Қаң 01, 2017 21:33 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі, 57-61 аяты

Бақара сүресі, 57-61 аяты


Алла тағала Бәни Исраил қауымына көптеген нығметтер бергенімен, олар халықтар арасындағы ең қырсық және өте міншіл қауым болған. "Бақара" сүресінің 57-шіден 62-шіге дейінгі аяттары Алланың Бәни Исраил қауымына берген басқа да нығметтеріне және олардың міншілдіктеріне меңзейді. Құран әңгімелері тек бір дастанды баяндау ғана емес, қайта адамзат өміріндегі оқиғалар болып табылады және шынайы, ғибрат аларлық әрі көркем болғандықтан ақыл иелері одан өнеге алады.

 

 

وَظَلَّلْنَا عَلَيْكُمُ الْغَمَامَ وَأَنزَلْنَا عَلَيْكُمُ الْمَنَّ وَالسَّلْوَى كُلُواْ مِن طَيِّبَاتِ مَا رَزَقْنَاكُمْ وَمَا ظَلَمُونَا وَلَكِن كَانُواْ أَنفُسَهُمْ يَظْلِمُونَ ﴿۵۷﴾وَإِذْ قُلْنَا ادْخُلُواْ هَذِهِ الْقَرْيَةَ فَكُلُواْ مِنْهَا حَيْثُ شِئْتُمْ رَغَدًا وَادْخُلُواْ الْبَابَ سُجَّدًا وَقُولُواْ حِطَّةٌ نَّغْفِرْ لَكُمْ خَطَايَاكُمْ وَسَنَزِيدُ الْمُحْسِنِينَ ﴿۵۸﴾

 

"Үстеріңе бұлтты көлеңке етіп және сендерге Мәнна, Сәлуаны (бөдене мен құдірет шекерін) түсірдік. "Сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер" (дедік). Олар бізге емес өздеріне ғана қастық қылды. (2:57) Сол уақытта оларға: "Осы кентке кіріңдер, одан қалағандарыңша жеңдер. Және есіктен бас қойып, (хытта) "күнәмызды кеш" деп кіріңдер. Қателіктеріңді жарылқап, игілік істеушілердің сауабын арттырамыз",-дедік. (2:58)"

Алла тағала Бәни Исраил қауымын перғауынның құлдығынан құтқарған соң, оларды Палестинаға жібереді. Бірақ ол жерді залымдар билеп тұр деген сылтаумен олар барудан бас тартады. Сонда олар Алланың қаһарына ұшырап, қырық жыл бойы Синай шөлінде сергелдең болады. Осы мерзім ішінде Бәни Исраил қауымының бір тобы өкініштерін білдіреді, сонда Алла тағы да оларға мейірімін жаудырады. Жоғарыдағы аяттар сол нығметтерді баяндайды. Солардың бірі – құрғақ және ыстық шөлде олардың үстіне бұлт жіберіп, көлеңкелеу, "мәннә" деп аталатын өсімдік дәнін және "сәлуа" деп аталатын құстарды беруі. Қырық жылдан соң Алла Бәни Исраил қауымына тағы да Бейт-ул-Мұқаддасқа сәжде жасап "Уа Раббымыз! Күнәларымызды кешіре гөр" деген сөзбен кіруге бұйрық береді. Бұл аят, олардың күнәларын Алла тек осы жағдайда ғана кешіреді деп ескертеді. Бұл аятта, адамдар рухын ластамай, өзінің пәк табиғатын сақтауы үшін таза және хәлал тағамдарды пайдалануы керек дейді.

"Бақара" сүресінің 59-шы 60-шы аяттарында Бәни Исраил қауымының тағы да қырсылық білдіріп, Алланың сөзіне құлақ аспағандары жайлы айтылған.

 

 

فَبَدَّلَ الَّذِينَ ظَلَمُواْ قَوْلًا غَيْرَ الَّذِي قِيلَ لَهُمْ فَأَنزَلْنَا عَلَى الَّذِينَ ظَلَمُواْ رِجْزًا مِّنَ السَّمَاء بِمَا كَانُواْ يَفْسُقُونَ ﴿۵۹﴾ وَإِذِ اسْتَسْقَى مُوسَى لِقَوْمِهِ فَقُلْنَا اضْرِب بِّعَصَاكَ الْحَجَرَ فَانفَجَرَتْ مِنْهُ اثْنَتَا عَشْرَةَ عَيْنًا قَدْ عَلِمَ كُلُّ أُنَاسٍ مَّشْرَبَهُمْ كُلُواْ وَاشْرَبُواْ مِن رِّزْقِ اللَّهِ وَلاَ تَعْثَوْاْ فِي الأَرْضِ مُفْسِدِينَ ﴿۶۰﴾

 

"Сонда залымдар, сөзді өздеріне айтылғаннан басқаға ауыстырды. (Қылмыстарына кешірім тілеудің орнына "хынта" деп, бидай тіледі) Сондықтан залымдарға бұзақылықтарының салдарынан аспаннан пәле жаудырдық. (2:59) Сол уақытта Мұса (ғ) қаумы үшін су тіледі. Сонда: "Таяғыңмен тасты ұр",-дедік. Сөйтіп, тастан он екі бұлақ жарылып шықты да әр ел өз суатын білген еді. Алланың несібесінен ішіп, жеңдер де жер жүзінде бұзақылық қылып жүрмеңдер. (2:60)"

Бұл аяттар Алладан кешірім сұраудың маңыздылығы мен оның жағдайларын айқындайды. Әлемді жаратушы өз пенделерінің тәубесін қабыл алады. Ол үшін шынайы ықыласпен кешірім сұрау керек. Келесі жағынан бұл аяттар ғибадатты құлшылық сезіммен және тәңірдің нұсқауларын дұрыс орындау керектігін үйретеді. Өйткені ғибадат дұрыс орындалмаса, ол ғибадат емес тіпті бағынбаушылық болуы мүмкін.

Бұл аят сондай-ақ хазірет Мұсаның (ғ) өз қаумының тұрмыстық жағдайына да көңіл бөлгенін баяндайды. Ол хазіреттің міндеті қауымын тура жолға жолдау болғанымен, ол халықтың тұрмыстық қажеттерін де қамтамасыз етуді ойлады. Осылайша хазірет Мұса (ғ) Бәни Исраилді шөлден құтқару үшін Алланың әмірімен таяғын тасқа ұрады және сол жерден он екі бұлақ пайда болады. Он екі тайпадан тұратын Бәни Исраил қауымы осы бұлақтарды пайдаланады. Бұл аяттың соңында Алла тағала: "Алланың ризықтарын жеңдер де, ішіңдер бірақ жер бетінде бұзақылық пен күнә жасамаңдар",-дейді. Бұл мәселе әсіресе қазіргі замандағы адам үшін ойланарлық тақырып. Қазіргі заманда адамның қолында Алланың көптеген ризық-нығметтері бар. Көркем табиғат, көк аспан және мөлдір бұлақтар осының барлығы ғажайып сұлулықты көрсетеді. Алайда адам осының барлығынан ғапыл қалып жер бетінде бұзақылық жасап, бәрін жойып, бұрынғы халықтардың надандығын істейді. Ол нығметтерге қанағаттанбай, шүкірлік те етпейді. Осының салдарынан жер бетінде әділетсіздік жайылып кеткен.

 

 

 

وَإِذْ قُلْتُمْ يَا مُوسَى لَن نَّصْبِرَ عَلَىَ طَعَامٍ وَاحِدٍ فَادْعُ لَنَا رَبَّكَ يُخْرِجْ لَنَا مِمَّا تُنبِتُ الأَرْضُ مِن بَقْلِهَا وَقِثَّآئِهَا وَفُومِهَا وَعَدَسِهَا وَبَصَلِهَا قَالَ أَتَسْتَبْدِلُونَ الَّذِي هُوَ أَدْنَى بِالَّذِي هُوَ خَيْرٌ اهْبِطُواْ مِصْرًا فَإِنَّ لَكُم مَّا سَأَلْتُمْ وَضُرِبَتْ عَلَيْهِمُ الذِّلَّةُ وَالْمَسْكَنَةُ وَبَآؤُوْاْ بِغَضَبٍ مِّنَ اللَّهِ ذَلِكَ بِأَنَّهُمْ كَانُواْ يَكْفُرُونَ بِآيَاتِ اللَّهِ وَيَقْتُلُونَ النَّبِيِّينَ بِغَيْرِ الْحَقِّ ذَلِكَ بِمَا عَصَواْ وَّكَانُواْ يَعْتَدُونَ ﴿۶۱﴾

 

"Сол уақытта естеріңе алыңдар! “Әй Мұса! Бір-ақ түрлі тамаққа (Мәнна, Салуаға) сабыр ете алмаймыз. Біз үшін Раббыңа жалбарын, бізге жерден өсетін, көкөнісінен қиярынан, бидайынан, бұршағынан және сарымсағынан шығарсын”,-дедіңдер. Мұса (ғ): “Сондай сапалы нәрсені, бұл сапасыз нәрселерге ауыстырмақшысыңдар ма? Бір қалаға түсіңдер, онда әрине қалағандарың бар”,-деді. (Сондықтан) оларға қорлық, жоқшылық жүктеліп, Алланың ашуына ұшырады. Бұл олардың, Алланың аяттарына қарсы келулері және жазықсыз пайғамбарларды өлтірулері сондай-ақ өстіп қарсы келіп, шектен шығулары себепті.(2:61)"

Осы аят қомағайлық пен тойымсыздық адамның қадір-қасиеттерін жойып, оның орнына пәстік пен азғындық әкелетінін айтады. Мұндайда адам өзінің арам пиғылдарына жету үшін тіпті дінді аяққа басудан да тайынбайды. Сонымен қатар адамның қайта-қайта күнә жасай беруі әлсін-әлсін иманды кетіріп, оның бойында азғындық пен бұзықтық сезімін күшейтеді. Мысалы Бәни Исраил қауымы ешбір шындықты қабылдағысы келмейді және олар ең пәк адамдардың яғни пайғамбарлардың қанын төккен. Илаһи заңдарға мән бермей, қатыгездік пен адасушылықтың салдарынан яһудилер азғындыққа салынды. Олардың бұл ерекшелігі әлі де байқалады.