Қасас сүресі, 695-ші бөлім, 56-58 аяттар
Қасас сүресінің 56-58 аяттарының тәпсірі
«Қасас» сүресінің 56 аяты:
«إِنَّکَ لَا تَهْدِی مَنْ أَحْبَبْتَ وَلَـکِنَّ اللَّـهَ یَهْدِی مَن یَشَاءُ وَهُوَ أَعْلَمُ بِالْمُهْتَدِینَ»
(Мұхаммед Ғ.С.) расында жақсы көргеніңді тура жолға сала алмайсың. Бірақ Алла кімді қаласа, оны тура жолға салады. Сондай-ақ Ол тура жол табатындарды жақсы біледі. (Бұл аят Мұхаммед Ғ.С-ның әкесімен туысқан Әбу Тәліпке байланысты. Ж.М.К.Р.Х (56)
Алдыңғы бағдарламаларда мүшіріктердің көбінің пұтшылдықтан бас тартып, ислам дінін қабылдауға әзір болмағандықтарын, бірақ, кітап иелері болып табылатын мәсихилердің кейбіреуінің Құран аяттарын естіп, ислам пайғамбарына иман келтіріп, хазірет Иса Мәсіхтің пайғамбар ретінде келетіндігін сүйіншілеген адамның өзі екендігін жариялағанын айттық.
Осы аят алдыңғы аяттардың жалғасында жалпы бір принцип түрінде былай дейді: Пайғамбарлардың әрқайсының міндеті – илаһи аяттарды жариялап, халықты бір Құдайға табынуға шақыру, бірақ ешбір пайғамбар халықтың қабылдау, қабылдамауына жауапты емес. Ол адамдарға Құдайдың жолын нұсқайды, бірақ мақсатқа жету үшін қай адамның осы жолды өтетіні олардың ықтиярында емес. Ол адамдардың барлығының иман келтіріп, бір Құдайға табынғанын жақсы көреді. Бірақ халықты осы жолға күштеп әкелуге хақысы жоқ. Егер оларды осы іске мәжбүрлесе де, олардың жүректерін хақ жолын қабылдауға мәжбүрлей алмайды.
Жүректер тек Құдайдың қолында. Құдай хақты қатты талап ететін, иманға лайық адамды иман келтіруде табысқа жеткізеді. Сол себепті пайғамбарға иман келтірмеген, шерктен қол үзбеген хазіреттің қаншама туысы, сонымен қатар өз діндері бойынша әсірешілдікке салынбай, ислам пайғамбарына иман келтірген қаншама адам болды.
Мұның алдында оқыған «Жүніс» сүресінің 43 аятында:
أَفَأَنتَ تَهْدِی الْعُمْیَ وَلَوْ کَانُوا لَا یُبْصِرُونَ:
(Мұхаммед Ғ.С.) олардың саған қарайтын біреулері де бар. Дегенмен көрмейтін көзсіздерді сен тура жолға саласың ба? (43)» деп айтылған.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Пайғамбарлардың міндеті – халықты мәжбүрлеу емес, илаһи шақыруды жариялау; адамдардың қабылдау, қабылдамауы оның ықтиярында емес.
2. Алланың қалауы мен ерік-жігері – оның ғылымы мен хикметі негізінде. Құдай хикметінің негізі бойынша не нәрсені лайық санаса, сол адамды жетекшілікте табысқа жеткізеді.
«Қасас» сүресінің 57 аяты:
«وَقَالُوا إِن نَّتَّبِعِ الْهُدَى مَعَکَ نُتَخَطَّفْ مِنْ أَرْضِنَا أَوَلَمْ نُمَکِّن لَّهُمْ حَرَمًا آمِنًا یُجْبَى إِلَیْهِ ثَمَرَاتُ کُلِّ شَیْءٍ رِّزْقًا مِّن لَّدُنَّا وَلَـکِنَّ أَکْثَرَهُمْ لَا یَعْلَمُونَ»
(Меккенің мүшіріктері): "Егер сенімен бірге тура жолға түссек, жерімізден дереу шығарыламыз" деді. Оларды өз жанымыздан, әр нәрсенің өнімдері несібе түрінде шоғырланатын, қастерлі де бейбіт бір жерге (Меккеге) орналастырмадық па? Бірақ олардың көбі түсінбейді. (57)
Бұл аят Мекке қаласында өмір сүріп, Құран мен ислам пайғамбарының шынайылығын түсініп, бірақ өздерінің жеке бас және отбасылық мүдделерін сақтау үшін иманды қабылдап, оны жариялауға әзір болмаған мүшіріктерге қатысты. Олардың айтқан сылтаулары мынадай болды: билік пен байлық және мүмкіндіктерге ие Меккенің үлкендері бізді қаламыз бен үйлерімізден қуып шығып, босқынға айналдырады. Сол кезде біз сергелдеңге ұшырап, бейшара боламыз.
Құран: «Құдайдың құдіреті артық па, әлде Құрайыш тайпасының үлкендерінің бе? Түрлі нығметтерді сендерге үйіп-төгіп беріп, Мекке қаласында қауіпсіздік орнатқан Құдай сендерді мүшіріктердің алдында қорғайтын құдіретке ие емес пе?» дейді.
Мұсылмандарды басында мүшіріктер азаптап, қинады, бірақ Алланың қалауымен күннен күнге мұсылмандардың құдіреті артып, Меккені жеңіп, қаланы өз ықтиярларына алатындай күйге жетті.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Иман келтірмейтін адамдардың көбісінің себебі хақты түсінбегендіктерінде емес, өздерінің материалды және жеке бас мүдделеріне байланысты
2. Қауіпсіздік кез келген істен маңызды. Қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштықтың арқасында экономика дамып, кәсіп пен жұмыс арқылы адамдардың тұрмыс жағдайы жақсарып, нығметке қол жеткізіледі.
«Қасас» сүресінің 58 аяты:
«وَکَمْ أَهْلَکْنَا مِن قَرْیَةٍ بَطِرَتْ مَعِیشَتَهَا فَتِلْکَ مَسَاکِنُهُمْ لَمْ تُسْکَن مِّن بَعْدِهِمْ إِلَّا قَلِیلًا وَکُنَّا نَحْنُ الْوَارِثِینَ»
Қаншалаған тіршілігіне мас болған кенттерді типыл қылдық. Міне, олардан кейін өте аз отырылған қоныстары. Ақыры біз мұрагер болдық. (58)
Алдыңғы аяттардың жалғасында осы аят Меккенің мүшіріктеріне қаратып: «Сендер өздеріңнің байлықтарың мен бақуаттылықтарыңнан айырылу қаупімен иманды қабылдауға әзір болмадыңдар. Байлық пен мал-мүліктің көптігінен мастық мен бағынбаушылыққа салынған кейбір адамдардың өтлітірілгенін ұмыттыңдар ма?
Сендердің де сол байлыққа қол жеткізіп, сол жаза мен азапқа ұшырамайтындықтарыңа кім кепіл?» дейді.
Ғад пен Самуд қауымдарының өлкесі арабтардың Меккеден Шамға баратын керуендерінің жолында орналасқан. Олар сол қауымдардың қираған үйлерін өз көздерімен көргенімен, ғибрат алмады.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Кейде байлық пен мал-мүлік те адамның бақытының мәйегі бола алмайды. Олардың адамның тәкәппарлығы мен бүлік шығаруы және ажалына себеп болатындығы көптеп кездеседі.
2. Бұрынғы өркениеттердің қалдықтары адамдар үшін ғибратқа ие. Сол себепті болашақ ұрпаққа сабақ болуы үшін бұрынғы қауымдардың көне ескерткіштерін сақтау – қажеттілік.
3. Дүние – пәни әрі өткінші. Тек байлардың бүгінгі өмірлерінің сыртқы көрінісін ғана көрмейік, олардың да байлықтарын тастап, ертең кететінін білейік.