Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (12)
Разавилік өмір салты топтамасының бүгінгі бөлімінде перзент тәрбиесі тақырыбын қозғаймыз.
Тәрбие қабілетті ашып, оны тәрбиелеу деген мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, кез келген нәрсенің потенциалын дамыту деген сөз. Әлбетте, тәрбиенің үздіксіз үдеріс және баяу жүзеге асатын іс екенін ұмытпаған жөн. Бұл үдерісте ешқандай шектеу жоқ. Ол уақыт және мекенмен шектелмейді. Керісінше, өмір бойы жалғасып, адам болмысының қырларының кеңдігі мен тереңдігіне байланысты болады.
Тәрбие тез арада нәтиже бере қоймайды. Бұл сезімтал әрі күрделі істе бір түн немесе бірнеше айда кереметті күткен жөнсіз. Перзентті дұрыс тәрбиелеудің негіздерін ол дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын әзірлеген жөн. Ал перзент дүниеге келгеннен кейін сабырмен оның тәрбиесімен айналысу керек. Бүгінгі бағдарлама аясында бала тәрбиесінің дүниеге келмес бұрын және туғаннан кейінгі екі кезеңін қарастырамыз.
Алғашқы қадам – лайық жар таңдау. Сафуан бин Яһия имам Реза (ғ.с)-ның сөздеріне сілтеме жасап: "Ер кісі үшін күйеуін көргенде қуанып, ол жоқ кезде өзі мен мал-мүлкіне бас-көз болатын лайықты жардан асқан бақыт жоқ",- деген. Тағы бір кісі: "Бір кісі қызыма құда түсіп келіп отыр. Ол жақсы күйеуге тән барлық талаптарға сай келеді. Тек мінезі жаман екен",- депті. Имам Реза (ғ.с) оған: "Егер мінезі жаман болса, қызыңның оған тұрмысқа шығуына рұқсат берме",- деп жауап беріпті.
Екінші қадам – үйленудің әдет-ғұрыптарын сақтау. Әйел мен еркек некенің басқа да дәстүрлерін сақтай отырып, Құдайдан лайықты әрі ақылды перзент тілейді. Имам Реза (ғ.с)-ның "Ар-Резаның фикхы" атты кітабында әйел мен еркектің алғашқы кездесуі кезінде күйеуге қаратып: "Әйел сенің үйіңе келгенде, оны құбылаға қаратып отырғызып: "Құдайым! Жарымды аманатқа алдым. Өзіңнің алдында уағдаласып, шариғат бойынша өзіме жар етіп алдым. Жаратқан ием! Жарыма берекелі, дені сау перзент бере гөр! Шайтанның менім ұрпақ жалғастыруыма араласуына жол берме",- деп жазылған.
Келесі кезек – жүктілік кезеңі. Жұбайдың психикалық халі мен үйде тыныштықтың болуы және дұрыс тамақтану мәселелеріне көңіл бөлу осы кезең үшін қажетті шарттарға жатады. Дұрыс әрі нәрлі тағаммен қоса, кейбір жемістер мен азық-түліктерді тұтыну келешекте баланың тұлғасы мен оның жеке қасиеттеріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан, пәк имамдар осы кезеңде кейбір азық-түліктерді тұтынуға кеңес берген. Мұхаммад бин Санан имам Реза (ғ.с)-ның "Аяғы ауыр жұбайларыңа шайыр беріңдер. Егер болашақ перзент ұл болса, жүрегі таза, данышпан әрі ержүрек болады. Ал перзентің қыз болса, мінезі жұмсақ әрі сұлу болып, күйеуінің алдында сый-құрметке ие болады", деген сөздеріне сілтеме жасаған. Әрине, тек дұрыс азық-түлікті тұтыну перзенттің бойында осындай қасиеттердің көрініс табуына себепкер болмайтыны айдан анық. Бұл қасиеттердің пайда болуына басқа да факторлар әсер етеді.
Нәресте дүниеге келгенде перзент жаңа әлемге қадам басады. Ең алдымен, нәрестенің құлағына таухид әуенін сыбырлап, оның жаратылыс кеңістігін таухидтің хош иісі мен Құдайға сыйынудың жұпарына толтырып, болмыс алқабына таухидтің дәнін себу арқылы оны илаһи зікірдің көркем қызғалдақтарымен толтыру қажет. Имам Реза (ғ.с) осыған байланысты: "Перзент дүниеге келген кезде, оның оң құлағына азан айтып, ал сол құлағына иқама айтыңдар",- деген екен.
Перзентке ат қою ата-ананың келесі бір парызы саналады. Әрбір сөздің өзіндік мағынасы бар. Сөздің көркемдігі мен жағымсыздығы оның мағынасымен тікелей байланысты. Жақсы есім сый-құрметке жеткізеді, ал жаман есім масқаралыққа, кейде кемсітуге де себеп болады. Адамның есімі үнемі онымен бірге жүріп, оның жақсы және жаман әсері әрдайым өмірінің соңына дейін серік болады. Имамдар өз перзенттеріне жақсы есім таңдап, басқаларға да солай жасауға кеңес берген. Имам Реза (ғ.с) өз перзентіне Мұхаммад деген көркем есімді таңдап, бұл есімнің әсері жайлы сырды ашып: "Мұхаммад есімді бала бар үйде күн мен түн жақсылық және қайырмен аяқталады",- деген.
Бала әсіресе алғашқы күндерден бастап, көбірек қамқорлыққа, әсіресе анасының қақорлығына мұқтаж болады. Баланың денінің саулығы дұрыс тамақтану, тыныштық пен психикалық саулықты қамтамасыз етумен байланысты, ал нәрестенің эмоционалдық қажеттіліктерін қамтамасыз ету баланың физикалық тұрғыдан қалыптасып, рухани кемілдікке жетуіне ықпал етеді. Өмірінің алғашқы күндері нәресте жаңа ортаны бөтенсіп, әлсіз болғаны үшін көбірек қамқорлық пен көңіл бөлуді қажет етеді.
Ана және оның айналасындағылардың нәрестеге қамқорлық жасап, оның алғашқы қажеттіліктерін қамтамасыз етуі баланың сенімдерінің қалыптасуына негіз болып, баланың бұл дүниеге қатысты оң көзқарасының қалыптасуына әсер етеді. Бұл дүниеде сәбидің жанында әрдайым мейірімді жан бар. Ол нәресте нені қажет етсе де, тауып береді. Мүмкін, бұл қызметтер біз үшін ұсақ көрінер. Алайда дәл осы махаббат пен сүйіспеншілік, қамқорлық нәрестенің болмысында оның тұрақтылығы мен дүниеге деген ізгі көзқарас қалыптастыруы үшін төңкеріс жасайды. Сол себепті, имамдар (ғ.с) осы мәселеге қатты көңіл бөлуге кеңес берген. Қажеттіліктің қамтамасыз етілуі даму, қозғалыс, денсаулық, пісіп-жетілу мен өзін-өзі танып білу және тағы да басқа факторларға әсер ететіндіктен, психологтар оларды сақтауға шақырады.