Қаң 02, 2017 18:38 Asia/Almaty
  • Бақара сүресі,  10-13 аяты

Бақара сүресі, 10-13 аяты


"Кімде-кім Құранды ұстанатын болса, пейішке жол табады және кімде-кім оны таныса жақсылыққа жолданады",-дейді Алланың Елшісі (с).

"Бақара" сүресінің аяттарымен таныса келе, мұнафықтардың екі жүзді адамдар екенін және іштей кәпір бола тұра, иман келтірдік деп айтатындығын білдік, сондықтан кез-келген топқа оның қатері кәпірлерден де артық. Сол себептен болар Алла осы аяттарда олардың істері мен сипаттарына көбірек тоқталып, басқа сүрелерде олардың жаман ахлағын, астыртын әрекеттері мен жауыздықтарын баяндайды. Әркім өз дұшпанының іс-әрекеттерін біліп, оған қарсы қаруланады. Бірақ адамға өзін доспын деп көрсететін дұшпан ең ауыр соққы береді. Алланың Елшісі (с) осы орайда былай дейді:

"Мен үмметім үшін мүмин мен мүшріктен қорықпаймын. Өйткені мүминнің иманы оның зияндық жасауына және мүшріктердің зиян келтіруіне рұқсат бермейді. Сөзінде сендерді қолдайтын, бірақ іс-жүзінде керісінше істейтін мұнафықтардан алаңдаймын".

Ал енді мұнафықтардың басқа да ерекшеліктерін баяндайтын "Бақара" сүресінің 10-11 және 12-ші аяттарын тыңдайық:

 

 

فِي قُلُوبِهِم مَّرَضٌ فَزَادَهُمُ اللّهُ مَرَضًا وَلَهُم عَذَابٌ أَلِيمٌ بِمَا كَانُوا يَكْذِبُونَ ﴿۱۰﴾ وَإِذَا قِيلَ لَهُمْ لاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ قَالُواْ إِنَّمَا نَحْنُ مُصْلِحُونَ ﴿۱۱﴾ أَلا إِنَّهُمْ هُمُ الْمُفْسِدُونَ وَلَكِن لاَّ يَشْعُرُونَ ﴿۱۲﴾

 

"Олардың жүректерінде дерт бар (күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. (мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті). Сондай-ақ оларға өтіріктіліктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар.(2:10) Оларға: "Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар",-делінсе, олар: "Біздер түзеуші ғанамыз",-дейді.(2:11) Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді.(2:12)"

Құран көзқарасы бойынша адамның рухы оның денесі секілді кейде ауруға шалдығады, сондықтан бұл ауру дер кезінде емделмесе, таралып, адамның бойындағы адамгершілік қасиетті жоюы мүмкін. Бұл аяттар "екіжүзділіктің" ең қауіпті рухани ауру болып саналатынын және адамның саулығына нағыз қауіп төндіретінін айтады. Өйткені сөз бен істің, сыртқы дүние мен ішкі дүниенің айырмашылығы рухтың дамуына жол бермей, оның саулығы мен тыныштығын кетіріп, күншілдік пен тойымсыздық секілді басқа да рухани дерттердің таралуына себеп болады. Рухани ауруға шалдыққан адам ақиқат пен тәлімді қабылдамайды. Оның көңілі дұрыс ойлаудан, құдайға көңіл аударудан және халыққа қызмет етуден толмай, оның тұрақты сенімі болмайды. Ол ойлау мен шешім қабылдау жағынан әлсіз болады. Сол себептен ол өзін кез-келген орта және топқа сәйкестіруге тырысып, өзінің екіжүзділігімен жұртты алдайды. Ол өміріндегі келіспеушіліктерді өтірікпен дәлелдегісі келеді. Сондықтан Алла тағала осы аяттың соңында, осындай ауруларға яғни мұнафықтарға өтіріктері үшін ауыр азап қарастырған.  Бұл аят сондай-ақ мұнафықтардың өзін артық санауы мен тәкәппарлығына тоқталады. Олар бұзақы бола тұра, өздерін түзетушіміз дейді. Тіршілік сыйлаушы Ислам діні халықтың надандыққа батқан өмірін өзгеріске ұшыратып, олардың ой-пікірлік және ахлақтық дарындарын гүлдендіру арқылы қоғамда бауырластық сезім орнатқан кезде, мұнафықтар бұл өзгерістерді бұзақылық деп санады. Бұл арада Құран әдемі сипаттамамен олардың надандығына меңзеп: "Олар түсінбейді",-деген.

 

 

 

وَإِذَا قِيلَ لَهُمْ آمِنُواْ كَمَا آمَنَ النَّاسُ قَالُواْ أَنُؤْمِنُ كَمَا آمَنَ السُّفَهَاء أَلا إِنَّهُمْ هُمُ السُّفَهَاء وَلَكِن لاَّ يَعْلَمُونَ ﴿۱۳﴾

 

"Егер оларға: "Адамдар иман келтіргендей иман келтіріңдер!",-делінсе, олар: "Ақылсыздарша иман келтірейік пе?",-дер. Байқаңдар! Шын мәнінде олардың өздері ақымақ. Бірақ олар білмейді.(2:13)"

Бұл аятта екіжүзділіктің тәкәппарлықтан басқа тағы бір белгісі – өзгелерді масқаралау деп айтылған. Олардың ойлау қабілеті тәкәппарлық пен өзін артық санау салдарынан соқыр болып қалғанына қарамастан өздерін ақылды, ал мүминдерді аңқау және надан деп санайды. Исламның алғашқы кезінде әсіресе жер аударған жағдайы нашар мұсылмандар үнемі олардың кемсітуіне жолығатын. Бірақ көп ұзамай мұсылмандар күшейген кезде мұнафықтардың надандығы ашылып, рәсуа болады. Бұл, ақиқат пен жалғанның арасындағы мәңгі күрестегі тарихтың дәстүрі.

Бұл аяттардан, біреуді масқаралап, кемсіту надандыққа жататынын және ол мұнафықтардың әдеті екенін түсінеміз. Ақылды адамның сөзі дұрыс әрі қисынды болуы тиіс. Келесі жағынан тәкәппар адамдардың алдында өзімізді әлсіз етіп көрсетпеуіміз керек. Негізінде өз мақсатына берік және табанды мүминдерді масқаралайтындардың өздері рәсуа болады. Мүминдер мұнафықтардың сырттай әдемі, бірақ бос ұрандарын біліп, олардың қулықтарына алданбауы тиіс.