Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (14)
Разавилік өмір салты топтамасының бүгінгі бөлімінде сіздерге имам Реза (ғ.с)-ның бойындағы мейірімділік пен махаббат жайлы сөз қозғаймыз!
Ислам мектебінде əлеуметтік тұрғыдан жағымды қасиеттердің ішінде бірнеше көрнекті үлгі бар. Солардың ішіндегі ең маңыздысы ретінде ұлық пайғамбар (с.ғ.с) мен пайғамбар әулетінің (ғ.с) адамгершілікке толы өмір салтына сілтеме жасауға болады. Хазірет Али бин Мұса ар-Реза (ғ.с) басқа пəк имамдар (ғ.с) секілді ахлақтық мінсіздігі мен рухани кемелдіктерімен кез келген жаман қылық пен арамдық, ахлақтық пасықтықтан пәк болған. Ол хазіреттің сөздері мен іс-әрекеттері басқаларға үлгі болған.
Имам Реза (ғ.с.) халыққа мейірім пен ықылас танытудың бесігі, махаббат пен сүйіспеншіліктің көрінісі болған. Сол себепті, имам Реза (ғ.с)-ның бойындағы қасиеттердің бірі рақымшылық пен мейірімділік саналады. Ол хазіреттің мейірімділігі, махаббаты мен рақымшылығы баршаға белгілі болған. Ол науқас адамдарға көмектесіп, панасыздарға пана болған.
Әлеуметтік тұрғыдан ұнамды әрі жағымды барлық қасиеттердің негізі бола алатын негізгі істерге халыққа мейірімділік таныту мен ахлақ негіздерін сақтау жатады. Сол себепті, Ислам діні бұл қасиетті өз дәстүрлерінің бастамасы ретінде бекітіп, адамдарды соған шақырады. Ислам дінінің ең игі жетекшілерінің бірі қоғам мен халыққа көп мейірімділік танытқан. Құдай өз пайғамбарына (с.ғ.с) Әли-Ғымран сүресінің 159 сүресінде: "(Мұхаммед Ғ.С.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине олар маңайыңнан тарқап кетер еді...",- деп айтқан.
Имам Реза (ғ.с) ахлақ тұрғысынан өзінің ұлы бабасы Алланың елшісі (с.ғ.с) секілді болған. Ол халықпен жақсы қарым-қатынас құрып, олармен жақын болған. Хазіреттің үйі әдетте халық жиналып, бас қосатын мекен болған. Сондай-ақ, ол хазіретпен қоғамның түрлі топтары бірдей сұхбаттасатын. Тарихи деректерге сүйенсек, имам Реза (ғ.с) ешқашан адамды кемсітіп сөйлемеген. Айналасындағылардан махаббаты мен мейірімін аяған емес. Ол хазірет ақкөңіл, ұстамды әрі мейірімді болғандықтан, халық имамды (ғ.с) қамқоршы санап, қиындықтары туралы хазіретпен ақылдасатын.
Ол хазірет махаббат пен достық қатынас көрсетуді ақылдың жартысы деп атаған. Хазіреттен қалған кейбір дұғаларда оның халық үшін кешірім мен рақымшылық сұрап, оларға жақсылық тілегені белгілі . Әсіресе, былай деп дұға еткен: "Уа, жомарт Алла! Шығыстан Батысқа дейін өмір сүретін барша мүмін еркектер мен әйелдерді жарылқап, олардың күнәларын кешір". Халыққа рақымшылық пен махаббат танытудың маңызы мен ол кісіге деген халықтың махаббаты мен ықыласы жайлы хазіреттің кесенесіне зиярат жасағанда айтылатын дұғада сілтеме жасалған. Зияратнамада:
"السلام علی الامام الرئوف"
"Рақымды да мейірімді имамға сәлем!",- деп жазылған.
Мейірімділік барлық пәк имамдардың (ғ.с) бойында кездесетін игі қасиеттердің алғашқысы саналады. Алайда имам Реза (ғ.с)-ның мейірбандығы ерекше танымал болған. Бәріміз бұл ержүрек имамды бойындағы шексіз рақымшылығы мен махаббатынан танимыз. Сегізінші имам (ғ.с)-ның қызметкерлер, құлдар және кедейлермен бірге отырып, олармен сапарлас болуы хазіреттің бойындағы осы игі қасиеттің ең маңызды көрінісі саналады. Ол басқаларға қарағанда қоғамның төменгі топ өкілдеріне көбірек махаббат пен мейірімділік танытқан.
Ибн Шаһр Ашуб Мұса бин Саиярдың рауаятында ол хазіреттің махаббатына айқын дәлел келтірілген. Мұса бин Саияр ол рауаятта: "Мен хазірет имам Реза (ғ.с)-ның қасында болып, ол хазіретпен Тус қаласында жақын араластық. Сол кезде зарлы дауысты естіп, сол дауыс шыққан жаққа қарай барғанда бір адамның мүрдесін көрдік. Сол адамның мүрдесіне көзім түсуі мұң екен, имам аттан түсіп, мәйітке жақындап, оны жерден көтерді. Содан кейін маған: "Ей, Мұса бин Саияр! Адам дүниеге келген күні бейкүнә болатыны секілді біздің достарымыздың досының мүрдесін шығарып салған кезде де адамның барлық күнәлары кешіріледі",- деді.
Мәйітті қабірдің жанына жерге қойғаннан кейін имам Реза (ғ.с) мәйітке жақындап, халықты ығыстырды. Содан кейін қолын сол кісінің кеудесіне қойып: "Ей пәленшенің ұлы пәленше! Сенің жақсы хабарың жаннатқа жетті. Енді бұдан кейін сен үшін ешқандай қорқыныш пен үрей жоқ",- деді. Сол кезде мен “Құрбаныңыз болайын! Сіз бұл кісінің танитын ба едіңіз? Құдаймен ант етейін! Сіз бұл жерге бұрын келмеген едіңіз ғой?”- деп сұрадым. Ол хазірет: "Ей, Мұса! Біздің шиіттердің әс-әрекеттерінен күнде таңертең, кешке біздің имамдарға есеп ұсынылатынын сен білесің бе? Сондықтан, егер ол кісінің ісінде кінә болғанын көрсек, Құдай оны кешірсін. Ал егер, оның жақсылық жасағанын көрсек, Құдайдан оған сол ізгілігі үшін жақсы сый берсін деп тілеуіміз керек",- деді.
Иә, бүгінгі қоғам мейірімділік пен махаббатқа мұқтаж. Сол үшін бір-бірімізге мейірімділік танытып, бір-бірімізді жақсы көрейік. Айналамыздағы адамдар махаббат пен сүйіспеншіліктің жоқтығынан жалғыз қалмас үшін қандай жағдайда болмасын бір-біріміздің халімізді сұрап тұрудан қапы қалмайық, ағайын.