Нау 24, 2017 16:06 Asia/Almaty
  • Ұлы тұлғаның алдында 60

Иранның әсіресе өткен он жылдағы ғылыми дамуы ешкімге құпия емес. Әділетсіз санкциялар Иран халқы үшін алтын мұрсат бергендей, ирандық жас ғалымдар бұл қараңғы кеңістікте жұлдыздай жарқырап, ғылыми өнертапқыштарымен Иран аймақ пен әлемде танымал болды.

Иранның Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи өз елінің ғылыми дамуы туралы: «Өткен онжылдықтардағы біздің ғылыми дамуымыз – шындық. Кейбіреулер сенбейді, басқалар  тіпті теріске де шығарады. Біздің ғылыми дамуымыздың әлемдік орта дамудан  13 есе жылдамдықпен алға ілгерілеп отырғаны шындық»,- деп қуаттады. 2006-шы жылдың сәуірі айының 9 күнгі хабар әлемді таңырқатты Бұл Иранның ядролық технологияға қол жеткізуі туралы хабар еді. Дүниежүзінің тек бірнеше мемлекеті ғана бұл технологияға қол жеткізген жағдайда Иранның ғалымдары мен мамандарының центрифугалардың жаңа буынын жасап шығаруы туралы хабар алпауыт мемлекеттердің таңданысына себеп болды. Бұл хабардың жариялануы және Атом Қуаты Халықаралық Агенттігінің оны растауымен Иран уран байыту технологиясына ие мемлекеттердің қатарына қосылды. Иран ғылыми жетістігін тойлап, бұл елдің ұлттық күнтізбесіне «Ұлттық ядролық технология күні» деген күн қосылды. Ислам революциясының жетекшісі сол жетістіктен кейін: «Бүгін еліміздің жастарының таңғалдырған жұмыстарының бірі әлемдік алып елдер өз монополиясына алып отырған  ең құпия технологиялардың бірі уран байыту технологиясына қол жеткізуі болды. Ирандық жас ғалымдар ядролық ғылым саласындағы үлкен табысымен шын мәнінде Иран халқының ұзақ  уақытты келешегін қамтамасыз етті. Енді бұл жетістіктен ешбір жағдайда айырылуға болмайды. Өйткені, бұл майданнан артқа шегіну шынайы зардап келтіреді»,- деді. Ядролық технология атомдарды бөлшектеу және оларды қайтадан біріктіру арқылы табиғи уранды байытылған уранға айналдырумен бағаланады. Атом қуатының негізгі қолданысы электр тоғын шығару болып табылады. Бұл – суды қайнатып, бу шығарып, турбиналарды іске қосуды қажет ететін сындарлы әрі қарапайым жол. Мұндай орталықтардың отыны ретінде уран қолданылады. Ядролық реакторларда уранның арқасында электр тоғын өндіруді мүмкін ететін ядролық отынның бірнеше циклі болып табылады. Атом стансаларында реакторлар болмағанда, олар көмір сынды басқа отынды пайдаланатын  еді. Атом тоғын өндіру – ИИР-ның маңызды бағдарламаларының бірі. Сондықтан бұл мақсатқа жету үшін ядролық отын цикліне ие болумен қатар атом стансаларын дамыту маңызды. Дүниежүзінің маңызды ғылымы орталықтарының есіктері бұл елдің ғалымдары мен студенттерінің алдынан жабылған жағдайда Иран жергілікті ғалымдарының арқасында ядролық технологияға ие болды. Діни жетекшінің өз күштеріне сенім артуға жігрелендіруі мен «Біз жасай аламыз!» деген ұранға сүйенуі жас ғалымдардың ядролық саладағы алға ілгерілеушігіне себеп болды. Ислам революциясының жетекшісі Иранның табысы  және ирандық ядро саласы  ғалымдарының  өз мүмкіндіктеріне сүйенуі туралы баяндап, бір америкалықтың жазған мақаласына тоқталды. Бұл мақала көптеген қызық жайттарға толы. Діни жетекші: «Мен АҚШ газеттерінің бірінде жазылған мақаланы оқыдым. Бұл мақалада: «Иранның ядролық мәселесі ерекше жағдай болып табылады» деп жазылып, жалғасында: «Қытай ядролық мәселеге жетті және кімнен алды? Пәкістан мен Үндістан ядролық мәселемен айналысады, олар кімнен алды? Иран да ядролық технология қол жеткізді, бұл елге аталмыш технологияны кім берді? Ешкім. Иранға санкциялар салынды. Оған ешкім ядролық ғылымын алға ілгерілету үшін мүмкіндік берген жоқ. Тіпті қарсы шыққан жағдайда, Иран ядролық ғылымды пайдаланатын болды»,- деп жазып, біздің ядролық ғылыммен айналысқан ғалымдарымызға террордың жасалғанына тоқталған. Бұл біздің дұшпандарымыздың айтып отырған сөздерің. Бұл мақала «Вашингтон пост» газетінде жарияланған»,- деді. Алайда, биік шыңдарға тек ұран және сөзбен ғана жетуге болмайды. Тек мақсатқа ие болып, сол жолда табанды қадам басып, талпыныс жасау арқылы ғана жетуге болады. Құран Кәрім «Инширах» сүресінің 5-6-шы аяттарында: "Шындығында, қиыншылықпен бірге жеңілдік болады. Анығында, қиыншылықпен бірге жеңілдік бар»,- екі мәрте қуаттайды. Аятолла Хаменеидің ғылыми өндіріс және ғылымды дамытудың маңыздылығы туралы жігерлендірулері Құранның осы аяттарына сай келеді. Ол хазірет өзінің сөзінде сан рет ирандық көрнекті жастар мен ғалымдардың барлық салада талпыныс жасап, үлкен ғылыми жетістіктерге жете алатындықтарын қуаттады. Аятолла Хаменеи ирандық ғалымдардың ядролық саладағы  дамуына тоқталып, былай деді: «Сіздер өз күштеріңіз бен мүмкіндіктеріңіздің арқасында алға ілгерілей алатындықтарыңызды көрсете алатын әр бөлімде санкциялардың пайдасыз әрі ақылсыздардың ісі екенін көрсеттіңіздер. Мәселен, Теһранның зерттеу стансасы үшін 20 пайызға байытылған уран қажет болды. Елдегі қор бітуге жақындап, бұл орталық жұмысын тоқтатып, бұл жерде халық үшін қажет радиодәрілер тапшылыққа тірелген кезде жауапты азаматтар 20 пайызға байытылған уранды шығаруға талпыныс жасады. Біз байытылған уранды сатып алуға дайын болдық, бірақ АҚШ басқарған елдер әртүрлі сылтаумен кедергі жасады. Соңында Иран уранды 20 пайызға өзі байытуы керек деген нәтижеге жетті. Алайда, олар Иранның  бұл шешімін іске асыра алатындығына сенбеді. Уран 20 пайызға байытылған соң одан отын, яғни отын өзектері мен отын табақтарын шығарады деп ойламады. Бұл істі де Иранның  жастары мен жас ғалымдары өздерінің ақылы, бастамашылдығы және дұрыс басшылығымен орындай алды. Осы күні дүниежүзі ИИР-ның бұл технологияға қол жеткізіп, тіпті соның арқасында өнім шығару мүмкіндігін иемденгенін және сол өнімдерді пайдалана алатынын түсінді. Енді олар  «Бізден сатып алыңдар», «Сендерге сатуға дайынбыз, бірақ өздерің шығармаңдар» деп жалынуда. Дүние осындай. Дүниенің қысымдары, әртүрлі ірілі-ұсақты үкіметтердің Ислам республикасы мен кез-келген тәуелсіз жүйеге қарсы әртүрлі сылтауларды пайдалануы оларды әлсіретуді көздейді. Сіздер әлсіз болған сайын, тыйым арта береді. Сіздер күшейіп, мүмкіндіктеріңіз артып, өз аяқтарында тұратын болсаңыздар, олар сіздермен қарым-қатынастарын әдеп және қисынмен орнатуға мәжбүр болады. Елдің мәселелерін шешетін кілт – осы». Ислам революциясының дұшпандары мен оларды басқаратын АҚШ үкіметі мен заңсыз Израиль режимінің Иранның ядролық технологияға ие болуынан кейінгі әрекеттері болжамдардан алыс кетпеді. Олар дұшпандық ұстаным білдіріп, Иранды ядролық қару шығаруда деп айыптады. Расында, АҚШ өзінің ядролық арсеналында дамыған ядролық бомбаларды сақтауымен бірге осы күнге дейін қиратушы бомбаларын екі рет қолданды. Нагасаки мен Хиросимадағы жапондықтардың қырылуы ешкім үшін жасырын емес. Біздің өміріміздің ащылығы ядролық және басқа да жаппай-қыратын қаруға ие және өлім әкелетін бұл қаруды пайдаланған АҚШ үкіметінің ядролық ғылымды пайдалануға қарсылық білдіруді өз мойынына алуы болып  табылады. Олар мен олардың батыс серіктестері заңсыз сионистік режимді ядролық қарумен қамтамасыз етіп, бұл маңызды аймаққа үлкен қоқан-лоққы тудырып отыр. Алайда бұл алпауыт мемлекеттер  тәуелсіз мемлекеттердің ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануын қаламайды. Тіпті  радиодәрілер мен басқа да бейбіт жұмыстар үшін пайдалануға қарсылық білдіреді. Олардың алдамшы сылтаулары «Ядролық қару шығарудан қорқамыз» деген уәж айтуға себеп болуда. ИИР-на қатысты олардың өздері өтірік айтатындықтарын біледі. Біз ядролық қару шығарғымыз келмейді. Оның себебі АҚШ-тың реніші емес, біздің наным-сеніміміз осындай. Біз ядролық қаруды адмзат үшін қылмыс санаймыз.  Сондықтан оны шығармаймыз. Дүниеде жиналған бұл қарудың көзін құрту керек»,- деді. Сөз соңында Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің пікіріне сай, ядролық технологияға ие болу – Иран халқының құқығы, сондықтан оны қорғап, алға ілгерілету керек деп қорытынды жасау керек. Діни жетекші: «Атом энергиясы, немесе нақты айтқанда ядролық технология, ядролық отын шығару және уран байыту – халқымыздың заңды құқықтары. Егер бүгін бұл технологиямен халқымызды қамтамасыз етпесек,  келешекте  халық өзінің дұшпандары мен қарсыластарына қарай қолын жаятын болады. Егер, Иран халқы бүгін өз елі үшін ядролық технологияны пайдаланатын жағдайға жеткізбесе, бірнеше жылдан кейін бүгінгі жастарымыз  еңбек нарығына аяқ басқан кезде, Иран халқының саны бірнеше миллионға артқан кезде халық өзінің ең негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз еткісі келген кезде бөгделерге тіпті дұшпандарына қол жаятын болады. Сонда ғылыми монополияға ие елдер халықтың ғиззаты мен абыройын түсіреді. Біз зорлық-зомбылықты қабылдамаймыз. Иран халқы, ел басшыларының да зорлықты қабылдамайтындығын  біліңіздер»,- деді.