Бақара сүресі, 124-127 аяты
Бақара сүресі, 124-127 аяты
Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.
وَإِذِ ابْتَلَى إِبْرَاهِيمَ رَبُّهُ بِكَلِمَاتٍ فَأَتَمَّهُنَّ قَالَ إِنِّي جَاعِلُكَ لِلنَّاسِ إِمَامًا قَالَ وَمِن ذُرِّيَّتِي قَالَ لاَ يَنَالُ عَهْدِي الظَّالِمِينَ ﴿۱۲۴﴾
"Сол уақытты еске ал! Ыбырайымды (ғ.с) Раббы сөздермен сынады. Сонда ол, оларды толық орындады. Алла: "Әрине сені адамдарға басшы қыламын",-деді. Ол: "Ұрпақтарымнан да өте көр!",-деді. Алла: "(Ұрпақтарыңнан) залымдар сертіме жете алмайды",-деді.(2:124)"
Пайғамбарлардың арасында хазірет Ыбырайымның (ғ.с) алатын орны ерекше. Оның есімі Құранның 25 сүресінде 69 рет айтылған және Ислам Пайғамбары (с) тәрізді – "үлгі" ретінде аталған. Бұл сүренің осыдан кейінгі 17 аятында осы ұлы пайғамбар, тәухид қаһарманы және Қағба ғимаратының сәулетшісі туралы сөз қозғалған. Ол Алланың түрлі сынақтарынан жеңіспен шығып, "имамат" дәрежесіне жетті. Сынақтар - Алланың барлық адамдарға арнаған міндетті дәстүрлерінің бірі. Әрине Алланың сынақтары адамдардың сынағы секілді білім алу үшін емес, өйткені Ол барлық нәрсені біледі.
Бұл сынақтар адамдарды Алланың берген еркі бойынша қандай жолды таңдайтындығын анықтап, оларға сауап пен жаза беру үшін адамдардың қабілеттерін, жақсы немесе жамандығын көрсету үшін. Бұл аяттағы "калемат" дегеніміз - Алланың тапсырған бірқатар міндеттемелері болып табылады. Ыбырайым (ғ.с) оның барлығын орындаған. Енді солардың кейбіреуіне тоқталайық:
Ыбырайым (ғ.с) өз қауымы мен туыстары арасында бір құдайға құлшылық етуші жалғыз адам еді. Ол пұтқа табынушылыққа қарсы шығып, жалғыз өзі пұтханаға кіріп, барлық пұттарды қиратады. Бұл ісі үшін пұтқа табынушылар оны отқа салғанда, ол отқа байсалды түрде Аллаға сенім артып кіреді, Алланың әмірімен от оған салқын әрі қауіпсіз болады. Ол ұзақ жылдар бойы перзент сүймейді және қартайған шақта Алла оларға перзент сыйлайды. Бірақ оған Алланың әмірі келіп, перзенті Исмайлды құрбан етпекші болады. Ыбырайым (ғ.с) өз ұрпақтарына имамдық дәрежесін сұрағанда, Алла оған: "Бұл дәреже мұрагерлік емес, сондықтан оған тек лайықты адамдар ғана ие болады",-деп жауап береді. "Имамдық" дәрежесі "пайғамбарлық" дәрежесінен де жоғары. "Пайғамбар" құдайдың үкімдерін халыққа жеткізуге және оларға сауап пен азаптан хабар беруге міндетті. Ал "имам" қоғамда сол үкімдер мен әлеуметтік әділеттің орындалуына жауапты. Бұл аят, "имамдық" - Алланың серті мен аманаты екенін және ол залымдар мен күнәһарларға жетпейтінін айқын түрде баяндайды.
وَإِذْ جَعَلْنَا الْبَيْتَ مَثَابَةً لِّلنَّاسِ وَأَمْنًا وَاتَّخِذُواْ مِن مَّقَامِ إِبْرَاهِيمَ مُصَلًّى وَعَهِدْنَا إِلَى إِبْرَاهِيمَ وَإِسْمَاعِيلَ أَن طَهِّرَا بَيْتِيَ لِلطَّائِفِينَ وَالْعَاكِفِينَ وَالرُّكَّعِ السُّجُودِ ﴿۱۲۵﴾
"Сол уақытта үйді (Қағбаны) адам баласы үшін орталық әрі бейбітшілік орны етіп, жасадық. Ыбырайымның (ғ.с) орнынан намаз орны қылып алыңдар. Және Ыбырайым, Ысмайыл (ғ.с) екеуінен: "Үйімді (Қағбаны) тауап етушілер, ғибадатқа отырушылар және рүкүғ, сәжде қылушылар үшін тап-таза ұстаңдар",-деп, уәде алғанбыз.(2:125)"
Жоғарыдағы аят Ыбырайымның (ғ.с) биік дәрежесі мен имамдығына меңзеді. Осы аят Ыбырайымның (ғ.с) ұлы естелігі – Қағбаны еске сала отырып: Бұл Үй – халықтың үйі, тарихтағы бір құдайға құлшылық етушілердің жиналатын орны. Тауап ету мен намаз оқудың қасиетті және қауіпсіз мекені,-дейді. Қажылар Меккеге барғанда, Қағбаны тауап еткен соң екі рәкәғат намаз оқулары тиіс. Ыбырайымның (ғ.с) еңбегіне алғыс білдіру үшін Алла тағала Қағбаның қабырғасын көтеру кезінде ол басқан тасты михраб ретінде қалдырды. Ондағы мақсат намаз оқыған кезде Ыбырайымның (ғ.с) орнынан ілгері тұрмау болып табылады. Ыбырайым мен Исмайыл (ғ.с) Қағба ғимаратының сәулетшілері ғана емес олар оның қызметшілері болды және Алланың әмірімен намаз оқушылар мен ғибадат етушілерге әл-Харам мешітін кез-келген ластаушыдан тазартты. Негізінде мешіт "Алланың үйі" болғандықтан, оның қызметшілері де Оның пәк тұлғаларынан болуы тиіс, сондықтан кез-келген адам мешітке қызметші бола алмайды.
وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ اجْعَلْ هََذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُم بِاللّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ قَالَ وَمَن كَفَرَ فَأُمَتِّعُهُ قَلِيلًا ثُمَّ أَضْطَرُّهُ إِلَى عَذَابِ النَّارِ وَبِئْسَ الْمَصِيرُ ﴿۱۲۶﴾
"Сол уақытта Ыбырайым (ғ.с) :"Раббым! Бұны бір тыныш қала қыла көр! Және оның тұрғындарынан кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірсе, әртүрлі өнімдермен ризықтандыр",-деп жалбарынды. (Раббы): "Кім қарсы болса, оны да аз (күнгі дүниеде) пайдаландырамын, сонан соң оны (ақыретте) от азабына зорлаймын. Ол, барар орынның жаманы",-деді.(2:126)"
Қағбаның іргесін көтеріп, оны ғибадат етуге әзірлеген хазірет Ыбырайым (ғ.с) Мекке қаласының тұрғындарына екі тілек тіледі. Біріншісі – қауіпсіздік пен тыныштық, екіншісі – ризық пен нығмет және жақсы тұрмыс. Әрине Ыбырайым бұл тілегін тек мүминдер үшін ғана сұраған еді, алайда Алла тағала: дүниелік ризықты Мен мүмин болсын, кәпір болсын барша адамдарға беремін. Өздерінің істеген амалдары үшін қияметте тозаққа түссе де, иман келтірмегендері үшін кәпірлерді дүниелік ризықтан мақрұм қалдырмаймын,-деп жауап береді. Бұл аят, біріншіден мүминдердің дүниелік ризық-нығметтерді пайдаланып, жақсы өмір сүруі орынды. Екіншіден, кәпірлердің осы нығметтерді пайдалануы олардың дұрыстығын емес, қайта Алланың алдында дүниенің түкке тұрмайтындығын көрсетеді.
وَإِذْ يَرْفَعُ إِبْرَاهِيمُ الْقَوَاعِدَ مِنَ الْبَيْتِ وَإِسْمَاعِيلُ رَبَّنَا تَقَبَّلْ مِنَّا إِنَّكَ أَنتَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ ﴿۱۲۷﴾
"Сол уақта Ыбырайым мен Ысмайыл (ғ.с) үйдің (Қағбаның) ірге тасын көтере: "Бізден қабыл ал, күдіксіз Сен тілекті тым естуші, толық білушісің".(2:127)"
Қағба хазірет Адам (ғ) заманында тұрғызылған және хазірет Ыбырайым (ғ) бұл ғимаратты қайта көтереді. Мұның дәлелі Мекке жеріне жұбайы мен перзенті орналасқанда хазіреті Ыбырайым (ғ):
Раббым! Мен әулетімді осы құрғақ, шөлді жерге сенің үйіңнің жанына орналастырдым,-дейді.
Осылайша Ыбырайым (ғ) Меккеге кірген кезде Алланың үйі яғни Қағба болған. Сонымен қатар Алла тағала "Әле-Имран" сүресінің 96-шы аятында Қағбаны - адамдардың тұңғыш үйі деп атайды. Осы аят, егер іс Құдай жолында болса, құрылыс салу мен еңбек ету де ғибадат дейді. Сондықтан жұмыстың түрі маңызды емес, оның Алла тарапынан қабылдануы маңызды. Тіпті Қағба салсақ та, оны Алла қабылдамаса, оның ешқандай құны жоқ. Осы аяттардан үйренген тағылымдарға көз жүгіртейік:
Біріншіден, Алла тағала рухани дәрежені адамдардың лайықты болуына қарай сыйлайды. Алланың түрлі сынақтар өткізудегі мақсаты, адамдардың өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік беріп, олардың сол дәрежелерге қол жеткізуіне жол ашу болып табылады.
Екіншіден, имамат пен үмметке жетекшілік ету дүниелік мансап емес, иләһи дәреже. Демек әркім Ислам қоғамына билік жүргізуге және имам болуға құқылы емес, ол Алла тарапынан тағайындалуы тиіс.
Үшіншіден, мешіттер Жаратушымен байланысты мекендер. Сондықтан мешіттердің қасиеттілігі мен құрметін сақтау керек және мешіт істерін лайықсыз кісілер емес, пәк әрі иманды адамдар басқаруы тиіс.
Төртіншіден, Мекке - Исламдық үлгідегі қала. Ол һәм ғибадат, һәм қауіпсіздік орталық болып табылады. Негізінде адамдар қауіпсіздік пен тыныштық аясында ғибадат ете алады. Сондықтан дін дүниеден бөлек емес.