Бақара сүресі, 128-133 аяты
Бақара сүресі, 128-133 аяты
Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.
رَبَّنَا وَاجْعَلْنَا مُسْلِمَيْنِ لَكَ وَمِن ذُرِّيَّتِنَا أُمَّةً مُّسْلِمَةً لَّكَ وَأَرِنَا مَنَاسِكَنَا وَتُبْ عَلَيْنَآ إِنَّكَ أَنتَ التَّوَّابُ الرَّحِيمُ ﴿۱۲۸﴾
"Раббымыз, екеумізді де өзіңе бой ұсынушы қыл, ұрпақтарымыздан да өзіңе бой ұсынушы бір үммет қыла көр, әрі бізге хаж амалдарымызды көрсетіп, тәубелерімізді қабыл ал, әлбетте Сен өзің тәубені қабыл етуші, ерекше мейрімдісің!(2:128)"
Хазірет Ыбырайымның (ғ.с) барлық сынақтарды жеңіп шығуының сыры - оның Алланың бұйрықтарына мойынсынуы болып табылады және осының ең абзал мысалы ретінде, перзенті Ысмайылды (ғ.с) құрбандыққа шалуға дайын болуын айтуға болады. Сол себептен де Ыбырайым (ғ.с) Алладан дұға тілеген кезде өзінің ғана емес қайта перзенті Ысмайыл мен оның ұрпақтарын да Алланың бұйрығына бағынатын адамдар қатарына қосуды сұрайды. Өйткені барлық кемелдікке бір құдайға құлшылық етудің арқасында ғана жетуге болады. Дегенмен ғибадат кез-келген ырым-жырымнан таза болуы үшін белгілі бір түрде орындалуы тиіс. Сондықтан хазірет Ыбырайым (ғ.с) Аллаға: ғибадат етудің Өзің қалайтын әдісі мен жолын үйрет,- дейді.
رَبَّنَا وَابْعَثْ فِيهِمْ رَسُولًا مِّنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِكَ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَيُزَكِّيهِمْ إِنَّكَ أَنتَ العَزِيزُ الحَكِيمُ ﴿۱۲۹﴾
"Раббымыз, ұрпағымыздың ішіне өздерінен, оларға аяттарыңды оқитын, кітапты әрі үкімдерін үйретіп, оларды тазартатын бір елші жібергейсің, күдіксіз Сен өзің ғана аса үстем, өте данасың (деп жалбарынды. Ыбырайымның (ғ.с) тілегі бойынша Мұхаммед (ғ.с) елші болып келді).(2:129)"
Хазірет Ыбырайым (ғ.с) өз дұғаларында бір жағынан өзінің ұрпақтарына көңіл аударып, келесі жағынан келешекке жаны ашып, Алладан өзінен гөрі болашақ ұрпақтардың тура жолға түсіп, бақытты болуын тілейтін. Адамның бақыты Алланың жолдауынсыз мүмкін емес. Осыған орай Ыбырайым (ғ.с) да құдайдан халыққа тура жол көрсетіп, тәлім беру арқылы олардың санасын арттыру үшін пайғамбар жіберуін сұрайды.
وَمَن يَرْغَبُ عَن مِّلَّةِ إِبْرَاهِيمَ إِلاَّ مَن سَفِهَ نَفْسَهُ وَلَقَدِ اصْطَفَيْنَاهُ فِي الدُّنْيَا وَإِنَّهُ فِي الآخِرَةِ لَمِنَ الصَّالِحِينَ ﴿۱۳۰﴾ إِذْ قَالَ لَهُ رَبُّهُ أَسْلِمْ قَالَ أَسْلَمْتُ لِرَبِّ الْعَالَمِينَ ﴿۱۳۱﴾
"Өзін білмеген ақылсыздан басқа кім Ыбырайымның (ғ.с) жолынан бет бұрады? Расында оны дүниеде таңдадық әрі күдіксіз ол, ақыретте де игілерден болады.(2:130) Бір кезде Раббы оған: "Бой ұсын!",-деді. Ол: "Бүкіл әлемнің Раббына бой ұсындым",-деді.(2:131)"
Бұл аят хазірет Ыбырайымды (ғ.с) таңдаулы және үлгі адам ретінде таныстырады. Сондықтан оның діні мен жолы басқа адамдарға үлгі бола алады. Адамның осындай таза әрі пәк және ақылға сай келетін дінді тастап, құдайға серік қосуы мен кәпірлікке салынуы надандық емес пе? Ислам Пайғамбары (с.ғ.с) Ыбырайымның (ғ.с) дінін құрметтеп, оның жолы Ыбырайымның (ғ.с) жолы деп мақтан тұтады. Ақыл жағынан кәпірлерді таң қалдыратын, батылдық тұрғысында балтамен барлық пұттарды қирататын, құдайға бағынуда жұбайы мен баласын Меккенің ыстық шөлінде тастап кететін және перзентін құрбандыққа шалуға апаратын кісінің көңілі өз жанұясында емес, тек құдайда ғана. Осындай лайықты адамды Алла әрине пайғамбарлық пен имамдыққа таңдап, басқаларға үлгі етеді. Сондықтан оның жолынан шығу – надандық пен ақылсыздық.
وَوَصَّى بِهَا إِبْرَاهِيمُ بَنِيهِ وَيَعْقُوبُ يَا بَنِيَّ إِنَّ اللّهَ اصْطَفَى لَكُمُ الدِّينَ فَلاَ تَمُوتُنَّ إَلاَّ وَأَنتُم مُّسْلِمُونَ ﴿۱۳۲﴾
"Ыбырайым (ғ.с) бұны ұлдарына өсиет етті және Яғқұп (ғ.с) да: "Әй ұлдарым! Әрине Алла сендер үшін осы дінді ұнатты, сондықтан сендер нағыз мұсылман болып өліңдер",-деді.(2:132)"
Мейірбан және жанашыр ата-аналар перзенттерінің тек материалдық қажеттерін қамтамасыз етуді ғана ойламай, оның ой-пікірі мен сенімдеріне көңіл бөліп, адасып кетуіне жол бермеуі тиіс. Алланың әулиелері өз балаларын үнемі құдай жолына шақырып отырған. Олар өлім алдында перзенттеріне дүниелік мұра емес, оларға бір құдайға құлшылық етіп, ғибадат ету жөнінде өсиет қалдырған.
أَمْ كُنتُمْ شُهَدَاء إِذْ حَضَرَ يَعْقُوبَ الْمَوْتُ إِذْ قَالَ لِبَنِيهِ مَا تَعْبُدُونَ مِن بَعْدِي قَالُواْ نَعْبُدُ إِلَهَكَ وَإِلَهَ آبَائِكَ إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ وَإِسْحَاقَ إِلَهًا وَاحِدًا وَنَحْنُ لَهُ مُسْلِمُونَ ﴿۱۳۳﴾
"Яғқұпқа (ғ.с) өлім келген сәтте, балаларына: "Неменеге құлшылық қыласыңдар?",-дегенде, барма едіңдер? Сонда олар: "Сенің тәңіріңе, аталарыңның тәңіріңе: Ыбырайым, Ысмайыл, Ысхақтың бір-ақ тәңіріне құлшылық қыламыз. Сондай-ақ соған бой ұсынамыз.",-деген еді.(2:133)"
Яһудилердің бір тобы хазірет Жақып өлім алдында өз перзенттеріне яһудилердің сенген дінін ұстаныңдар деп өсиет айтты деседі, бірақ Алла олардың бұл айтуларын жоққа шығарып: Жақып өлейін деп жатқанда осылай айтатындай, қасында болдыңдар ма? Ол өз перзенттеріне бір құдайға құлшылық етуді өсиет айтты, және олар да тек бір құдайға табынамыз деп уәде берді,-дейді. Жоғарыда айтқанымыздай, әкелер балаларының ойлары мен сенімдеріне жауапкер және қажет жағдайда бақылау жасаулары тиіс. Барлық пайғамбарлар бір құдайдан хабар әкелді және Ыбырайым, Ысмайыл және Ысхақтың құдайы бір. Егер басқа бір құдай болғанда ол да халықты бастау үшін өз пайғамбарын жіберер еді. Ал енді осы аяттардың тағылымдарына тоқталайық:
Біріншіден, тек құдайға ғана бағынғанда оның сынақтарынан жеңіспен өте аламыз.
Екіншіден, дұға тілегенде тек материалдық қажеттіліктерді ғана емес, болашақ ұрпақтың бақытты болуын да сұрауымыз керек.
Үшіншіден, надан тек ақылсыз адам емес, ақылы бола тұра дұрыс жолдан адасатын адам да надан болып саналады.
Төртіншіден, имандылықты өлгенше дейін сақтау керек. Мұсылман болып жүріп, мұсылманшылықсыз өлген адамдар қаншама? Сондықтан өзіміз бен перзенттеріміздің иманын сақтай білейік.