Жел 31, 2016 20:51 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 278-282 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اتَّقُواْ اللّهَ وَذَرُواْ مَا بَقِيَ مِنَ الرِّبَا إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ ﴿۲۷۸﴾فَإِن لَّمْ تَفْعَلُواْ فَأْذَنُواْ بِحَرْبٍ مِّنَ اللّهِ وَرَسُولِهِ وَإِن تُبْتُمْ فَلَكُمْ رُؤُوسُ أَمْوَالِكُمْ لاَ تَظْلِمُونَ وَلاَ تُظْلَمُونَ ﴿۲۷۹﴾

 

"Ей, имандылар! Алладан қорқыңдар. Шын мүмін болсаңдар, (адамдар мойынында) қалған өсімді алмаңдар. (2:278) Егер осылай істемесеңдер (өсім алғанды қоймасаңдар), біліп қойыңдар, Алла және оның пайғамбары сендерге қарсы соғыс жариялайды. Егер тәуба қылсаңдар, малдарыңның басы өздеріңе қайтады, басқаларға зиян тарттырмайсыңдар, өздерің де зиян тартпайсыңдар. (2:279)"

Өсімге тыйым салуға қатысты аяттар түскен кезде кейбір мұсылмандардың өсімнен алашақтары бар еді. Сондықтан Ислам пайғамбарынан (с) бұл жайында сұрайды. Сол кезде аталмыш аят түсіп, пайғамбар (с) мұсылмандарға: "Өсімге қатысты барлық келісімшарттардың күші жойылды. Өсімнен ең алдымен менің туыстарым бас тартуы тиіс",-деп жариялайды. Осыдан бұрынғы аяттардан оқығанымыздай, кедейлерге жәрдемдесу мен оларға қарыз беру Аллаға қарыз берумен тең және Алла оның сауабын береді. Бұл аят сондай-ақ өсім алып, кедейлерге зұлымдық жасайтын кісілерге, егер өсім алуды қоймасаңдар Алла мен оның елшісі сендермен соғысады деп ескерту жасайды. Бұл аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, иман - тек намаз бен ораза ғана емес. Иманның шарты мен тақуалықтың белгісі – харам мал-мүліктен бас тарту.

Екіншіден, Ислам меншікті құрметтейді, алайда байлардың кедейлерден пайда көріп, оларды қанауына рұқсат бермейді.

Үшіншіден, үстімшілдік пен үстемдікке бағынудың екеуі де қабылдауға жатпайды. Өсім алу мен өсім беруге тыйым салынады.

 

 

 

وَإِن كَانَ ذُو عُسْرَةٍ فَنَظِرَةٌ إِلَى مَيْسَرَةٍ وَأَن تَصَدَّقُواْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنتُمْ تَعْلَمُونَ ﴿۲۸۰﴾ وَاتَّقُواْ يَوْمًا تُرْجَعُونَ فِيهِ إِلَى اللّهِ ثُمَّ تُوَفَّى كُلُّ نَفْسٍ مَّا كَسَبَتْ وَهُمْ لاَ يُظْلَمُونَ ﴿۲۸۱﴾

 

"Егер борыштының қолы қысқа болса, ол ауқаттанғанға дейін күтіңдер, егер білсеңдер (қиыншылықта қалған борыштыдан алатын қарызды оған) садақа қылып беріңдер, бұл сендер үшін тіпті де жақсы. (2:280) Сендер Алланың алдына қайтарылатын, онан соң әркім өз еңбегінің (жақсы-жаман ісінің) нәтижесін зұлымдықсыз толық көретін бір күннен қорқыңдар. (2:281)"

Мүміндерді садақа мен қарыз беруге ынталандырып, оларға өсім алудан бас тартуға шақырған аяттардан кейін осы аят бір маңызды ахлақтық мәселеге тоқталып: "Қарыз бергенде, оның үстінен өсім алмаңдар, қайта егер қарыз алған адам уақытымен қайтара алмаса, оған мерзім беріңдер. Немесе ең жақсысы қарызын кешіріңдер. Сендердің кешірулерің жауапсыз қалмайды. Алла тағала қияметте оны ешбір кемшіліксіз қайтарады",-дейді. Шіркін, осы діни нұсқаулар қоғамда орындалса татулық пен достық қандай көбейер еді?! Кедей-кепшіктер мұқтаждықтан арылып, байлар да сараңдыққа салынбай, дүние-мүлікке тәуелді болмас еді. Бай мен кедейдің арасындағы қашықтық азаяр еді. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, садақа мен қарыз берудегі күрделі мәселе – мұқтаж жандардың тұрмысын қалыпқа келтіру болып табылады. Сондықтан олардың қарызды қайтарамын деп қайтадан тапшылыққа түсуіне жол бермеуіміз керек.

Екіншіден, Ислам - әлсіздердің нағыз қолдаушысы. Өсімқорлыққа тыйым салып, садақа беруге ынталандыру арқылы қоғамдағы экономикалық кем-кетіктерді толтырады.

Үшіншіден, кедей-кепшіктер мен Жаратушының ризашылығына бөлену табыс табудан көп артық.

 

 

 

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ إِذَا تَدَايَنتُم بِدَيْنٍ إِلَى أَجَلٍ مُّسَمًّى فَاكْتُبُوهُ وَلْيَكْتُب بَّيْنَكُمْ كَاتِبٌ بِالْعَدْلِ وَلاَ يَأْبَ كَاتِبٌ أَنْ يَكْتُبَ كَمَا عَلَّمَهُ اللّهُ فَلْيَكْتُبْ وَلْيُمْلِلِ الَّذِي عَلَيْهِ الْحَقُّ وَلْيَتَّقِ اللّهَ رَبَّهُ وَلاَ يَبْخَسْ مِنْهُ شَيْئًا فَإن كَانَ الَّذِي عَلَيْهِ الْحَقُّ سَفِيهًا أَوْ ضَعِيفًا أَوْ لاَ يَسْتَطِيعُ أَن يُمِلَّ هُوَ فَلْيُمْلِلْ وَلِيُّهُ بِالْعَدْلِ وَاسْتَشْهِدُواْ شَهِيدَيْنِ من رِّجَالِكُمْ فَإِن لَّمْ يَكُونَا رَجُلَيْنِ فَرَجُلٌ وَامْرَأَتَانِ مِمَّن تَرْضَوْنَ مِنَ الشُّهَدَاء أَن تَضِلَّ إْحْدَاهُمَا فَتُذَكِّرَ إِحْدَاهُمَا الأُخْرَى وَلاَ يَأْبَ الشُّهَدَاء إِذَا مَا دُعُواْ وَلاَ تَسْأَمُوْاْ أَن تَكْتُبُوْهُ صَغِيرًا أَو كَبِيرًا إِلَى أَجَلِهِ ذَلِكُمْ أَقْسَطُ عِندَ اللّهِ وَأَقْومُ لِلشَّهَادَةِ وَأَدْنَى أَلاَّ تَرْتَابُواْ إِلاَّ أَن تَكُونَ تِجَارَةً حَاضِرَةً تُدِيرُونَهَا بَيْنَكُمْ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَلاَّ تَكْتُبُوهَا وَأَشْهِدُوْاْ إِذَا تَبَايَعْتُمْ وَلاَ يُضَآرَّ كَاتِبٌ وَلاَ شَهِيدٌ وَإِن تَفْعَلُواْ فَإِنَّهُ فُسُوقٌ بِكُمْ وَاتَّقُواْ اللّهَ وَيُعَلِّمُكُمُ اللّهُ وَاللّهُ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ ﴿۲۸۲﴾

 

"Ей, мүміндер! Бір-біріңнен мерзімді қарыз беріп, қарыз алсаңдар, жазып қойыңдар. Араларыңдағы хат білетін адам дұрыстап жазсын. Хатшы адам жазып беруден бас тартпай, Алланың тәлімі бойынша жазсын. Борышты адам Раббы болған Алладан қорқып, қарызын кемітпей қайтып берсін. Егер борышты кісі ақымақ (есуас, ақылсыз,ысырапқор) немесе әлжуаз (кішкене бала немесе өте кәрі) болса, немесе (мылқаулығы, тұтықпалығы себепті) өзі айтып бере алмаса, онда оған иелік етуші турасын айтып берсін. Еркектерден екі адамды куә етіңдер. Егер екі ер адам табылмаса, өздерің разы болатын адамдардан бір ер, екі әйелді куә етіңдер. Бұл екі әйелдің біреуі ұмытып қалса, екіншісі есіне салады. Куәшілер (куәлікке) шақырылған кезде (куәліктен) бас тартпасын, қарыз көп болса да, аз болса да оны қайтару уақытын (қосып) жазудан ерінбеңдер. Алла мұны ең әділ, куәлікке толымды, күмән тудырмайды деп қарайды. Бірақ араларыңдағы қолма-қол саудада құжат жазбасаңдар да, сендерге келер күнә жоқ. Саудада тоқтам жасағанда, куәші қойыңдар. Куәшіні де, жазушыны да зиян-захыметке ұшыратуға болмайды. Егер зиян жеткізсеңдер, онда сендер күнәлі боласыңдар. Алладан қорқыңдар, Алла сендерге (екі дүниедегі пайдалы істі) үйретеді, Алла – барлық нәрсені толық білуші. (2:282)"

Құрандағы ең ұзын аят болып табылатын бұл аят "хақ-ун-нас", яғни адамдардың қаржы құқығы жайлы. Халықты садақа мен қарыз беруге шақырып, өсім алуға тыйым салған Исламның экономикалық үкімдері жөніндегі аяттардан кейінгі осы аят халықты кез-келген қателік пен әділетсіздіктен сақтап, тараптардың ешқайсысы зиян көрмеуі үшін сауда-саттықтың дұрыс тәсілін баяндайды. Осы аяттағы дұрыс сауда-саттық жасаудың шарттары қысқаша былай делінген:

Қарыз ба, несие ме, аз ба, көп пе кез-келген борышқа құжат әзірленіп, жазылуы тиіс.

Сауда мәмілесін жасаған кезде, оны борышты қабылдайтын адамның ұйғаруымен бейтарап адам жазуы тиіс.

Борышкер мен мәмілені хатқа түсіруші Аллаға жүгініп, ақиқатты орындаулары тиіс.

Сауда мәмілесіне жазудан басқа тараптардан екі сенімді адам куәлік етуі тиіс.

Қолма-қол ақшамен жасалған мәміледе хатқа түсірудің қажеті жоқ, куәләрдің өзі жеткілікті.

Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам - толыққанды дін. Ол адамның тұлғалық және рухани жағына мән берумен қатар, қоғамның құқықтық және экономикалық мәселелеріне шынайы және терең көңіл аударады.

Екіншіден, халықтың көпшілігі сауатсыз болған заманда жазбаша түрде мәміле  жасауға кеңес беруі, адамдардың сауат ашып, білімді дамытуға діннің көңіл аударатындығын көрсетеді.

Үшіншіден, келісімшартты жазбаша жасауға кеңес беру сенімсіздіктің белгісі емес, қайта халықтың арасында сенімді тұрақтандыруға арналған. Өйткені ұмыту, қателесу немесе мойындамау секілді жағдайлар қоғамның экономикалық тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзады.

Төртіншіден, мәмілені дұрыс тіркеп, жазудың үш пайдасы бар: бірінші – әділеттің орындалуына кепілдік болады; екінші – мәміленің куәларына құжат болады; үшінші – қоғамда сенімсіздік пен теріс ойлаудың өрістеуінің алдын алады.