншіден, ғибадат пен құлшылықсыз ішкі сүйіспеншіліктің мәні жоқ. Кез-келген сөзді іспен дәлелдеу керек.
Үшіншіден, Алланың сөзіндей пайғамбардың (с) сүннәті де бізге дәлел. Сондықтан оған бағынбау күпірлікпен тең.