Жел 31, 2016 19:55 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 66-ші бөлім, 23-27 аяттар

 

أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ أُوْتُواْ نَصِيبًا مِّنَ الْكِتَابِ يُدْعَوْنَ إِلَى كِتَابِ اللّهِ لِيَحْكُمَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ يَتَوَلَّى فَرِيقٌ مِّنْهُمْ وَهُم مُّعْرِضُونَ ﴿۲۳﴾ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ قَالُواْ لَن تَمَسَّنَا النَّارُ إِلاَّ أَيَّامًا مَّعْدُودَاتٍ وَغَرَّهُمْ فِي دِينِهِم مَّا كَانُواْ يَفْتَرُونَ ﴿۲۴﴾

"Кітаптан сыбаға берілгендерді (яһуди ғұламаларын) көрмедің бе? Олар араларындағы (алауыздықтар туралы) Алланың кітабы бойынша үкім шығаруға үнделсе, олардың бір тобы теріс айналады. Олар – шындықтан бет бұрғандар. (3:23) Бұл олардың "тозақ оты бізді санаулы күнде (бұзауға табынған қырық күнде) ғана күйдіреді" дегендігінен және дін туралы өз ойларынан шығарғандары олардың өздерін алдағандықтан болды. (3:24)"

Яһудилер, әсіресе олардың ғұламалары Исламның шындығын түсінсе де, оны қабылдаудан бас тартып, қастық пен қызғаныш салдарынан одан теріс айналды. Осы аяттар пайғамбарға (с) : "Егер яһудилер сенің дініңе иман келтірмесе, мұңайма. Өйткені олар өз діндеріне де адал емес. Олардың біреуі зинақорлық жасаған шақта, Тәураттағы "таспен ұру" үкімінен құтылу үшін, осыған байланысты Исламның үкімі басқа шығар деп саған келді. Бірақ сен Құран бойынша Тәураттың үкіміндей үкім шығарған соң, Тәураттың үкімін мойындамай, Алланың жарлығын жасырды",-дейді. Құран осы артықшылыққа ұмтылудың тамыры, Исраил қауымы шалдыққан діни тәкәппарлық дейді. Олар өздерін Алланың сүйікті қауымы деп ойлағандықтан қияметте тозаққа бармаймыз немесе бірнеше күннен артық азап шекпейміз деген пікірде болды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, иманның белгісі ұран емес, қайта иман қысас секілді Алланың үкімдерін орындау кезінде анықталады.

Екіншіден, тәкәппарлық пен артықшылықтың түбі дін мен діндарлықта жатса да, оның кез-келген түріне тыйым салынады.

Үшіншіден, дүние мен ақыретте барлық адамдар Алланың заңдары алдында бірдей және ешкімнің артықшылығы жоқ.

 

فَكَيْفَ إِذَا جَمَعْنَاهُمْ لِيَوْمٍ لاَّ رَيْبَ فِيهِ وَوُفِّيَتْ كُلُّ نَفْسٍ مَّا كَسَبَتْ وَهُمْ لاَ يُظْلَمُونَ ﴿۲۵﴾

 

"Шәксіз келетін сол бір күнде оларды бір жерге жиялық, әркімге істеген еңбегіне қарай толық сыбағасы берілетін, еш адамға әділетсіздік істелмейтін (сауабы кемейтілмейтін, жазасы арттырылмайтын) сол күндерде олардың қалы нешік?! (3:25)"

Яһудилердің жалған қиялдарын баяндаған осыдан бұрынғы аяттың жалғасында, бұл аят былай деп ескертеді: "Олардың ойлағанындай емес. Алла үшін яһуди ме, жоқ па ешқандай айырмашылық жоқ. Әркім қай дінде болса да өз амалдарына жауап береді. Белгілі бір дін белгілі адамдарға артықшылық бермейді. Алла тағала адамдарға әділет бойынша төрелік етеді. Жаза мен сауапта ешкімнің хақын жемейді". Осы аяттан үйренетініміз:

Сауап немесе жаза дін мен ұлтқа қатысты емес, иман мен амал негізінде беріледі.

 

قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَن تَشَاء وَتَنزِعُ الْمُلْكَ مِمَّن تَشَاء وَتُعِزُّ مَن تَشَاء وَتُذِلُّ مَن تَشَاء بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۲۶﴾ تُولِجُ اللَّيْلَ فِي الْنَّهَارِ وَتُولِجُ النَّهَارَ فِي اللَّيْلِ وَتُخْرِجُ الْحَيَّ مِنَ الْمَيِّتِ وَتُخْرِجُ الَمَيَّتَ مِنَ الْحَيِّ وَتَرْزُقُ مَن تَشَاء بِغَيْرِ حِسَابٍ ﴿۲۷﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Былай деп айт: "Патшалықтың иесі болған, ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бағыштайсың, қалаған адамыңнан патшалықты аласың. Барлық жақсылықтың кілті өз қолыңда. Расында барлық нәрсеге құдіретің жетеді. (3:26) Түнді күндізге, күндізді түнге кіріктіресің (сонымен күндіз бен түннің ұзын-қысқалығы маусымдар бойынша кезектесіп тұрады), сондай-ақ өліден тіріні, тіріден өліні шығарасың. Қалаған адамыңа есепсіз ризық бересің". (3:27)"

Кейбір кітап иелерінің Исламға қатысты тәкәппарлығын баяндаған аяттардың жалғасында осы аят пайғамбар (с) мен мұсылмандарға: "Барлығы Алланың қолында. Нағыз абырой мен күш те Оған тән. Ешбір қантөгіссіз Меккені басып алып, мүшріктерді жеңуге жағдай жасағандай, Иран мен Рим империялары секілді өзге аймақтардың халықтарының жүрегін Исламға аудырып, Исламды барша әлемге жаяды",-дейді.

Тарихта осы аят туралы былай делінген: Аһзаб соғысында Мәдина қаласын айнала ор қазу кезінде пайғамбардың (с) қайласы бір үлкен тасқа тиіп, одан ұшқын шығады. Сонда пайғамбар (с) : "Мен осы ұшқыннан, Исламның күпірлікті жеңуі мен Мадаен және Рим сарайларын басып алуының жарқылын көремін",-дейді. Осы қуанышты хабарды естіген мұсылмандар жеңіс ұрандарын тастайды. Бірақ мұнафықтар оларды кекетіп: "Дұшпанмен қарсыласудан қорқып ор қазатын, әрі Иран мен Римді басып алуды ойлайтын дәмелерің зор екен?",-деседі. Осы кезде жоғардағы аяттар түсіп, Алла тағала өз пайғамбарына (с) былай деді: "Мына ақылсыздарға былай деп жауап бер: Жаратылыс әлемінің иесі мен басқарушысы - Алла . Жер мен көкті жарату ғана емес, сонымен қатар күн мен түннің пайда болатын, олардың өз шеңберіндегі жүйелі қозғалысы да Алланың қолында. Сендердің және барлық тіршілік иелерінің өлімі мен өмірі, азығы мен ризығы оның иелігінде. Ендеше Алланың мұсылмандарға үкімет сыйлағанына неге таңданасыңдар? Өздерің абырой мен күшті Алладан басқадан неге іздейсіңдер? Егер үкімет пен құдірет керек болса, дін аясынан іздеңдер. Дін нұсқауларына амал етсеңдер, Алла сендерге бірде-бір залым үстемдік жүргізе алмайтын бедел мен абырой береді".

Бүгінде кәпірлердің әлемді басқаруы мен мұсылмандардың әлсіз жағдайда болуының себебі екі нәрседе. Біріншіден, мұсылмандардың бірлігінің болмауы. Алланың салты бойынша араздық – әлсіздік пен үстемшілердің билігіне себеп болады. Екіншіден, кәпірлердің ғылым мен білімді игерудегі талпынысы. Ал бұл Алланың салты бойынша биліктің абыройы мен сақталуының кілті болып табылады. Сондықтан Алла тағала біреуге негізсіз абырой сыйламайды да, біреуге негізсіз қорлық көрсетпейді. Абырой мен қорлыққа жету өз қолымызда. Өзіміздің және қоғамның тағдырын тек өз қолымызбен өзгерте аламыз. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, әлемді жарату болсын, оны басқару болсын барлығы Алланың қолында. Ендеше Алланың заңдары мен салты бойынша бойынша жүрсек бақытқа жетеміз.

Екіншіден, нағыз билік Аллаға тән. Басқалардың биліктері уақытша әрі өтпелі. Бүгін бар болса, ертең жоқ.

Үшіншіден, табиғат өзгерістері өмір мен өлім құбылысы негізінде. Осылайша Алланың құдіретімен жансыз дәннен өсімдік пен ағаш өсіп өнеді, ал жансыз азық-түліктен тірі жасуша пайда болады.