Діни жетекшінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау
Бұл бағдарламада Иран Ислам Революциясы жетекшісінің батыс жастарына арнаған хатын түрлі тұрғыдан сараптаймыз. Бұл хаттың басты өзегі лаңкестіктің шыққан тамырын табу және осы ортақ түйткілді шешу жолдарын қарастыруға шақыруға арналған.
Хазірет аятолла Хаменеи хатының басында былай деп жазды: «Францияда соқыр лаңкестік салдарынан орын алған ащы оқиға менің жастар, сіздермен тағы да сұхбаттасуыма себеп болды. Мұндай оқиғалардың сөздің негізін қалап отырғаны мен үшін өкінішті. Бірақ шындық мынада: егер қиын мәселелер пікірлестік үшін шара іздеуге негіз қаламаса, оның шығыны екі есе болады».
Хазірет аятолла Хаменеи өзінің хатында Батыстың лаңкестікке қатысты екіұшты әрі кереғар саясаттарын сынаумен қатар, Батыстың Исламдық ояну қозғалысына қатысты да екіұшты қатынасына тоқталып, оның Израильдің үкіметтік лаңкестігін қолдауын, лаңкестіктің аймақтағы қолдаушыларын демеуі мен Ислам әлеміндегі жуырдағы соғыс ашуын Батыстың екіжақты саясаттарының үлгілері ретінде келтіріп былай деп жазды: «Батыстың саясатында екіұшты өлшемдер үстемдік еткен уақытта, терроризмнің құдіретті демеушілер тарапынан «жақсы», «жаман» деп бөлінуі жалғасқанға дейін, мемлекеттердің мүдделері гуманитарлық және ақлақтық құндылықтарға негізделген күнге жеткенше қатігездіктің тамырын басқа жерден іздеудің қажеті жоқ».
Иран Ислам Революциясының жетекшісі өз хатының бір бөлігінде былай деді: «Өкінішке орай, бұл тамырлар ұзақ жылдар бойы біртіндеп Батыстың мәдени саясаттарының тереңіне бойлап, «жұмсақ» та жасырын шабуылдарды бастады. Әлемнің көптеген елдері өзінің жергілікті және ұлттық мәдениетін мақтан тұтады. Бұл мәдениеттер қалыптасып, дами отырып, жүздеген жылдар бойы адамзат қоғамын жақсы қоректендіріп келді. Ислам әлемі де бұл жағдайдан тысқары емес. Бірақ қазіргі таңда Батыс елдері дамыған құралдарды пайдалану арқылы әлемді мәдени тұрғыдан ұқсас әрі бірыңғай қалыпқа түсіруге талпыныс жасап жатыр. Мен Батыстың басқа ұлттарға өз мәдениетін таңуы мен тәуелсіз мәдениеттерді менсінбеуін жасырын әрі өте зиянды қатігездік деп санаймын. Бай мәдениеттерге құрметсіздік көрсету, олардың ең қадірлісін қорлау елдердің өз мәдениеттерін басқамен алмастыруды қажет етпейтін жағдайда орын алып отыр. Мысалы, өкінішке орай, Батыс мәдениетінің негізгі сипаттарына айналған дөрекілік пен ақлақтық бейбастақтық бұл мәдениеттің өзге емес, өз жерінде де орны мен құрметін төмендетті. Мынадай сауал туындайды: егер біз кекшіл, адамгершілікке жат әрі мағынасыз мәдениетті қабылдағымыз келмесе, күнәһар болғанымыз ба?»
Өткен бағдарламада отаршыл саясаттардың аймақтағы әсірешіл ағымдардың қалыптасуындағы рөлі және Батыс мәдениетінің басқа мәдениеттерге қарсы жасырын шабуылы мен оның жағымсыз салдарларына тоқталдық. Енді өздерін басым санайтын батыс мәдениеті мен өркениеттің басқа мәдениеттердің орнын басуға қаншалықты лайық екенін қарастырып көрейік.
Америкалық жазушы әрі философ Вил Дюрант өркениеттің саяси құрылым, ахлақтық дәстүрлер, өнерді нығайту жолындағы талпыныс, экономикалық істердегі көрегендік пен сақтық сынды басты төрт тірегі болады деп санайды. Батыстағы қазіргі саяси және экономикалық жағдайға шолу жасасақ, Батыстағы бұл екі тіректің бүгінде әлсіреп, бұрынғы батыстық тұрақтылықтың құрдымға кеткенін көреміз. Соңғы жылдары АҚШ пен Еуропада экономикалық саясаттар мен кемсітушілікке қарсы шерулер күрт артты. Үкіметтердің қарыздарының жоғарғы көрсеткіші Батыстағы экономикалық және саяси құлдыраудың жаршысы болып отыр. Ал ахлақ әрбір өркениеттің басты тіректерінің бірі болып табылады. Енді Батыстың өркениетіне осы маңызды тұрғыдан көз жүгіртейік.
Бүгінгі күнгі Батыстың өркениеті шамамен 14 ғасырдың соңында басталған үдерістің жемісі болып табылады. Бұл үдеріс орта ғасырлардағы шіркеу билігі аяқталып, адамзаттың тарихындағы жаңа кезеңнің басталуын қамтиды. Осы өркениеттің көптеген приницптері орта ғасырлардың ерекшеліктеріне қатысты радикалды реакциялардан құралады.
Батыстықтар мәсиһи дінінің тағылымдарынан адамзаттың Құдай берген болмысына қайшы келетін бұрмаланған бейне ұсынған шіркеуге қарсы шықты. Шіркеудің адамзаттың ақыл-ойы және ғылыммен қарсыласуы, сондай-ақ, батыстық қоғамда билік еткен тұншықтыру мен шіркеу қызметкерлерінің қаржылық жемқорлығы және ахлақтық бұзақылықтары Батыс қоғамында қараңғы дәуірді қалыптастырды. Шіркеудің бұл қисынсыз әрекеті дінмен байланыстырылды. Оған реакция ретінде батыстықтар Жаратушының орны адамзатпен алмастырылған кезеңге аяқ басты. Осы уақытқа дейін құндылық саналып келген нәрселер құндылыққа қарсыға айналды.
Қайта өрлеу дәуірінде адамзаттың ақыл-ойы мен қолданбалы ғылым ұғымдары тым әсіреленді. Пайдақорлық түрткілерімен күн сайын дамып келе жатқан жаңа ғылым мен технологиялардың арқасында Батыс өркениетінің жаңа нарықтар мен алғашқы ресурстарға деген қажеттілігі артты. Бұл қажеттілік батыстықтардың назарын басқа мемлекеттерге аударды. Алайда Батыс технология мен ғылымның шыңдарына қандай жылдамдықпен шықса, ахлақтық құлдырау мен құндылықтардың әлсіреуінің еңісінен де сол жылдамдықпен құлдилады. Сол себепті Батыстың басқа елдерге бет бұруы тонау, отаршылдық, ахлақтық және адамгершілік шекараларын бұзумен қатар жүрді. Отаршылдықтың ғасырлар бойғы тарихы Батыстың басқа мемлекеттермен осындай ахлақсыз қатынасының жайттарына толы. Қазір де Ирактағы Абу-Ғрейб түрмесі мен Гуантанамо түрмесіндегі жайттар да Батыстың қатыгездігінің айқын әрі теріске шығаруға келмейтін үлгісі болып табылады.
Батыстың Қайта өрлеу дәуірінен кейінгі мәдениетінде дін мен илаһи үкімдер үшін орын болған жоқ. Адамзаттың кейбір ахлақтық мектептері осы жаңа мәдениетте релятивизмнің бір жаңа қағидасы ретінде қабылдануына себеп болды. Бұл абсолютті жақсылық пен жамандық жоқ деген мағынаны білдірді. Адам барлық нәрсенің басты өзегіне айналып, оның талап-тілектері барлық нәрседен артық саналды. Ахлақи құндылықтар адамның талап-тілегінің алдында өзінің мәртебесінен айырылды. Жеке бас бостандығы ең басты құндылық саналып, әділет көлеңкеде қалды. Бұл еш нәрсе, тіпті әділет те жеке бас бостандығын шектей алмайды деген мағынаны білдірді. Осы идея орта ғасырларда кемсітушілік көрген адамдар үшін тартымды болды.
Алайда біртіндеп осы идеяның жағымсыз салдарлары біліне бастады. Ахлақ негіздері мен адамгершілік құндылықтарының құлдырауы Батыс өркениетіне қиындықтар тудырды. Отбасы негізінің әлсіреуі, әке-шешесіз өскен балалар, ахлақтың құлдырауы, қатыгездік пен қылмыстың жоғары деңгейі, өлтірумен аяқталатын қатыгездіктер жасының төмендеуі, біржынысты қатынас сияқты адамның болмысына қайшы келетін ауытқушылықтардың кейбір түрлерінің әдетке айналуы Батыстың материалдық мәдениетінің салдарлары болып табылады.
Бүгінде үгіт-насихаттар мен батыстық материалдық дүниенің сұлулықтары осындай жағымсыз салдарларды түсінуге жол бермей отырғанымен, әлемнің ұлы ойшылдары Батыс өркениетінің құлдырау жолында түскенін қуаттады. Мысалы, физиология мен медицина саласындағы 1912 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, «Адам – танылмаған жаратылыс» еңбегінің авторы доктор Алексис Карл былай деді: «Батыс адамы өзі қалыптастырған әлемде бөгде болып табылады. Бұл жаратылыс әлі күнге дейін өз әлемін реттей алмайды. Біз жаман қауымбыз. Біз – құлдырауға жазған ұлтпыз. Біз ақылдың күйреуінің дауылында қалдық. Осы қоғам мен өнеркәсіптік өркениетте даму мен гүлденудің ең жоғарғы деңгейіне жеткен халықтар мен қоғамдарға зер сала қарасақ, бұл халықтардың әлсірегенін және шарасыздыққа жеткенін, сондай-ақ, көп ұзамай бәрінен бұрын сәтсіздікке ұшырап, бұзылатын халық екенін көреміз».
«Америкалық Кафка» деген лақап атқа ие болған жазушы Натанаэл Уэст Батыс өркениеті туралы былай дейді: «Бұл өркениеттен өлексенің иісі шығады. Оны бар құрметпен, бірақ тез арада көметін кез жетті». Батыстың мәдени құлдырауын түсініп, бұл құлдырауды ахлақсыздықтан тамырланады деп санайтын ойшылдардың бірі Роберт Джи. Рингер былай деп жазды: «Батыстың өмірінде бір жағынан дінге қызығушылық азайса, екінші жағынан, діни қызығушылықтың төмендеуіне байланысты қылмыс пен тұрақсыздық деңгейі артты. АҚШ қоғамында қылмыстардың артқаны соншалықты, тіпті ірі өнеркәсіптік қалаларда кешкі уақытта адамдардың көшелерде немесе саябақтарда серуендеуге батылы жетпейді». Эсвальд Шпенглер, Арнольд Твинби, Карл Ясперс, Пизим Суркин мен Эдвард Халткер Батыс әлемінің өркениеттік құлдырауы туралы пікір білдірген ойшылдардың қатарын құрайды.
Карл Теодор Ясперс 1883-1969 жылдар аралығында өмір сүрген неміс психологы әрі философ экзистенциалист болып табылады. Ол бүгінде мақсаты неғұрлым көбірек адам саны үшін әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз ету болып табылатын өнеркәсіптік қоғамның адамның болмысы үшін қауіптілігі туралы пікір айтқан әрі өркениеттердің құлдырауы туралы теорияның жақтаушыларының бірі болған. Карл Ясперстің пікірінше, тарих руханият пен діннен табуға болатын мақсатты көздейді. Бұл Батыс секуляризмнің салдарынан одан алшақтап қалған құбылыстар болып табылады. Ясперс батыс адамының тұлғасындағы руханият дағдарысына тоқталып, бұл дағдарысты адамның машинаның қолындағы құралға айналудың салдары санап, оны өзінен жатсыну және кері кетуге себеп болатын фактор ретінде атайды.
Батыс өркениетінен тозудың белгілері байқалады. Себебі ол ақыл мен сананың құлдырауына қарай әрекет етіп, ғылымның көмегімен адамзатқа қарсы қару жасап, әлемде қатыгездік пен қырып-жоюды бастады. Бұл бір өркениеттің жойылуының бастамасы саналады. Алла Тағала Құранның «Анғам» сүресінің 44 аятында былай деді: «Сөйтіп олар берілген үгітті ұмытқан кезде оларға әр нәрсенің есігін ашып жібердік. Хатте берілген нәрсеге мәз- мейрам болғанға дейін. Оларды кенеттен қолға алғанымызда сол уақытта олар күдерлерін бір- ақ үзді».