Әли-Ғимран сүресі, 65-ші бөлім, 18-22 аяттар
Әли-Ғимран сүресі, 65-ші бөлім, 18-22 аяттар
شَهِدَ اللّهُ أَنَّهُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ وَالْمَلاَئِكَةُ وَأُوْلُواْ الْعِلْمِ قَآئِمًَا بِالْقِسْطِ لاَ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ ﴿۱۸﴾
"Алла өзінен басқа ешбір құдай жоқтығына әділдікпен куәлік етті. Періштелер мен ғылым иелері де одан өзге ешбір құдай жоқтығына, оның үстем әрі хикмет иесі екендігіне әділдікпен куәлік берді. (3:18)"
Бұл аят пайғамбар (с) мен мұсылмандарға: "Кәпірлердің имансыздығы мен мүшріктердің серік қосуы сендердің өз жолдарыңда күдіктену мен күмәндануларыңа себеп болмасын. Өйткені ақыл мен қисын иелері болып табылатын нағыз ғалымдар Алланың жалғыз екенін айғақтайды",-дейді. Алла тағала бір жүйемен басқарылатын аспан мен жерді, тау мен теңізді және өсімдіктер мен жануарларды жаратып, іс жүзінде өзінің жалғыз екендігін дәлелдейді. Әлемді басқару ісіндегі көмекшілері болып саналатын періштелер де Оның жалғыздығын растайды. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, жаратушының жалғыз екендігінің ең жақсы дәлелі – жаратылыстағы жүйе мен алуан түрлі тіршілік иелерінің арасындағы байланыс пен үйлесімдік.
Екіншіден, білім мен санаға негізделген иманның қадірі болғандай, адамды Аллаға жеткізетін білімнің ғана қадірі бар.
إِنَّ الدِّينَ عِندَ اللّهِ الإِسْلاَمُ وَمَا اخْتَلَفَ الَّذِينَ أُوْتُواْ الْكِتَابَ إِلاَّ مِن بَعْدِ مَا جَاءهُمُ الْعِلْمُ بَغْيًا بَيْنَهُمْ وَمَن يَكْفُرْ بِآيَاتِ اللّهِ فَإِنَّ اللّهِ سَرِيعُ الْحِسَابِ ﴿۱۹﴾ فَإنْ حَآجُّوكَ فَقُلْ أَسْلَمْتُ وَجْهِيَ لِلّهِ وَمَنِ اتَّبَعَنِ وَقُل لِّلَّذِينَ أُوْتُواْ الْكِتَابَ وَالأُمِّيِّينَ أَأَسْلَمْتُمْ فَإِنْ أَسْلَمُواْ فَقَدِ اهْتَدَواْ وَّإِن تَوَلَّوْاْ فَإِنَّمَا عَلَيْكَ الْبَلاَغُ وَاللّهُ بَصِيرٌ بِالْعِبَادِ ﴿۲۰﴾
"Алланың алдындағы әтуерлі дін – Ислам діні. Кітап иелері (яһудилер мен насаралар) өздеріне ғылым түскеннен кейін өзара күншілдікпен талас-тартысқа түсті (Мұхаммедтің (с) пайғамбарлығын, Ислам дінінің ақиқатын айқын дәлелдерден біле тұра, оны қасақана жоққа шығарды). Кім Алланың аяттарына қарсы шықса, (Алла оны жазалайды), өйткені Алла расында тез есеп алушы. (3:19) (Ей, Мұхаммед!) Олар сенімен (дін туралы айтысса), "Мен өзімді де, өзіме ілескендерді де Аллаға тапсырдым",-де. Кітап иелері мен надандардан (араб мүшріктерінен): "Сендер мұсылман болдыңдар ма?",-деп сұра. Егер олар мұсылман болса, онда олардың тура жол тапқаны. Егер олар бет бұрып кетсе (саған ешқандай зиян жоқ), сенің міндетің жеткізу ғана. Алла пенделерін (байқап) көріп тұрады. (3:20)"
Хазірет Мұса (ғ) немесе хазірет Ғайсаның (ғ) заманында халық пайғамбарлар мен олардың кітаптарына иман келтіруге міндетті болды. Бірақ Құран түсірілген соң кітап иелері мен басқалар да Ислам пайғамбарына (с) иман келтіріп, оның дініне ерулері тиіс еді. Бірақ олардың көбі діни әсірешілдік пен ұлтшылдықтың салдарынан және ақиқатты біле тұра, Исламды қабылдаудан бас тартты. Сондықтан бұл аят кітап иелеріне: "Егер Аллаға бойсұнған болсаңдар Ислам дініне кіріңдер. Өйткені Мұса мен Ғайсаны жіберген Алла, мінеки Мұхаммедті пайғамбарлыққа таңдап, сендерге оған еруді бұйырды. Исламның ақиқатын біле тұра, оған қарсы шықсаңдар дүние мен ақыретте илаһи жазаны күтіңдер. Алла тағала сендердің ойлағандарыңнан да тезірек есеп алады",-дейді. Сонан соң Ислам пайғамбарына (с) : "Кәпірлер мен мүшріктердің иман келтіруі үшін қиналма және олармен дауласып, қақтығысып жүрме. Өйткені сенің міндетің халық ақиқатты түсінуі үшін оларға илаһи жолдауды жеткізу ғана. Ендеше қалаған кісі қабылдап, тура жолға түседі. Ал ақиқатты түсініп, кез-келген себеппен оны қабылдаудан бас тартса, онымен сөйлесіп, дәлел келтірудің қажеті жоқ. Оның ісін пенделерін толық бақылайтын Аллаға тапсыр",-дейді. Осы аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, көптеген қарама-қайшылықтар ақиқатты білмеу мен шындықтан бейхабар болудан емес, қызғаныш пен әсірешілдіктен шығады.
Екішіден, Алла тағала тек Ислам дінін ғана қабылдайды. Басқа илаһи дінді ұстанушылар Аллаға бағынса, осы дінді қабылдаулары тиіс.
Үшіншіден, мұсылман еместерге, әсіресе олардың қырсықтарына қатысты біздің міндетіміз дауласу мен қақтығысу емес, жеткізу мен дәлелдеу болып табылады.
Төртіншіден, халық дінді таңдауға ерікті. Оларды діни сенімдерді қабылдауға мәжбүрлеуге болмайды. Әрине әркім өзінің таңдаған жолының жақсы болсын, жаман болсын нәтижесін де қабылдайды.
إِنَّ الَّذِينَ يَكْفُرُونَ بِآيَاتِ اللّهِ وَيَقْتُلُونَ النَّبِيِّينَ بِغَيْرِ حَقٍّ وَيَقْتُلُونَ الِّذِينَ يَأْمُرُونَ بِالْقِسْطِ مِنَ النَّاسِ فَبَشِّرْهُم بِعَذَابٍ أَلِيمٍ ﴿۲۱﴾ أُولَئِكَ الَّذِينَ حَبِطَتْ أَعْمَالُهُمْ فِي الدُّنْيَا وَالآخِرَةِ وَمَا لَهُم مِّن نَّاصِرِينَ ﴿۲۲﴾
"Алланың аяттарына қарсы шығушыларды, пайғамбарларды нақақ өлтірушілерді, әділетке бұйырғандарды өлтірушілерді Алланың қатты жазалайтындығымен қуандырып қой. (3:21) Олар – бұл дүниеде де, ақыретте де еңбектері зая кеткендер. Оларға ешқандай жәрдемші де жоқ. (3:22)"
Иман келтірмеу мен серік қосуға жағдай жасайтын қырсықтық пен қызғаныш жөнінде әңгімелеген аяттардан кейін осы аяттар, иман келтірмеу мен ақиқатты жасырудың жағымсыз салдарына тоқталады. Негізінде адамның істері оның сенім-нанымдарынан басталады. Өзінің сенімінде ақиқатты қабылдағысы келмейтін адам, ақиқат бойынша амал етпей, қоғамда ақиқатты орнатпақшы болған адамдармен жауласады. Мұндай адамдар кінәсіз халықтың қанын төгіп, қоғамдағы әділетшіл жетекшілерді жоюға қатысады немесе оларды өлтіруге келісіп, қуанады. Сондықтан әрине ақиқатқа қарсы шыққан кәпір адам жақсылық жасаса да, оның пайдасы жоқ. Өмір бойы қожайынына қызмет етіп, ақырында оның баласын өлтірген қызметші сияқты. Бұл қылмыс оның бұрынғы барлық жақсылығын жоятыны анық. Бұл аяттан үйренетініміз:
Бірінішден, ақиқатты жасыру мен имансыздық кейде адамды пайғамбарды өлтіруге де итермелейді. Бұрыс нанымдарға шалдықпау үшін абай болайық. Өйткені қатерлі істер жалған ойлардан шығады.
Екіншіден, адам шәһид болып, өлімге ұшырайтын болса да әділет орнату үшін ақиқатқа шақыру мен көтеріліс жасау керек. Хусейн ибн Әли (ғ) өзінің және перзенттерінің пәк жанын ақиқат жолында пида етті.
Үшіншіден, кейбір күнәлар адамның игі істерінің бақшасын найзағай тәрізді бір мезетте жандырып, күлге айналдырады.