Жел 31, 2016 20:00 Asia/Almaty

Әли-Ғимран сүресі, 62-ші бөлім, 1-7 аяттар

 

Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

Құран Кәрімнің үшінші сүресі - "Әли-Ғимран" сүресі. Екі жүз аяттан тұратын бұл сүре Мәдинада түскен. "Ғимран әулеті" деген мағынаны білдіретін сүренің атауы, бұл сүренің 33-ші аятынан алынған. Хазірет Мұса (ғ) мен хазірет Мәриямның (ғ) екеуінің де әкелерінің есімі Ғимран болған. Ғимран әулеті дегеніміз хазірет Мұса (ғ) мен хазірет Ғайсаның (ғ) әулеттері. Дегенмен осы сүреде хазірет Мәриямның (ғ) дүниеге келуімен қатар, оның және перзенті хазірет Ғайсаның (ғ) ғибадаттары ғана әңгімеленіп, Ғимран әулетіне таңдаулы илаһи әулет ретінде мадақтау айтылған.

بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ

الم ﴿۱﴾ اللّهُ لا إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الْحَيُّ الْقَيُّومُ ﴿۲﴾

 

"Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

Әлиф, Ләм, Мим (мұның мағынасын Алланың өзі біледі). (3:1) Алладан өзге ешқандай Құдай жоқ, Ол мәңгі тірі, барлық болмыстың меңгерушісі. (3:2)"

"Әлиф, Ләм, Мим" туралы "Бақара" сүресінің бас кезінде түсініктеме беріп, Құранның 29 сүресінің басында келген бұл әріптер Алла тағала мен Оның елшісі (с) арасындағы Құранның құпиясы екендігін айтқанбыз. Ол, баршамыздың қолымыздағы илаһи мұғжиза болып табылатын Құранның осы әріптерден тұратындығына меңзеп, әркім осы әріптерден Құран секілді кітап келтірсін дейді. Келесі аят Алла тағаланың кейбір сипаттарына тоқталады. Ол - барлық сипаттарға ие және кез-келген кемшіліктен таза. Оның заты мен сипаты да бір, әрі теңдессіз. Біздің біліміміз бен күшімізге керісінше, Оның білімі мен құдіреті шексіз. Ол мәңгі тірі. Біз осыған дейін болған жоқпыз және осыдан кейін де болмаймыз. Бірақ Ол бұрын болған, қазір де бар және мәңгі болмақшы. Сондықтан мадақтау мен табынуға Ол ғана лайық. Одан басқа ешкім және ешнәрсе табынуға лайық емес. Осы аяттан үйренетініміз:

Байлық, билік пен мансап үшін басқаларға иілудің орнына тек Аллаға табынайық. Басқаларға кез-келген кемелдікті Ол ғана береді. Алла қандайда бір кемшіліктен таза.

 

نَزَّلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ مُصَدِّقًا لِّمَا بَيْنَ يَدَيْهِ وَأَنزَلَ التَّوْرَاةَ وَالإِنجِيلَ ﴿۳﴾ مِن قَبْلُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَأَنزَلَ الْفُرْقَانَ إِنَّ الَّذِينَ كَفَرُواْ بِآيَاتِ اللّهِ لَهُمْ عَذَابٌ شَدِيدٌ وَاللّهُ عَزِيزٌ ذُو انتِقَامٍ ﴿۴﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) (Алла) Бұрынғы кітаптарды растаушы хақ кітапты (Құранды) саған түсірді. Бұрын Тәурат пен Інжілді түсірген еді. (3:3) Ол (Тәурат пен Інжіл) бұрынғы адамдарға дұрыс жол сілтеуші болды. (Дұрыс пен бұрысты) айыратын дәлелдерді аян етті. Алланың аятына қарсы шыққандар ауыр жазаға ұшырайды. Алла – жеңіс иесі, (қылмыстыларды) жазалаушы. (3:4)"

Пайғамбар (с) заманында кейбір кітап иелері Алла тағаланың Тәурат пен Інжілден кейін басқа кітап жібергеніне таңғалып, Ислам пайғамбары (с) мен Құранға иман келтірмейді. Бұл аят соларға жауап қайтара: "Алла тағала тарихта адамдарды тура жолға салу үшін пайғамбарлар таңдап, олардың кейбіреуіне кітап пен жаңа шариғат аян етті. Бұл кітаптар мен пайғамбарлардың барлығы бірін-бірі растайды. Өйткені олардың барлығы бір Алла тарапынан келген шынайы пайғамбарлар. Сол себепті Мұса мен Ғайсаға (ғ) Тәурат пен Інжілді жіберген Алланың Мұхаммедке (с) Құран жібергеніне таңданудың жөні жоқ. Егер сендер ақиқат соңында болсаңдар, Құран аяттарына да иман келтіріңдер. Егер қарсы шықсаңдар дүние мен ақыретте илаһи жазаға ұшырайсыңдар. Одан қашар жол жоқ",-дейді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Бірінішден, пайғамбарлардың келуі мен аспан кітаптарының түсірілуінің мақсаты – адамдарды тура жолға салып, ақиқат бойынша оларды бірлікке жеткізу болып табылады. Бұл кітаптар олардың арасында араздық тудыру үшін жіберілген жоқ.

Екіншіден, ақиқатты түсіне алмай адасқан кезде Құранға қарайық. Ол ақиқатты жалғаннан ажыратушы құрал.

 

إِنَّ اللّهَ لاَ يَخْفَىَ عَلَيْهِ شَيْءٌ فِي الأَرْضِ وَلاَ فِي السَّمَاء ﴿۵﴾ هُوَ الَّذِي يُصَوِّرُكُمْ فِي الأَرْحَامِ كَيْفَ يَشَاءُ لاَ إِلَهَ إِلاَّ هُوَ الْعَزِيزُ الْحَكِيمُ ﴿۶﴾

 

"Анығында көктегі, жер-әлемдегі ешбір нәрсе Алладан жасырын емес. (3:5) Ол сендерге аналарыңның жатырындағы шақтарыңда-ақ өзі қалаған форымды береді. Онан басқа ешбір құдай жоқ, ол жеңімпаз – хикмет иесі. (3:6)"

Күнәға себеп болатын нәрсенің бірі - Алланы естен шығару. Кейде адам Алланың алдында жүргенін ұмытатын сияқты. Оның сөзі мен ісі Алладан жасырын емес. Адамның амалдары ғана емес, аспан мен жердегі барлық тіршілік иелері де Аллаға айқын әрі белгілі. Біздің болмысымыз басқаларға көрінбей, ананың жатырындағы кезеңде болсақ та ешнәрсе Одан жасырын қалмайды. Алла тағала біздің болмысымызды білумен қатар, өзінің хикметі бойынша бізге келбет-пішін бітіреді. Тіпті ата-анадан перзентке берілетін тұқым қуалау фақторлары да Алланың хикметіне сәйкес және Оның құдіретінің шеңберінде. Алла тағаланың адамға келбет сыйлау мәселесі илаһи кітаптардың түсірілуі жөніндегі аяттардың арасында болғаны қызықты жайт. Бұл мәселе, аналарыңның жатырында сендерге тіршілік сыйлаған Алла кітаптар жіберіп, ережелер қою арқылы сендердің саналарың мен өмірдегі жолдарыңды жетілдіріп, қоғамды реттейтінін баяндайтын шығар. Бұл аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, адамдардың, тіршілік иелері және мекендер мен уақыттың көптігі мен алуан түрлілігі Алладан жасырын қалуға себеп болмайды.

Екіншіден, кез-келген нәрсеге Алла тағаланың күші жеткенімен, ештеңені хикметке қарсы орындамайды. Оның қалауы хикметіне бағынады.

 

هُوَ الَّذِيَ أَنزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُّحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ فَأَمَّا الَّذِينَ في قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاء الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاء تَأْوِيلِهِ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلاَّ اللّهُ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِّنْ عِندِ رَبِّنَا وَمَا يَذَّكَّرُ إِلاَّ أُوْلُواْ الألْبَابِ ﴿۷﴾

 

"(Ей, Мұхаммед!) Алла саған кітапты (Құранды) түсірді. Онда ашық айтылған аяттар бар, бұлар кітаптың (Құранның) негізі; Сондай-ақ, меңзеп айтылған (жасырын мағынадағы) аяттар да бар. Көңілінде көлденеңі барлар фитнә шығарып, өз жорамалдары бойынша түсіндіреді. Мұндай аяттардың ұғымын Алла ғана біледі және білімділер біледі. Олар (ғылым иелері) былай дейді: "Біз оған нанамыз, мұның барлығы Алладан аян болған аяттар. Мұны тек ақыл иелері ғана түсінеді". (3:7)"

Құран бұл жерде "айқын" және "жасырын" аяттарға тоқталады. "Айқын" аяттар дегеніміз – олардың мағынасы түсінікті аяттар. Мысалы: "  قُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ" яғни "(Ей, Мұхаммед!) Былай де: "ол Алла - жалғыз"". Мұндай аяттар Құранның негізі, яғни дерек көзі және өзге аяттарды түсіндіруші. Алайда "жасырын" аяттар дегеніміз – мағынасы шиеленіскен, бірнеше мағынаны білдіруі мүмкін аяттар. Мысалы: "یدالله فوق ایدیهم" яғни "Алланың қолы олардың қолының үстінде", әрине қолы болатындай Алла дене емес, сондықтан мұндай жағдайда "қол" сөзі "құдірет" пен "үстемдікті" білдіреді.

Негізінде Алла тағала терең тәлімдермен осы әлемнің зор сырларын халықтың басым бөлігіне түсінікті болуы үшін қарапайым тілде және Құран сөздерімен баяндаған. Осыған қарамастан адамдарға Алланың сипаттары мен істері тәрізді кейбір ақиқаттарды түсіну қиынға түседі. Сондықтан мұндай сөздердің түпкілікті мағынасын тек ақ ниетті ақыл иелері ғана түсіне алады. Бірақ жұртты адастыру ниетіндегі адамдар Құранның айқын және түсінікті аяттарын тастап, халықты шатастырып, өз мақсаттарына жету үшін "жасырын" аяттарға жармасады. Олар аяттарды өз қалауынша тәпсірлеп, өздерінің пікірлерін аятқа байланыстырып: "Біздің айтқанымызды Құран да айтады",-дейді. Осылайша олар өздерінің бұрыс сенімдерін Құранмен дәлелдейді. Алайда осы аяттардың соңында: "Илаһи аяттардың ақиқатын тек пайғамбарлар мен Алланың әулиелері ғана біледі және оның мағынасын халыққа солар ғана баяндайды",-делінген. Ендеше білімнің қайнар бұлағы болып табылатын Алланың сөздерін түсіндіру үшін Оның білімінен нәр алған және сөздерін түсіне алатын тәпсірлеушілер керек. Бұл аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, Құранның кейбір аяттары тек ақиқат жолындағы нағыз даналар ғана түсіне алатын мағыналарға ие. Ендеше түсінбеген нәрсені мойындамаудан бас тартайық немесе бұрмаламайық.

Екіншіден, кейбір адамдар Исламның атымен және Құранды жамылып қоғамда теріс наным-сенімдер таратады. Абай болайық! Пайғамбар (с) мен оның әулеті болып саналатын тұлғалар сөздерінің бұлағынан ғана су алайық.

Үшіншіден, қастандық тек қана бүлік пен қақтығыс емес, ең үлкен қастандық – діни ақиқатты бұрмалау және илаһи аяттарды өз қалауынша тәпсірлеу болып саналады.