Иранның танымал тұлғалары (110)
Моулана Хосейн Ваез Кашефидің «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) атты еңбегі жауанмәрттік саласындағы ең көрнекті кітаптардың бірі әрі жәуәнмәрттіктің сопылығы турасындағы ең маңызды кітаптардың қатарына жатады. Бүгінгі бағдарламада Моулана Хосейн Ваез Кашефидің осы еңбегімен таныстырамыз.
Өткен екі бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген ирандық көрнекті жазушы, ғалым, астроном, математик әрі Құран тәпсіршісі Моулана Хосейн Ваез Кашефи жайлы сөз қозғаймыз. Бұл ирандық ойшыл әртүрлі салаларда құнды қызмет етіп, мәңгілік туындылар қалдырған. Бірнеше бағдарлама барысында оның туындыларының кейбіреулерімен таныстырып, талдаймыз.
Айтып өткеніміздей, «Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари – Тимурилер дәуірінде (х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда/ григориан күнтізбесі бойынша 15 ғасырда) өмір сүрген ирандық еңбекқор жазушы, діни ғылымдардың білгірі, астроном, Құран тәпсіршісі, математик, ықпалды әрі көрнекті уағызшы. Ол бастауыш білімін сол заманда ғылым-білімнің ордасы болған Сабзевар қаласында алып, содан соң Мешхед пен Герат қалаларына аттанған.
Ол ұзақ жылдар бойы діни тағылымдар мен ақлақтық қасиеттерді уағыздап, үгіт‑насихат жасаумен айналысқан. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келіп, оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаи өнер мен әдебиет майталмандарына қолдау көрсеткен соң Кашефидің орны мен танымалдығы арта түсті. Ұлы хадисшілер мен ғұламаларға берілетін уағыз бен құтпа айту орны Гератта Кашефиге берілді. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, Ваез Кашефи проза мен поэзия саласында көптеген еңбек жазған. Өткен бағдарламада оның «Роузат уш‑Шохада» атты еңбегін талдадық.
«Футувват» сөзі жомарттық, қайырымдылық пен мәрттік, жәуәнмәрттік деген мағыналарды білдіреді. Мәрттік – жеке адамның қасиеті, алайда сопылық ұғымымен араласқан заманнан бері әлеуметтік салаға жол тартты. Ұлы сопылардың әрқайсысы өздерінің ой-өрісінің өскеніне байланысты мәрттікке мистикалық сипаттама береді. Мәрттіктің сопылықпен байланысы әріден басталады. Сопылық мәрттікті рәсімге айналдырып, оған лайықты әдет-ғұрып қалыптастырды. Мәрттікке қатысты мәдениет пен ұғым таралған соң осы тақырыпта «футувватнама»-«ресале» жазу басталды. Мұндай кітаптар бір мектеп пен тәсілге айналды. Оны «футувватнама» жазу деп атайды. Олар ислам мәдениеті мен руханиятының тарихында маңызды дереккөздері болып саналады. Х.қ.ж.с.б. 412 жылы (1021 жылы) толық бір трактатты мәрттік тақырыбына арнаған алғашқы жазушы Абдуррахман Суллами болды. Футувватнама жазу біртіндеп етек жайып, соған әртүрлі таптар мен кәсіпшілердің енуімен күрделене түсті. Ол мәдени-әлеуметтік, тіпті саяси-экономикалық тұрғыдан маңыздылыққа ие болды. Мәрттік пен жомарттық мәдениеті Иранда біртіндеп х.қ.ж.с.б. 9-10 ғасырларға жетіп, Сефевилер заманында Иранның қарапайым халқы арасында кең таралды. Осы таралымның нәтижесі Сефевилер заманында жазылған көптеген «футувватнамалар» болып табылады. Осы уақыттан кейін жазылған футувватнамалардың көбі жазушылардың бұқарадан шығуы және оны көшіріп жазушылардың сауатсыздығына байланысты қатеге толы нашар мәтіндер болып табылады.
Ваез Кашефидің «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегі мәрттік саласындағы ең көрнекті кітап және мәрттік сопылық туралы ең маңызды еңбектердің қатарына жатады. Мәрттік пен жомарттықты зерттеушілердің пікірінше, парсы және араб тілінде мәрттік сопылық туралы егжей-тегжейлі жазылған кітап – Нақшбандия сопылық ағымын ұстанған Ваез Кашефидің «Сұлтанның жомарттығы» еңбегі. Бұл кітапта ақлақ, Құдайға жақындау жолдары, киім кию үлгісі, әртүрлі қоғамдар, соның ішінде саққалар-су тасушылар, зілтеміршілер, күресшілер, қиссашылар мен жиын өткізушілер арасындағы қарым‑қатынас жайлы өте сирек кездесетін мәліметтер берілген. Бұл кітапты өзі қатарлас кітаптардан жоғарырақ қоятын нәрсе мәрттіктің даму жолы туралы құнды мәліметтер беруі болып табылады. Бұл кітап футувват-мәрттіктің милади жыл санағы бойынша 15 ғасырға дейін Иранда бұрынғыдай кең таралғанын көрсетеді.
Бұл кітап басқа қырлары бойынша да өте маңызды. Қазіргі заманғы дін зерттеушісі Расул Джафарианның құтпалар мен «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегіндегі кейбір сілтемелерге сүйене отырып айтуынша, бұл еңбек Ирандағы шиіттік мазхабты меңгеру жолында иснаашариттік сенімге бет бұру өзгерістерінің нышандарын көрсетеді. Бұл кітаптың 9-тарауы «Дар кейфиат миан бастан» деп аталады. Жауанмәрттер арасында осындай ерекше рәсім бар. Молла Хосейн соның әдет-ғұрпын баяндаған. Мұнымен қоса, 12 имамның аты аталып, екі құтпаға сілтеме жасады.
Ұстаз Мұхаммад Джафар Махджуб «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегін түзетіп, оған жазған егжей-тегжейлі кіріспеде мәрттіктің тарихы, «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегінің ерекшеліктері мен қолжазба нұсқалары жайлы баяндаған. Махджуб Ваез Кашефидің туындыларының арасында «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегін оның ең құнды шығармаларының қатарында атады. Махджубтың сенімінше, «Парсы және араб тілдерінде мәрттіктің әдет-ғұрыптары мен жауанмәрттердің тәсілі туралы жазылған көне және жаңа мәтіндердің арасында «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегі басқалардан толығырақ әрі нақтырақ жазылған. Мәрттіктің принциптеріне азды-көпті тоқталған футувватнамамаларда автор тақырыптың тарихы мен оны дәлелдеуді мақсат тұтпаған. Мәрттіктің әдет-ғұрыптары мен рәсімдерінің кімнен бастау алатыны, кейбір құралдар мен рәсімдердің қалай пайда болғанына футувватнама жазушылардың аса көңіл аудармаған. Алайда Хосейн Ваез Кашефи осы тақырыптардың барлығын нақты әрі сақтықпен баяндап, осы рәсімдер мен оған қатысты дүниелерде ештеңені ұмытпауға тырысып, оның кітабын оқитын адамның басқа кітаптарды қарауға қажеттілігі туындамауын көздеген».
Кашефидің «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегін жазуда қолданған әдебиеттері бірінші кезеңде оның өзінің тәжірибелері мен тағылымдары болды. Содан кейін өзі оқыған көптеген кітаптарды пайдаланды. Имам Мұхаммад Ғазаллидің «Діни ғылымдарды қайта жаңғырту» (Ахия-е улум ед-дин) еңбегі, Ходжвиридің «Кәшф ул-Махджуб» кітабы, Камаледдин Абдурреззақ Кашидің «Футувватнамесі» Кашефидің «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегін жазуда қолданған әдебиеттері болып табылады.
«Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегі 7 тараудан тұрады. Онда мәрттік, жауанмәрттер мен олардың иерархиясы туралы барлық мәселелер мен әдет-ғұрыптар қамтылған. Бұл кітап Иранның мәдени, рухани және әлеуметтік тарихын тануда өте маңызды. Мәрттік сопылықтағы ақлақтар мен наным-сенімдерден бастап, рухани әдет-ғұрыптар, кәсіпшілер мен басқа да таптар туралы ешбір жерде айтылмаған мәселелер егжей-тегжейлі баяндалған.
Хосейн Ваез Кашефи тақырыпты жетік меңгеріп, ерекше ынта танытып, жатық тілмен мәрттік туралы энциклопедиялық сөздік тудырды. Бұл еңбек осы тақырыптағы ең маңызды дереккөзі болып табылады. Мәрттік тақырыбына қатысты Құран аяттары мен ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) хадистері, хазірет Әли (ғ.с.) мен 12 имамның сөздерін келтіріп, осы салаға қатысты кейбір заттардың атаулары, олардың тарихы мен философиясын түсіндіргендіктен «Сұлтанның жомарттығы» (Футувватнаме-е сұлтани) еңбегі өзі қатарлас кітаптардың арасындағы ең толық еңбектердің біріне айналды.