Бақара сүресі, 84-89 аяты
Бақара сүресі, 84-89 аяты
Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.
وَإِذْ أَخَذْنَا مِيثَاقَكُمْ لاَ تَسْفِكُونَ دِمَاءكُمْ وَلاَ تُخْرِجُونَ أَنفُسَكُم مِّن دِيَارِكُمْ ثُمَّ أَقْرَرْتُمْ وَأَنتُمْ تَشْهَدُونَ ﴿۸۴﴾
"(Әй яһудилер!) бір заманда: "Бір-біріңнің қандарыңды төкпеңдер, өз-өздеріңді жұрттарыңнан шығармаңдар",-деп, уәде алған едік. Сөйтіп мақұлдап куә болған едіңдер. (2:84)"
Алланың алты әмірін баяндаған осыдан бұрынғы аятты жалғастыра келе, бұл аят адамның жанын қорғау, тұрғылықты жер мен отан жөніндегі тағы екі әміріне тоқталады. Әр қоғамның ең қарапайым зәруліктерінің бірі – адамдардың қауіпсіздігін сақтау болып табылады және ол барлық илаһи діндерге ортақ мәселе. Адамның ұлты мен діні қандай болмасын, ол ең алдымен "тіршілік ету" хақына ие. Сондықтан адам өлтіру ең ауыр күнә. Мұның дүниедегі жазасы – құнын төлеу, ал ахиреттегі жазасы – тозақта мәңгі қалу. Отанға деген сүйіспеншілік дін де құрметтейтін табиғи сезім, сондықтан ешкімді отанынан шығаруға болмайды. Бұл аяттардан түсінетініміз:
Біріншіден, артықшылық талап ету мен ұлтшылдыққа тыйым салынады. Алланың алдында барлық адамдар бірдей және олардың ешқайсысының артықшылығы жоқ.
Екіншіден, Алланың жазасы мен сауабы арман мен қиял үшін емес, иман мен амал үшін беріледі. Негізінде амалсыз үміт түкке тұрмайды.
Үшіншіден, кейде күнә адамның жаны мен тәнін баурап алады. Сондықтан мұндай адамның сөзі мен ісі де бұзылады.
Төртіншіден, Алла тағала адамды бақытқа жеткізуі үшін мына серттерді алған; бір құдайға құлшылық ету; ата-анаға жақсылық істеу; кедейлер мен жетім-жесірлерге, көршілер мен туыстарға қарасу; жұртпен жылы сөйлеу; намаз оқу; зекет беру; кісі өлтірмеу және қан төкпеу; біреудің баспанасы мен отанына қол сұқпау.
ثُمَّ أَنتُمْ هَؤُلاء تَقْتُلُونَ أَنفُسَكُمْ وَتُخْرِجُونَ فَرِيقًا مِّنكُم مِّن دِيَارِهِمْ تَظَاهَرُونَ عَلَيْهِم بِالإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَإِن يَأتُوكُمْ أُسَارَى تُفَادُوهُمْ وَهُوَ مُحَرَّمٌ عَلَيْكُمْ إِخْرَاجُهُمْ أَفَتُؤْمِنُونَ بِبَعْضِ الْكِتَابِ وَتَكْفُرُونَ بِبَعْضٍ فَمَا جَزَاء مَن يَفْعَلُ ذَلِكَ مِنكُمْ إِلاَّ خِزْيٌ فِي الْحَيَاةِ الدُّنْيَا وَيَوْمَ الْقِيَامَةِ يُرَدُّونَ إِلَى أَشَدِّ الْعَذَابِ وَمَا اللّهُ بِغَافِلٍ عَمَّا تَعْمَلُونَ ﴿۸۵﴾
"Содан кейін өздеріңді өлтіресіңдер, бір бөлімдеріңді жұрттарыңнан шығарасыңдар әрі оларға қарсы жауыздық, дұшпандыққа өзара көмектесесіңдер. Егер олар сендерге тұтқын болып келсе, оларға бодау беріп құтқарасыңдар. Негізінен сендерге оларды жұрттарынан шығаруға тыйым салынған. (Алла, олардан бір-бірін өлтірмеске, жұрттарынан шығармасқа, қастандық істемеске, тұтқынға түссе, төлеу беріп құтқаруға уәде алады. Бірақ олар соңғысын ғана орындамақшы болады.) Сендер Кітаптың кейіне сеніп, кейіне қарсы келесіңдер ме? Сендерден кім мұндай істесе, әрине олардың жазасы дүние тіршілігінде қорлық әрі қиямет күнінде қатты қинауға қайтарылады (салынады). Және Алла істеген істеріңнен ғапыл емес. (2:85)"
Бұл аят Исраил қауымын, бір-бірін өлтірмеу және жұрттарынан шығармау жөнінде Аллаға берген серттерін бұзғандары үшін айыптап: "Бұл арада сендердің Тәурат үкімі бойынша тұтқынның құнын төлеп, оны босатуларың таңдандырады. Сендер бір-біріңді өлтіресіңдер, бірақ бір-біріңе тұтқын болғыларың келмейді. Егер тұтқын болуға намыстансаңдар, адам өлтіру және елінен қуу одан да ауыр күнә. Тұтқынның құнын төлеп оны босату Тәураттың заңы болса, кісі өлтірмеу мен елінен қуу да Тәураттың заңы. Шын мәнінде сендер илаһи кітапқа емес, өз нәпсілеріңе ересіңдер. Өйткені әрқашан құдайдың бұйрығы сендердің мүдделеріңе сай келсе оны қабылдап, ал сәйкес келмесе оны орындаудан бас тартасыңдар, тіпті бір-біріңе күнә жасауға көмектесесіңдер",-дейді. Бұл аят, нағыз иманның белгісі – амал дейді. Жеке бастың мүддесіне ғана сай емес, қайта құдайдың бұйрығына сәйкес келетін амал. Күнә жасауға да, оны жасауға жәрдемдесуге де тыйым салынған. Пайғамбар (с) әулетінен Имам Казем(ғ) бір мұсылманға былай деген екен: "Аббаси халифасы Һарун әр-Рәшидтің сарайындағылар қажылыққа баратын болса, оларға түйені жалға беруге болмайды, өйткені ақшаны қайтарып береді деп оның аман-сау қайтып келуін тілейсің, ал залымның саулығын тілеу күнә болып саналады".
أُولَئِكَ الَّذِينَ اشْتَرَوُاْ الْحَيَاةَ الدُّنْيَا بِالآَخِرَةِ فَلاَ يُخَفَّفُ عَنْهُمُ الْعَذَابُ وَلاَ هُمْ يُنصَرُونَ ﴿۸۶﴾
"Осындай ақыретті беріп, дүние тіршілігін айырбастап алғандар, олардан азап жеңілтілмейді де оларға көмек те болмайды. (2:86)"
Бұл аят, олардың Алланың бұйрықтарын бұзып, кісі өлтіруі және бірін-бірі отаннан қуып шығаруының себебіне тоқталып: "Олар тек осы дүниедегі өмірді ғана ойлайды және өз мүдделеріне сай келетін үкімдерді орындап, ахиретке байланысты бұйрықтарға мән бермейді",-деп баяндайды. Яһудилер осындай дүниеқұмарлық пен күнәға барса да азапталмаймыз деп ойлайды. Бірақ адамдар барлық күнәларына жауап береді.
وَلَقَدْ آتَيْنَا مُوسَى الْكِتَابَ وَقَفَّيْنَا مِن بَعْدِهِ بِالرُّسُلِ وَآتَيْنَا عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ الْبَيِّنَاتِ وَأَيَّدْنَاهُ بِرُوحِ الْقُدُسِ أَفَكُلَّمَا جَاءكُمْ رَسُولٌ بِمَا لاَ تَهْوَى أَنفُسُكُمُ اسْتَكْبَرْتُمْ فَفَرِيقًا كَذَّبْتُمْ وَفَرِيقًا تَقْتُلُونَ ﴿۸۷﴾
"Расында Мұсаға (ғ) кітап бердік те, одан кейін пайғамбарларды жалғасты түрде жібердік. Және Мәриям ұлы Ғисаға(ғ) да мұғжизалар беріп, Жебрейіл (ғ) арқылы қуаттадық. Әрқашан сендерге бір пайғамбар көңілдерің қаламаған нәрсе келтірсе, тәкаппарланасыңдар. Олардың бір бөлімін (Ғиса, Мұсаны) жасынға шығарып, (Закария, Яхияны) бір бөлімін өлтірдіңдер. (2:87)"
Бұл аят, Алла адамдарды жолдауға үнемі көңіл аударып отырғанына меңзеп: "Мұсадан (ғ) кейін Исраил ұрпағына басқа да пайғамбарлар жібердік, солардың бірі – хазірет Ғайса (ғ) болды",-дейді. Бірақ өздерінің дүниеқұмарлығы мен нәпсіқұмарлығы себебінен олар осы пайғамбарларды қабылдамады тіпті олардың кейбіреуін нақақ өлтірді. Өйткені пайғамбарлар олардың шариғатқа қайшы талаптарын қолдамаған еді.
وَقَالُواْ قُلُوبُنَا غُلْفٌ بَل لَّعَنَهُمُ اللَّه بِكُفْرِهِمْ فَقَلِيلًا مَّا يُؤْمِنُونَ ﴿۸۸﴾
"Олар: "Жүрегіміз перделі",-деді. Жоқ, Алла оларды, қарсы болуларының салдарынан қарғады. Сондықтан азы ғана иман келтірді. (2:88)"
Дандайсыған қырсық адамдар пайғамбарлар шақырған кезде әжуалап: "Біз мұндай сөздерді түсінбейміз де, түсіне де алмаймыз",-деп жауап берді. Бірақ Құран оларға: "Пайғамбарлардың сөзі халыққа түсінбейтіндей емес, қайта кейбіреулердің қырсықтығы мен шындықты жасыруы ақиқатты қабылдатпай, аз иман келтіруіне себепші",-деп жауап береді. Адам нәпсінің азғыруына салынып кеткендіктен, жүрегін менменшілдіктің қалың пердесі жауып, ақиқаттың мән-мағынасын емес, тек сыртқы бейнесін ғана қабылдайды. Бұл аяттан үйренетініміз:
Біріншіден, біздің қалауымызға сай келген құдайдың кейбір үкімдерін қабылдап, қаламайтын үкімдерге мән бермейтіндей емес, олардың барлығын қабылдап, орындауымыз керек.
Екіншіден, Алла тағала біздің амалдарымызды көріп тұрады. Кейде біз ғапыл болғанмен, Ол ғапыл емес екендігін білуіміз керек.
Үшіншіден, Алланың заңдары алдында барлығы бірдей. Кейбіреулер Алла біздің қауымды көбірек жақсы көреді десе, қателескені. Мұндай жалған қиялдар олардың азабын кемітпейді.
Төртіншіден, Алла тағала адамзатты дұрыс жолға салу үшін көптеген пайғамбарларды жіберді, бірақ адамдар шүкір етудің орнына, оларды жоққа шығарып, өлтіруге де барды.
Бесіншіден, адамның бақытты не бақытсыз болуы өзінің қолында. Адамдар өздерінің қырсықтығы мен ақиқатты мойындамауы салдарынан Алланың азабына ұшырайды. Әйтпесе Алла баршаның дұрыс жолға түсуіне жағдай жасады.
وَلَمَّا جَاءهُمْ كِتَابٌ مِّنْ عِندِ اللّهِ مُصَدِّقٌ لِّمَا مَعَهُمْ وَكَانُواْ مِن قَبْلُ يَسْتَفْتِحُونَ عَلَى الَّذِينَ كَفَرُواْ فَلَمَّا جَاءهُم مَّا عَرَفُواْ كَفَرُواْ بِهِ فَلَعْنَةُ اللَّه عَلَى الْكَافِرِينَ ﴿۸۹﴾
"Олардың қасындағы Тәуратты, растаушы Құран келген шақта, олар бұрын (ақыр заман пайғамбары арқылы кәпірлерге) үстемдік тілеген бола тұра өздерінің Тәуратта таныған (Мұхаммед (ғ)) келген заманда, қарсы шықты. Қарсы болушыларға Алланың лағынеті болсын. (Мединелік яһудилер, ақыр заман Пайғамбары келуден бұрын кәпірлерге: «Біздің дінімізді қостаушы Пайғамбардың келуі жақын» дейтін еді. Бірақ ақыр заман Пайғамбары Исраил ұрпақтарынан болмағандықтан қарсы шықты.) (2:89)"
Оларға Алла тағала тарапынан өз қолдарындағы жазбаларға сәйкес белгілері бар Кітап (Құран) келгенде, кәпірлерді жеңеміз деп шықты. Бірақ олардың танитын адамы келгенде, оны жоққа шығарып, күпірлік етті. Алла кәпірлерге лағынет етсін. Исраил қауымы хазірет Мұса (ғ) мен Тәурат бұйрықтарына қарсылық білдірді. Бұл аят, Тәуратта Ислам Пайғамбарының белгілері айтылған соң, оның келуін күтіп, Исламның алғашқы кезінде жан-жақтан Хиджазға қоныс аударған яһудилер жайлы. Мәдина қаласы мен оның маңайында орналасқан яһудилер Мәдинаның пұтқа табынушыларына: "Жақында Мұхаммед есімді пайғамбар келеді, біз оған иман келтіріп, дұшпандарымызды жеңеміз",-дейді. Алайда Пайғамбар (с) Мәдинеге көшіп келгенде, ондағы пұтқа табынушылар оған иман келтіреді, ал яһудилер болса қырсығып, оны мойындамай, Тәуратта жазылғанды жоққа шығарады. Сол себептен бұл аят: "Білім жеткіліксіз, ақиқатты мойындау қабілеті керек",-дейді. Яһуди ғұламалары Ислам Пайғамбарын таныса да, қырсығып, оны мойындамады.