Қаң 01, 2017 20:33 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі,  90-96 аяты

Бақара сүресі, 90-96 аяты


 

 

Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.

 

 

بِئْسَمَا اشْتَرَوْاْ بِهِ أَنفُسَهُمْ أَن يَكْفُرُواْ بِمَا أنَزَلَ اللّهُ بَغْيًا أَن يُنَزِّلُ اللّهُ مِن فَضْلِهِ عَلَى مَن يَشَاءُ مِنْ عِبَادِهِ فَبَآؤُواْ بِغَضَبٍ عَلَى غَضَبٍ وَلِلْكَافِرِينَ عَذَابٌ مُّهِينٌ ﴿۹۰﴾

 

"Олар, Алла тағаланың өз кеңшілігінен құлдарынан қалағанына түсіргенін (Құранды) қызғанып қарсы келумен өздерін нендей жаман нәрсеге айырбастайды да олар ашу үстіне ашуға ұшырады. Қарсы болушылар үшін қорлаушы азап бар. (2:90)"

Ислам Пайғамбарының келуін күткен яһудилер оған иман келтіру үшін, өздерінің ұлтшылдығы бойынша, ол хазірет те Исраил ұрпағынан болады деп ойлады. Бірақ олай болмаған соң, өздерінің қызғанышы мен ұлтшылдығы кесірінен Исламды қабылдамай, тіпті Алланың бұл ісіне наразылық етіп, зиян көрушілерден болды. Олар иман мен бақытты өздерінің нәпсіқұмарлығына айырбастап, Алланың азабына ұшырады. "Бақара" сүресінің 91-ші аяты Исраил қауымының өтірігі мен міншілдігін әшкерелейді:

 

 

 

وَإِذَا قِيلَ لَهُمْ آمِنُواْ بِمَا أَنزَلَ اللّهُ قَالُواْ نُؤْمِنُ بِمَا أُنزِلَ عَلَيْنَا وَيَكْفُرونَ بِمَا وَرَاءهُ وَهُوَ الْحَقُّ مُصَدِّقًا لِّمَا مَعَهُمْ قُلْ فَلِمَ تَقْتُلُونَ أَنبِيَاءَ اللّهِ مِن قَبْلُ إِن كُنتُم مُّؤْمِنِينَ ﴿۹۱﴾

 

"Әрқашан оларға: "Алла түсіргенге (Құранға) иман келтіріңдер",-делінсе: "Өзімізге түсірілгенге, иман келтіреміз",-деп, олар оның тысындағыға (Құранға) қарсы болады. Олардың қасындағы Тәуратты растаушы Құран хақ. (Мұхаммед (ғ)) оларға: "Егер (Тәуратқа) иман келтірген болсаңдар, бұрын Алланың елшілерін неге өлтірдіңдер?",-де. (2:91)"

Осы аят Исраил қауымына: "Егер пайғамбар сендердің ұрпақтарыңнан болмаса және оған иман келтірмейтін болсаңдар, өз ұрпақтарыңнан болған пайғамбарларды неге жоққа шығарып, өлтірдіңдер?",-деп айыптайды. Илаһи кітаптағы барлық нәрсе бір Алланың тарапынан келген және барлық халықтарға арналған. Ол белгілі бір ұлт пен нәсілге тиесілі емес. Құран Кәрім өзінің келесі аятында олардың өтірігін әшкерелеп, былай дейді:

 

 

وَلَقَدْ جَاءكُم مُّوسَى بِالْبَيِّنَاتِ ثُمَّ اتَّخَذْتُمُ الْعِجْلَ مِن بَعْدِهِ وَأَنتُمْ ظَالِمُونَ ﴿۹۲﴾ وَإِذْ أَخَذْنَا مِيثَاقَكُمْ وَرَفَعْنَا فَوْقَكُمُ الطُّورَ خُذُواْ مَا آتَيْنَاكُم بِقُوَّةٍ وَاسْمَعُواْ قَالُواْ سَمِعْنَا وَعَصَيْنَا وَأُشْرِبُواْ فِي قُلُوبِهِمُ الْعِجْلَ بِكُفْرِهِمْ قُلْ بِئْسَمَا يَأْمُرُكُمْ بِهِ إِيمَانُكُمْ إِن كُنتُمْ مُّؤْمِنِينَ ﴿۹۳﴾

 

"Сендерге Мұса (ғ) ашық дәлелдер әкелгеннен кейін де бұзауды тәңір жасап алдыңдар. Сендер залымсыңдар. (2:92) Сол уақытты еске алыңдар. Бастарыңа Тұр тауын көтеріп тұрып: «Сендерге біз бергенді (Тәуратты) мықты ұстаңдар да құлақ салыңдар»,-деп серт алған едік. Олар: «Құлақ салдық, қарсы болдық»,-деді. Өйткені қарсылықтарының салдарынан жүректеріне бұзау сіңіп алған. (Мұхаммед (ғ)) оларға: «Егер (Тәуратқа) иман келтірген болсаңдар, имандарың сендерге нендей жаман нәрсені (бұзауға табынуды) бұйырған»,-де. (2:93)"

Бұл аят та Исраил қауымын сынайды. Алла тағала олардың сертті бұзу, бұзауға табыну және пайғамбарларды өлтіруге ұласатын иманына таңданады. Негізінде иман дегеніміз – адамды шындыққа, аманатшылық пен тәухидке апаратын жол. Ал пайғамбарлар тәрізді жер бетіндегі ең абзал адамдарды өлтіру кешірілмейтін зор қылмыс. Бұл аят ақиқат қаншалықты айқын болғанымен, көпшілік нәпсінің себебінен оны қабылдамайтынын көрсетеді. Келесі жағынан қазіргі заманда куә болып отырғанымыздай, менменшілдік пен қызғаныш және кекшілдік жоқ жерде Ислам терең әсер етеді.

 

 

 

قُلْ إِن كَانَتْ لَكُمُ الدَّارُ الآَخِرَةُ عِندَ اللّهِ خَالِصَةً مِّن دُونِ النَّاسِ فَتَمَنَّوُاْ الْمَوْتَ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ ﴿۹۴﴾ وَلَن يَتَمَنَّوْهُ أَبَدًا بِمَا قَدَّمَتْ أَيْدِيهِمْ وَاللّهُ عَلِيمٌ بِالظَّالِمينَ ﴿۹۵﴾

 

"(Мұхаммед (ғ)): "Егер Алланың қасындағы ақырет жұрты, елден ерекше нағыз сендер үшін ғана болса, өлім тілеңдерші! Шыншыл болсаңдар",-де. (2:94) Бірақ олар қолекі істеп, ілгері жіберген қылмыстары себепті сірә өлім тілемейді. Алла залымдарды толық біледі. (2:95)"

Ізгі амалдар жасап, Алламен жүздесуге және амалдарына қисап жасалатынына сенетін адамдар үшін өлім – бақытты өмірдің бастамасы. Пайғамбарлар мен әулиелер өлімнен қорықпай, қайта Жаратушымен кездесуге құштар болады. Осыған байланысты хазірет Әли(ғ) өзі туралы: "Әбу-Тәліптің ұлының өлімге деген құштарлығы – сәбидің ана сүтіне деген құштарлығынан да көбірек",-дейді. Алайда өлімді жойылу деп ойлайтындар одан өте қорқады. Сондай-ақ өлімнен кейін өмірдің бар екеніне сенетін, бірақ ізгі істер жасамағандар өлімнен сескенеді. Бұл арада Құран өздерінің менменшілдігі және артықшылық сезімімен кез-келген күнә мен қылмыс жасайтын Исраил қауымының ожданын төрелікке шақырып: "Егер пейіш тек өздеріңе ғана тиесілі десеңдер онда Алланың нығметтеріне тезірек бөлену үшін өлуді аңсар едіңдер",-дейді, бірақ Исраил қауымы ешуақытта өлімді тілеген емес.

 

 

 

وَلَتَجِدَنَّهُمْ أَحْرَصَ النَّاسِ عَلَى حَيَاةٍ وَمِنَ الَّذِينَ أَشْرَكُواْ يَوَدُّ أَحَدُهُمْ لَوْ يُعَمَّرُ أَلْفَ سَنَةٍ وَمَا هُوَ بِمُزَحْزِحِهِ مِنَ الْعَذَابِ أَن يُعَمَّرَ وَاللّهُ بَصِيرٌ بِمَا يَعْمَلُونَ ﴿۹۶﴾

 

"(Мұхаммед (ғ)) Яһудилер жалпы адамдардан да мүшріктерден де тіршілікке (ұзақ өмірге) тым құмар екенін көресің. Олардың әрбіреуі мың жыл өмір сүруді арман етеді. Алайда өмір оны азаптан арашаламайды. Алла тағала олардың істегендерін толық көруші. (2:96)"

Бұл аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, дін – заңдар мен ережелер жинағы және оның барлығына иман келтіру керек. Аллаға сене тұрып, оның пайғамбарын қабылдамауға немесе кейбір заңдарын ғана орындауға болмайды. Аллаға нағыз сенетін мүмин барлық пайғамбарлар мен барлық нұсқауларға иман келтіреді.

Екіншіден, өмірдің ұзақ болуы маңызды емес екендігін ұмытпау керек. Өмірдің сапасы және Аллаға жақын болу маңызды. Адам әрқашан өлімге дайын болатындай өмір сүрген жағдайда, өлімнен қорқуына ешқандай дәлел қалмайды. Хазірет Саджад(ғ) өз дұғаларының бірінде: "Иә Алла! Егер менің өмірім саған құлшылық етудің құралы болса, оны ұзақ қыла гөр, егер онда шайтан жайылатын болса, оны тоқтата гөр!",-дейді.