Нау 10, 2017 08:19 Asia/Almaty

Қасас сүресінің 79-82 аяттарының тәпсірі

«Қасас» сүресінің 79-80 аяттары:

 «فَخَرَجَ عَلَى قَوْمِهِ فِی زِینَتِهِ قَالَ الَّذِینَ یُرِیدُونَ الْحَیَوةَ الدُّنْیَا یَا لَیْتَ لَنَا مِثْلَ مَا أُوتِیَ قَارُونُ إِنَّهُ لَذُو حَظٍّ عَظِیمٍ»، «وَقَالَ الَّذِینَ أُوتُوا الْعِلْمَ وَیْلَکُمْ ثَوَابُ اللَّـهِ خَیْرٌ لِّمَنْ آمَنَ وَعَمِلَ صَالِحًا وَلَا یُلَقَّاهَا إِلَّا الصَّابِرُونَ»

Ол қауымына сән-салтанаттың ішінде шықты. Дүние тіршілігін қалағандар: "Әттең! Бізге де Қарұнға берілген тәрізді болса, өйткені ол зор ырыс иесі" деді. (79) Өздеріне білім берілгендер: "Алланың сыйлығы иман келтіріп, ізгі іс істегендерге тағы жақсы. Ал оған сабырлылар ғана жетеді" деді (80).

Алдыңғы бағдарламада Қарунның хазірет Мұсаның ізбасарларының бірі болғанын, оның өзінің есепсіз байлығы мен мал-мүлкіне масаттанып, бағынбаушылық танытып, кердеңдікке салынып, иманның шеңберінен шыққанын айттық.  

Бұл аяттар бүгінгі қоғамдарда да соған ұқсас өте көп байқалатын  Қарунның жаман қылықтарының біріне сілтеме жасайды.

Өз байлығын жұртқа көрсетіп, басқаларды төмен санаудың түрлері алуан түрлі. Соның ішінде кейде көрген жанды таңдандыратын салтанатты үйлер салып, кейде қымбат көлікке мініп, көшелерде ойқастап, көзге түсу, кейде тіпті жұрттың көзіне көріну үшін көсілтіп, ысырапшылдықпен той жасауды атау керек.

Бұлар – өзімшіл, байлықтарына масаттанған байлар жасайтын істер. Мұндай мақтанушылықтар кейде кейбір адамдардың үмітсіздіктен терең күрсініп, өздерін төмен әрі бақытсыз санауына, сол байларды бақыттың шыңына жеткен екен деп ойлауына себеп болады.

Бірақ түсініктері бар, танымдары жоғары адамдар жалғыз байлықтың бақытқа жеткізбейтіндігін, байлардың нағыз бақытты адамдар емес екендіктерін түсінеді. Қаншама байлар рухани күйзелістерге немесе отбасылық мәселелерге шырмалған. Олардың байлықтары рахаттықтары мен бақыттарына мәйек болудың орнына қиындықтары мен мәселелерінің факторына айналған.

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Байлыққа ие болу жаман емес, бірақ  басқалардың өздерін төмен санауына себеп болатын мақтаншақтық пен көзге түсуге тырысу және ысырапшылдық өте жағымсыз істер.

2.Егер қоғам басшылары Қарун сынды байлыққа салынатын болса, қоғамның мәдениеті мен құндылықтарына теріс әсер етіп, халықты салтанаттылыққа табынуға итермелейді.

2.Дүниеқұмарлық – ақылды адамдардың емес, ақылсыз, өрелері төмен адамдардың арманы.  

3.Дүниенің бүкіл байлығы иман иелері мен салих жандардың сыйы болып табылатын илаһи пейіштің қасында түкке тұрмайды.

«Қасас» сүресінің 81-82 аяттары:

 «فَخَسَفْنَا بِهِ وَبِدَارِهِ الْأَرْضَ فَمَا کَانَ لَهُ مِن فِئَةٍ یَنصُرُونَهُ مِن دُونِ اللَّهِ وَمَا کَانَ مِنَ الْمُنتَصِرِینَ»، «وَأَصْبَحَ الَّذِینَ تَمَنَّوْا مَکَانَهُ بِالْأَمْسِ یَقُولُونَ وَیْکَأَنَّ اللَّـهَ یَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَن یَشَاءُ مِنْ عِبَادِهِ وَیَقْدِرُ لَوْلَا أَن مَّنَّ اللَّـهُ عَلَیْنَا لَخَسَفَ بِنَا وَیْکَأَنَّهُ لَا یُفْلِحُ الْکَافِرُونَ»

Ақыры оны да, үйін де жерге жұтқыздық. Алладан өзге оған жәрдем етер бір топ болмады әрі оған көмек етілмеді. (Бұл атақты Қарун; бай, Мұса (Ғ.С.)-ның жақыны, асқан сараң, мың да бір зекет бер десе бермей, Мұса (Ғ.С.)-ды ел алдында қорлау үшін жала жауып, көп ренжітеді. Б.М.Р.) (81) Кеше оның орнында болуды көксегендер "Сірә, Алла құлдарынан кімді қаласа, соның несібесін кеңітіп, тарылтады екен. Егер, Алла бізге қамқорлық қылмаса, әрине бізді де жерге жұтқызар еді. Кәпірлер құтылмайды" (82).

Басқа адамдарды байлықтарын көрсету арқылы кемсіткен, Құдайдың пайғамбарының алдында ақыретке мұқтаж емеспін деген сылтаумен қырсыққан Қарунның ісін Құдай қатты зілзала арқылы оның сарайы мен бақтары және бар байлығы мен қазынасын жер астына батырып, одан ешбір белгі қалмайтындай жағдайға жеткізді.

Құран аяттары бұрынғы қауымдардың зілзала арқылы қырылғандарын хабарлаған болатын. Бірақ  бұл оқиғада тек Қарун мен оның сарайы ғана жерге батырылып, басқаларға зардап тимеген. Мұның өзі тағы  бір мұғжиза болған. Қарунның оқиғасы өзін Мысыр мен Ніл өзенінің қожайыны санаған, кейін Ніл өзеніне батып кеткенде билігі мен құдіретінен түк қалмаған Перғауынның оқиғасы сынды. 

Мұндай илаһи мұғжизаны көріп, қапылдық ұйқысынан оянғандар Қарун сынды байлыққа ие болуды босқа армандағандарын мойындаған. Себебі,  баршаның ырзығы Құдайдың қолында. Өзінің ғылымы мен хикметі бойынша ырзық пен несібені адамдардың арасында бөлетін, оларға бергеніне сай олардан жауапкершілік талап ететін – Құдай.  

Осы аяттардан үйренетініміз:

1.Қырсықтық пен өзін артық санап, масаттанудың салдары – қорлық пен өлім.

2.Байлық – қаншалықты көп болғанымен, адамды Алланың қаһары мен жазасынан құтқаратын құрал емес.

3.Мәселелермен бетпе-бет келген кезде асығыс төрелік жасамайық. Қарунның байлығын көрген кезде «Сол сияқты болсақ қой...» деп армандағандар оның соңының жамандығын көргенде «Біздің ол сияқты болмағанымыз қандай жақсы болды!» десті.

4.Байлыққа, басқалардың мал-мүлкіне көз тігудің орнына Құдай өзімізге бергенді қанағат етіп, бұл дүниеде барлық армандарға жетудің көбінесе біз үшін пайдалы емес екендігін білейік.