Ғанкабут сүресі, 715-ші бөлім, 62-66 аяттар
"Ғанкабут" сүресінің 62-66 аяттарының тәпсірі
«Ғанкабут» сүресінің 62 аяты:
«اللَّـهُ یَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَن یَشَاءُ مِنْ عِبَادِهِ وَیَقْدِرُ لَهُ إِنَّ اللَّـهَ بِکُلِّ شَیْءٍ عَلِیمٌ»
Алла құлдарынан кімді қаласа, несібесін кеңітеді де тарылтады. Күдіксіз, Алла әр нәрсені толық біледі (62).
Алдыңғы бағдарламада мұсылмандардың Мекке қаласында мүшіріктердің азаптауы мен бірнеше жыл солардың сауда-экономикалық қысымдарына ұшырағанын айттық. Соған қарамастан олардың кейбіреуі өздерінің үйлері мен мекендерінен көшуге әзір болмады.
Осы аят былай дейді: «Сауда мен кәсіптеріңнің әлсірейтіндігі мен тұрмыс жағдайларыңда орын алатын қиындықтарға бола иманнан қол үзбеңдер. Керісінше, өздеріңнің имандарыңа табандылық танытып, несібенің Құдайдың қолында екенін біліңдер. Егер қажет болса, хиджрат етіп, өз қалаларың мен өлкелеріңнен кетіп, Мединеге көшіңдер» дейді.
Осы аяттан үйренетініміз:
1.Тұрмыс-тіршілігіміз үшін әрекет етіп, талпыныс жасау – біздің міндетіміз. Бірақ табыс пен несібенің мөлшері біздің ықтиярымызда емес, Алланың хикметіне тәуелді.
2.Адамдардың ырзық пен несібе және дүниелік нығметтерге ие болуының айырмашылығы адамдардың ақыл-қабілеттегі айырмашылықтары сынды Құдай тарапынан орын алатын дана іс. Бірақ, сол айырмашылықтар адамзат қоғамының қажеттілігі болып табылады.
«Ғанкабут» сүресінің 63-64 аяттары:
«وَلَئِن سَأَلْتَهُم مَّن نَزَّلَ مِنَ السَّمَاءِ مَاءً فَأَحْیَا بِهِ الْأَرْضَ مِن بَعْدِ مَوْتِهَا لَیَقُولُنَّ اللَّـهُ قُلِ الْحَمْدُ لِلَّـهِ بَلْ أَکْثَرُهُمْ لَا یَعْقِلُونَ»، «وَمَا هَـذِهِ الْحَیَاةُ الدُّنْیَا إِلَّا لَهْوٌ وَلَعِبٌ وَإِنَّ الدَّارَ الْآخِرَةَ لَهِیَ الْحَیَوَانُ لَوْ کَانُوا یَعْلَمُونَ»
Ал егер олардан: "Көктен жаңбыр жаудырып, онымен жерді өлімнен кейін жандандырған кім?",-деп сұрасаң, әлбетте: "Алла" дейді. (Мұхаммед Ғ.С.): "Барлық мақтау Аллаға лайық" де. Бірақ олардың көбі түсінбейді. (63) Бұл дүние тіршілігі ойыншық, ермек ғана. Күдіксіз, ахирет жұрты анық тіршілік. Әттең! Олар білсе. (64).
Адамдардың өмірі мен ырзықтарының мәйегі жаңбырдың жаууына байланысты. Егер аймақта бірнеше жыл жаңбыр жаумаса, құрғақшылық өсімдіктердің қурауы мен жан-жануардың өлімі мен жұтқа, адамдардың аштығына себеп болады. Сол себепті осы аят былай дейді: «Тіпті, мүшіріктер де жаңбырдың жаууының Құдайдың қолында екендігіне сенгенімен, бәрібір пұттарға табынып, соларды өз өмірлерінде әсері бар деп ойлады. Ондай болса, иман адамдарының өздерінің ырзықтарын қамтамасыз етуге алаңдап, қорқыныштан Құдай жолында хиджрат етуге әзір еместіктері қалай? Олар нағыз өмір мен ырзықтың ақырет сарайында екендігін, бұл ырзық пен жылтыраққа толы дүниенің барлығының тек ойын, ермек екенін білмей ме?»
Кішкентай балалар әртүрлі ойыншықтармен, үлкендер машина, үй, зауыт сынды үлкен нәрселерге айналады.
Балалардың ойындарында біреуі шаһ болса, бірі уәзір, бірі анасы, бірі баласы болады. Ойын аяқталған соң бұлардың барлығының жалған әрі ойдан шығарылған екендігі белгілі болады.
Үлкен жаста да әрбір адам өзіне атау таңдап, қоғамнан өзіне орын әзірлейді. Бірақ, өмірі аяқталар сәтте адам солардың барлығының жалған әрі өткінші болғанын, өмірін сондай рөлдерде ойнап, өткізіп алғанын түсінеді. Тарихтағы даңқты патшалар қайда? Тарихтағы үлкен сардарлар мен қолбасшылар қайда? Олардың ойындарының уақыты аяқталып, қазір келесі бір топ ойнап жатқан сынды.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Құдайтану – болмыстық іс. Егер күнә мен бұрмаланушылықтың шаң-тозаңы адасушылардың жүректерінен тазаланса, олар ақиқатты мойындайды.
2. Көп адамдар өздерін қапыл етіп көрсетіп, өздерінің бастауы мен соңы және әлем туралы ойлағылары келмейді.
3. Ақыреттен қапылдық және оның ақиқатын білмеу дүниеге беріліп, материалды және дүниелік істерге салынуға себеп болады.
4.Нағыз өмір ақырет әлемінде. Адам сол жерде өзінің нағыз орнына орналасады. Ол жерде қиыншылық пен зұлымдық болмайды. Ешкімнің құқығы аяққа тапталмайды.
«Ғанкабут» сүресінің 65-66 аяттары:
«فَإِذَا رَکِبُوا فِی الْفُلْکِ دَعَوُا اللَّـهَ مُخْلِصِینَ لَهُ الدِّینَ فَلَمَّا نَجَّاهُمْ إِلَى الْبَرِّ إِذَا هُمْ یُشْرِکُونَ»، «لِیَکْفُرُوا بِمَا آتَیْنَاهُمْ وَلِیَتَمَتَّعُوا فَسَوْفَ یَعْلَمُونَ»
Қашан олар кемеге отырса, дінін Аллаға арнаған түрде жалбарынады да, оларды құтқарып қырға шығарса, сол уақытта олар Аллаға серік қосады. (65) Өздеріне берген нәрселерімізге қарсы бола тұрсын әрі олар пайдалана түрсын. Бірақ жақында олар біледі. (66)
Адамдардың ішкі болмыстарын ояту үшін Алланың аспан мен жердегі құдіретінің белгілеріне сілтеме жасаған алдыңғы аяттардың жалғасында осы аяттар адамдарға қатерді сезген кезде, барлық нәрсе мен барлық адамнан үміт үзген кезде кімге бет бұрып, кімнен медет тілейтіндіктерін естеріне салады.
Кеме суға батып бара жатқан кезде кімді шақырасыңдар? Ұшаққа құлау қаупі төнгенде кімнен көмек сұрайсыңдар? Әрине, сендерді құтқарып, өлімнен аман сақтап қалатын ұлы Құдайдан сұрайсыңдар.
Адам өз өмірінде әдетте материалды заттарға немесе достары мен туыстарына иек артып, басына іс түскенде солардан көмек сұрайды. Сол себепті Құдайды ұмытады. Алайда адамның айғайына ешкім көмектесе алмайтын қатер сәтінде басқаларды ұмытып, тек Құдайға ғана жалынады.
Бірақ, Құдай соны қатерден құтқарған адам Құдайды қайтадан ұмытып, материалды тіршілік пен дүниелік нығметтердің соңына түсіп, сол нығметтер үшін тіпті, Құдайға алғыс айтуды да естен шығарады.
Осы аяттардан үйренетініміз:
1.Қапылдықтың шаң-тозаңы адамның болмысын жапқанымен, қатерлі оқиғалар мен құбылыстар қапылдық пердесін ысырып, адамның Құдайды іздеу болмысын оятады.
2.Риясыз дұға орындалады. Кәпір де, егер шын ниетімен дұға тілесе, орындалады.
3. Құдайға шерк келтіру – оның нығметтеріне күпірлік таныту. Таухид – Алланың сыйларына алғыс айтудың бір түрі.