Қаң 01, 2017 20:20 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі, 107-112 аяты

Бақара сүресі, 107-112 аяты


Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.

 

 

أَلَمْ تَعْلَمْ أَنَّ اللّهَ لَهُ مُلْكُ السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضِ وَمَا لَكُم مِّن دُونِ اللّهِ مِن وَلِيٍّ وَلاَ نَصِيرٍ ﴿۱۰۷﴾

 

"Білмедің бе? Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Сендер үшін Алладан өзге не дос, не жәрдемші жоқ.(2:107)"

Бәни Исраил құдайдың құдіретін дұрыс түсінбегендіктен, оның билігі шектеулі деп есептеп, үкімдердің өзгеруіне наразы болған еді. Сондықтан Алла тағала барлық ғалам мен адамдардың иесі және оларға жәрдем берушінің Өзі екенін еске салады.

 

 

 

أَمْ تُرِيدُونَ أَن تَسْأَلُواْ رَسُولَكُمْ كَمَا سُئِلَ مُوسَى مِن قَبْلُ وَمَن يَتَبَدَّلِ الْكُفْرَ بِالإِيمَانِ فَقَدْ ضَلَّ سَوَاء السَّبِيلِ ﴿۱۰۸﴾

 

 

"Немесе пайғамбарларыңнан, бұрынғы Мұсадан (ғ) сұралған тәрізді (жоқтан өзгені) сұрағыларың келе ме? Кім иманын қарсылыққа ауыстырса, расында ол тура жолдан адасқан болады.(2:108)"

Осы аят пайғамбардан түрлі керемет көрсетуді талап еткен, иманы әлсіз мұсылмандарға арналған. Исраил ұрпақтары Мұсаға (ғ) "егер Алланы  өз көзімізбен көрсек, Оған иман келтіреміз",-деп, Алланы өздеріне жария түрде көрсетуін және Одан өздеріне хат әкелуін өтінді. Керемет - пайғамбарлықты дәлелдеу жолы, бірақ пайғамбарлар әркімнің өтінішіне орай керемет көрсетуге міндетті емес. Осы аят кейбір адамдар пайғамбарларға негізсіз талап қойып, кәпірлікке жол береді деп ескертеді. Келесі аят мұсылмандарға былай дейді:

 

 

 

وَدَّ كَثِيرٌ مِّنْ أَهْلِ الْكِتَابِ لَوْ يَرُدُّونَكُم مِّن بَعْدِ إِيمَانِكُمْ كُفَّارًا حَسَدًا مِّنْ عِندِ أَنفُسِهِم مِّن بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُمُ الْحَقُّ فَاعْفُواْ وَاصْفَحُواْ حَتَّى يَأْتِيَ اللّهُ بِأَمْرِهِ إِنَّ اللّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۱۰۹﴾وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ وَمَا تُقَدِّمُواْ لأَنفُسِكُم مِّنْ خَيْرٍ تَجِدُوهُ عِندَ اللّهِ إِنَّ اللّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ ﴿۱۱۰﴾

 

"Кітап иелерінің көбі, оларға шындық айқын болғаннан кейін өз күншілдіктерінен сендерді иманнан кейін қарсылыққа қайтаруды қалайды. Алла бір әмірін келтіргенге дейін, оларды кешіріңдер, елемеңдер. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге күші толық жетеді.(2:109) Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың қасында табасыңдар. Шынында Алла тағала не істегендеріңді толық көруші.(2:110)"

Мәдина яһудилері үнемі мұсылмандарды діндерінен шығаруға немесе шамалары келгенше оларды әлсіретуге тырысып бақты. Бұл жерде Құран мұсылмандарға, яһудилер бұл істерін Ислам мен Құранның хақиқатын түсінбегендіктен емес, қайта өздерінің қызғанышы мен кекшілдігі себебінен мұсылмандарды әлсіретуге тырысады деп ескертеді. Ол заманда мұсылмандардың қуаты шамалы болғандықтан, Алла тағала оларға дұшпандардың қысымдарына кешірім білдіруді және кәпірлерге қарсы джихад бастау үкімі келгенше дейін өздерін түзетуге бұйырады. Бұл аят, дұшпанға алдымен қатыгездік көрсетудің орнына, оларды түзету үшін исламдық ахлақ пен мейірімділік таныту керектігін, ал түзетілмесе олармен күресу керектігін баяндайды.

Аяттың жалғасында Жаратушы мұсылмандардың иманын сақтау мақсатында оларды намазды толық орындауға, зекет беруге шақырады. Осының нәтижесінде мұсылмандар өздерінің Жаратушысымен, өзге мұсылмандармен, соның ішінде кедей-кепшіктермен байланысын нығайтады. Құран аяттарында намаз оқумен зекет беру мәселесі бірге айтылады. Өйткені Жаратушыға ғибадат ету, халыққа қызмет етумен ғана толығады. Екінші жағынан егер ...-ның пенделері кедей-кепшіктерге көмек көрсетпесе, тәкәпарлыққа бой алдырады. Бұл арадағы қызықты жайт, істеген әр игі істеріңіздің сыйы Жаратушының жанында сақталады деп, қуанышты хабар айтады. "Бақара" сүресінің 111-112 аяттары Исраил ұрпақтарының атаққұмарлығына сілтеме жасап, былай дейді :

 

 

وَقَالُواْ لَن يَدْخُلَ الْجَنَّةَ إِلاَّ مَن كَانَ هُودًا أَوْ نَصَارَى تِلْكَ أَمَانِيُّهُمْ قُلْ هَاتُواْ بُرْهَانَكُمْ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ ﴿۱۱۱﴾ بَلَى مَنْ أَسْلَمَ وَجْهَهُ لِلّهِ وَهُوَ مُحْسِنٌ فَلَهُ أَجْرُهُ عِندَ رَبِّهِ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ ﴿۱۱۲﴾

 

"Олар: "Жұмаққа яһуди мен христиан ғана кіреді",-деді. Бұл олардың өз ойлары ғана. (Мұхаммед с.ғ.с): "Егер сөздерің шын болса, дәлел келтіріңдер",-де.(2:111) Олай емес, кім жүзін Аллаға жөнелтіп, өзі жақсылық істейтін болса, сонда оған Раббыңның қасында сыйлық бар, оларға қорқыныш жоқ әрі олар қайғырмайды. (2:112)"

Осы аяттар яһудилердің жұмаққа тек біз барамыз деп, дау көтеруін қиял мен арман дейді. Өйткені жұмақ белгілі бір ұлт пен нәсілдің меншігі емес. Оған кірудің шарты - адамдардың игі істері. Жоғардағы аяттар жұмаққа кірудің кілті - Алланың жарлықтарын орындау мен игі істер дейді. Осы аяттардан төмендегідей ғибрат аламыз:

Біріншіден, иманды әлсірететін негізсіз талаптардан аулақ болуымыз керек.

Екіншіден, кәпірлер мен мүшріктерге ең алдымен кешірім түсіністікпен жауап беру керек және бұл кешірім әлсіздіктің нышаны емес, қайта оларды түзелуге шақыру болып табылады.

Үшіншіден, жұмақты бір ұлттың меншігі деп ойламауымыз керек, өйткені жұмаққа кірудің шарты - иман мен игі істер.

Төртіншіден, халыққа қызмет жасап, Алла біздің әр ісімізді толық бақылаушы деп білуіміз керек.

Бесіншіден, дүние мен ақыреттегі тыныштыққа иман мен игі істер арқылы қол жеткізуге болады. Аллаға бой ұсынған әр адам еш нәрседен және ешкімнен қорықпайды.