Жел 31, 2016 19:58 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 64-ші бөлім, 14-17 аяттар

 

زُيِّنَ لِلنَّاسِ حُبُّ الشَّهَوَاتِ مِنَ النِّسَاء وَالْبَنِينَ وَالْقَنَاطِيرِ الْمُقَنطَرَةِ مِنَ الذَّهَبِ وَالْفِضَّةِ وَالْخَيْلِ الْمُسَوَّمَةِ وَالأَنْعَامِ وَالْحَرْثِ ذَلِكَ مَتَاعُ الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَاللّهُ عِندَهُ حُسْنُ الْمَآبِ ﴿۱۴﴾

 

"Қатын, бала, алтын-күміс, бағалы қазына, жақсы ат, түлік-мал, егінжай сияқты көз жауын алатын нәрселер адам баласына ыстық көрінеді, бұлар дүние тіршілігінің (аз-күндік) рахаты үшін ғана, тамаша жай (жұмақ) Алланың қасында. (3:14)"

Алла тағала адамды осы дүниеде жаратып, оған тіршілігін жалғастыру мен бақытқа жетуіне қажетті нәрселерді ұсынды. Дегенмен ұрпағымызды жалғастыру үшін біз жұбай мен перзентке, тұрмыстық заттарды қамтамасыз ету үшін ақша мен байлыққа, азық пен киімді қамтамасыз ету үшін түрлі жануарлар мен өсімдіктерге зәруміз. Алла тағала осының барлығын бізге берді. Дегенмен осы барлық нәрсенің өтпелі және пәни дүние екенін, адам оны тек осы дүниедегі өмірде ғана пайдаланатынын естен шығармау керек. Егер Алла мен қияметке иман келтірсек, дүние мен дүниелік істер бізді арбап, тәкәппарлыққа салынуымызға және алдануымызға себепші болмас еді. Өйткені қияметте оның біреуінің де құны мен пайдасы жоқ. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, негізінде әр адамның бойында дүниеге деген табиғи қызығушылық бар. Сондықтан дүниенің көріністері мен әдемілігіне алдану қауіпті.

Екіншіден, дүние мен оның нығметтерін қолданудың оқасы жоқ. Бірақ дүниеге тәуелді болу жаман.

Үшіншіден, өз нәпсіміз бен қалауымызды бақылау үшін үнемі дүниенің пәнилік заттарын ақыреттің мәңгілік нығыметімен салыстырайық.

 

قُلْ أَؤُنَبِّئُكُم بِخَيْرٍ مِّن ذَلِكُمْ لِلَّذِينَ اتَّقَوْا عِندَ رَبِّهِمْ جَنَّاتٌ تَجْرِي مِن تَحْتِهَا الأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا وَأَزْوَاجٌ مُّطَهَّرَةٌ وَرِضْوَانٌ مِّنَ اللّهِ وَاللّهُ بَصِيرٌ بِالْعِبَادِ ﴿۱۵﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Қауымыңа: "Сендерге бұдан да артық нәрсенің бар екендігін айтайын ба? Тақуалар үшін Раббының қасында іргесінен бұлақтар ағып жататын, мәңгілік тұрақ болатын жұмақтар бар, сондай-ақ, оларға пәк жұбайлар, Алланың ризалығы бар",-деп айт. Алла пенделерін толық көріп тұрады. (3:15)"

Адамның кейбір дүниелік істерге қызығушылығын баяндаған өткен аяттан кейін бұл аят, адамның осы екеуін салыстыру арқылы дұрыс жолды таңдап, дүниенің сыртқы көрінісіне алданып қалмауы үшін қияметтегі жұмақтың бірқатар мәңгілік нығметтеріне тоқталады. Егер дүниеде бау-бақша мен табиғаттың әдемі көріністері адамның көңілін аудартса, жұмақта түрлі жемістерге толы бақтар, оның астында ағып жатқан өзендер бар. Бұған қоса осы аятта Алла тағала жұмақта пәк жұбайлар бар деп қуанышты хабар береді. Бұл хабарлар ақыреттегі материалдық нығыметтердің бір бөлігі. Жұмақтағылардың ең жоғарғы сыйы – Алланың мүмін және тақуа пенделерге деген ризашылығы болып табылады. Аллаға жақын болу дәрежесіне ешнәрсе жетпейді. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, жұмақтың өшпес нығыметтеріне жетудің жолы – күнәдан аулақ болу мен тақуалық. Өйткені жұмақ пәк жандардың орны.

Екіншіден, жұмақтың ләззаттары материалдық ләззаттармен шектелмейді. Алланың ризалығына бөлену жұмақтағылардың ең жоғарғы рухани ләззаты болып табылады.

Үшіншіден, әйелдер үшін тақуалық пен пәктік өте бағалы. Алла тағала жұмақтағы жұбайларды пәк деп сипаттайды.

 

الَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا إِنَّنَا آمَنَّا فَاغْفِرْ لَنَا ذُنُوبَنَا وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ ﴿۱۶﴾ الصَّابِرِينَ وَالصَّادِقِينَ وَالْقَانِتِينَ وَالْمُنفِقِينَ وَالْمُسْتَغْفِرِينَ بِالأَسْحَارِ ﴿۱۷﴾

 

"Олар (тақуалар): "О, Раббымыз! Шынында иман келтірдік, күнәларымызды кешіріп, тозақ азабынан сақтағайсың",-деді. (3:16) Олар – сабырлылар, шыншылдар, бойсұнушылар, (Алла жолына) қайыр-сахауат берушілер, таң сәріде кешірім тілеушілер (таң намазын оқитындар). (3:17)"

Өткен аят тақуаларды жұмақ иелері деп таныстырды. Осы екі аят кімдердің жұмаққа кіре алатындығын анықтау үшін тақуалардың ой-пікір, ахлақтық және мінез-құлықтық ерекшеліктерін баяндайды. Алғашқы аят күнәлары үшін Алладан үнемі кешірім сұрайтын тақуалардың тәуба етуін айтады. Шын мәнінде тақуалыққа жетудің жолы Алланың бар екендігіне иман келтіру болып табылады. Адам барлық істері Оның бақылауында екеніне сенбесе, өзінің іс-әрекеттері мен сөзін бақыламайды. Дегенмен, тақуалық дегеніміз күнәдан пәк болу емес, сабырлылық. Тақуалар да күнә жасауы мүмкін, бірақ олардың өзге күнәһарлардан айырмашылығы екі нәрседе, бірінші, күнә - олардың әдетіне айналмаған. Олар қателіктен күнә жасайды. Екінші, күнә жасаса, күнәнің дүние мен ақыреттегі кері салдарынан тазару үшін лезде тәуба етуді ойлайды.

Келесі аят тақуалықтың бес маңызды ерекшелігін тақуаларға баяндайды. Соның ең маңыздысы - ақиқат жолында сабыр мен табандылық таныту және шайтанның азғыруына қарсы тұру. Тақуалықтың тағы бір ерекшелігі – сенім мен сөзде және іс-әрекетте шыншыл болу. Осы сипаттар тақуаларды кез-келген екіжүзділік, өтірік пен алдаудан сақтайды. Сондай-ақ олар Алланың нұсқауларын қабылдап, оны толық орындайды. Олар Жаратушыға құлшылық ете отырып, Оның жаратқан жандарын да ойлайды. Кедей-кепшіктерге садақа беріп, олардың тұрмысындағы мұқтаждығын шешеді. Бірақ осындай игі істер жасау олардың тәкаппарлығын тудырмайды. Олар Жаратушыға ғибадат етуді үлкен деп есептеп, таң сәріде Алладан кешірім сұрап, жалбарынады. Осы аяттардан үйренетініміз:

Тақуалық оқшаулану емес, керісінше күнәдан алшақ болумен қатар, бойымыздағы игі сипаттарды жандандырып, жақсы істермен қоғамға қызмет ету болып табылады.