Иранға сапар (206)
Эльбрус таулы сілемінің бойындағы маңғаз таулардың бөктерінде көне тарихы мен мәңгілік жәдігерлері бар жер орналасқан. Бұл жерде көздің жауын алатын жап жасыл төбелер, рухты көтеретін бұлақтар, қиялға ерік беретін алқаптар мен түрлі түсті лала гүлдерінің таңғажайып сұлулығына ие далалар бар. Осындай жер адамдарды таң қалдырмай қоймайды.
Теһран облысының басқа аудандарымен таныстыруды жалғастырып, бүгінгі бағдарламаны Фирузкух ауданымен таныстыруға арнаймыз. Бұл ауданның орталығы – Фирузкух қаласы. Бұл аудандағы мөлдір бұлақтар мен салқын да жанға жайлы ауа райы жаздың ыстық күндерінде жолаушыларды қабылдайды.
Фирузкух ауданы – табиғи және географиялық жағдайы тұрғысынан таулы аудан. Онда қыс ұзақ. Басқаша айтқанда, бұл кезде ауданның ауа райы салқын болады. Ондағы теңіз деңгейінен орташа биіктік – 2147 метр. Ауданның жер бедерінің жоғары‑төмендігі мұнда әралуан ауа райы мен әртүрлі өсімдік жамылғысының қалыптасуына себеп болды. Ауданда жазда таудың ұшар басынан мәңгілік қар жамылғысымен қатар салыстырмалы түрде ыстық ауа райын сезінуге болады. Жеткілікті мөлшердегі жауын‑шашын, қар басқан биіктіктер, мәңгілік мұздықтар, көптеген гейзерлік сулар бұл ауданда көптеген арықтар мен өзендердің пайда болуына себеп болды. Мол су көздері – Фирузкух ауданында өмірдің қарқындай дамуының факторларының бірі.
«Фирузкух» өзені деген атпен де танымал «Хеблеруд» Фирузкух ауданының өміршең тамыры болып саналады. Бұл өзен Фирузкух, Савадкух және Шахмирзад тауларынан бастау алып, Намруд, Гурсефид пен Деличайруд өзендері қосылған соң үлкен өзенге айналады.
Осы өзендермен қатар мөлдір де тұщы бұлақтар мен минералды әрі емдік су көздері бар. Бұл минералды су көздері жыл сайын көптеген қонақтарды қабылдайды. Адамдар ревматизм, бүйректегі тас, тері ауруларын емдеу үшін осы ауданға сапар шегеді. Бұлақтардың маңында көптеген ауылдар пайда болған.
Фирузкухтың әдемі ауылдарының қатарында Варсхаран мен Арджмандты арнайы атап өтуге болады. Хеблеруд өзенінің атырабындағы ауылдарда да жүректі жаулайтын саф таза табиғат бар. Хеблеруд өзенінің атырабында ауданның көшпелі тайпалары қыстақтан жайлауға көшетін жолда қоңыржай ауа райына ие соңғы ауыл – Симиндәшт ауылы орналасқан. Көшпелі тайпалар Семнан облысындағы ыстық аудандардан жазды өткізу үшін Фирузкухқа келеді. Ауданның ауылдарында мал және егін шаруашылығы басты табыс көзі болып табылады. Фирузкух өсімдік жамылғысы тұрғысынан шалғынды жерлерге бай. Қар мен жауын‑шашынның молдығы мен жайлы ауа райы шалғынды жерлер мен құнарлы егін алқаптарын қалыптастырған. Сайлардың түбіндегі немесе өзендер мен арықтардың жанындағы батпақтар мен табиғи көгалдар көруге тұрарлық.
Хеблеруд өзенінің атырабы өзеннің мол суын пайдаланып, бақтар мен алқаптарға айналды.
Фирузкух ауданындағы Сорхдәшт, Симиндәшт пен Зарриндәшт ауылдары қазынадай қымбат. Бұл аудан көптеген дәстүрлі емдік және табиғи өсімдіктердің өсетін жері болып табылады.
Теһран‑Горган темір жолының Фирузкухтан өтуі де ауданда бау‑бақша мен егін шаруашылығының дамуына көмектесті. Өйткені ауылдағылар өздерінің бау‑бақша өнімдерін тұтынушы нарығына оңай жеткізеді. Бұл ауданда жылдың қолайлы маусымында сары өрік, жаңғақ, алмұрт, шие, жасыл қызанақ, шырғанақ, тұт, шабдалы, жүзім, бадам мен қараөрік пен алма сияқты жеміс‑жидектер мен басқа да түрлі жемістерді көруге болады.
Теһраннан Иранның солтүстік жағына баратын негізгі жолдардың бірі – Фирузкух тас жолы. Бұл атау жолдың Фирузкух ауданы мен Фирузкух қаласының жанынан өтетін болғандықтан берілген. Көне деректер бойынша, Фирузкух әрдайым соғыс алаңы және билеушілер мен бүлікшілердің қашатын жері болған. «Мәджам әл‑Бәдан», «Хабиб әс‑Сейр» еңбектері, Рашиди тарихы мен «Таңдамалы тарихта» осы соғыстар мен қашулар жөнінде жазылған.
Фирузкух қаласы – осы ауданның орталығы. Қала Теһраннан 135 км, ал Дамавандтан 90 км қашықтықта, танымал «Фирузкух» қамалы қалдықтарының маңында, үш таудың терең тұсында орналасқан.
Хамдулла Мостуфи «Таңдамалы тарих» атты кітабында Фирузкухты «қала, бәләде» деп атап, былай деген: «Фирузкух қаласының төрт қақпасы болған, онда жеті елден келген адамдар өмір сүрген».
Жалпы алғанда тарихи рауаяттар бойынша, Фирузкух х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырлардан бұрын пайда болған. Бүгінде бұрынғы тарихи көне жолдардың орнына жаңа тас жолдар салынған соң Фирузкух қаласы жылдамырақ дамуды бастады.
Фирузкухтың түкпір‑түкпірінде көнеден қалған көптеген тарихи ескерткіштер бар. Бұл осы ауданның тарихи көнелігі мен болмысын анықтай түседі. Ауданның ең әдемі тарихи ескерткіштерінің бірі – Фирузкух қаласының солтүстік‑батысында орналасқан «Танг‑е Ваши» деп аталатын сайдағы тастарға ойылып жазылған жазбалар. Сай шын мәнінде мыңдаған жылдар барысында таудың арасынан су аққан жарықтың тереңдей түсуі салдарынан пайда болған. Жазбалар өзенге жақын жердегі тас тақташалар бетіне жазылған. Жазбаның тақырыбы – аңшылық, аң аулау түрі мен аң аулау құралдары. Тақташалар өзеннің бетінен 2-3 метрлік биіктікте ұзындығы 10 метр, ал биіктігі 6-7 метр ауданда ойылып жазылған және Қаджарлар заманына тиесілі.
Ауданның басқа бір тарихи ескерткіші – «Фирузшахи» қамалының мұнарасы мен кертікті дуалы. Ол Фирузкух қаласының ішіндегі имамзада Исмаил тауының басында орналасқан. Бұл таудың астында аудан халқының зиярат ететін орны – имамзада Исмаил кесенесі орналасқан.
Фирузкух – табиғи тартымдылықтар тұрғысынан да өте бай аудан. Фирузкух тауларында көптеген үңгірлер орналасқан. Солардың ішінде Рудафшан ауылына жақын жердегі «Рудафшан» үңгірі, үлкен және кіші «Бурник» үңгірлері мен тағы да басқаларын атауға болады. Рудафшан үңгірі аудандағы тауларға көтерілетін альпинистердің жолының бойында орналасқан. Үңгірдің ерекшелігі – жаз кезінде ондағы температураның сыртқы ауадан айырмашылығы. Тіпті жаздың орта шенінде үңгірдің ішіндегі ауа салқын әрі жанға жайлы болып тұрады. Үңгірдің іші төбеден сталактиттер түрінде салбырап тұратын әктастармен жабылған. Олардың кейбіреулерінің биіктігі 20 метрге жетеді. Үңгірдің ішінде, сондай‑ақ, жартастардың арасында мөлдір су шығатын құдықтар бар. Айта кету қажет, Рудафшан үңгірінің кейбір шығаберіс жолдары әлі де анықталмаған.
Фирузкухтың келесі бір өте көркем табиғи тартымдылығы – Гадук өткелі. Бұл өткел шын мәнінде Фирузкухтың таулы ауасы мен Мазандеранның алқапты ауданының тоғысқан жері. Сондықтан бұл өткелде апта бойы күн тұман болады. Ауа райының ілезде өзгеруін болжауға болмайды. Таудың екі жағынан екі түрлі кеңістікті байқауға болады. Өткелдің бір жағында таулық салқын да ылғалды ауа болса, одан 100 метр төменірек жап‑жасыл егіс алқаптары мен цитрус жемістерінің бақтары орналасқан қоңыржай ауаны көруге болады. Ауаның жылдам өзгеруі Гадук өткелін табиғатты сүюшілердің тоқтайтын жеріне айналдырды. Өткелге тоқтап, Гадуктың танымал айранын (дуғ) ішпей өтетін адам кемде‑кем. Гадук маңында Шах Аббаси керуен сарайының орналасуы бұл аймақтың тартымдылығын одан ары арттыра түсті.
174000 га ауданды алып жатқан «Гавдеһ» атты аң аулауға тыйым салынған қорық алуан түрлі әрі бай өсімдік жамылғысына ие. Онда әртүрлі жабайы жануарлар, құстар мен жорғалаушылар бар. Олар бұл аймақта топ‑топ болып тіршілік етеді. Аталмыш аймақ Фирузкух ауданының шығысында орналасқан. Ондағы өсімдік жамылғысы жабайы пісте, жабайы бадам, тал, жаңғақ, бөріқарақат, сасыр, жебір, көкнәр, тасшөп, балдырған, жабайы сарыгүл мен әртүрлі бидай тұқымдас өсімдіктерден тұрады. Осы қорықта жабайы қой мен арқар, тауешкі, бөкен, марал, бабыр, доңыз, қасқыр, түлкі, қорқау қасқыр, қарақал, ілбісін, үкі, кірпі, шіл, ақсары, күйкентай, бүркіт, жыртқыш құстар, дамавандтық сұр жылан, мүйізді сұр жылан, тасбақа, кесіртке, ешкемер сынды құстар мен жан-жануарлар тіршілік етеді. Аң аулауға тыйым салынған аймақта осы жануарларды сақтап қалу және олардың қоршаған ортасын қорғау үшін тиісті шаралар атқарылған.