Қаң 02, 2017 18:33 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі,  36-39 аяты

Бақара сүресі, 36-39 аяты


"Сонда Шайтан, екеуін ол жерден тайдырды. Ондағы нығметтерден де шығарды. Оларға: "Бір-біріңе қас болып, түсіңдер: Сендер үшін Жер жүзінде тұрақ және бір мезгілге дейін пайдалану бар",-дедік. (2:36) Сонда Адам (ғ.с) Раббынан сөздер үйреніп алды да жалбарынды. Раббы оның тәубесін қабылдады. Өйткені Ол тәубені өте қабылдаушы, ерекше мейірімді. (2:37)"

 

 

فَأَزَلَّهُمَا الشَّيْطَانُ عَنْهَا فَأَخْرَجَهُمَا مِمَّا كَانَا فِيهِ وَقُلْنَا اهْبِطُواْ بَعْضُكُمْ لِبَعْضٍ عَدُوٌّ وَلَكُمْ فِي الأَرْضِ مُسْتَقَرٌّ وَمَتَاعٌ إِلَى حِينٍ ﴿۳۶﴾ فَتَلَقَّى آدَمُ مِن رَّبِّهِ كَلِمَاتٍ فَتَابَ عَلَيْهِ إِنَّهُ هُوَ التَّوَّابُ الرَّحِيمُ ﴿۳۷﴾

 

 

Осыдан бұрынғы аяттарда айтылғандай, Алла тарапынан Адам жұбайымен бірге жәннатта орналастырылып, мол нығметтерге бөленген еді. Бірақ Алла оларды бір өсімдікке жоламаңдар деп ескерткен болатын. Жоғарыда оқылған аяттар шайтанның қастандығы мен Адамның қателігін баяндайды. Алланың бұйрығынан бас тартқаны үшін Алланың алдынан қуылған шайтан, кек алу ниетімен Адамды тыныш және бағалы орнынан шығармақшы болады. Осылайша ол Адамды уәсуәса етіп, оған жақсылық ойлаушымын деп талай азғырып, тыйым салған өсімдіктің қасиеттерін мақтайды. Ақыр аяғында Адам мен жұбайы оның алдауына түсіп, әлгі өсімдіктің жемісін татады.

Алланың бұйрығын орындамаудың нәтижесі пейіштен шығу болды. Сонан соң Алла тағала оларды пейіштен шығарып, сендер мен шайтанның арасында кекшілдік пен қастық салынды және жер бетінде белгілі бір мезгілге дейін қаласыңдар деді. Бұл аятта шайтан Адаммен ертеден өш екендігін және жаратылыстың әу басынан-ақ адамдарды үнемі адастыруға тырысуда екенін көрсетеді. Қазірдің өзінде, шайтан көзге көрінбестен және танылмастан жүректерді азғырып, адамдарды түрлі күнәларға салып жатқанына және кейде мақсатына жетіп отырғанына куәміз.

Аяттың жалғасында Адамның Аллаға тәубе етіп, қайта оралуы айтылған. Алла тағала күнәһарларға тәубе ету мен кешірім сұрау мүмкіндігін берген. Өмірде бір жағдайларға ұшыраған кезде ғана оған бөленетін Алла тарапынан рақымдылық самалдары келеді. Осылайша адам құдайдан үйренген сөздермен, Одан кешірім сұрап, Оған қарай қолын созады. Адамның тәубесі шын жүректен болғандықтан Алла тағала оны қабылдады.

Әрине Адам мен оның жұбайы Алланың бұйрығына қарсылық білдіруді ойламады, олар өтірікке алдануды тәжірибе етпегендіктен, шайтанның антына сеніп қалған еді. Бұл аяттарда Алла өзін "тәууаб" яғни өте тәубе қабылдаушы деп таныстырып, күнәһар және өкінген адамдарға өз рақымдылығы мен кешірімі есігін ашады.

"Жәннаттан бәрің түсіңдер, Менен сендерге бір туралық келсе, кім сонда тура жолыма ерсе, оларға қорқу жоқ әрі қайғырмайды",-деген едік. (2:38) Қарсы келіп аяттарымызды өтірік дегендер, солар, тозақтық болып, олар мәңгі қалады. (2:39)"

 

 

قُلْنَا اهْبِطُواْ مِنْهَا جَمِيعًا فَإِمَّا يَأْتِيَنَّكُم مِّنِّي هُدًى فَمَن تَبِعَ هُدَايَ فَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ ﴿۳۸﴾ وَالَّذِينَ كَفَرواْ وَكَذَّبُواْ بِآيَاتِنَا أُولَئِكَ أَصْحَابُ النَّارِ هُمْ فِيهَا خَالِدُونَ ﴿۳۹﴾

 

Адамның пейіштен шығуы оның ұрпақтарының да шығуына себепші болды. Осылайша Адам жерге түскен соң оның перзенттерімен бірге жердегі өмірі басталды. Ол өз күнәсына тәубе етіп, дұрыс жолға түскен соң оның пәк рухани өмірі материалдық тұрмыспен араласты. Осы аятта келтірілгендей, Алла тағала Жер бетінде де Адамға зор нығмет сыйлап, оның кемелденуі мен дұрыс жолға түсуі үшін пайғамбарлар жіберіп тұрды. Бірақ адам баласының әр нәрсеге ықтияры болғандықтан, ол Аллаға мойынсынып құлшылық ете алғандай, керісінше дандайсып, күпірлік ете де алады. Осы жерде аят, кімде кім өз ықтиярымен Алланың жолына түссе жақсылыққа бөленіп, қорғауға алынады дейді. Ал қырсығып, Алланың аяттарын жоққа шығаратындар тозаққа салынып, онда мәңгі қалады. Мұндай адамдар бұрыс жол мен азапты өз қалауымен таңдағанын білуі тиіс. Алла  Адам мен  Һауаны  жұмаққа  орналастырып, әмірін  орындамағаннан  кейін  жерге  түсірілуі туралы әңгімемен, Адамның  жағдайын мысал ретінде келтіреді. Адам  дүниеге  келерден  бұрын  қасиетті  әлемде  бақытты  өмір  сүріп, құдайшылық  нығмет пен мейірімге бөленген еді. Егер  Адам өмірде  кездесетін  бөгеттерді  жеңіп, жаратушыға  мән  беріп  оған  бет  бұрса, жаратушы  оған  алғашқы  дәрежесін  қайтарады. Ал керісінше, егер  Адам  өз  нәпсісін  жеңе  алмаса,  барлық  нығметтерден құр қалады.