Жетекшілік хадисы 114
«Мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жегенді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер...»,- деп ескертеді. («Хужурат» сүресінің 12-ші аяты).
Ғайбат – үлкен күнәлардың бірі. Сондықтан ер мен әйел үшін жиындарда ғайбат айтып, күнәға батпау уәжіп саналады. Имам Әли (ғ.с.): «Ғайбатты тыңдаушының күнәсі оны айтушымен бірдей»,- деген. Әр мұсылман өз мүмкіндігіне қарай мүмін бауырының абыройын сақтап, оған кір келтіруге рұқсат етпеуге міндетті. Жиындарда басқалар туралы ғайбат айтылып, оларды жамандап жатқан кезде әр мұсылманның міндеті адамдарды жамандықтан алыстатып, жақсылыққа жігерлендіріп, ол туралы ғайбат айтылып жатқан адамды қорғау болып табылады. Егер, ғайбатты естіп отырған адамның оны тоқтату мүмкіндігі болмаса, басқа жолды іздеуі, мәселен, әңгіменің тақырыбын өзгертуге талпыныс жасауы керек. Ал, егер, мұны да жасай алмаса, жиыннан кетіп қалғаны жөн. Алайда, кетіп қалу да мүмкін болмаса, жүрегімен ғайбатты қабылдамай, наразы екенін білдіруі қажет. Егер адам ғайбатқа риза болса, өз ғайбат етпегенімен күнәһар саналады. Рауаяттардың бірінде бір ер адамның Алла елшісінің қасында бір адамды жамандағаны сол кезде келесі бір адамның оны қорғағаны айтылған. Сонда хазірет: «Мүмін бауырының абыройының төгілуінің алдын алған адам тозақ отынан аман қалады»,- деген. Келесі бір рауаятта: «Егер адам мүмін бауыры туралы ғайбат естігенде оны қабылдамаса, Алла оны мың жамандықтан құтқарады. Ал, егер, ғайбатты теріске шығармай, таңырқайтын болса, оның күнәсі ғайбат айтқан адамның күнәсімен бірдей»,- деп айтылған. Ғайбатты қабылдамау жеткіліксіз. Адам үнсіз қалмай, діни бауыры мен оның абыройын қорғағаны дұрыс. Негізінде, әр мұсылман діни бауырына қатысты айтылған әрбір сын мен тағылған әрбір айыпты Алла риза болатындай қорғап, қауесет таратып, күнә жасауға мүмкіндік бермеуге міндетті. Имам Садық (ғ.с.) сөздерінің бірінде: «Ғайбат жасама. Сонда сен туралы ғайбат айтылмайды. Бауырыңа шұңқыр қазба, өзін түсесің. Қолыңмен не берсең, соны қайтып аласың»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 75-ші том). Осы хадис бойынша басқалар туралы ғайбат айтатын адам өзін ғайбатқа түсу қатеріне итереді. Келесі бір рауаятта бір адам имам Саджад (ғ.с.)-ға: «Бір адам сізді адасқан және күпір адам дейді»,- дегенде имам оған: «Оның сөзін маған жеткізіп, онымен отырған құқығыңды құрметтемедің. Менің құқығымды да құрметтемедің, өйткені бауырымнан мен білмейтін нәрсені маған жеткіздің. Ғайбаттан сақтаң»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 75-ші том). Күнәларға тәубе ету – уәжіп. Әр мұсылман өзінің күнәсына өкініп, тәубе етуі керек. Егер, тәубе ете алмаса, қиямет күні үлкен күнәларымен бетпе-бет келеді. Алла елшісі: «Мұсылман бауыры туралы ғайбат айтатын адамның оразасы қабылданбайды және вузуы жойылады. Сондай жағдайда қайтыс болса, илаһи харамды халал санайтындардың қатарына кіреді»,- деп ескерткен. Сондықтан ғайбатты айтатын және оны тыңдайтын адамдар тәубе етулері керек. Исламда тәубе етудің күнә жасамау, күнә жасағаны үшін өкіну, күнәні қайталамау және күнәның шығындарын қайтару сынды шарттары бар.