Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (15)
Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты топтамасының кезекті бөлімінде хазірет Реза (ғ.с)-ның мұқтаж адамдарға қамқорлық жасауы туралы сөз қозғаймыз.
Ислам дінінде аса маңызды мәселе мұқтаж адамдарға көмектесіп, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады. Құран аяттары мен пәк имамдардың (ғ.с) кеңестері осы мәселенің маңыздылығын қуаттап, мұқтаж адамдарға қызмет етіп, көмектесудің даналық жолдарын баяндайды.
Имам Реза (ғ.с)-ның өмір сүру салтына көз жүгіртетін болсақ, ол хазіреттің мұқтаж адамдарға бар ықыласымен қызмет көрсетіп, оларға қол ұшын бергені туралы ақиқатпен таныстырады. Қайырымдылық жасау, мұқтаж адамдарға көмектесу және мүмкін жағдайда олардың қажеттіліктерін өтеу Құран мен Исламның негізгі қағидаларының бірі саналады. Алла Тағала Али-Ғымран сүресінің 92-ші аятында осы мәселеге байланысты былай дейді: "Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла (Т.) оны толық біледі". (92)
Алла Тағала кедейлер мен мұқтаж адамдарды кедейшілік пен жоқтықпен сынап жатқаны секілді байлар да дәл сондай сынақтан өтуде. Мұқтаж адамдарға көмек егер шын ниетпен және Алланың разылығы үшін жасалса, оның көптеген оң әсерлері болады.
Пәк имамдардың (ғ.с), әсіресе имам Реза (ғ.с)-ның өмір сүру салтында да мұқтаж, жағдайы нашар адамдарға көмек беріп,, қайырымдылық жасап, садақа беруге қатты көңіл бөлінген. Осылайша ол мұқтаж адамдарға әртүрлі жолдармен, тіпті жасырын түрде көмектесіп тұрған.
Имам Реза (ғ.с)-ның жолында кедейлер мен мұқтаж адамдардың кездескені және имамның оларға көмек көрсетіп, оларға садақа бергені туралы жазылған. Моаммар бин Халад былай дейді: "Хазірет Реза (ғ.с) ас ішкен кезде дастарханның басына бір ыдыс қойып, әзірленген тағамның ең дәмді әрі жақсы бөлігін сол ыдысқа салып, оны кедейлерге беруді бұйыратын".
Имам Реза басқаларға көмектесуге шамасы келе тұра, бұл істен қапы қалғандарды ең жаман адам деп атаған.Сонымен қоса, сегізінші имам (ғ.с) былай деген: "Ұлық Пайғамбар (с.ғ.с)-дың хазірет Әли (ғ.с)-ге айтқан өтініші мынадай болған: "Ей, Әли! Халықты өз сыйларынан алыстатып, жалғыз өзі тамақтанатын және өз құлын қамшымен сабайтын адам – ең нашар адам".
Имам Реза (ғ.с) әртүрлі себептермен бұл игі салтты ұлы іс ретінде бағалаған. Хазірет басқаларға жақсылық жасаудың адам өмірінің ұзаруына себеп болатындығына тоқталып, қайырымдылық пен садақа жасау жөнінде кеңес берген. Хазірет Реза (ғ.с) өзінің ұлы бабалары (ғ.с)-ның сөздеріне сілтеме жасап: "Адамның жинаған ең игі әрі ең пайдалы қоры – садақа беру",- деген.
Имам Реза (ғ.с) садақаның әсері мен оның түрлері жайлы рауаятта: "Аз болса да, садақа бер. Себебі, Алланың жолында адал және шын ниетпен берілген кез келген кішкентай нәрсе үлкен және бағалы саналады. Садақа бере отырып, Құдайдан мол ризық пен несібе сұраңдар. Науқас адамдарды садақа беру арқылы емдеңдер. "Кез келген игі іс – садақаның бір түрі және ол үшін садақа жасағандай сауап аласыңдар. Әлсіз және мақұрым адамдарға көмектесу садақаның ең жақсы түрі саналады",- деп айтқан.
Хазірет Реза (ғ.с)-ның сахабаларының бірі Базанти былай дейді: "Хазірет Реза (ғ.с) имам Джавад (ғ.с)-қа Мәдине қаласында болған кезде жазған хатында былай деген: "Уа, Абу Джафар, маған халық сенен ешнәрсе сұрамас үшін қызметкерлерің сені қосалқы есіктен шығарып жүргені туралы хабар жетті. Бұл сен ешкімге қайыр жасамасын деген ниетпен жасалған олардың сараңдығынан туындап отыр.
Сенен үйден негізгі есіктен кіріп-шығуыңды сұраймын. Сыртқа шыққан кезде өзіңмен алтын және күміс теңгелер алып жүр және сұраған кез келген адамға бер. Қайырымдылық сұраған әрбір ағаңа елу динардан кем берме, Одан көп беру өз ықтиярыңда. Ал қайыр сұраған әрбір апаңа жиырма бес динардан кем берме. Одан көбірек беру өз ықтиярыңда. Мен сенің мұндай іспен Құдайдың алдында мәртебеңнің өскенін қалаймын. Сол үшін қайырымдылық жаса және аспандардың иесі Құдайдың тарлығынан қорықпа".
Рауаяттар мен хадистерде айтылғандай, мұқтаж адамдарға қол ұшын беріп, оларға көмектесу имам Реза (ғ.с)-ның назар аударып, кеңес берген істерінің бірі болған. Мұсылман қоғамында ауқатты да дәулетті адамдардың көмек сұраушы адамға шын ниетпен қайырымдылық жасап, оларға садақа берсе, қандай керемет. Себебі, Құдай бұл игі істері үшін міндетті түрде сый береді.