Нау 14, 2016 21:53 Asia/Almaty

Өздеріңіз білетіндей, ислам тағылымдарында мұсылмандардың бірлігі мен тілектестігіне баса назар аударылған. Бірақ ислам әлемінің қазіргі жағдайларына шолу жасағанда ислам елдері арасындағы ең ауыр әрі бұрын-соңды болмаған қақтығыстар мен шиеленістердің куәсі болып отырмыз.

Осы тұрғыдан  қазіргі жағдайда исламдық тағылымдар мен ұлы пайғамбардың (с.ғ.с.) жолына бет бұру басқа кездерден көбірек қажет, өйткені ислам үмбетінің дұшпандары ислам әлеміндегі шашыраңқы әрі шиеленіске толы кеңістікті пайдаланып, ислам әлемін әлсірету үшін ешбір шарадан бас тартпай отыр. Сол себепті «Ислам əлеміндегі бірлік» атты бағдарламада мұсылмандардың бірлігінің ислам идеологиясы мен исламдық ойшылдар мен данышпандардың көзқарасында қандай орынға ие екендігі жəне осы арманды орындау үшін не істеу керектігі жайында сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

Қолда бар статистикалық мәліметтер бойынша, қазіргі таңда 1 млрд 200 млн-нан астам мұсылман әлемнің әртүрлі жерінде өмір сүреді. Мұсылмандардың көбі 57 елде шоғырланған.  Сондай-ақ,  басқа елдердің көбінде мұсылмандар өте ықпалды бір діни азшылық ретінде өмір сүруде. Ислам елдері БҰҰ Бас ассамблеясындағы орындардың шамамен үштен бірін иеленген; мұнай мен газ саласында бай қуат қорына ие және әлемнің ең маңызды стратегиялық аймақтарын басқарады. Бұл жағдай аталмыш елдерге ерекше саяси‑экономикалық және әскери потенциалдар берді. Алайда ислам елдері осындай саяси‑экономикалық және әскери және осы қорларды дұрыс басқару арқылы әлемнің маңызды орталықтарының біріне айнала алу мүмкіндігіне ие болса да, өкінішке орай, бұл елдер бірліктің жоқтығынан халықаралық жүйеде тиісті орын ала алмай, өздерінің шекараларының ішінде де үлкен қиындықтарға, әсіресе ішкі қайшылықтар мен экономикалық  кедейшілікке  ұшырап отыр.

Мұсылмандар арасына іріткі салу мәселесі ислам елдерінің артта қалуының негізгі факторы ретінде үнемі ислам әлемінің ойшылдары, реформаторлары мен саясаткерлерін ойландырған мәселелердің бірі болып келген. Ислам әлемі реформаторларының көбі мұсылмандардың исламның негізгі құндылықтарынан алшақ болуы және жәһилият дәуіріндегі этностық, ұлттық және тайпалық фанатизмдерді қайта жандандыруды ислам әлеміндегі бөлінушіліктің басты себебі деп атап, исламдық елдерді біріктіру үшін  әртүрлі жолдарды ұсынды. Бірақ осы реформаторлар, әсіресе көрнекті ойшылдар, соның ішінде сейіт Джамаледдин Асадабади, Экбаль Лахури мен имам Хомейнидің (р.) ислам әлемінің ояну қажеттігі,  Алланың бірлігі, Алла елшісінің (с.ғ.с.) пайғамбарлық миссиясы, Құран Кәрімді бұрмалаушылықтан сақтау және бір құбыла сияқты ортақ та мықты діни принциптер мен ойлар негізінде ислам елдерінің  бірігуі туралы талпыныстары мен ағартушылықтарына қарамастан, өкінішке орай, Ислам əлемі осы уақытқа дейін бірлік пен тілеулестік жолында байсалды қадамдар жасай алмады. Сол себепті мұсылмандардың көбі кедейшілік пен экономикалық қиындықтан, əлемдік сахнада төмен саяси жағдайдан жəне алпауыт елдердің орынды-орынсыз саяси-əскери араласушылығынан жапа шегіп отыр.

Тіпті негізгі мақсаты ислам елдері арасында тілеулестікті арттыру, мүше елдердің əртүрлі экономикалық, əлеуметтік жəне мəдени салалардағы əріптестігіне қолдау көрсету,  мүше елдер арасында  түсіністікті арттыруға жағдай жасау, барлық ислам халықтарының өз абырой-беделі, тəуелсіздігі мен ұлттық құқықтарын сақтау жолындағы күрестерге қолдау көрсету болып табылатын Ислам конференциясы ұйымы да өзінің жұмыс істеген жылдары əлі күнге дейін ислам елдеріне бірлік сыйлай алмады. Ислам елдерінің ұстанымдарында шиеленіс пен текетірес кеңістігі бұрынғыдай өз күшінде қалып отыр. Бəрінен өкініштісі, өткен онжылдықта салафиттік жəне тəкфирлік топтар пайда болғаннан бері мұсылмандар арасында қақтығыстар мен соғыс өршіп, исламның бейнесі əлемнің қоғамдық пікірінде одан ары бүліне түсті. Сондықтан енді өзімізден ислам елдері арасындағы осынша шиеленістен шынымен қандай адамдар пайда көреді деп сұрайтын уақыт жетті. Неге ислам елдерінің басшылары ақылға келіп, қас дұшпандарға қарсы бірігуді өз саясаттарының басты мақсаты етіп алмайды? Құран Кəрім мен пайғамбар (с.ғ.с.) тағылымдарының ислам үмбетін біріктіру үшін қандай құндылығы мен орны бар? Ислам елдерінің интеграциялануына не кедергі болуда?

Мұсылмандар бірлігінің Құран аяттары мен ұлық пайғамбардың хадистеріндегі орнына тоқталмас бұрын «Мұсылмандар бірлігі дегеніміз не?» деген сауалға жауап бергеніміз жөн болар. Осы сұраққа жауап бергенде екі көзқарас ұсынылады: бірінші көзқарас ислам қоғамына механикалық қатынасқа негізделген. Ол бойынша, бірлікті қалыптастыру, яғни барлық мұсылмандар шиіт немесе  сүннит болғанына қарамастан өздерінің жеке сенімдерін былай қойып, тек исламдық мазхабтардың ортақ тұстарына сеніп, соларды орындауы тиіс. Осы көзқарас бойынша, барлық мұсылмандардың бір ортақ мазхабы болуы тиіс, тіпті ислам қоғамында сенімдер мен фикһ үкімдері бойынша ешқандай теориялық қайшылықтар болмауы керек. Екінші көзқарас бірлікті басқаша түсініп, мұсылмандардың бірлігін органикалық қатынастан іздейді. Осы көзқарастың негізінде ислам бірлігі дегеніміз мынада: исламның əртүрлі мазхабтарын  ұстанушылардың əрқайсысы өз мазхабының ерекше сенімдері мен үкімдерін сақтап, соларға берік бола отырып, өздерінің басқа мұсылмандармен əлеуметтік, саяси-экономикалық, əскери жəне мəдени қарым-қатынасында ислам мен ислам үмбетінің биік мақсаттарына жақтас, соған берік болуы тиіс жəне  исламның дұшпандарына қарсы ұдайы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара əрекет етуі керек.

Шындық мынада: ислам əлемінің бірлігі бірінші көзқарас бойынша қазіргі жағдайда қажет те емес, орындалуы мүмкін де емес. Тіпті сүнниттердің төрт мазхабы арасында мұндай бірлікке жету мүмкін емес. Өйткені кейбір сенімдер мен үкімдердегі қайшылықтар – еркін ой мен талпыныстың табиғи нəтижесі, сондықтан мұсылмандардың жүректерінің бір-бірінен ажырауы мен алыстауына себеп болмайды. Сондықтан мұсылмандардың тілеулестігіне кедергілер мен факторлар саласында Құран аяттарының рухына көңіл бөліп, осы аяттарды орындауды жеке, саяси жəне əлеуметтік қарым-қатынастың басты негізі етіп алу керек. Құран Кəрім мұсылмандарды бірлікке шақыратын ең үлкен жаршы жəне тура жолды баяндау арқылы мұсылмандарды жікшілдіктен бас тартуға шақыратын  басты орталық болып табылады. "Әнғам" сүресінің 153-аятында былай деп жазылған: "Күдіксіз Менің тура жолым осы. Енді соған еріңдер. Басқа жолдарға түспеңдер, сонда сендерді Алланың жолынан айырады. Сендерге осыларды Алла нұсқады. Сақтанарсыңдар".

Алла Тағала сонымен қатар "Әли Ғымран" сүресінің 103 аятында мұсылмандарды Алланың жібінен ұстауға шақырып, бірлікті  олар үшін бір нығмет ретінде атап: "Түп- түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар",-дейді. Сондай-ақ, Құран Кəрім Алланың бірлігі мен оған құлшылық етуді мұсылмандардың саяси-əлеуметтік тілеулестігінің басты өзегі деп атап, біртұтас үмбет құру жайлы сөз қозғайды: "Осы сендердің үмметтерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларың. Сондықтан Маған ғана құлшылық қылыңдар" (Әнбия:92). Бұл аят тұспал түрінде біртұтас үмбеттегі бірліктің тамырын Алланың ұлылығы, ал Алладан басқаға табынуды жікшілдіктің себебі санайды. Алла елшісі (с.ғ.с.) осы ойдың негізінде ислам дініне шақыра бастаған кезден өмірінің соңына дейін Алланың ұлылығы өзегінде мұсылмандарды бірлік пен дұшпандарға қарсы одақтасуға шақырған.