Қаң 01, 2017 21:30 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі,  76-83 аяты

Бақара сүресі, 76-83 аяты


Мейірімді рақымды Алланың атымен бастаймыз.

 

وَإِذَا لَقُواْ الَّذِينَ آمَنُواْ قَالُواْ آمَنَّا وَإِذَا خَلاَ بَعْضُهُمْ إِلَىَ بَعْضٍ قَالُواْ أَتُحَدِّثُونَهُم بِمَا فَتَحَ اللّهُ عَلَيْكُمْ لِيُحَآجُّوكُم بِهِ عِندَ رَبِّكُمْ أَفَلاَ تَعْقِلُونَ ﴿۷۶﴾أَوَلاَ يَعْلَمُونَ أَنَّ اللّهَ يَعْلَمُ مَا يُسِرُّونَ وَمَا يُعْلِنُونَ ﴿۷۷﴾

 

"Ал қашан олар мүміндерге кездессе: "Біз де иман келтірдік",-деп, егер олар бір-бірімен жекелене қалса (бастықтары, адамдарына): "Алланың сендерге ашқан сырын, (Тәураттағы Мұхаммедтің (с) сипаттарын) мұсылмандардың сендерге Раббыларыңның қасында дәлелдеулері үшін оларға айтасыңдар ма? Түсінбейсіңдер ме?",-дейді. (2:76) Олар білмей ме? Негізінде Алла олардың көрнеу, көмес істегендерін біледі. (2:77)"

Исламның алғашқы кезінде кейбір яһудилер мұсылмандармен кездескенде: "Сендердің пайғамбарларыңның белгілері Тәуратта жазылғандықтан, біз де сендердің діндеріңе иман келтіреміз",-дейтін, бірақ дәл солар өздерімен жеке қалғанда: "Мұхаммедтің белгілерін мұсылмандарға неге айтасыңдар? Олар бұл сөздеріңді қиямет күні өздеріңе қарсы қолданады",- деп бір-бірін айыптайтын. Яһуди ғұламаларының осылай ақиқатты бұрмалауы мен олардың көбі шындықты жасыруының нәтижесінде, қазіргі таңда әлемде христиандар мен яһудилер көбейді.

 

 

 

وَمِنْهُمْ أُمِّيُّونَ لاَ يَعْلَمُونَ الْكِتَابَ إِلاَّ أَمَانِيَّ وَإِنْ هُمْ إِلاَّ يَظُنُّونَ ﴿۷۸﴾

 

"Олардың ішінде надандары да бар. Кітапты білмейді. Олар тек қана үйретіндіні және бос ойларды ғана ойлайды.(2:78)"

Бұл аят, осыдан бұрын айтылған Тәурат ақиқаттарын өзгертіп жасыратын яһуди ғалымдарына керісінше, Тәураттың мазмұнын танымайтын сауатсыз және өз қиялдарымен ғана жүретін яһудилер туралы. Олардың ойынша Тәуратта еврейлер ең абзал қауым деп есептеледі. Олар құдайдың сүйікті халқы және қиямет күні тек олар ғана құтқарылады. Олар тозаққа түспейді және жазаға тартылғанның өзінде, бірнеше күннен артық қиналмайды. Мұндай пікірлер басқа дінді ұстанатын адамдардың арасында да болуы мүмкін, бірақ мұның бәрі илаһи кітаптарды білместіктен шығады. Әйтпесе ешбір илаһи дінде мұндай негізсіз ойлар жоқ.

 

 

 

فَوَيْلٌ لِّلَّذِينَ يَكْتُبُونَ الْكِتَابَ بِأَيْدِيهِمْ ثُمَّ يَقُولُونَ هَذَا مِنْ عِندِ اللّهِ لِيَشْتَرُواْ بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا فَوَيْلٌ لَّهُم مِّمَّا كَتَبَتْ أَيْدِيهِمْ وَوَيْلٌ لَّهُمْ مِّمَّا يَكْسِبُونَ ﴿۷۹﴾

 

"Сондай кітапты қолдарымен жазып, сонан соң аз ақшаға (дүниелікке) сату үшін: "Осы Алланың қасынан келгені",-дегендерге нендей өкініш! Және олардың қол жазғандарына нендей өкініш! Сондай-ақ олардың табыстарына нендей өкініш! (2:79)"

Тарихта дінді өздерінің дүниеқұмарлық мақсатында пайдаланған ғұламалар кездеседі. Дінмен жамылғандар, тауар сатып, пайда көретін саудагерлер сияқты, дінді сатып, байлық жинамақшы болған. Бұл аят, жұртты өзіне қарату үшін немесе әкім-билерден мансап алу немесе жеке басының, яки бір топтың мүддесін қорғау үшін илаһи дінге бедғат енгізуді әңгімелейді. Құран мұны "уәйл" яғни "өкініш" деген сөзбен қатаң айыптайды. Осы аяттардан үйренетініміз:

Біріншіден, халықтың барлығы бірдей иман келтіреді деп ойлаған дұрыс, бірақ олардың көбісі ақиқатты мойындамайтынын да білген жөн. Сондықтан олардың иман келтірмеуі бізді күмәнға салмауы тиіс.

Екіншіден, ең үлкен қиянат – мәдени қиянат. Ақиқатты өзгертіп, жасыру көптеген ұрпақтың шындықты түсінуіне кедергі жасап, қоғамның адасуына себепші болатын қиянат болып табылады.

Үшіншіден, дінге ерушілердің илаһи кітаптан әсіресе Құраннан алшақтауы, олардың арасында түрлі ырымдар мен сауатсыздықтың жайылып, үлкен түйткілдердің пайда болуына себеп болады.

Төртіншіден, ғұламалар дінді бұрмалап немесе дінді сатумен халыққа зор апат әкеледі. Сол себептен халық абай болуы тиіс. Әркім өзін діни адаммын десе де, оның кез-келген сөзін қабылдамауы тиіс.

 

 

 

وَقَالُواْ لَن تَمَسَّنَا النَّارُ إِلاَّ أَيَّامًا مَّعْدُودَةً قُلْ أَتَّخَذْتُمْ عِندَ اللّهِ عَهْدًا فَلَن يُخْلِفَ اللّهُ عَهْدَهُ أَمْ تَقُولُونَ عَلَى اللّهِ مَا لاَ تَعْلَمُونَ ﴿۸۰﴾

 

"Олар: "Бізді тозақ оты санаулы күндер ғана (азапта) ұстайды",-дейді. (Мұхаммед (с) оларға: "Алладан уәде алдыңдар ма? Алла уәдесін сірә бұзбайды. Немесе Аллаға білмегендеріңді айтасыңдар ма?",-де. (2:80)"

Илаһи кітаптан бейхабар қарапайым яһудилер өздерін басқаларға қарағанда құдайға жақынбыз және абзал қауыммыз деп ойлады. Сондықтан бұл аят, кейбір осындай негізсіз қиялдарды баяндайды. Олар: "Егер күнә жасасақ, біздің жазамыз басқалардан азырақ болады. Біз бірнеше күн ғана азапталамыз",-дейді. Аталмыш аят осындай теріс пікірді жоққа шығарып: "Бұл сендердің құдайға қосып отырған надан сөздерің, өйткені Алла адамдардың барлығын бірдей етіп жаратқан, олардың жазасы мен сауабы айырмашылық етпейді",-деді. Қандайда бір ұлт, тайпа немесе дін бойынша артықшылық қалау қисынға жатпайды. Адамдар тақуа жағынан ғана артықшылыққа ие және қиямет күнінде жаза мен сауап та осыған байланысты.

 

 

 

بَلَى مَن كَسَبَ سَيِّئَةً وَأَحَاطَتْ بِهِ خَطِيئَتُهُ فَأُوْلَئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۸۱﴾وَالَّذِينَ آمَنُواْ وَعَمِلُواْ الصَّالِحَاتِ أُولَئِكَ أَصْحَابُ الْجَنَّةِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۸۲﴾

 

"Керісінше, кім жамандық істесе, қателіктері оны баурап алса, сонда олар тозақтық болады да олар онда мәңгі қалады. (2:81) Ал және сондай иман келтіріп, түзу амал істегендер, жұмақтық болып, олар мәңгі қалады. (2:82)"

Осыдан бұрынғы аят яһудилердің тозаққа бармаймыз деген негізсіз қиялын баяндап, оны құдайға тағылған өтірік деп санайды. Осы екі аят қиямет күніндегі жаза мен сауап туралы былай дейді: "Кімде-кім әдейі күнә жасап, оған салынып кетсе тозақтың отында мәңгі қалады және одан құтыла алмайды. Бұл жаза яһуди болсын басқа қауым болсын, бәріне бірдей беріледі". Осы тәрізді Алланың жәннәтына кірудің өлшемі - иман мен ізгі амал. Адам пейішке қиялы мен арманы бойынша емес, иманы мен ізгі істері бойынша кіреді.

 

 

 

وَإِذْ أَخَذْنَا مِيثَاقَ بَنِي إِسْرَائِيلَ لاَ تَعْبُدُونَ إِلاَّ اللّهَ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَقُولُواْ لِلنَّاسِ حُسْنًا وَأَقِيمُواْ الصَّلاَةَ وَآتُواْ الزَّكَاةَ ثُمَّ تَوَلَّيْتُمْ إِلاَّ قَلِيلًا مِّنكُمْ وَأَنتُم مِّعْرِضُونَ ﴿۸۳﴾

 

"Бір заманда, Исраил ұрпақтарынан: "Алладан басқаға құлшылық қылмаңдар, әке-шешеге жақсылық істеңдер, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге қамқорлық жасаңдар, адамдарға көркем сөз сөйлеңдер, намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер",-деп ант алған едік. Содан кейін бет бұрдыңдар. Сендерден аз-ақ адам қалды. Өйткені сендер ежелден бет бұрушысыңдар. (2:83)"

Осыған дейінгі аяттарда Исраил қауымының серті туралы айтылып, оның егжей-тегжейіне тоқталмаған еді. Осы аятта берген серттері мен оны орындамағандар жазаланатыны айтылады. Адамдарға пайғамбарлар арқылы жеткізілетін Алланың серттері адамның табиғатына сәйкес келеді. Алла тағала осы діни қасиетті барлық адамның бойына салған. Барлық пайғамбарлардың ортақ мақсаты – тәухид пен бір Аллаға құлшылық ету. Сондықтан тек тәухид шеңберіндегі істер ғана бақытқа жеткізеді. Аллаға құлшылық етуден кейінгі келесі нұсқау ата-ананы тыңдау және оларға жақсылық істеу болып табылады. Өйткені олар біздің дүниеге келуімізге себепші болып, Алла солар арқылы бізге мейірімін жаудырады. Ата-анаға жақсылық істеумен қатар, қоғамдағы жағдайы нашар адамдарға қарасқан жөн. Яғни адам өзі мен өзінің жанұясына ғана емес, өзін қоршаған қоғамға да көңіл аударуы тиіс. Халыққа қызмет етумен қоса, адамның жаратушысымен байланысын сақтау үшін намаз оқудың қажеттілігі айтылған. Сонымен қатар Аллаға құлшылық ететін адамның ісімен қоса, барша адамдарға, мүминге де кәпірге де айтатын сөзі де ізгі болуы тиіс.