Иранның танымал тұлғалары (115)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда өмір сүрген ирандық мистик, сопы, хадисші, ақын және Кабравие ағымының негізін қалаушы шейх Наджмеддин Кубра жайлы сөз қозғаймыз.
Айтып өткеніміздей, Наджмеддин Кубра х.қ.ж.с.б. 540 жылы Үлкен Хорасандағы Хиуа қаласында дүниеге келген. Ол ғылымдардың бастамасын өзінің туған жерінде үйренген соң көбірек танымға ие болу үшін сапарға аттанған. Дана адам бар деп естіген кез-келген жерге барып, онымен сұхбаттасып отырған. Сол себепті Наджмеддин Кубра жай мистик қана емес, ол Құран тәпсіршісі, хадистанушы, астроном, хәкім, философ, лингвист және жоғары лауазымды саяси қайраткер саналады. Ол х.қ.ж.с.б. 575 жылы ұстазының бұйрығымен туған жері Хиуаға қайтып оралып, таным мен ақиқатқа құштарларды тәрбиелеуге талпыныс жасады. Кабравие тариқатының негізін қалаушы шейх Наджмеддин Кубра х.қ.ж.с.б. 618 жылы 78 жасында моңғол әскерімен күресте ерлікпен қаза тапты.
Сопылар мен мистиктер арасында кейбіреулердің ғылымды хиджаб деп санайтынын ескере отырып, өздерін ғылымдардың сыртқы келбетінен аулақ салып, өздерінің шәкірттерін де алшақтатып отыру рәсім болған. Бұл мәселе осы саладағы ұлылардың еңбек жазбауына себеп болды. Сондықтан, мистикалық тақырыптарда қалам тербей алатын сопылар аз болған. Алайда, сол аз жазушылардың өзі осы салада терең еңбектер жазып қалдырған. Қуанышқа орай, өз заманындағы ғылым мен мистиканың, тариқат пен шариғаттың данышпандары болған Кабравие тариқатының шейхтері терең мистикалық еңбектер жазып, өздерінен кейін өте пайдалы жазбалар қалдырған. Наджмеддин Кубра мен оның шәкірттері, оның өзінің жазбалары мен тарихи еңбектерге сүйенсек, шетінен жазушы болған. Олар Кабравие ағымының жалғасуына үлес қосып, ғылым мен танымға құштарлар үшін құнды еңбектер жазып қалдырған. Алла жолындағылар үшін тариқат жайлы пайдалы да түбегейлі еңбектер жазып, мистика әлеміне тапсырған Наджмеддин Кубрадан басқа оған берілген адамдар да жазумен айналысқан. Саадеддин Хамави, Наджмеддин Рази, Аттар Нишапури, Алауддоуле Семнани мен басқа да ұлылардың барлығы қалам иелері болған. Сол себепті Кабравие тариқаты еңбектер мен рухани тақырыптар жөнінен де, ислам мен Иранның мәдениетіне қызмет ету, шиіттердің биік ойларын тарату және оның құндылығын таныстыру тұрғысынан сопылықтың ең бай ағымы саналады.
Наджмеддин Кубра ислам ғылымдарынан дәріс беру және ақиқат жолындағылар мен шәкірттерді тәрбиелеумен қатар, жазу ісіне де маңыздылық берген. Сол еңбектерінің кейбіреуін танымға талпынып, қызығушылардың сұрауымен жазған. Ал келесі бір тобын шейх өз ынтасымен жазған. Қуанышымызға орай, осы жарқын мұраның кейбіреуі әлемнің кітапханаларында сақталынған. Тағы бір тобының тек атауы ғана қалған. Доктор Тоуфиқ Саджади шейх Наджмеддин Кубрадан қалған жазба нұсқалары негізінде сопылық пен мистика әлемінің ұлы тұлғасының 32 еңбекке ие екендігін жазған. Доктор Асадолла Хавари шейхтің еңбектеріне лайықты сараптама жасап, Түркия кітапханаларындағы олардың қолжазба нұсқаларын келтірген. Шейх Наджмеддин Кубраның кейбір туындылары парсы тілінде, келесі бір тобы араб тілінде жазылған.
Наджмеддин Кубраның туындылары көп болумен қатар алуан тақырыпқа ие. Олардың барлығы сопылық тақырыбында болмаған. Ол Құранға 12 томдық тәпсір жазған көрінеді. «Ейн ул-Хайят» деп аталатын бұл тәпсір кітабын кейін Кабравие ағымының екі шейхі – алдымен «Дайе» деп аталған Наджмеддин Рази, содан соң шейх Алауддоуле Семнани толықтырып, аяқтады.
Шейх Наджмеддин Кубраның сопылық саласындағы еңбектері көп. Солардың ең маңыздысы – «Фаваедж ул-Джамал уа Фаватех ул-Джалал» атты танымал еңбегі. Онда ақиқатты іздеушілердің кәміл шейхтің бақылауымен басынан аяғына дейін жүріп өтетін ішкі тариқаттың әдет-ғұрыптары баяндалған.
Бұл кітап шәкірттерге берілетін тәлімдер тұрғысынан өте маңызды. Кабравие тариқатымен жақынырақ танысқысы келетін адамдар үшін бұл кітап өте пайдалы жолнұсқаушы бола алады. Шын мәнінде, олар осы кітапты зерттемесе, танымдары жеткіліксіз болады. Бұл еңбектің маңыздылығы мынада: онда шейх Наджмеддин Кубраның жеке тәжірибелері мен ішкі таным-түйсігі оның өз қолымен жазылған. Сонымен қатар, онда қатысқан жиындары мен сол отырыстардан алған әсерлері де баяндалған. Бұлар көбінесе жеке кездесулері саналады. Бұл еңбекті зерттеу Кабравие мектебіндегі тәлім-тәрбиені тануға көмектесіп қана қоймайды, автордың ақиқат жолындағы көңіл күйі мен өмірін тікелей әрі ешбір дәнекерсіз тануға көмектеседі. Шын мәнінде, шейх Наджмеддин Кубраның мистикалық ойларының көбі осы трактатта жеке философия, соның реңі мен нұрының нәтижесі тұрғысынан жинастырылған. Наджмеддин Кубраның бірнеше еңбегінен айқын болғандай жеке кездесулер туралы «Ресале фи ул-Халват» атты трактаты болған. Оның нұсқалары қазір Түркияда шәһид Әли Паша пен Мұрат молданың кешенінде сақталынған. Кабравие ағымының әйгілі туындыларының бірі саналатын «Оурад ул-Ахбаб» кітабында «Ресале фи ул-Халват» атты трактатына сілтеме жасалған.
Шейхтің «Ресале ела ал-Хаем әл-Хаеф мән Лоумен ул-Лаем» атты келесі трактаты да шын мәнінде оңаша әңгімелер мен жеке кездесулер жайында жазылып, кемелдікке жетудегі оңашалықтың шарттарын сынайды. Кабравие ағымында өте бағаланған осындай көзқарастар көп. Осы трактат пен Наджмеддин Кубраның «Ресале фи ул-Халват» атты трактатына ұқсас ойлар Кабравие ағымындағы басқа сопылардың жазбаларында да кездеседі. Бұл трактат шын мәнінде кемелдікке жетуді қалайтын шәкірт үшін бақыт жолын нұсқаушы болып табылады; ақиқат іздеушіге жан дүниені тазарту және нәпсі мен шайтанның тұсауынан құтылудың әдет-ғұрпы мен тәсілін үйретеді. Осындай жағдайда халыққа емес, Құдайға көңіл аударып, халықтың жазғыруы мен келекесіне қайғырмауды ескертеді.
Шейх Наджмеддин Кубра «Ресале әл-Саер ул-Хаер ела ул-Сатер ул-Ваджед ул-Маджед» атты трактатқа да ие. Ол «Он шарт» трактаты деген атпен танымал. Бұл трактат – шын мәнінде араб тілінде жазылған алдыңғы трактаттың қысқаша аудармасы. Араб тілін барлығы білмейтін болғандықтан, осы еңбекпен танысқысы келген парсы тілдестердің тапсырысымен ол парсы тіліне аударылды.
Наджмеддин Кубраның тағы бір еңбегі – «әл-Усул әл-Ашаре». Ол «Ресале фи ақраб әт-Тороқ» деген атпен де танымал. Шын мәнінде оның атауы – «Ресале фи баян ақраб әт-Тороқ ела Аллаһ». Бұл еңбектә Наджмеддин Кубраның ұлы ізбасарларының бірі Мир сейіт Әли Хамадани «10 ереже» деген атпен парсы тіліне аударды. Шейх Кубра осы еңбегінде ақиқат жолын іздеушіге керек нәрселердің барлығын санамалап, әрбір тақырып жайлы егжей-тегжейлі баяндаған. Әдетте бұл тақырыптарға тәубе, аскетизм, қанағат, тақуалық, қатысушылық, Алланы зікір ету, оған көңіл бөлу, сондай-ақ, сабыр, ризалық пен медитация сияқты мәселелер жатады.